«Бұл – жігіттік намысыма нұқсан келтіріп, ар-абыройымды аяқ асты еткен оқиға етін-ді. Тіпті, еске алудың өзі у ішкеннен де ауыр деген ойға қаламын. Әңгіме былай еді. Жасым қырыққа таяса да дос жігіттермен жиналып, көшеден өткен-кеткенді кекетіп-мұқату, қыз-қырқынмен қалжыңдасу – біз үшін жалықтырмайтын ермек еді. Етіміз өліп, көзіміз үйреніп кеткен ыржың-қылжың бүгін де жалғасын тапты. Валентин күні еді. Көше бойында сәнденген қыз-келіншектердің қатары әдеттегіден көп. Кенет бір досым ысқырып келіп жіберді де: «Оеебой, ана бикешті қараңдар!» деді. Барлығымыздың назарымыз сол жаққа ауды.
Қолаң шашты жайына жіберген, қысқа белдемшелі бойжеткеннің саны жалтырап келеді екен. Біз ысқырған сайын жүрісі өзгеріп барады. Аузымызға келгенді айтып мәзбіз. «Бұл меніңкі болады» деп таласушылар көбейе бастады. Небір сұм, арамза ойларының шетін айта бастаған жігіттер де табылды. Ал мен оларды қостап әлекпін. Кенет байқадым, қыз жақындаған сайын біреуге ұқсап келеді. Дереу бойымды жинап алдым да, анықтап қарай бастадым. Жоқ, мүмкін емес! Тағы да дұрыстап қарадым. Расымен де сол ма?! Иә, бұл – менің қызым... Оның кеше жаңа киім алып, бүгін сұлулық салонынан шашын жасатып, көңілді кешке дайындалып жүргенін ұмытып кетіппін.
Айналаның бәрі күңгірттеніп сала берді. Әлгі мазақ сөздер мен қиқу-сиқудың бірі де естілмейді. Басымды ұстаған күйі отырып қалдым».
P.S: «Бір күні Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жас жігіт келіп: «Уа, Алла Елшісі, маған зина жасауға рұқсат бер!» деді. Адамдардың барлығы бозбалаға бұрылып: «Ш-ш-ш!» деген дыбыстармен жеки бастады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бері жақында» деп еді, жігіт жақын барды. Отыруын сұрап еді, жігіт отырды. Содан кейін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Сен мұны өз анаңа қалар ма едің?» деп сұрады. Бозбала: «Алламен ант етейін, жоқ, уа Алла Елшісі, сенің өтеуің болайын!» деп жауап берді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ешбірі мұндай сұмдықты анасына қаламайтын еді» деді.
Содан кейін ол: «Сен мұны өзіңнің туған қызыңа қалаушы ма едің?» деп еді, жігіт былай деп жауап қатты: «Алламен ант етейін, жоқ, уа Алла Елшісі, сенің өтеуің болайын!». Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ешбірі мұндай сұмдықты туған қыздарына қаламас еді» деді.
Әрмен қарай: «Сен мұны өзіңнің қарындасыңа қалар ма едің?» дегенде, жігіт бірден: «Алламен ант етейін, жоқ, уа Алла Елшісі, сенің өтеуің болайын!» деп дауысын көтерді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ешбірі мұндай сұмдықты қарындасына қаламас еді» деді....
Осыдан кейін Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолын жас жігітке қойды да, былай деді: «Я, Алла, оның күнәларын кешір, оның жүрегін тазарт және оны тақуалардан ете гөр!».
Осы оқиғадан кейін бозбала ешқашан да мұндай сұрақтарды қоймайтын болды. (Ахмад).
Ендеше, ана-жеңгеміздің, қарындас-әпкеміздің, әйеліміздің аш көзге жем болғанын қаламасақ, өзіміз де біреудің намысы мен ары болған «ардақтысына» көз, ой, қол жүгіртуден аулақ болғанымыз абзал-ақ...