2017-02-09 (0) (9130)

ИТАЯҚТАН АС ІШКЕН УӘЗІР

ИТАЯҚТАН АС ІШКЕН УӘЗІР

 

Ерте заманда бір хан уәзірін сынау үшін оған үш сұрақ қояды. Егер жауап бере алса, дәрежесін көтеретінін, ал жауап бермеген жағдайда дарға асатынын айтады. Уәзір шарқ ұрып жауап іздеуге кіріседі. Небір қалың кітаптарды ақтарады. Мың ойланып, тоқсан толғанып аласұрады. Бірақ жауабын таппай әлек болады. Амалы құрыған уәзір қарап жатып жан бергенше, өмірімді сақтап қалайын деп өлетін күні жақындағанда, атына мініп қашады. Сол қашқаннан мол қашады, әбден шаршап-шалдығып, шамасы біткен жерде жығылып, ұйқыға кетеді.
Сол уақытта малын жайып келе жатқан бір қойшы айдалада бір ер-тоқымымен жайылып жүрген атты көріп, қасына жақындайды. Қараса, жерде өте қымбат киінген бір мырза жатыр. Мұның тегін адам емес екенін білген қойшы жолаушыны оятады. Оянып, амандасқан соң, жөн сұрасады. Уәзір жағдайын айтады. Қойшы үнсіз тыңдап болғасын, бұл кісіні бүкіл мансабынан, ел-жұртынан безуге мәжбүр еткен қандай сұрақ екенін білгісі келеді.
Уәзір айтқысы келмей:

-         Саған айтқаннан не пайда, бұл айдалада қаңғып жүрген қойшы білетін нәрсе емес. Сен түгілі талай жыл ел басқарған, небір жақсылармен араласып жүрген мен білмегенде, сен қайдан білмексің? – дейді қойшыға көңілі толмай.

-         Дегенмен, айтып көріңіз, «біреу білмегенді біреу біледі, біреу жылайтынға біреу күледі» деген бар емес пе, біз де ойланып көрейік, -  деп қойшы да қоймайды.

«Елсізде ит те жолдас» дегендей, уәзір келіседі. Сөйтсе, уәзірді елден безуге мәжбүр еткен алғашқы сұрақ: «Ең үлкен шындақ не?» деген екен. Мұны естіген қойшы таң қалып:

-         Ойбуй, шынымен де осыны  білмедіңіз бе? Мұны жер бетіндегі барлық адам білмей ме? Бұл – өлім ғой. Елдің бәрі де өлетінін біледі. Бұдан үлкен ақиқат болуы мүмкін емес, - дейді.

Уәзір үнсіз ойланып отырып қалады да:

-         Рас айтасың. Қалай ойыма келмеген! Әрине басқа не болуы мүмкін?! -

деп қуанғанынан айғайлап жібереді.

-         Әй, сен екінші сұрақтың да жауабын білетін шығарсың? – дейді уәзір қойшының түріне үңіле, үміттене қарап.

-         Айтыңыз, ойланып көрейік, - дейді қойшы жайбарақат қана.

-         Дүниедегі ең үлкен өтірік не болуы мүмкін?

Қойшы:

-         Сіз шынымен де қызық адам екенсіз. Ең ақиқат нәрсе өлім болғанда, ең жалған нәрсе өмір емес пе? Кім жиған-тергенін өзімен бірге әкете алады? «Менікі» дегеніңнің бәрі біреудікі болып қалмай ма? Жақсы деп ойлағаныңыз жаман, жаман дегеніңіз жақсы болып шығады. «Дүние – жалған» деп бекер айтылған ба? - дегенде, уәзір:

-         Рас. Дәл айттың. Шынында да солай! - дейді.

-         Ал енді үшінші жұмбақтың жауабын да ойланып көрші, дүниедегі ең биік нәрсе не? - дейді бүкіл өмірлік мәселенің бәрін бір қойшымен-ақ шешіп кететініне жүрегі жарыла жаздап қуанған уәзір.

Қойшы:

-         Бұл сұрағыңыздың жауабы да қиын емес екен. Бірақ мен мұны айтпаймын, - дейді қырсығып. Уәзір жалына бастайды. Тіпті, бүкіл байлығының тең жарымын беруге уәде береді.

Қойшы:

-         Сізді өлімнен арашалай алмаған байлық маған опа бере қояды деймісіз? Керек емес, өзіңіз пайдалана беріңіз, - дейді. Уәзір не қаласа да қолынан келгенінше орындайтынын айтып жалынып-жалпаяды.

Қойшы:

-         Менің бір ғана шартым бар, менің төбетіммен бір астаудан тамақ ішсеңіз, жұмбағыңыздың жауабын айтайын, - дейді.

Қу сүйек үшін қырылысып жататын итпен бір астаудан тамақ ішудің оңай шаруа емесін білсе де, алтын табақтан тамақ жеп үйренген ақсүйектің итаяқтан ас ішуі қанша қорлық болса да, уәзір байғұс қу жаны үшін ләж жоқ, келісуге мәжбүр болады. Ақыры итшілеп жатып қойшының шартын орындайды.
Сонда қойшы:

-         Дүниедегі ең биік нәрсе – мақсат. Сіз өз мақсатыңызға жету үшін қанша қиын болса да, итаяқтан ас ішуге келістіңіз. Барлық жаратылған нәрсенің өз мақсаты болады. Мақсатсыз ештеңе жаратылмайды, - дейді.

Иә, дүниедегі барлық нәрсе белгілі бір мақсатпен жаратылған. Ал, адам баласын Алла Тағала Өзіне ғана құлшылық жасау үшін жаратқан. Бұл туралы Алла Тағала «Зәрият» сүресінің 56-аятында: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым», - дейді. Келтірілген мысалдағы уәзірдің алға қойған мақсатына жеткенде ғана белгілі бір дәрежеге ие болатыны секілді, адам баласы да әу бастағы жаратылу мақсатын ұғып, соған амал еткенде ғана ұлы табысқа еге болмақ...

 

9130 рет оқылды