07:50 | Қазақ спортының классиктері
2017-02-09 (0) (7531)

ОСМАННЫҢ (Р.А) АЛЛАҒА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫСЫ, КӨРКЕМ ҚҰЛШЫЛЫҚТАРЫ

ОСМАННЫҢ (Р.А) АЛЛАҒА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫСЫ, КӨРКЕМ ҚҰЛШЫЛЫҚТАРЫ

Құлшылықтағы табандылық

 

Осман ибн Аффан (р.а) Алла Тағалаға табанды түрде құлшылық ететіндердің қатарынан болды. Бірнеше хабарда оның қажылық күндері Қара тастың жанында тұрып оқыған намазының бір рәкағатында Құранды толықтай оқыған кездерінің болғандығы жеткізіледі. Османның (р.а) Аллаға деген ұмтылысы осындай еді...

Абдулла ибн Омар (р.а) «Зумәр» сүресінің 9-аятындағы: «Әлде түннің бір уақыттарында сәжде ете әрі тік тұрып (намаз оқып), ақиреттен сақтана және Раббысының мейірімін үміт ете берілуші ме?..» деген сипатқа байланысты «Бұл – Осман ибн Аффан» деген. (Ибн Кәсир, Тәпсір).

Ал ибн Аббас (р.а)  «Нахл» сүресінің 76-аятындағы: «...Сонда ол тура жолда болып, әділдікке бұйырған кісімен тең бола ма?» деген сипатқа қатысты «Бұл– Осман» деген.

Әдетте, ол жұма күні кешке Құран оқуды бастап, бейсенбі күні кешке аяқтайтын. Яғни бір аптада Құранды толықтай оқып шыққан.

Ауру-сырқатқа шалдықпаған барлық жағдайда үнемі ораза ұстап, түнгі намазға тұратын.

 

 

Алла алдындағы қорқыныш

 

Уағыздарының бірінде: «Уа, адамдар! Алладан қорқыңдар, расында, тақуалық – табыс. Ақиқатында, адамдардың ең ақылдысы – жанын бойұсындырған, өлімнен кейінгі оқиға үшін еңбек етуші және қабір қараңғылығы үшін Алланың нұрымен қамданушы. Құл көзі көретін бола тұра Алланың оны соқыр күйінде тірілтуінен қорықсын. Біліңдер, Алланың өзімен болған адам ештеңеден қорықпауы тиіс. Ал Алланың Өзі қарсы болған адам неден үміт етеді?!», - деген екен.

Келесі бір сөзінде: «Егер мен тозақ пен жәннаттың арасында қай жаққа барарымды білмеген халде тұрсам, оны білгенше топыраққа айналып кетуді қалар едім», - деген.

Мәңгілік өмірді еске түсіріп, халыққа уағыз айтқанда ерекше қобалжу сезіміне түсетін. Бір күні қабірі ашылып, Ұлы Алланың алдында істері үшін жауап беруге тірілетіні туралы ойлар оның жанын дүр сілкіндіретін.

Қызметшісі Хани Османның (р.а) қабірдің жанына тоқтап, сақалынан су тамғанша жылайтынын жеткізген.

Бірде одан: «Сен жәннат пен тозақты еске алып жылайсың ба?» деп сұралғанда: «Расында, Алла елшісі (): «Ақиқатында, қабір – мәңгілік өмірге алып барар жолдағы алғашқы аялдама, егер құл одан құтылса, одан кейінгілер оған жеңілге соғады, ал кім құтыла алмаса, одан кейін болатын нәрселер одан да қорқынышты болады» деп айтқан», - деп жауап береді. Алла Елшісі () тағы бірде: «Алламен ант етейін, мен қабірден асқан қорқынышты көріністі көрген жоқпын», - деген.

Қайтыс болған адам жерленгенде Осман (р.а) қабір басында тұрып: «Бауырларың үшін Алладан кешірім сұраңдар, және ол үшін пана сұраңдар, өйткені, ол қазір есепке алынып жатыр», - дейтін («Фадаил ас-сахаба»).

Османның (р.а)  бұл сөздері – Алламен кездесуге қалай дайындалу керектігі туралы түсінікке нұсқайды және бұл дайындықтың қаншалықты маңызды екендігін түсіндіреді. Ол бұл түсінікті өмір бойы арқалап өтті. Ал қазір әрбірімізге жанымызды тірілтетін осындай түсінік жетіспейтіндігі өкінішті...

 

 

Қарапайымдылығы

 

Мұсылмандардың әміршісі Осман ибн Аффан (р.а) өзінің бақуаттылығымен де танымал. Алайда, ол бай бола тұра, қарапайымдылығынан танбады, дүниенің жылтырына алданбады.

Хумайд ибн Нұғайм Омар мен Османның (р.а) бір күні дастарханнан дәм татуға шақырылғандығы туралы оқиғаны жеткізеді. Олар шыққанда Осман (р.а): «Біз мен мүлде келуді қаламаған дастарханға келдік» деді. Омар (р.а): «Неліктен?» деп сұрағанда, ол: «Шын мәнінде, бұл тамақ мақтану үшін әзірленген бе деп қорқамын» деп жауап берген екен.

Осман (р.а) мұсылман өзінің жомарттығын қалай таныту керектігін білді. Бұл тамақтың молдығымен және алуан түрлілігімен мақтан немесе рия болмау керектігін түсінді. Жомарттық ысырапсыз, тәкәппарлықсыз, шектен шығушылықсыз танытылып, Аллаға деген шүкіршілікпен, адамдарға деген қарапайым қатынаспен көрсетілу керектігін терең ұқты. Және өзі де сондай болатын, дүние байлығына немқұрайлы, рия мен жұртқа жария етуден алыс еді.

Османның (р.а) әмірші кезінде қызметшісі Наилдің есегінің артына мінгесіп кетіп бара жатқандығын, мешітте айналасында ешкім болмаса да, жамылғыға оралған халде ұйықтап жатқандығын көргендер болған. (әл-Хамдани жеткізеді). Шурахбил ибн Муслим оның әміршілерге арналған тамақпен адамдарды тамақтандырып, өзінің үйіне кіріп, сірке суы, пісте май және нанмен қоректенгендігін айтады. Иә, жағдайы төмен адамның қарапайым өмір сүруі – қалыпты нәрсе. Алайда, бай пенденің қарапайымдылыққа ұмтылуы – көпке үлгі әрі ғибрат. Бұл Алланың алдына баратын күнге шынайы иман келтіргендердің қолынан ғана келеді. Өйткені, баршылық адамды рахатқа бөленуге, нәпсісінің қалауын беруге ұмтылдырады. Ал Осман (р.а) бақуаттылық пен шүкірліктің бір адамның бойынан табылатындығын дәлелдеп кетті. Оның Аллаға деген шүкірлігі сөзінен, ісінен, ойынан көрініс табатын. Бірде оған қайсібір адамдардың күдікті әрекет етіп жүргендігі туралы хабар жетеді. Ол мәселені анықтауға барғанда әлгілер тарап кеткен екен. Сонда Алла Тағаланың оның себебімен қандай да бір мұсылмандардың абыройын төкпегендігіне шүкір етіп, бір құлды босатады.

 

Адамдарға деген қамқорлығы

 

Осман (р.а) жұмсақ жүректі, жанашыр, қамқор басшы болды және мұсылмандардың істеріне шынайы алаңдаушылық танытатын. Олардың қиындықтары туралы біліп, асыраушылары алыстағыларға жәрдем беріп, жаңадан келгендерге орналасуға мүмкіндік жасайтын. Науқастардың жағдайын біліп жүрді. Мұса ибн Талха: «Мен Осман ибн Аффанның мінберде тұрып, адамдармен қарапайым шаруалар туралы тілдесіп, олардың жағдайлары мен бағалар туралы сұрағандығын көрдім» деген (Ахмад).

Ибн Сағд (р.а) айтады: «Мен Осман ибн Аффанның жұма күні екі сары киім киіп, мінберде отырғанын көрдім. Азан шақырылған уақытта ол әлі адамдардан сапарлары, жаңадан келгендер және науқастар туралы сұрасып отырған еді» деген.  Осман өз отарына қамқор болды және көмекке зәру болғандарды қараусыз қалдырмады. Әрбір жаңа туылған нәресте үшін қазынадан қаражат бөлді. Уруа ибн әз-Зубайр (р.а): «Мен Османның билік еткен кезеңін көрдім, ол кезде әрбір мұсылманның Алланың мүлкінен үлесі болатын», - деген (қазына нұсқалады).

 

 

Іскерлігі

 

Осман (р.а) өзі лауазымға тағайындаған адамдардың өз орнында болуын, тапсырылғанда тиісінше орындалуын, ісін сапалы, шебер атқаруын қадағалады. Егер бір адамға жұмыс тапсырылса, оны басқа біреудің орындап, өз жұмысына салғырт қарамауын тапсырды. Алла Тағала әрбір адамды белгілі бір қабілетпен жаратты. Алла Елшісі де (), одан кейінгі мұрагерлер де осы ерекшелікті ескерді. Осман да (р.а) әркімнің өз саласында еңбек етуін бақылап отырды. Оның кезіндегі мемлекеттік жүйені функцияландыру үдерісінің жоғары деңгейде болуы осы әдіспен тығыз байланысты. Сонымен қатар Осман (р.а) айналасындағылардың білімін, тәжірибесін, қабілетін мемлекет істері үшін шебер қолданды және ондай адамдарды жоғары бағалады. Есесіне, бұл мұсылмандардың жақсы өмір сүруіне пайдасын тигізіп жатты.

 

Османның Алла жолындағы садақалары

 

Жоғарыда айтқанымыздай, Осман (р.а) Алла Тағала береке нәсіп еткен бақуатты адамдардың қатарынан еді. Ол саудамен айналысып, үлкен табысқа жетті. Алайда, байлығын Алла жолында, Оның разылығы, Оның сыйы үшін жұмсай білді. Игілікке мүлкін беруде сараңдыққа да, кедейлікке деген қорқынышқа да ұрынбады.

 

Рұм құдығы

 

Мединеге алғаш келген Алла Елшісі ()  онда ауыз судың аз екенін, тек қана Рұм құдығының жарамды екендігін байқады. Сонда Алла Елшісі (): «Кім Рұм құдығын сатып алып, өзінің шелегін басқа мұсылмандардың шелегімен біріктірсе, оны Жәннат күтіп тұр» (Нәсаи) дейді.

Өйткені, оған дейін адамдар бұл құдықтың суын сатып алып ішетін. Бану Ғифардан болған бір адам суды қымбатқа сатты. Алла Елшісі ()  алдымен одан: «Сен мұны жәннаттағы бір бұлақ үшін сатпайсың ба?» деп сұрап еді, ол: «Уа, Алла Елшісі! Менің де, менің асырауымдағы адамдардың да бұдан басқа кіріс көзі жоқ» деді. Мұны білген Осман (р.а) құдықты 35 мың дирхамға сатып алады. Осыдан кейін Алла Елшісіне () келіп: «Әлгі адамға уәде еткеніңді маған да уәде етесің бе?» деп сұрайды. Алла Елшісі (): «Иә» деп еді, Осман (р.а): «Мен мұны мұсылмандарға беремін» дейді (Тирмизи).

Басқа нұсқада бұл құдықтың бір яһудиге тиесілі болғандығы, Османның (р.а)   оны 20 мың дирхамға сатып алып, байлар мен кедейлерге, жолаушыларға бергендігі айтылады.

 

Пайғамбар мешітін кеңейтуі

 

Алла Елшісі ()  Мединеде мешіт тұрғызғаннан кейін адамдар мұнда жамағат намазын, жұма намазын оқу үшін, Пайғамбар ()  уағыз тыңдау үшін жинала бастады. Алайда, иман келтірушілер саны артқан сайын, мешіт адамдарды сыйдырудан қалды. Сонда Алла Елшісі ()  сахабаларына: «Кім пәленшеге тиесілі жер иелігін сатып алып, оны мешітке қосып берсе, оған жәннатта одан да артық нәрсе беріледі» (Тирмизи) деді. Осман ибн Аффан (р.а) жеке қаржысынан 20 немесе 25 мың дирхам жұмсап, осы жер иелікті сатып алады. Кейіннен ол мешітке қосылады. Осыдан кейін барлық ниет етушілер жаңартылған мешітке қалағандарынша келе алатын болды.

 

 

Табук жорығына жұмсалған садақа

 

Алла Елшісі ()  хижраның тоғызыншы жылы сахабаларына Табук жеріне аттануға әзірленуге бұйрық береді. Бұл ыстығы аптапты жаздың күні болатын. Әрі құрғақшылық пен аштық етек алып тұрған. Мұсылмандардың жүрегіндегі иманы ыстық күннің астындағы тәнді күйдіріп жіберетін құм үстімен шайқасқа шығуға деген құлшыныстарын арттырды. Алайда, ұзақ әрі ауыр сапарға азықты қайдан алады? Алла Елшісі ()  сахабаларын садақа жасауға құлшындырды және әркім шамасы жеткенін алып келді. Әйелдер қажеттіліктерді алуға жарап қалар деген ниетпен әшекейлерін әкеліп берді. Алайда, бұл садақа әскердің қажеттілігін өтей алмады. Пайғамбар ()  ұзынынан орналастырылған әскерге көзін жүгіртті де: Кім бұларды жабдықтаса, Алла оны кешіреді», - деді. Осы сөзді ести сала Осман (р.а)   Алланың кешірімі мен разылығына ұмтылды. Әскерді ешбір қажеттілігі қалмағанша жабдықтап шықты.

Ибн Шихаб аз-Зухри Османның (р.а) Табукке аттанғалы отырған әскер үшін 940 түйе мен 60 жылқыны садақаға бергендігін жеткізеді. Яғни жалпы саны мың мініс көлігін берген.  Сондай-ақ, мың динар әкеліп, Алла Елшісінің  () алдына төгеді. Пайғамбар (): «Осы күннен кейін Осман не істесе де, істегені оған зиян тигізе алмайды» деген сөздерді айта отырып, оларды қолымен жинай бастайды (бұл сөзді екі рет айтқан).

Османның (р.а) жомарттығын танытатын тағы бір құлшылықтары, ол әр жұма сайын бір құлды босатып отыратын, нәтижесінде 2400 құлды босатқан. Әбу Бәкірдің (р.а) билігі кезінде садақа үшін әртүрлі қажеттіліктер артылған бір керуенді садақаға береді. Бірде Талха ибн Убайдуллаһ (р.а)   оған 50 мың дирхам ақша қарыз болып қалады. Оны қайтармақ болғанда, барлығын қайтармай-ақ қоюға рұқсат береді.

7531 рет оқылды