Өзін таныған адамдар бақытты!
Өз-өзін тапқан адам ғана өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады. Өзіңді өзің танығаның – парсаттылықтың белгісі.Өзін білмеу және білгісі келмеу – сауатсыздық болар еді. Адамдарды білгің келмеу – жауапсыздыққа тең.Жұрттың теріс пікіріне құлақ аспай, өзгелердің көзқарасымен емес, жүрек түкпіріндегі ізгі нәрсені жасай білген адам – бақытты!
«Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым» дейді хәкім Абай.
Адамның өз «Менін» сезіне бастауын Абай атамыздың тілімен айтқанда, кісінің өзіне-өзі ұдайы есеп беруінен, өзін-өзі аңғара, байқай алу қабілетінен көрінеді. Жіп нәзік және мықты емес. Тоқылатын кілеміміздің негізін мықты қылып тоқу біздің қолымызда, яғни Адам – өз өмірінің суретшісі, барлығы өз қолыңда. Өзіңді жоғалтып алмас үшін, алдыңа айқын мақсат қойып, қоршаған ортадан тек жақсы мінез-құлық, тәрбиені, адамгершілікті үйренуге өзіңді дағдыландырып үйрен.
Кіммен дос болғанына мән берген адам – бақытты!
Жаныңыздағы досыңыз өзіңізден де жақсырақ болсын. Жақсы дос сізге өзінің адамгершілік қасиетін де, адал достығын да қатар ұсына алады. Өзінің бойында жақсы қасиеттерді қалыптастырғысы келген адам, ең алдымен, досының кім екенін ойлануы керек. Өйткені, аралас-құралас болып жүрген жолдастарыңыздың сіздің мінезіңізге де, әдебіңізге де, өмірге деген көзқарасыңызға да әсері тимей қоймайды. Осыны ұғындырғысы келген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап береді: «Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де, одан шыққан жағымсыз иісті сезесің» (Бухари, Муслим) деді.
Әрдайым тек шындықты ғана айтып үйренген жан – бақытты!
Аллаға шыншыл тілден сүйікті нәрсе жоқ. Өтірік сөз әрқашан күрделі, әрі бұлдыр,бұлыңғыр болады. Әрқашан шындықты айт, сонда артық ештеңені есте сақтап жүрудің қажеті жоқ. Шындықты айт, жұрт сені, қандай болсаң, сондай күйде қабылдасын. «Ешкім түсінбесе де – шындықты айт. Ешкім бағаламаса да – жақсылық жаса» деген қанатты сөз осыған дәлел. Өзіңе адалға – адал бол.Өзіңе әділге – әділ бол. Мейіріміңді бағалайтынға – мейірімді бол. Барлық ортада шынайы бол, шын келбетіңді көрсетіп жүрсең, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болады. Өйткені, шынайылық әлі ешкімді ұятқа қалдырған емес.
Бауырының жүзіне күлімсіреп қарағандар – бақытты!
Күлімсіреу – тас боп қатқан жүректерді жібітіп, мейірімділік орнатады. Әрқашан күлімдеп жүруге тырысыңыз.Күлімсіреп жүру сізден оншалықты үлкен күш-қуат тілемейді. Оған ақша да төлемейсіз. Оның есесіне айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыз жақсарып, көңіл-күйіңіз көтеріңкі болады, денсаулығыңыз нығаяды. Әрі бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауда садақа екендігі айтылған хадисте. Әбу әд-Дарда (оған Алла разы болсын): «Мен жүрегіме қуаныш ұялауы үшін күлемін» – деген екен. Қоғамдық орындарда, көшеде, әсіресе қала тұрғындары бір-біріне суық. Қоғамдық көлікте біреуге абайсызда иығыңыз тиіп кетсе, дүрсе қоя беретіндері аз емес. Ал сіз қабағыңызды түймей, күлімсіреп жүрсеңіз, адамдарға жайлы боласыз, амал дәптеріңізге сауаптар жазыла береді.Күлімсіреуші адам – өте қарапайым әрі өзгенің жүрегіне қуаныш ұялататын сыйды өзгелерге тегін бере алады. Күлкі тұрған жерден қайғы-мұң қашады. Жылы жымыю мен күлімсіреуді дарақы күлкімен, қазақ қызына жат қылықпен шатастырып алмаңыз.
Адамдарды жақсы көріп, онысын жасырмаған жандар – бақытты!
Мұсылманның ең басты қасиеттерінің бірі – оның өз бауырлары мен достарына деген жоғары сүйіспеншілік сезімі. Бұл ешқандай да бөтен мақсаттар мен ішкі есептерге құрылмаған шынайы туыстық сезім. Егер сіз жаныңызға жақын жандарды жақсы көрсеңіз, оны міндетті түрде өзіне айтып, білдіріңіз, ішіңізде бүгіп, жасырып қалмаңыз. Мұсылман бауырыңды жақсы көргенің – Алланың сені жақсы көретіндігінің белгісі.Бір адамды оның мансабы, ақшасы, атағы, танысының көптігі үшін емес, оның бойында Алла Тағала жақсы көретін қасиеттері болғаны үшін жақсы көріп, жақын тұтқандарды Алла Тағала жақсы көреді. Бұл – Алла разылығы үшін болған мәртебелі махаббат.Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне мейірімділік танытуда және бір-бірлеріне сүйіспеншілік көрсетуде бір дене сияқты. Ол дененің бір мүшесі мазасызданса, дененің басқа мүшелері де ұйқысыздықтан мазасы қашады» (Муслим) деген.
Кез-келген сынақты қуанып қарсы алған жан – бақытты!
Әрбір адам түрлі қиындықтарға тап болуы немесе басына ауыр жағдай туғанда әл-дәрмені таусылуы әбден мүмкін. Сынақсыз өмір ұстазсыз сынып сияқты, ешнәрсе үйрене алмайсың.Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыры ғана. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Сабырлы жандар қандай қиындықты да төзімділікпен қарсы алады. Жеңіс сабырлылықпен келеді. Жеңілдік ауырлықпен болады. Сынақ – қонақ. Оны күліп, қуанып қарсы алған сайын Алланың алдында дәрежең өседі. Құранда: «Босаңсымаңдар әрі қайғырмаңдар, егер, иманды (мүмін) болсаңдар, сендер жоғарыдасыңдар» («Бақара» сүресі, 139-аят) делінген. Ал, сабыр – иманның жартысы. Адамның адамгершілік қасиеті қиын сәтте білінеді. Ендеше өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла саған да нәсіп етсін!
Қиналған жанға қол ұшын созғандар – бақытты!
Жүректің тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Жүрек қай кезде тыныштық табады? Алланы жиі еске алғанда, біреуге жақсылық жасап, қуантқан кезде, қолыңызда бар нәрсені өзгемен бөліскен кезде. Оң жаққа қарасаң да, сол жаққа қарасаң да, қиналған жанды көресің. Әр үйде өмірдің тауқыметін тартып, көз жасын төккен жан бар. Қиыншылыққа төзіп, сабырмен күн кешіп жатқандар да жоқ емес. Көшеде, қоғамдық көлікте, кез келген ортада жаны жабырқаған жанды көрсең, қолыңнан келгенше жұбатуға тырыс. Бір үзім нанға мұқтаж жанға қолыңда бар азықты ұсын. Мейірімге мұқтаж жандарды жылы сөздеріңмен баурап ал, киерге киімі жоқ жандарға өзіңнің артық киімдеріңді бер. Айналаңа қал-қадеріңше жақсылық жасауға тырыс. Ниетің мен пейілің түзелген сайын Алла хəліңді жақсартады. Өзгеге жақсылық ойлаған сайын жақсылық саған ойламаған жерден келеді.
Өзіне ескі көрінген нәрсе өзгеге бақыт екенін білгендер – бақытты!
Айналаңызға қараңызшы, бірі мейірімге мұқтаж, бірі ішер асқа, енді бірі киер киімге зәру. Сіздің ескіріп қалды деген киіміңіз басқалар үшін жап-жаңа, жылы киім болуы мүмкін. Күн сайын қолданудан тыс қалған бағалы тағамдар, тіпті нанның үзімі болсын, ол басқа жандардың армандаған асы болуы мүмкін. Өзіңізден артылып қалған асты, өзіңіз енді кие алмаймын деген киімдерді жаны жабырқау жандарға сыйлап, қуантыңыз. Бұл бір жағынан сізді ұсақ нәрсенің өзін ысырапшыл етпеуге үйретеді.
Адамдарды кешіре білетіндер – бақытты!
Жүрегіңді жағымсыз сезімдерден тазарт – сені ренжіткен адамдарды кешір. Жүрегіңді уайымнан босат – уайымның көбі пайдасыз. Ұйықтар алдында адамдарды кешіре біл. Жаны кеудесінен бұрын шығатын сен бе, олар ма? Білмейсің... Алла кешірімді адамдарды кешіреді. Пайғамбарымыз (оған алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мейірімге бөлемеген, мейірге бөленбейді», – деген еді. «Қиямет күні бір дауыс: «Сауабы Аллада болғандар шықсын, жәннатқа кірсін!», – деп жар салады. «Бұлар кімдер?», – деп сұралғанда: «Адамдарды кешірген, кешірімшіл жандар», – дейді. Осылайша көптеген адамдар есепке тартылмастан жәннатқа кіреді» (Ибн Әбиддуня). Қандай керемет! Мұсылман өз бауырына деген ашуын басуға өз бойынан күш табады. Бауырын кешіруді өзін төмен қою деп те, өзін масқара жағдайда қалдыру деп те түсінбейді, керісінше, ол мұны белгілі бір жағдайда өзін Аллаға жақындата түсетін, оны Алланың махаббатына ие ететін жақсы іс ретінде бағалайды.
Алланы тануға ұмтылғандар – бақытты!
Өмірдегі адамдық борышымыздың бірі – өзімізді жоқтан бар етіп жаратып, рызық-несібелі еткен Алланы тану, Оның бұйырғанын орындап, тыйғандарынан алыс болу. Тілін кәлимаға келтірген кез келген иманды жан«Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын» деген қағидамен өмір сүреді. Кез-келген ақыл иесіне ең бірінші парыз болған құлшылық – Алланы тану. Неліктен? Себебі, Құдайын танымаған адам дұрыс әрі ықыласпен құлшылық жасай алмайды. Сіз анаңыз бен әкеңізді, жарыңызды жақсы көресіз, өйткені, жақсы танисыз. Ақиқатында, Құдайды жақсы көру, Одан қорқу, үміттену де – Оны танумен келетін қасиеттер. Шынында осыншама алып ғаламды жаратып, оған жүйелі тәртіп орнатқан бір ұлы құдіреттің бар екенін әрбір ақыл жүгірткен пенде мойындары хақ. Өйткені, жаратқан Алла ақылымыз арқылы өзін тануға мүмкіншілік берді. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,
Құдайсыз қу қолынан іс те келмес», – деп жырлайды.
«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деген ақын Мұқағали Мақатаев:
«Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер.
Азабымды-тозағымды жеңейін.
Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,
Өзіме де, өзгеге де төгейін», – деп өз заманында бір Алладан медет тілеген.
Міне, жоғарыда біз ұсынған бақытты жандардың он қағидасы сіздің күнделікті әдетіңізге айналған игі іс болса және оны өз өміріңізде орындап жүрсеңіз, онда сіз сөзсіз бақытты жансыз! Алла Тағала ізгі амалдарымызды көбейтіп, баршамызға екі дүние бақытын нәсіп еткей!