08:30 | Сырласайық
2016-12-02 (0) (8949)

Ұялу – пайғамбарлардың мұрасы

Ұялу – пайғамбарлардың мұрасы

 

«Ұят» деген сөз адамның айыпты істерді істеуден бас тартып, ондай істерге қатысты жиренішті сезімде болуын және болашақта кінәлі болып қалудан қорқып, жаман істерді істеуден өзін-өзі тоқтатуын, тыюын білдіреді. Ұяла білу – үлкен өнер. Ол текпен, отбасындағы тәрбиемен, ұғынып, түсінумен келеді. Адамдарды ұяла білуге, қымсынуға шақыру – жақсылыққа шақырғанмен бірдей. Ұяты бар адамның бойында иманы да бар. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұят – иманның бір тармағы», «Ар-ұят жақсылықтан басқа нәрсе  әкелмейді», – деген. (Бұхари, Муслим)

 

Ар-ұятты сақтау – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі әрі ол жақсылық істеп, жамандық атаулыдан аулақтаудың алғышарты. Адамдар мұны елшілерден мұраға алып, ғасырлар бойы бір-біріне жеткізіп келген. Мәселен, сахабаларымыздың өмірлерін парақтап отырған болсаңыз, олардың ұялғанда екі беттері нарттай болып қызарып кететіндіктерін байқайсыз. Тіпті, Алла елшісінің өзі де өте қатты ұялшақ адам болған. Сахаба Әбу Сағид әл-Худри (р.а): «Пайғамбар  шымылдық ішіндегі қыздан да қатты ұялшақ еді. Егер бірдеңені жақтырмаса, оның жүзінен білінетін», – деген (Бұхари). Пайғамбарымыз  ешкімнің жүзіне қадалып қарамайтын, жанарын төмен түсіріп, көзін көбіне жерге салып жүретін. Ұялшақтығы мен кеңпейілділігі себепті ешкімге өзіне ұнамайтынды ашып айтпайтын. Біреу туралы өзіне ұнамаған бірдеңе естісе, оның атын атамастан: «Былай жасап жүрген адамдарға не болған?» – дейтін.

Айша анамыздың (р.а) әңгімелеуі бойынша бір күні Алла елшісі аяғы ашық күйде үйінде жатады. Біраздан соң сахаба Әбу Бәкір кіруге рұқсат сұрайды, Алла елшісі рұқсат беріп, олар сөйлеседі. Арада біраз уақыт өткенде Омар келеді. Пайғамбарымыз оған да рұқсат беріп, екеуі сөйлеседі. Біраздан кейін Осман (р,а) келіп, кіруге рұқсат сұрайды. Сонда Алла елшісі дереу орнынан тұрып, киімін жөндейді. Мұны көрген Айша анамыз (р.а) Пайғамбарымыздан : «Әбу Бәкір кіріп еді, сен қалпыңды өзгертпедің. Омар кіріп еді, тағы да өзгертпедің. Ал Осман кіргенде неге орныңнан тұрып, кіиіміңді жөндедің?» - деп сұрайды.  Сонда Алла елшісі : «Алланың періштелері ұялатын адамнан мен қалай ұялмайын?» - деген екен. (Муслим) Тағы бір риуаятта мұның себебін Алла елшісі : «Расында, Осман – өте ұялшақ адам және мен осы қалпында оған кіруге рұқсат берсем, ол келген нәрсесін сұрамай кетіп қала ма деп қауіптендім», - деп түсіндірген.

  

Шынында да, ұят – адамның бойындағы ең қымбат әшекей. Ол – иманның қабы. Ілгерідегі ізгілер: «Иман – жалаңаш, оның киімі – тақуалық, ал әшекейі – иман», - деген. Сахабалар: «Егер Алла бір пендесін құрдымға кетіргісі келсе, оны ұятынан айырады. Ұятынан айырылған жан өзгелерге жеккөрінішті болады», - дейтін. Шынында да, жаман іс істеп, айыпты болған адамды өзгелер бірден тәрбие көрмеген, ұятсыз деп қаралап жатады ғой. Демек, ұяттан безген адамның қадірі кетіп, жұрт алдында ешқандай құрметі болмайды екен. «Алла елшісі бұл туралы : «Шын мәнінде, адамдарға әуелгідегі пайғамбарлардан «ұялмасаң, білгеніңді қыл», – деген сөз қалған», – дейді. (Бұхари) Қазақ арасында нақыл сөз түрінде тарап кеткен бұл сөздің түп тарихы тым тереңде жатыр екен.. Тіпті, қырық хадисімен белгілі болған ғалым имам ән-Нәуәуи (Алла оған рақым етсін): «Бұл – Ислам заңдары негіздерінің бірі», – деген.

Демек, ұят – иманның бір тармағы. Ұяла білетін адам барлық күнә мен жамандық атаулыдан алыста жүреді.

 

Ұялшақтықтың екі түрі

 

Ұялшақтық қасиеттің екі түрі бар. Біріншісі – туа біткен ұялшақтық, яғни адамның баласына әу бастан бар қасиет. Мұндай ар-ұятқа ие адам мінез-құлықтың ең жоғарғы көрінісіне дейін көтеріледі. Мұндай адам өз бойындағы осы қасиетін ерекше бағалап, оны Жаратушының жарылқағаны деп қабылдағаны жөн. Себебі, туғаннан ар-ұятты адам күнәлі істерге бармайды, жиренішті іске жоламайды және ешқашан өзгелерге өз мінез-құлқының жаман жақтарын көрсетпейді.

 

Екіншісі – кейіннен қалыптасатын, яғни Алланы, Оның ұлылығын және Өз құлдарына жақын екендігін, оларға назар салатынын және көздердің қиянатын, сондай-ақ жүректердегі жасырын сырларды білетінін түсіну нәтижесінде пайда болатын ұялшақтық.

Ұялшақтықтың мұндай түріне ие болуға әрекет жасаушы адам иманның ең жоғарғы сатысына жетеді және жүрек тазалығының жоғарғы дәрежелеріне көтеріледі. Мұндай ұялшақтық Алла Тағаланың жарылқауы мен жақсылығын көруі және осы үшін Алла Тағалаға деген рахметінің мүлдем жеткіліксіз екендігін сезінуі нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Пайғамбарымыз : «Ақыретті қалаушылар бұл дүниенің әсемдіктерінен бас тартады және кім осылай істесе, сол – Алладан ұялған адам», – деген. (Ахмад, Тирмизи)

Демек, адамда екі жол бар. Бірі – өзінің туа бітті ұяңдық қасиетін сақтап, соны бағалай білу. Ал екіншісі – Алланың шексіз Құдірет Иесі екенін есіне ала отыра, барлық жамандықтан тыйылып, ұяты арқылы өз өмірін тура жолға қарай бұру.

 

«Ұятсыз қызыңнан сақта!»

 

Ертеде Бауыржан Момышұлынан бата сұрап келген елге батыр:

Татымсыз тұзыңнан сақта,

Ұятсыз қызыңнан сақта, -

деп бата береді екен. Себебі, әйел өзін ар-ұятты болуымен ғана әсем, өзгелерге сыйлы ете алады. Алла Тағала қасиетті Құранда Шуғайбтың Мұсаны (а.с) шақыруға келген екі қызының бірі туралы баяндап: «Сонда оған екі әйелдің бірі ұялған халде келіп: «Бізге қойларды суарып бергенің үшін әкем сені ақы беруге шақырып жатыр», – дейді» (Қасас сүресі, 25-аят).

Яғни қыз әкесінің тапсырмасы бойынша Мұсаны (а.с) шақыруға ұяла басып, ибалы түрде қымсына келген. Оның мінез-құлқында кішіпейілділікке жатпайтын, сұлулығын әйгілеп еркектердің құмарлығын қоздырып, өзіне қызықтыру әрекеттеріне, мақтанға ешбір қатысы жоқ ұяңдық бар еді.

Ол жүріс-тұрысында анық ұялшақтық танытып қана қоймай, бөгелместен, асып-саспастан анық сөйледі. Сөзсіз, қыздың бұл әрекетінде әрбір әйел заты үлгі аларлық анық ғибрат бар.

 

Ұяттың жемістері

Ұяттың жемістерінің бірі – арлылық, адалдық. Егер адам баласы барлық ісінде ұяттан аттамаса, демек, онда оның арлылығы кейіннен қалыптасқан емес, туа біткен арлылық. Ондай адам ешкімнің ақысын жемейді, айналадағыларға зәбір, жапа шектірмейді, қоғамға пайдалы болады. Сұрап алған нәрсесін уақытымен қайтаруға тырысады, қолынан келгенше көмек көрсетуге асығып тұрады, өзгелерді ізгілікке шақырады. Ахнаф ибн Қайс: «Еш уақытта жалғандық пен ержүректілік секілді екі қасиет бір адамның бойына қонбайды», – деген.

Батылдықтың жемісі – шыншылдық, адалдық, ұялшақтық және арлылық.

 

Ата-ана мен тәрбиешілердің міндеттері

 

Ата-аналар мен тәрбиешілербала тәрбиесінде ар-ұят, ұялшақтық, ұяңдық қасиеттерді қайта өркендету үшін бар күш-жігерін жұмсауға міндетті. Оған балаларының мінез-құлқы мен іс-әрекеттерін бақылау, ар-ұят, ұялшақтық сияқты қастерлі қасиеттерге қайшы келетін қылықтардың бәрін түзету, оларға жақсы жора-жолдастар табуға және нашар жолдастардан аулақ болуға жәрдемдесу, балаларды пайдалы кітаптарды таңдай білуге үйрету және теледидар мен театр, кинотеатрлардағы өрескел, көргенсіз, дөрекі азғындық жолға бастайтын қойылымдардан алыс жүруге бағыттау кіреді. Тіпті, қазір кішкентай қыздардың өзі инстаграмға қайта-қайта сурет салып, өздерінде жоқ, табиғатына, болмысына қарама-қайшы әрекет жасап жатады. Мұндай қылық қызды ұялу, өзгелерден қымсыну, бойын тежеп ұстау секілді қасиеттерден алыстатып жібереді. Қыз баланы керісінше, көп көзге түспей, ойын да, бойын да тыйып ұстауға үйретсек, ұтылмасымыз анық. Себебі қазақ «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» деген.

8949 рет оқылды