Бизнес 2016-11-23 (0) (26481)

ҚАРЫЗ БЕРУ ӘДЕБІ

ҚАРЫЗ БЕРУ ӘДЕБІ

 

Егер біреу таршылық көріп сізден қарыз сұрап келсе, мүмкіндігіңізше бергеніңіз жөн. Себебі, бір кісінің қажетін өтеумен қатар өзіңіз де шексіз сауапқа кенелесіз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім бір мұсылманның мұқтаждығын өтесе, Алла оның қажетін өтейді» - деген. Бұл адамдардың араздығын емес, керісінше, достығын, туыстығын күшейтеді. Бүгін қарыз берудің сауабы мен әдептері туралы баяндамақпыз.

Қарызды алу және беру туралы әдептерді ұстанбау құрдымға алып барады. Оны кейде араздасқан достар, ренжіскен туыстар, жанжалдасқан көршілер, айқайласқан әріптестердің мысалынан-ақ байқауға болады. Тіпті бір-бірінің бетін көрмеуге бел байлап, ат құйрығын кесіскен жандар қаншама?! Екі жаққа қатысты әдепті білмеушілік осындай салдарға алып барады. Кей кездері жағдайы барлардың өзі кедейлерді менсінбей қарыз бергісі келмейді. Сұраған адамды «сорлы, күнін көре алмай жүр» деп кемсітеді. Қарыз бергенді «ақшасын шашып, елге жем болып жүр» деп өсектейді. Көңілі жібіп беріп жатқандар болса, бердім деп жырлайды, міндетсінеді. Мұның барлығы қарапайым әдептерді білмеуден туындаса керек. 

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС БІРІНШІ ӘДЕБІ: САУАБЫНАН  ҮМІТ ЕТЕ ОТЫРЫП, ЖАҚСЫ НИЕТПЕН БЕРУ

Қарыз беруші адам біреудің тіленшілігінің алдын алып, ары мен намысын сақтауға жәрдемдеседі. Пендені қиындық пен ауыртпашылықтан құтқарады. Өзінің  жанындағыларды да осындай сауапты іс жасауға құштарландырады. Ең бастысы бұл – Алла Тағаланың жақсы көретін амалдарынан. Сол себептен ата-бабаларымыз оған атүсті қарамаған. Біздің халқымызда біреу қарыз беретін болса, одан өсім талап етпеген. Өкініштісі қазір сондай уақыт болды. Қарызды кісілік үшін, сауабынан үміт ете отырып беретін. Қарыз беруші ең бірінші сауап үмітінде беруі тиіс. Құранда: «Көркем түрде қарыз беріңдер» деген ("Муззәммил" сүресі, 20-аят).  Демек, қиын қыстау кездері сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білгенді Алла мұқтаждығынан құтқарады. Қарыз беруші өзгеге жәрдемдесумен қатар өзіне де игілік шақырады. Сондай-ақ игілікті ықыласпен жасаған орынды. Ықылас дегеніміз – бір істе Алланың разылығынан басқаны көздемеу. Қарыз бергеннің садақа бергеннен сауабы жоғары тұрады.  Себебі, ол мұқтаж адам. Қажетін өтеу үлкен сауап болып есептеледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім екі рет күміспен қарыз берсе, ол бір рет садақа бергенге тең болады»  деген. (Байһақи).

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС ЕКІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗ БЕРГЕНІ ҮШІН МІНДЕТСІНБЕУ

 «Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсап, кейін бергендеріне міндетсіну және реніш араластырмайтындардың сыйы – олардың Раббысында. Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды». («Бақара» сүресі, 262-аят)

Жақсылықты жасарын жасап алып, соңынан міндетсіну ең жиіркенішті істерден.  Бұлай сауап жинаймын деу – бос әурешілік. Орны толмас өкінішке ұрындыратын жағдай. Бұл туралы Құранда:


«Ей, иманға келгендер! Мал дүниесін адамдарға рия  (көрсету) үшін жұмсап, Аллаға және Ақирет күніне сенбейтін біреу секілді садақаларыңды міндетсіну әрі ренжіту арқылы зая кетірмеңдер. Олай еткеннің мысалы – үстін топырақ жапқан жылтыр тасқа ұқсайды. Сонда қатты жаңбыр жауып, оны жылтыр күйінде қалдырды. Олар (осылай) істеген ісінен ешбір пайда ала алмайды...»делінген. ( «Бақара» сүресі, 264-аят) «Адамдарға көрсету үшін істеген амалдары, бұл дүниеде адамдарға көрінгенімен, жаңбыр шайып кеткен топырақ секілді, Ақыретте жойылып кетеді» - деген екен атақты тәпсірші Ибн Касир.

 «Байып кетсең байлыққа көп құнықпа, жүректегі иманыңды суытпа. Ей,бауырым, сол байлықты Алланың, өзі беріп, өзі аларын ұмытпа»  деп ақындарымыз жырлағанындай бізге келген кез келген ризық Алладан.  Алланың «Шексіз беруші» деген есімі  бар. Егер қаламаса, қарыз беруге шамамыз келмес еді. Бізде болмаса өзгелер қарыз бер демес еді. Сол үшін міндетсіну тек Аллаға ғана жарасатын нәрсе...

ҚАРЫЗ БЕРУШІ ЕСКЕРУІ ТИІС ҮШІНШІ ӘДЕП: ҚАРЫЗЫН БЕРУДІ ТАЛАП ЕТКЕНДЕ БАРЫНША ӘДЕПТІ ӘРІ  ЖҰМСАҚ БОЛУ           

 Егер адам уақтылы қайтара алмай жатса, оған сабыр сақтау керек. Кей адамдар қашан бересің деп ананың табалдырығын тоздырып жібереді.  Сауабын үміт етіп беру керек. Иә, табалдырығын тоздырғаны былай тұрсын телефонға маза бермейтіндер бар. Әрине оның өзіне тиесілі дүниесін сұрауында еш ағаттық жоқ. Мәселе өзгенің көңіліне тимей жанашырлық танытуда.  Бас сап айқайлап, бас сап ұрыспай, көркем әдеппен талап ету адамгершіліктің белгісі. Бұл адамдардың арасындағы дұшпандық пен жеккөрушіліктің алдын алады. Сол үшін Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде жұмсақтық, кеңдік туралы баяндаған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сатып алып, сатқан кезде және қарызды беріп, қарызды алған кезде жұмсақ болған адамды Алла Жәннатқа кіргізсін» - деген. (Ахмат, ибн Мәжән, Насаи).

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС ТӨРТІНШІ ӘДЕБІ: КЕЛІСКЕН МЕРЗІМІНДЕ ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРА АЛМАЙ ҚАЛҒАНҒА ҚОСЫМША УАҚЫТ БЕРУ

Яғни, борышты адам қайтара алмай жатса, оған кешіріммен қарап, уақытын ұзарту. «Кімде-кім (қарыздар кісі) қиын жағдайда болса, онда жеңілдегенше күту (керек). Ал, садақа етулерің, егер білсеңдер, өздерің үшін қайырлы». («Бақара» сүресі, 280-аят). Қарыздар адам қиын жағдайда болып, оны өтеуге шамасы жетпесе, қарыз берген кісі оған қосымша уақыт ұсынғаны абзал. Ал, егер қарыз беруші оның бір бөлігін не бәрін кешіріп жіберсе, онда ол өзінің игілігі үшін істеген болады. Қарызды кешіктіргенге сабыр ету көркем мінезден және мейірімге жатады. «Аллаға қайтарылатын бір Күннен қорқыңдар. Сонда әрбір жанға істегені толық беріледі әрі оларға әділетсіздік етілмейді». («Бақара» сүресі, 280-аят). Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күнінің қайғысынан құтылғысы келген адам қарыз алушының қарызын жеңілдетсін немесе оны кешіріп жіберсін» - деген. (Муслим).

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС БЕСІНШІ ӘДЕБІ: ШАМАСЫ ЖЕТСЕ ҚАРЫЗЫН КЕШІРІП ЖІБЕРУ

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұрындары адамдарға әрдайым қарыз беріп жүрген бір саудагер болыпты. Қарызын қайтаруға шамасы жетпегендерді көрсе қызметкерлеріне: «Оған тимеңдер, мүмкін Алла бізді кешірер» депті. Алла сол ісі үшін оны кешірді» деген екен. Яғни, біреуге кеңшілік жасаған адам үлкен сауаптардан үміт ете алады деген сөз.   Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім өзіне қарыздар адамға жеңілдік көрсетсе немесе кешіріп жіберсе, ол қиямет күні аршының көлеңкесінде болады» деген (Ахмад). Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім бір мүміннің бұл дүниедегі қиындығын жеңілдетсе, Алла оған Қиямет күнінің қиындықтарының бірін жеңілдетеді. Кім қарызға батқан адамға жеңілдік жасаса, Алла оған дүние мен Ақыретте жеңілдік жасайды» деген (Муслим).

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС АЛТЫНШЫ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРУДЫҢ УАҚЫТЫ КЕЛМЕЙ ОНЫ МАЗАЛАМАУ

Бұл әдепті білмеушілік жүректе дүниеқоңыздықты тудыруы ықтимал. Және осы нәрсе адамдар арасында мейірімнің азайып, алауыздықтың күшеюіне алып барады. Қарызды тек мұқтаж адам алады. Бір жақсылық істеген адамға Алла 10 сауап береді. Сауап үшін беру әрі оның мазасын ала бермеу керек. Мүмкін болса кешіру және оған дөрекі қарым-қатынас жасамауы керек. Қарыз берушінің осындай әдептері бар. Көршінің хақысын орындап, халін сұрап бармайтын адамның қарызын тезірек қайтаруын талап етіп қылқылдай беруі есті адамға жараспайтын дүние.

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС ЖЕТІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗ СҰРАУШЫ АДАМНЫҢ АҚШАНЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЙТЫНЫН БІЛУ 

 «...Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта жәрдемдесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқып, сақтаныңдар! Ақиқатында, Алла – қатты азап Иесі» ( «Мәида» сүресі, 2-аят). Қарызды беруші адам сұраушының оны не нәрсеге жарататынын біліп алғаны абзал. Себебі берген халал ақшасы харамға жұмсалатын болса тағы да сауаптан мақұрым қалады. Онымен қоймай күнә арқалауы мүмкін. Хадисте егер кім ұрланған зат екенін біле тұрып сатып алса, соның күнәсіне серік болады деген. Қарыз бергеннен кейін оның үстіне ақша қосып қайтаруын талап ету немесе келісілген мерзімде қарыз қайтпаған жағдайда осылай талап қою шариғат құптамаған амалдардан. Себебі, Алла Құранда:  «Сауданы адал, өсімді арам» - деген. Адам байлығынан сұралады. Байлық та сынақ үшін. Қарыз беріп жатқан уақытта мақсаты мен жоспарын көріп, көзі жеткен соң барып беру керек, әрине.

ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ  БІЛУГЕ ТИІС СЕГІЗІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗ БЕРЕРДЕ ОНЫҢ МӨЛШЕРІН ҚАҒАЗҒА ЖАЗЫП ҚОЮ НЕМЕСЕ КУӘЛІК ТАРТЫП ҚҰЖАТПЕН БЕКІТУ 

Қарыздың көлемін міндетті түрде жазу керек.  Яғни, қарызды алушы мен беруші бір-біріне қолхат беріп кепілдендіруі қажет. Бұл жайлы  Құранда: «Ей иман келтіргендер!  Егер бір-біріңе белгілі бір мерзімге дейін қарыз берсеңдер, оны жазыңдар. Бір хатшы сендердің араларыңда әділдікпен жазсын...Және (қарыз) кіші не үлкен болса да, оны мерзімімен қоса жазудан ерінбеңдер. Осылай ету – Алланың алдында әділдірек әрі куәлік тұрғысында туралыққа және күмәнданбауларыңа көбірек жақын...»( «Бақара» сүресі, 282-аят).

Қарызды жазудың пайдасы, біріншіден, Алланың бұйрығын орындау болса, екіншіден, жауапкершілікті күшейту.  Қарызды алған уақытта оны жазып қою немесе куәлар шақыру, уақыт өткен соң алыс-беріс қылған адамдар арасында түсінбеушілікке жол бермейді.        Ақшаңыз бола тұра қатты мұқтаж адамға қарыз бермеу – сараңдық. Мұны басқа нәрсемен ақтауға келмейді. Ең жақсы қарыз туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сауынды ешкіні мұқтаж адамға беру» деген.

 

 

26481 рет оқылды