Сұхбат 2017-01-10 (0) (9761)

Нұртас Исабаев, ақын: «АЛЛАДАН КЕЛГЕН СЫНАҚТЫ ҚАЙҒЫРМАЙ ҚАРСЫ АЛУ КЕРЕК...»

Нұртас Исабаев, ақын: «АЛЛАДАН КЕЛГЕН СЫНАҚТЫ ҚАЙҒЫРМАЙ ҚАРСЫ АЛУ КЕРЕК...»

 

Өмірге құштарлығымен əлемнің назарын аудара білген орыс жазушысы Николай Островский: «Төзуге мүмкін болмайтын жағдайда да өмір сүре білу керек» деп жазған еді. Ақын Нұртас Исабаевты оқырмандары сол Николай Островскийге теңейді. Оның төзімділігінде шек жоқ. Ол –ақылдың, ойдың ғана емес, сонымен қоса төзімнің де кеніші. Ақын жүрегі рухани қиындықпен қатар, тәни ауыртпалықтың қандайына да төтеп беріп келеді. Қайсар жанмен сұхбаттасып, сыр бөлісудің сәті түскен еді. Айтары бар ақынның жансарайына сіз де төрлетіңіз...

 

 

 

 

– Нұртас аға, сәл артқа шегініс жасап, сізге келген сол сынақ жайлы еске түсірсек...

 

 

– Мектепті бітірген соң армандап жүріп, Мəскеудегі М.Горький атындағы Əдебиет институтына оқуға түстім. Төртінші курста оқып жүрген кезімде  ауылға демалысқа бардым. Әке-шешем «балам, сені сағындық, саған машина алып қойдық, келгенде көресің» деген соң ауылға жиналдым. Барған күннің ертесіне сол машинамен көлік апатына түстім. Жиен інім екеуміз көрші ауданға кетіп бара жатып келесі қарсы бетте келе жатқан машина жол бермей біз трассадан төмен қарай құладық. Мен көліктің артында отырғандықтан, ешнәрседен ұстай алмадым. Ұзақ уақыт сол жерде есімді жия алмай жаттым, екі омыртқам сынған екен. Дереу мені аудандық аурухана алып келді, ол жерде маған дәрігерлер ота жасауға қорықты. Облыстық ауруханаға алып барып еді, ол жердегілер де жүрексінді. Он бес-жиырма күндей жатып, әбден қиналдым. Кейін бір айдан соң жолдамамен Қарағандыға апарып сол жерде ота жасады. Содан кейін ғана бетім бері қарай бастады. Ол жерде сегіз ай болдым. Кейін арбаға отыратын болған соң мені үйге шығарды. Ауылға келсем, маған Мәскеуден телеграмма келіпті. Денсаулығыммен арпалысып жүріп арада бір жыл уақыт өте шыққанын сезбей қалдым. Институт басшылығы «Мәскеуге келіп дипломыңды қорғайтын уақытың келді» деп жазыпты. Содан мен ауылда жатып дипломымды жаза бастадым. Емтихандарға дайындалдым. Сөйтіп жолға жинала бастадым...

 

 

1978 жылы, Мәскеу, студент Нұртас Исабаев

 

 

«Бұл жолы Мәскеуге арбамен келдім...»

 

– Маңғаз Мәскеу бұл жолы сізді қалай қарсы алды?

 

– Әкем мені Мәскеуге апарып тастады. Бұл жолы мен өз аяғыммен емес, арбамен келдім. Сол жақта төрт ай болдым. Арбамен арпалысып жүріп, соңғы курсты аяқтап, диплом қорғадым. Қасымда сол институтта оқитын Тува қызы Елена болды. Мен үшін сырттай оқуға ауысып, қиын кезде дәрігерлермен бірге көмектесіп, өмірге қайта оралуыма ықпал еткен жақсы адам десем артық айтпаспын. Кейін біз ауылға екеу болып қайттық. Үйленіп, отау құрдық. Екеуміз жазда институт алып берген жолдамамен Қырымдағы Саки деген санаторийде бір жарым ай демалып қайтқанбыз. Институттағы ұстаздарым бізді қуана қарсы алып, барлық жағдайды жасады. Қатар оқыған ақын, рухани жақын достарым Ақылбек Шаяхметов, Бақытжан Қанапиянов, Омар Күйеубаев сағынған Мəскеуімді армансыз аралатып, достық пейілдерімен зор қуанышқа бөледі. Сол ертегідей қызық күндерді əлі де ұмыта алмай сағынамын. Сонымен 26 жасымда дипломымды қолға алып, бітіріп шықтым.

 

– Мәскеу көрген жас әдебиетші, сол кезде әлі таныла қоймаған жас ақын әдеби ортаға қалай келді? Кімдер қолдау білдірді?

 

– Ауылға келгеннен кейін əкем ауырып қайтыс болды. Мені уайымдап, бұрын инфаркт алған еді. Осы дерт әкемді арамыздан алып кетті. Сол жағдайдан кейін бәріміз қайғырып, кішкене күңіреніп кеттік. Көңілсіз қиын күндерде кенеттен хабарласып, үйге Алматыдан «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінен тілші Нұрлытай Үркімбаева келіп, ақын Күлəш Ахметованың маған сыйлаған кітаптарын тапсырып, сəлемін жеткізді. Кейін газетке біз туралы «Махаббат жыры» атты бір бет мақала жазып жариялапты. Біз Лена екеуміз Қырымда ем қабылдап жүргенде келінім газетті хатпен салып жіберіпті. Мақаланы оқып, қуаныштан толқып, тебіреніп, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Ем аяқталған соң үйге келсек, бүкіл Жаңақорған шулап жатыр екен. Құттықтап сынып жетекшім мен кластастарым келіп кетіпті. Қызылорда облыстық комсомол комитетінен адамдар келіп іздеп жатыр екен. Біздің келгенімізді естіп, облыстан Жолтай Əлмашев бастаған жігіттер келіп, үй береміз деп Қызылордаға шақырды. Жолтай өлеңдерімді алып кетіп, облыстық радиодан оқытып, газетке жариялады. Кейінірек біз туралы «Тоғысқан тағдырлар» деген мақала жазып, газетке шығарды. Аудандық газетте де өлеңдерім басылды. Сосын институт берген жолдаманы, құжаттарды беріп, Жазушылар Одағына тапсыр деп Ленаны Алматыға жібердім. Бірнеше күннен кейін Күләш Ахметовқа екеуі: «Республикалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Серік Əбдірахмановқа кірдік, саған екі бөлмелі пәтер беретін болды», – деп телефон соғып.тұр. Қуанғаным сонша, орнымнан ұшып кете жаздадым, өз құлағыма өзім сенбедім. Құдды бір ертегі сияқты. Бәріміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Ондай сәтті қалай ұмытарсың?.. Көп ұзамай күзде комсомол комитеті мені республикалық жас ақындардың кеңесіне шақырды. Жазушылар Одағында өткен жиналыста ақын-жазушылармен жүздесіп, кеште өлең оқыдым. Серік (Әбдіпахманов) ағамен де таныстым. Əдеби ортаға əкелгені үшін рахмет айттым. Көп ұзамай қаланың қақ ортасынан армандаған пəтерімізді берді. Көңіліміз көтеріліп, қуанышымыз көбейе бастады. Лена Жазушылар одағына жұмысқа орналасты, баспада қызмет атқарды. Содан бері əсем қалада, əдеби ортада алаңсыз тұрып өлеңімді жазып келемін. Сол жақсы адамдарға жасаған жақсылықтары үшін əлі де алғысым айтамын.

 

«Тек орындалмаған бір-ақ арманым бар...»

 

– Екінің бірі арман ететін әйгілі институттың дипломы сіздің өміріңізге өзгеріс әкелген болар... Осыны алға тартып жақсы қызмет ұсынғандар болды ма?

 

 

– Денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмадым. Мүгедектігім үшін зейнетақы алып, міне, осы күнге дейін шығармашылық жұмыспен айналысып келемін. Бес жыл оқып алған дипломым сол күйі чемоданымда жатыр. Соған кейде өкінемін. Рас, кезінде ақын Серікбай Оспанов ағамыз «Жалын» баспасында бас редактор болып жүргенде маған қолжазбалар беріп, рецензия жаздыратын, досым Ұлықбек Есдəулетов сын мақалалар жаз деп «Жас қазақ» газетіне жұмысқа алған, шамалы уақыт «Жаңа фильмде» аудармашы болдым. Алтыншаш Жағанова апайдың қамқорлығы ғой. Алматыға алғаш келген кезімде осындай жанашырлықтың арқасында жағдайымды жақсартып, отбасымды асырауға, алған білімімді іске асыруға мүмкіндік алған едім. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Жазған мақалаңа да қаламақы төлемейді. Сондықтан алтын уақытымды сарп етіп, сын мақала да жазғым келмейді. Одан да өлең жазған оңай, əрі тиімді. Аз да болса қаламақысы бар. Жалпы, қазір де күнкөрісім жаман емес. Жыл сайын Мемлекеттік стипендия аламын, аздаған қаламақы бар, күнкөрісіме жетеді. Өмірге де, еліме де ризамын. Тек орындалмаған бір-ақ арманым бар...

 

– Ақын жүрегінің ендігі арманы қандай?

 

– Алла Тағала адамды арбаға танып қойса да, арманына тұсау бола алмайды екен. Аллаға шүкір, шығармашылық армандарым орындалды десем де болады. Шамам келгенше жаздым. Жыр жинақтарым, романым жинақ болып басылып шықты. Оқырмандарым жылы қабылдады. Шүкір, бақыттымын! Ал, адами тұрғыда ең басты арманым бар. Ол – алдағы уақытта Алланың қалауымен жүріп кету мүмкіндігіне ие болу. Үміт үзгім келмейді. Қазір медицинаның дамыған уақыты ғой. Қытайда осы сырқатты емдеп жазады, арнайы ота жасайды деп естіген едім. Бірақ, ниетім болғанымен, ол жаққа барып ота жасататындай қаржылай мүмкіндігім жоқ. Бір Алланың жәрдемі болса, ол күнде келер... Алланың құдіретіне сенемін. Бала кезімнен анамның намаз оқып, ораза ұстағанын көріп өстім. Құран сүрелерін көшіріп жазып беріп, маған  жаттататын еді. Қазір қал-қадерімше нәпіл намаздарын, апта сайын жұма намазын оқып тұрамын. Алла жүрегіме берік иман берсе, бес уақыт намаз оқығым келеді... Ол күннің де келеріне сенемін. Мені панасына алып, қорғаштап келе жатқан бір Аллаға ғана сенемін. Көп қайғырмайтын себебім де сол шығар... Басыңа түскен тағдырдан құтылу қиын екен. Бірақ əлі де үмітім үзілген жоқ. Шамам келгенше емделіп, шынығып, күресіп келемін.

«Бақытыма болмайын аса масаң,

не болғаным жеңілді тасаласам?

Адам болып несіне ғұмыр кешем,

өмірімде бір ерлік жасамасам» деп өзімді-өзім жігерлендіріп қоямын. Жеке өміріме келсек, Меруерт деген қызым бар, Мəриям, Əмина деген сүйкімді екі немерем бар – солармен бақыттымын!

 

                                         1987 жыл,  Алматы                                                                   2017 жыл, Алматы

 

 

– Осы ұзақ жылдарда өзіңізді алға қалай жетеледіңіз? Кімнің көмегі көп болды?

 

– Әуелі әрине, Алланың күш, құдіретімен, одан кейін ата-анам мен бауырларымның жәрдемі ғой. Дәрігерлерге де рақмет, маған екінші мәрте өмір сыйлады. Бауырларым көп болғандықтан ба, жанымда жарым болған соң ба, мен күйзелістің не екенін де сезген жоқпын. Үнемі ән айтып жататынмын. Дәрігерлер таңқалып, мынаны қараңдар, біз мұны сырқат деп жүрсек, бұл сау адамдарша ән салады деп күліп кететін. Өміріме мəн, мағына берген өлеңім, шығармашылығым қиын күндерде көңілімді аулап, жағдайымды жеңілдетті, көп уайымнан құтқарды. Ауруханада төсекке таңылып жатқан кезімде де өлең жазуды тоқтатқан жоқпын. Өлең менің сырласым, іштегі шерімді шығаратын, қуаныш пен мұңымды бөлісетін айнымас досым болды. Ешкімге айтпайтын сырымды, сезімімді соған айтамын. Еліммен сол арқылы тілдесемін. Ол алдыма үлкен мақсат қойып, соған ұмтылдырды, алға жетеледі, өмірге құштарлығымды лаулатты. Жақсы өлең жазған кезде өзіңді бақытты сезінесің. Əн де солай. Елдің ықыласына бөлеген де осы шығармашылығым емес пе?!

Төсекке таңылып жатсам да шимайлап жаза беретінмін, ішкі ойымды қағаз бетіне түсіретінмін. Сондай күндердің бірінде ауруханада:

Тұрып кеткім келеді, тұра алмаймын,

Жүріп кеткім келеді, жүре алмаймын,

Қасқайып тұрып-тұрып қапастағы,

Жай түсіп құлап қалған шынардаймын, деп жазған едім. Менің өмірге деген құштарлығымның суымауына себеп болған поэзия мен медицина шығар...

 

 

– Ақынсыз. Сөздің қадірін түсінесіз. Ақындық талғамды қалыптастырған зиялы жансыз. Қазіргі қазақ поэзиясына көзқарасыңызды білгім келеді...

 

– Қазіргі жастардың шығармашылығында бір үрдіс пайда болды. Сары уайымға салынушылық. Бұл керек емес. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ақындар керісінше оқырманға жігер беретін жырлар жазуы керек. Тағы бір айтатыным, біздегі кей ақындар түсініксіз өлең жазуға бейім. Жұрт түсінуге қиындау өлең жазсам, демек мен ерекше ақын болғандығым деп есептейді. Ондайға да ұрынбау керек. «Гениальный – это просто»деп жатады. Қарапайым адамның шығармасы да қарапайым, түсінікті болуы керек. Қай ақын да халықтан биік емес. Өзгешелікке бой алдыру эгоизм деп ойлаймын. Егер ақынның өлеңіне де тәкаппарлық араласса, онда оны ел түсінбеуі мүмкін. Белгілі бір орта ғана мұны мықтылық деп қабылдауы да мүмкін. Бірақ, бәрібір ондай өлең халықтың ойын айта алмайды. Өлеңді өзің үшін жазсаң, оны тек күнделігің сияқты өзің ғана оқуың керек. Ал, мықты ақын өлеңді бірінші жақта жазып отырып-ақ, көпшіліктің ойын да, мұратын да, мақсатын да жеткізе алуы керек. Өйткені, біздегі идеологияны жасайтын интеллигенция деп есептеймін.

 

– Нұртас аға, Алланың мейірімі түссе, сіз қазір-ақ жүріп кетесіз. Оған біз де дұға жасаймыз, сол Алланың сізге арналған «тосын сыйын» тағатсыздана күтеміз бәріміз. Жүріп кетсеңіз, ең алдымен нені армандайсыз?

 

– Айтқаның келсін, Салтанат. Менің де Алладан үмітім бар. Мен де тікемнен тік тұрып жүріп кеткім келеді. Ешкімге тәуелді болғым келмейді. Бірақ, қазіргі күніме де шүкіршілік айтамын. Қазір, міне, электронды арбаның көмегімен жүремін. Осыдан 3-4 жыл бұрын жеке көлік жүргізу куәлігін алғанмын. Кейін жеңіл көлік те сатып алдым. Қазір қалаған жеріме өзім бара беремін. Сонда да өз бетімше өз аяғыммен жүргім келеді. Он екі мүшесі сау, толық адам кейпінде өмір сүргім келеді. Әйтпесе, Аллаға шүкір, қызым, немерелерім бар. Олар менің – қуанышым. Екі немерем менің екі қолым сияқты жәрдем береді.

– Жалғыздықты сезінбейсіз бе?

 

– Менің жалғыздықты сезінуге уақытым жоқ.(күліп) Спортпен айналысу керек, өлең жазу керек, арасында әнге сөз жазу керек. Жалғыздықты сезінуге уақытым жетпейді. Бірақ, кейде өзіммен өзім жалғыз қалып қоятын кездерім де болады. Кейін біз жарым Ленамен ажырасып, екеуміз екі жаққа кеттік. Себебі, оның отаны басқа, оған лайық бұл жерде жұмыс та табылмады. Анасы ауырды. Оқуын да аяқтау керек болды. Ол аспирантураға тапсырамын деп шешті. Сөйтіп бір-бірімізден алыстап кеттік. Қазір бір қызы, өз отбасы бар екен. Филология ғылымдарының кандидаты екен. Өткенде «31 телеарна» ұйымдастырған бағдарламаға барғанымда редакция маған айтпай Ленаны шақыртып, тосын сый жасады. Мен оған ешқандай ренжімеймін. Бұрын анам айтушы еді, Лена мені қиындықтан құтқарды деп. Оның маған жасаған еңбегі көп. Қазір анда-санда хабарласып тұрамыз.

 

– Сіз сабырды қайдан аласыз?

 

– Бұл менің ішкі талабыма да байланысты шығар. Кез келген қиындыққа мойымайтынмын. Ата-анама алғыс айтамын, бізді осылай тәрбиелегені үшін. Бізді көп мәпелеген жоқ, көбірек қиындыққа үйретті. Спортқа да жақын болып өстім. Бала кезден өзімді қорғауды үйрендім. Мендегі сабырдың кілті, Алланың маған берген тағы бір сыйы шығар.

 

– Сырласыңыз кім?

 

– Бұрын ақындармен жиі кездесіп тұратынбыз. Өлең оқитынбыз, әңгіме айтатынбыз. Қазір барлығы қарбалас өмірге араласып кеткен соң, көп кездесе бермейміз. Әр адамның өз өмірі бар ғой, отбасы бар. Қазір өлең, əн жазумен айналысып жүрмін. Адам өзінің ұнатқан ісімен айналысқаны дұрыс қой, сонда жақсы жетістікке жетіп, рухани лəззат алады. Денсаулығымды жақсарту үшін күнде спортқа да көп көңіл бөлемін.

 

 

– Өмірін жаңадан бастап келе жатқан жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

 

– Еңбектену керек. Адамның жүрегінде иманы болса, жамандықтан, көптеген келеңсіздіктерден сақтайды. Құмар ойындармен айналысып, байлықтың соңынан қуып жүрген қаншама жастарымыз бар. Өмір – күрес. Мойымау керек. Өмірдің өзі адамды шынықтырады. Көлік апатынан кейін менің өмірім, ойым, көзқарасым түбегейлі өзгерді. Мен бұрын оқуға түсе алмағандағы қиналғандарым оның қасында түкке тұрмайтын нәрсе екенін білдім. Айналаңа қарасаң, өмірде қиналып, қайғы кешіп жүрген жандар өте көп. Аяғы жоқ кісідер аяғым болса деп, аяғы бар, дені сау жандар қымбат көлігім болса деп армандайды. Менің жолым болады, Аллаға сенемін деп іштей сенсең, Алла бәрін реттейді. Алладан келген кез-келген сынақты қуанып қарсы алуымыз керек. Сүйікті құлдарына ғана қиындық жіберіп, сабыр сақтағандарына ғана ерекше сый беретін Алла Тағаладан үміт үзбеуіміз керек. Өмірде көп нәрсе адамның психологиясына байланысты. Адам қалай ойлайды, солай болады. Егер түкке тұрмайтын ұсақ нәрсенің өзін күні-түні ойлап, уайымдай беретін болсаң, ол сенің түбіңе жетпей қоймайды. Мен тәуекелдің адамымын. Уайымға берілмеймін. Берілсем, өз-өзімді іштей жей берсем, мен мына қоғамның алдында жоқ болып кетер едім...

«Өмірге құштарлық» романы, авторы Нұртас Исабаев

 

– Өмірге құштар жансыз. Осыншама құштарлықты қайдан аласыз?

 

– Демалыс күндері немерелерімді серуенге алып шығамын. Мен әлемдегі ең әдемі қалада тұрамын. Алматының әсем табиғаты маған жылулық сыйлайды. Тауға шықсаң таза ауасы ерекше демалыс сыйлайды. Ішкі сенімім бар, болашақта, Алла қаласа, бәрі жақсы болатынына үлкен сенімім бар. Міне, мен өмірге деген құштарлықты осылай аламын.

 

– Риясыз әңгімеңізге рақмет Нұртас аға! Алла тілектеріңізді қабыл алып, абыройыңызды асыра берсін!

 

Р/S: Мен оған қарап өмір сүруді, сабырлықты, мықты болуды үйрендім. «Мен бақыттымын, Аллаға сансыз мақтау-мадақ болсын!» деп жылы жымиған арбадағы тағдырлы ақынға қарап өз шүкіршілігімізді одан сан есе көп жасауымыз керек екендігін түсіндім...

 

Сұхбаттасқан Салтанат ҚОЖА

9761 рет оқылды