Ертеде ауыл-аймаққа сыйлы қарияның екі қызы болыпты. Қыздары бой жетіп, тұрмыс құратын уақыттары жеткенде, бірін диханшыға, екіншісін қыш шеберіне ұзатады. Арада біраз уақыт өткенде әлгі кісі қыздарын сағынып, көріп қайтуға жолға шығады. Бірінші болып үлкен қызының үйіне келеді. Қызы әкесін қуана қарсы алады. Қария жайғасып отырып хал-ахуалдарын сұрайды. Қызы: «Күйеу балаңыз бір жерді жалға алды. Қарызға дәнді- дақыл алып, сол жерге сепкен еді. Егер жаңбыр мол жауса, үлкен жақсылық болайын деп тұр. Ал жаумай қалса, құр алақан қалып, қарызға батамыз», -дейді. Әкесі біраз отырып, қызымен қош айтысады да, кенже қызына қарай аттанады.
Біршама жолды артқа тастап, екінші қызының есігін келіп қағады. Бұл қызы да әкесінің келгеніне қатты қуанып, үлкен қошеметпен күтіп алады. Әкесі әңгімелесе отырып күйеу баласының не істеп жүргенін сұрайды. Қызы: «Ол қарызға ақша алып, үлкен көлемде топырақ түсірген. Сосын оны қышқа айналдырып, кебу үшін күнге жайып тастады. Егер жаңбыр жаумай тұрса, үлкен жақсылық болайын деп тұр. Ал күн жауып кетсе, қыш еріп кетеді де, құр алақан қалып, қарызға батамыз», - дейді. Қария екінші қызымен де қош айтысып, үйіне қайтады. Алдынан шығып, қыздарының жағдайын сұраған кемпіріне: «Егер жаңбыр жауса - Аллаға мақтау айт! Ал жаумай жатса – тағы да Аллаға мақтау айт!» - деген екен.
Демек, әр нәрсенің қайыры бар. Басымызға не келсе де, қандай жағдай болса да – АЛЛАҒА МАДАҚ!