2017-01-30 (0) (10176)

Қиянат қиясын таппай қоймайды! (болған оқиға)

Қиянат қиясын таппай қоймайды! (болған оқиға)

 

Ауылдың іші гу-гу. Осындағы түрік ағайындардың ақсақалы Мехмет қарияның мектепте оқитын немересі машинаның астына түсіп, жазым болыпты. Ең сорақысы - соққан бейбақ қашып кетіпті...
Жас қыздың жаназасын шығарып, жерлеп қайтқан жұрт әлі тарқай қоймаған. Көшенің екі бетіне иін тіресе қаңтарылған көліктердің арасымен жүріп келген «Джип» машинасы әудем жерге барып тоқтады. Басын төмен салып, жасқаншақтап келе жатқан жігітке «бұл кім?» дегендей тұрғандардың бәрі жапырыла қарады. Жас шамасы отыздан асқан орта бойлы қазақ жігіті жақындай бере, кеудесін қолына қойып, бәсең дауыспен амандасты.
- Ассалаумағалайкум!
- Уағалайкумуссалам! 
- Мехмет ата деген кісі кім екен? – Алабұртып тұрғаны даусынан ғана емес, жүзінен де анық байқалады.
- Анау кісі – Шеттегі егделеу қазақ иегімен нұсқады. Жігіт жеделдете басып, өзіне таңырқай көз салған Мехмет қарияға жақындай берді. Алдына жете бере, тізерлей құлады.
- Ататай, кешіріңізші мені! Иттік жасадым, ататай! Кешіріңізші мені! 
- Сен кімсің? – Ақсақал шошына тіл қатты.
- Мен... Мен... – Жігіт қылғынып барып, өксіп жіберді. – Қызыңызды мен соғып кетіп едім... Кешіріңізші, ататай!.. 
- Не дейді?! Анаңның!.. Өлтірем! – ақыра ұмтылған қыз әкесін «Тоқтат!» деген Мехмет қарияның саңқ еткен дауысы мен сермелген қолы тежеді. Жанында тұрған жолдастары да оның жолын бөгей берген-ді. 
- Қоя беріңдерші мені! Ей, ит! Қаныңды ішем мен сенің!
- Тоқтат! – Қария баласына ызбарлана қарады. – Тоқтай тұр! – Қалшылдап кеткен денесін әрең игерген Мехмет бүк түсіп отырған жігітке тіл қатты. – Тұр орыныңнан! Қалай болды? Басынан бастап айт!
Екі иығы дір-дір етіп, сүйретіле көтерілген жігіт басын жерден ала алмаған қалпы, солқылдап тұрып, болған істі баяндады. 
- Жұмыстан үйге келе жатқан бетім еді... Жаңбыр жауып тұрған... Тарс етіп соғылғанда бірақ көрдім... Тоқтай қалып, жанына барып едім: қимылсыз жатыр екен... Қан боп кетіпті... Есім шығып, жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ... Машинама отырдым да... Кешіріңізші, ата! – Жігіт қайтадан тізерлей құлады. – Кешіріңіздерші, мені! Қорқып кеттім!.. 
- Ей, айуан! Мал емес қой саған, ей! Адам ғой, адам!.. Жіберіңдерші мені! 
- Тыныш! – Қария қолын көтеріп ақырып қалды. – Тыныш! Айтып бітірсін... Содан? 
- Содан... Ешкімге айтпадым... Бірақ ұйықтай алмадым, ататай!.. Құдай-ай, қандай сорлы едім!.. Кешіріңіздерші, мені!.. Кешіріңіздерші!.. – Жасына тұншыққан жігіт иығы солқылдап, екі бүктетіліп кетті.
- Ей, айуан! Мен саған кешіргенді көрсетем! Қашқанды көрсетем! Жіберіңдерші мені! – Жұлқына ұмтылған қыз әкесін жолдастары әрең ұстап тұр. Елде үн жоқ. 
- Тыныштал, балам! Сабыр ет! Алдымен мені тыңдап алыңдар! – Қария қабағынан қар жауған қалпы жан-жағын бір шолып шықты. – Бауырларым, балаларым... – Тамағын қырнағанмен, дауысының дірілі басыла қоймады. 
- Менің мынаған көзім жетіп отыр: Құдайдың құдіреті күшті екен... Айтайын дегенім: осыдан 22 жыл бұрын мен де бір кішкене баланы қағып кетіп... қашып кетіп едім... - Ақсақалдың көзінен жас парлап кетті. 
- Мен... Менің сол кезде қайта баруға, кешірім сұрауға дәтім жетпеп еді... Бірақ сол ісім, сол қорқақтығым көкірегіме шемен болып бітті! Әлі мына жерімде тұр... Я, Алла, кешіре гөр күнәһар пендеңді!.. - Еңкілдеп кеткен қарттың жасы сақалын жуды. – Құдайдың құдіретін қараңдар! Бұл менің тірі жанға айтпаған сырым еді... Көңілімнің дерті, жүрегімнің шері еді... Өмірімнің қара дағы еді... Міне, енді тура сол жағдай өз алдымнан шығып тұр... Алла – әділ! Қиянат ешқайда кетпейді! Міне, өздерің куә болып тұрсыңдар: алдыңнан бір шықпай қоймайды екен!.. Мен кештім! Кешірдім, мына жігітті!.. – Қалшылдап кеткен қария назарын жігітке тіктеді. – Атың кім, балам?
- Ерсұлтан...
- Ерсұлтан балам, тұр орыныңнан. Тұра ғой... Уһ-һ... – Терең күрсінген ақсақал дауысы дірілдей сөзін жалғады. - Бұл жігіттің қайта келуге, қолымен істегенін мойынымен көтеруге батылдығы жетті! Адамшылығы жетті! Иманы жетті! Сол үшін кештім мен!.. Ол үшін ғана емес... Я, Алла, сен де мені кешірші! Мен сияқты әлсіз пендеңді кешші!..

Алғадай ƏБІЛҒАЗЫҰЛЫ.

 

 

10176 рет оқылды