(1-бөлім)
Өтелмеген қарыз уайымды күшейтіп, жүйкені тоздырады. Осының себебінен жанын қоярға жер таппай, жүдеп, түн ұйықысын төрт бөліп, арып-ашып жүрген жандар қаншама? Олардың мақсаты – берешегінен тезірек құтылу. Алайда бұл кей кезде бірден мүмкін бола бермейді.
Тағы бір пенде өмірден өтті. Жазмыштан озмыш жоқ. Соңғы сапарға шығарып салар алдында марқұмға жаназа намазы оқылады. Намаздан бұрын имам: «Бұл кісінің қарызы бар ма еді, болса кім төлейді?» - деген жалғыз сұрақ қояды. Имамның намаз, ораза, тіпті, қажылық емес, қарызының бар- жоғын анықтап алуында үлкен мән жатыр. Себебі қарызын ана дүниеге арқалаған жанның жағдайы қиын.
Қарызды алу оңай көрінгенімен оны қайтармай, мерзімін созып, соңында бермей кетудің күнәсі ауыр. Шариғатымызда бұл қатаң түрде ескертілген. Абайсызда опық жеп қалмас үшін мұсылман әдептерін білгеніңіз жөн.
ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ БІЛУІ ТИІС БІРІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗДЫ АСА ЗӘРУ ЖАҒДАЙДА ҒАНА АЛУ
Жасыратыны жоқ, кейде адам басына іс түсіп, өзгенің есігін қағып, қарыз алуға мәжбүр болады. Және жағдайы жақсы бола тұра өзгеден тиын-тебен дәмететіндер де бар. Алған қарызын мұқтаждығын өтеуге емес, жағдайын түзеуге жұмсағысы келеді. Ол астындағы көлігін менсінбей қымбатына көз тігуі мүмкін, жақсырақ үйде тұрып, қымбат той жасап абыройын арттырғысы келеді. Сөйтіп жалған мақтан үшін қарыз алады.
Ал есті мұсылман болмайтын нәрсе үшін қарыз алып өзін төмендетіп, дәрежесін түсірмейді. Алушы қол беруші қолдан төмен екенін есте ұстайды. Қысқаша айтқанда, адам аса мұқтаждық көрмесе, тапқаны күнкөрісіне жетсе, өзгелерден жәрдем сұрамағаны дұрыс. Бұл дегеніміз қарыз сұраушы адамның себептері салмақты, яғни, мұқтаждығы орынды болуы керек әрі берілетін ақша харамға жұмсалмауы тиіс. Бәлкім сонда Алланың берекесі болып, берген адам сауапқа, ал алған адам қарызды уақытында қайтару мүмкіндігіне ие болады. Және қарызды қайтарамын деген ниетпен алу керек. Хадисте кім қайтарамын деген ниетпен алса Алла оны қайтаруға көмектеседі делінген.
Адамды таршылықтан, жоқшылықтан құтқаратын тек қана Алла екенін бәріміз білеміз. Алладан жәрдем тілеуде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне мына дұғаны үйретті: «Уа, Алла! Тәніме саулық бер! Уа, Алла! Естуіме саулық бер! Уа, Алла! Жанарыма саулық бер! Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Уа, Алла! Мен күпірлік пен жоқшылықтан Өзіңнен пана сұраймын. Сондай-ақ қабір азабынан Өзіңнен пана сұраймын. Сенен басқа ешбір Құдай жоқ». (Әбу Дәуд, Ахмад).
ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ БІЛУІ ТИІС ЕКІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗ АЛАРДА ТЕЗІРЕК ҚАЙТАРУДЫ НИЕТ ЕТУ (Қайтару ниетімен алу).
Амалдар ниетке байланысты. Ниет дұрыс болмаса жасаған ізгі ісіңнен сауап табамын деу бос әурешілік. Ниеттің араласпайтын жері жоқ. Тіпті, қарызды аларда оны міндетті түрде өтеймін деп ниеттенсек, Алла ісімізге жеңілдік жасап, мақсатымызға тезірек жеткізеді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім адамдардың мал-дүниесін қайтарып беру ниетімен алса, оның (қарызын) Алла қайтартады, ал кімде-кім жаратып жіберу ниетімен алса, оны Алла шығынға ұшыратады» деген. Демек «қарызды қайтарамын» - деп тілмен айту жеткіліксіз. Ол: «Алған аманатыма қиянат жасамаймын» деп, ниетін жүрекпен бекіту керек. Себебі, қайтару әрдайым ыждағаттылықты талап ететін іс. Адамның ризығының тарылып, қарызын қайтаруға қауқарының жетпей қалуы алғашқы ниетінің осалдығынан.
ҚАРЫЗ АЛУШЫ БІЛУІ ТИІС ҮШІНШІ ӘДЕБІ: ІЗГІ АДАМНАН ҚАРЫЗ АЛУ
Қарыз сұрайтын адамды таңдай білу де мұсылман әдептерінен. Жағдайы бар болғанмен кейбір адамдар – сараң, ақшаның құлы, тәкаппар, нәпсіге ерген, әдепсіз болуы мүмкін. Мұндай адамдардан қарыз алсаңыз, кейін бекер алдым-ау деп, өкінесіз. Сондықтан қарызды мүмкіндік болса иманды, сауап іздеген, Алладан қорқатын пендеден алған жөн. Рас, ізгі кісіге қарыз болсаң жаның тыныш болады. Қарыз берушінің жамандығы мен қиянатынан аман боласың. Берген адам сені өзгенің көзінше мазақтап, абыройыңды төкпейді. Берген затын өзгелерге тіс жарып айтпайды, міндетсінбейді, қосымша пайыз талап етпейді.
Қарызды ізгі адамнан алмау жоғарыда айтылған сипаттардың барлығына қарама-қайшы. Яғни, адам жоғарыда аталған қатерлердің ешбірінен аман болмайды. Сол үшін дінімізде ізгі адамнан қарыз алу құптарлық іс. Ал ең абзалы қарызданбауға тырысу. Лұқман Хакім: «Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы»деген. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я Раббым, күпірлікке түсуден және қарызға батудан саған сыйынамын» деп дұға ететін.
ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ БІЛУІ ТИІС ТӨРТІНШІ ӘДЕБІ: ӨЗІНЕ ҚАЖЕТТІ МӨЛШЕРДЕН АЗЫРАҚ АЛУ.
Адам біреудің затын өзіне аманат етіп алған соң оған қылдай қиянат жасамауы керек. Ал бұған себеп болатын нәрсе мүмкіндігінше өзгеге қарызданбай өмір сүру. Жасыратыны жоқ, кейде адам басына іс түсіп, өзгенің есігін қағып, қарыз алуға мәжбүр болады. Соның өзінде қажетті мөлшерден артығырақ алып, қарызға белшесінен батып, кейін қайтара алмай қиналып жүргендер бар. Егер қарыз алудың әдебін білген болсақ бұлай болмас еді. Мәселен, маған ұялы телефон керек болды делік. Себебі, онсыз жұмыстың жүйесі болмайын деп тұр, қысқаша айтқанда ауадай қажет. Осы тұста қарызданайын деп тұрғаным да белгілі. Менің «Ақыры сұраған соң ескі емес, мұнан әлдеқайда үлкенірек, жаңа, барынша ыңғайлы әрі қымбат ұялы телефон ала салайын» - деген ой келуі мүмкін. Бірақ дәл осы тұста «Көрпеңе қарай көсіл» - деген мақалды еске түсіргеніміз орынды. Себебі, мұнша қаржыдан құтылудың өзі оңайға соқпасы анық. Байланыс құралы болуға қарапайым телефон да жеткілікті. Адам қарыз сұрарда мүкіндігінше өзіне қажет болады-ау деген мөлшерден төменірек қаржыны алғаны жөн. Осы әдепті ұстану берешегіңізден тезірек құтылуға себеп болады. Қарызы жоқтың көңілі тыныш. Ешбір жан өз өміріне кепіл бола алмайтынын ескеретін болсақ «Әйтеуір бір қайтарармын» - деп ойланбай ала салу опық жегізеді. Яғни 150 мың теңге тұратын заттан көрі 10 мың теңгеге бағаланған телефонды алу сіз үшін қайырлы. Қарыз алу мен қайтару әдебі шариғат үкіміне сай болса, қоғамдағы адамдардың араздығын емес керісінше достығын, туыстығын күшейтеді.
ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ БІЛУІ ТИІС БЕСІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗДЫҢ МЕРЗІМІН СОЗБАЙ УАҚТЫЛЫ ҚАЙТАРУ.
Қарызданған кісі уағдаласқан уақыт келген сәтте мүмкіндігінше өз аяғымен барып, әлгі жомарт адамды тауып қарызын қайтарғаны жөн. Ал оны өзі іздеп келуге мәжбүрлеу – адамгершілікке жатпайтын іс. Қарызды уақтылы қайтару әдептің санатына кіретін басты талаптардың бірі. Алайда бес саусақ бірдей емес. Біреу аманатқа қиянат жасамайды. Енді бірі қарыз берушіні өзін іздеп келуге мәжбүрлеп, қисыны келмеген ақталу сөздерін айтып ақтарылады. Ең болмаса телефонына хабарласып жағдайын түсіндіруге де жарамайды. Тіпті ертең беремін деген сөзді бір жыл бойы қайталаудан жалықпайтындар бар. Алайда жағдайы бола тұра қарызды әдейі созбалақтау күнәлі істерден. Уәдеде тұру мұсылманның сипаттарынан. Хадисте кімде 3 нәрсе болса ол мұнафық деген. Сөйлесе өтірік, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат қылады деген. Ғалымдар кім қарызын шамасы жете тұрып қайтармаса онда мұнафықтық сипат бар деуге болады деген.
Қарызды қасақана кешіктіру ешкімге абырой алып берген емес. Керісінше қарыз берушінің саған деген сенімін жойып, көңілін суытады, екеуара қарым-қатынас нашарлайды. Адам мен адам арасындағы қарыз – үлкен жауапкершілік. Жылатпай еңіретпей уақытылы қайтару қарыз алудың үлкен әдептерінен. Қарыз бергенге де бұл қаржы керек қой деп ойлау керек.
Қарыз сұрап жүргендер, біреу оларға беруге міндетті сияқты өзінің кемшілігін білмей адамдарға қапаланады. Шариғатымызда айтылғанындай адамзат баласы тіршілікте үш нәрсеге асығуы тиіс. Олар: қайтыс болған адамды тезірек жерлеуге, жасы келген қызды ұзатуға және қарызды қайтаруға. Бұлар – кезек күттірмейтін дүниелер.
(жалғасы бар)