Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а) надандық дәуірінде құрайыштардың беделді және құрметті кісілерінің бірі болды. Тіпті, құрайыш көсемдерінің қатарында болған екен. Ол уақытта мұндай көсемнің саны онды құраған. Әбу Бәкір (р.а) бану Тайм руының өкілі еді және құрайыштардың бір-біріне төлейтін құн төлемдерін қадағалайтын. Егер ол өз міндетіне өлім үшін немесе біреудің қарызы үшін төлем алса, өзгелер оған сенім білдіретін және міндетті болған нәрсенің орындалуына көмектесетін. Өзгелер Әбу Бәкірдің (р.а) алдына жағдай айтып, жәрдем сұрап жиі келетін. Сондай-ақ, ол Меккеге келген қонақтардың құрметіне асқан жомарттықпен жиын-тойлар ұйымдастыратын.
Шежіре білгірі. Әбу Бәкір (р.а) араб тайпаларының шежіресі мен тарихының білгірі болған. Жер бетінде құрайыштарды Әбу Бәкірден (р.а) артық білетін жан жоқ еді. Өйткені, Алла Елшісі (ﷺ): «Ақиқатында, Әбу Бәкір құрайыштарды бәрінен артық біледі» деген. Және басқада араб шежірешілерінің ұстазы бола білді. Олардың арасында Акил ибн Әбу Талиб те бар. Шежірені қанша жақсы білсе де, адамдарды шыққан тегі үшін қорламайтын, өзгелер оны осы үшін де жақсы көретін.
Сауда. Ислам келгенге дейін әс-Сыддық (р.а) саудамен айналысты. Сауда мәселесімен Бусраға, Шамға және басқа да көптеген аймақтарға баратын. Оның барлық дүние-мүлкі қырық мың дирхамды құрады. Байлығын игі істерге ислам дінін қабылдағаннан кейін ғана емес, надандық дәуірінде де жомарттықпен жұмсай білетін.
Адамдардың махаббаты. Тайпаластары Әбу Бәкірді (р.а) көркем мінезі және көптеген ізгі қасиеттері үшін жақсы көретін, шынайы құрмет, жақындық көрсететін. Адамдар оны білімі, адал саудасы, әңгіме жүргізе білетін қабілеті үшін құрметтеді. Айша (р.а) анамыздан жеткен хадисте Эфиопияға қоныс аударуға жеткен Әбу Бәкірге (р.а) Ибн ад-Дугуннаның: «Уа, Әбу Бәкір, сен секілді адам ешқайда да кетпеуі де, қуылмауы да керек, өйткені, сен кедейлерге қарайласасың, туыстарыңмен қарым-қатынас жасайсың, әлсіздердің қайғысына ортақтасасың, адамдарға қонақжайлық көрсетесің, тағдыр тәлкегіне ұшырағандарға сабыр сақтауға жәрдемші боласың» деп, өз қорғауына алғандығы айтылады.
Ғалым ибн Хажар (р.а) осы хадиске байланысты: «Ибн ад-Дугуннаның Әбу Бәкірді сипаттауы кезінде Хадиша анамыздың Алла Елшісіне (ﷺ) алғаш уахи түскенде жұбатуы үшін айтқан сөздеріне қатты ұқсайтындығын байқау керек. Бұл айтуға болатын ең жақсы мақтау, өйткені, Алла Елшісінің (ﷺ) қасиеттері дүниеге келген сәтінен бері кемел болатын» деген екен.
Ішімдіктен алыс болуы. Айша (р.а) анамыздың айтуынша Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) пен Осман ибн Аффан (р.а) Ислам діні келгенге дейін де ішімдік ішпеген. Ол ішімдік ішкен адамның нәжіске қолын батырып аузына апарып отырғанын көріп, «Бұл өзінің не істеп отырғанын білмейді!» деп, өзіне шарап ішуді тыйым етеді. Бірде одан: «Сен надандық дәуірінде шарап іштің бе?» деп сұралады. Ол: «Алла мені ондайдан сақтасын!» деген. «Неге сен шарап ішпедің?» дегенде: «Мен өзімнің ар-намысым мен еркектігімді сақтадым. Өйткені, шарап ішуші өзінің намысы мен еркектігінен айырылады» деген. Әбу Бәкірдің (р.а) бұл сөздері Алла Елшісіне (ﷺ) жеткенде: «Әбу Бәкір рас айтты!» дегенді екі рет айтқан.
Пұттарға табынбауы. Әбу Бәкір(р.а) өмірінде ешқашан пұттарға сәжде жасамады. Бірде ол Алла Елшісінің (ﷺ) сахабаларына былай деді: «Мен ешқашан пұттарға сәжде етпедім. Балиғат жасқа толуға шақ қалған кезімде Әбу Қофәһә мені қолымнан ұстап, пұттар тұратын бөлмеге алып келді. Маған: «Бұл сенің жоғары құдайларың» деді де, мені тастап, өзі кетіп қалды. Содан кейін мен пұтқа жақын бардым да: «Қарным ашып тұр, мені тамақтандыршы!» дедім. Жауап болмады. «Расында, жалаңашпын, мені киіндірші!» дедім. Тағы да жауап болмады. Сонда оған үлкен тасты лақтырып жібердім, ал ол бетімен жерге құлады».
Рафик әл-Азам атты профессор Әбу Бәкірдің (р.а) Исламға дейінгі өмірі туралы: «Алла пәк! Бұл адам пұттардың қоршауында, жамандықтан тыятын діні, дұрыс өмір сүруді үйрететін шариғаты жоқ адамдардың ортасында өмір сүрді. Алайда, бұған қарамастан, оның бойында көптеген ізгі қасиеттер шоғырланған, сол заманда игіліктің, абыройлылықтың, ер азаматтылықтың үлгісі болды. Мұндай жанның бүкіл жүрегімен Ислам дінін қабылдауына, Алланың құлдарына тура жол көрсетіп, қырсықтар мен тәкәппарларды түзеуді мақсат тұтқан Алла Елшісіне (ﷺ) иман келтіруіне таңғалуға болмайды. Әбу Бәкір(р.а) өзінің көркем өнегесімен иманға апарар жолды салды, жанның дерттерін тамырымен суырып алатын Алланың дініне бағыт көрсетті» деген.
Тарих беттерінен құрайыштардың Әбу Бәкірді (р.а) балағаттап, қорлағандары жайлы бірде-бір деректі көре алмаймыз. Керісінше, оның ізгі қасиеттерін мойындады. Олардың көзімен қарағанда жалғыз кемшілігі де, қылмысы да Ислам дінін қабылдауы еді. Әбу Бәкір (р.а) мұсылмандар үмбетінде Алла Елшісінен (ﷺ) кейінгі ең жақсы жан. Хадисте: «Сендердің араларында надандық кезінде жақсы болғадарың діни түсінікке ие болғаннан кейін де Исламда солай болып қала береді» делінген.
Әбу Бәкірдің (р.а) Ислам қоғамындағы қасиеттері мен артықшылықтары
Аллаға деген махаббат. Пайғамбар (ﷺ) өмірбаянына немесе Құран тәпсіріне қатысты кітаптарда Әбу Бәкір (р.а) мен бір яһуди туралы оқиға жиі баяндалады. Бірде Әбу Бәкір (р.а) мидрасқа (яһудилер Тәурат оқитын жер) кіреді. Олар өздері ғалым санайтын Финхас атты адамның айналасына жиналыпты. Әбу Бәкір (р.а): «Қасірет болсын саған, уа, Финхас! Алладан қорық және Ислам дінін қабылда! Сен Мұхаммедтің Алланың Елшісі (ﷺ) екендігін, оның Алладан ақиқатты алып келгенін жақсы білесің, бұл туралы сендердің Тәураттарыңда да, Інжілде де бар» деді. Финхастың жауабы дөрекі еді: «Уа, Әбу Бәкір, біз Аллаға мұқтаж емеспіз, ал Ол бізге мұқтаж. Біз Оның алдында бойұсынушы емеспіз, Ол бізге бойұсынады. Біз Онсыз өмір сүре аламыз, ал Ол бізсіз бола алмайды. Ол бізге мұқтаж болмаса, сендердің жолдастарың айтқандай, бізден қарызға ақша алмас еді. Ол сендерге ысырапты тыйым етті, ал бізге рұқсат берді. Егер ол бізсіз бола алса, ысырап етуге рұқсат бермес еді».
Мұны естіген Әбу Бәкір(р.а) қатты ашуланып, оны ұрып жібереді және даусын көтеріп: «Жаным қолында болғанмен ант етейін! Арамыздағы келісім болмаса, сенің басыңды алар едім, уа, Алланың дұшпаны!» деді. Финхас Пайғамбарға (ﷺ) келіп: «Ей, Мұхаммед, досыңның маған не істегенін көрдің бе?» деп, шағым айтты. Сонда Пайғамбар (ﷺ) Әбу Бәкірден (р.а): «Бұлай етуге сені не итермеледі?» деді. Ол: «Уа, Алланың Елшісі, бұл Алланың дұшпаны өте жаман сөздер айтты. Ол Алла кедей, біз баймыз дейді. Бұл сөздерді естігенде мені ашу билеп, оны ұрып жібердім» деп жауап берді. Финхас сонда: «Мен олай айтпадым!» деп жоққа шығара бастады. Сонда Алла Тағала Әбу Бәкірдің (р.а) шыншылдығын растайтын аят түсірді: «Ақиқатында, Алла олардың (иудейлердің): «Алла кедей, біз баймыз» деген сөздерін естіді. Олардың айтқандарын және құқығы болмаса да пайғамбарларды өлтіргенін жазамыз әрі (оларға): «Өртеуші оттың азабын татыңдар!» дейміз» («Әли Имран» сүресі, 181-аят). Ал Әбу Бәкірдің (р.а) дін үшін болған ашуы туралы: «Сендер міндетті түрде мал-дүниелеріңмен және өздеріңмен сыналасыңдар әрі өздеріңнен бұрынғы Кітап берілгендер мен серік қосушылардан көп реніш естисіңдер. Егер сабыр етсеңдер және тақуалық қылсаңдар (Алланың жазасынан қорқып, сақтансаңдар) ақиқатында, бұл шешімді (табандылық танытатын) істерден» деген өсиетін түсірді («Әли Имран» сүресі, 186-аят).
Тәкәппарлықтан алыстығы. Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Тағала тәкәппарлығы себепті шалбарын жерге сүйретіп жүретінге қарамайды» деді. Сонда Әбу Бәкір (р.а): «Я, Алланың Елшісі, егер мен үнемі қадағалап жүрмейтін болсам, шалбарым түсіп кетеді» дейді. Сонда Пайғамбар (ﷺ): «Сен мұны тәкәппарлықтан істейтіндердің қатарынан емессің» деді.
Тақуалығы. Әбу Бәкірдің (р.а) әр түрлі қызметтерді атқаратын және тамақ әкелетін қызметшісі бар еді. Бір күні ол Әбу Бәкірге (р.а) аздаған тағам әкеліп берді, ал ол жеп алды. Қызметші оған: «Әр тамақ әкелген сайын қайдан әкелгенімді сұраушы едің ғой» деді. Әбу Бәкір (р.а) оған қарады да: «Мен қатты аш болдым... Сонымен, қайдан алдың?» деді. Қызметші сонда былай деген екен: «Надандық кезінде мен бір кісіге болашақты болжап бердім. Алайда, бал ашу немесе болжауды білмейтінмін. Жай ғана оны алдап соқтым. Бүгін оны жолықтырып едім, айтқанымның орындалғанын жеткізіп, осы тамақты беріп кетті». Ашуланған Әбу Бәкір (р.а): «Сен сәл болмағанда мені құрта жаздадың!» деді де, қолын аузына салып, жегенін құсып тастады. Одан: «Бұл бар болғаны бір тілім үшін бе?» деп сұралғанда: «Егер ол менің жаныммен бірге шығатын болғанда, солай шығарар едім». Өйткені, Алла Елшісі (ﷺ): «Тыйым салынғанмен өскен дененің әрбір мүшесі отқа түсуге лайық» деген. Осы тіліктен денемнің бір мүшесі өсе ме деп қатты қорықтым» деп жауап берген екен.
Әбу Бәкір (р.а) тыйым салынғаннан да, күмәндіден де өзін аулақ ұстай білді. Бұл оның тақуалықтың ең биік дәрежесіне көтерілгендігін нұсқайды. Екінші жағынан, адамның ішкен-жегені оның жасайтын дұғасының қабыл болу, болмауына тікелей әсер етеді. Хадисте Алла Елшісі (ﷺ): «... ол қолын көкке көтеріп: «Я, Раббым!» дейді. Алайда, оның асы да, суы да тыйым салынған, киім де тыйым салынған және ол тыйым салынғанмен тамақтандырылған... Оның дұғасына қалай жауап келсін?» деген.
Әбу Бәкір (р.а) Раббысының қаһарынан қорқатын және Оның мейірімінен үміт ететін. Қайс айтады: «Мен Әбу Бәкірдің (р.а) тілінің ұшынан ұстап: «Бұл менің барлық қасіретімнің негізі» деп айтатын» деген. Бірде Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Әбу Бәкірге (р.а) келеді. Үйге кіре сала, Әбу Бәкірдің (р.а) бұрышта тілінің ұшынан ұстап, кінәлап не жазғырып отырғанын байқайды. Таңғалған Омар (р.а) мұның себебін сұрағанда, ол бойұсынған халде Алладан кешірім сұрап: «Мені қайғы-қасіретке батырып, апатқа ұшырататын осыдан артық нәрсе бар ма?» деп жауап береді.
Сондай-ақ, Әбу Бәкір (р.а): «Жылаңдар, егер жалғыз қалып жылай алмасаңдар, біреумен отырып жылаңдар» дейтін.
Маймун ибн Махран айтады: «Бір күні Әбу Бәкірге (р.а) үлкен қанатты қарға әкелінеді. Ол оны қолында айналдырып отырып: «Олжа қолға түсіріледі, ағаштар қырқылады және мұның бәріне уақыт кетеді. Алайда, бұл уақытты Алланы мақтап-пәктеуге жұмсауға болар еді» деді.
Әл-Хасан айтады: «Әбу Бәкір ас-Сыдық (р.а): «Алламен ант етейін, мен жануарлар жейтін қарапайым ағаш болғым келеді» деп айтты». Ол тағы бірде: «Мен мұсылманның денесіндегі түк болғым келеді» деген екен.
Алланың елшісінің (ﷺ) кеселі (ауруы) қатайған кезінде, одан намаз туралы сұрады да ол: «Әбу Бәкірге (р.а) айтыңдар, ол адамдармен намаз өткізсін!», - деді. Бұны естіген Айша (р.а): «Расында, Әбу Бәкір (р.а) жұмсақ жүректі, сондықтан Құран оқығанда жылауын тоқтата алмайды!», - деді. Бірақта ол тағы да: «Әбу Бәкірге (р.а) айтыңдар, ол адамдармен намаз өткізсін!», - деді.
Бұл хадистің Айша жеткізген нұсқасында, оның былай деп айтқаны жеткізіледі:
Мен: «Расында, егер Әбу Бәкір (р.а) сенің орныңа тұрса, онда ол адамдарға көз жасынан ештеңке айта алмайды!», - дедім.
Қонаққа құрмет көрсетуі. Абдуррахман ибн Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) баяндайды: Перде арты тұрғындары (үйі-күйі жоқ, мешіт пердесінің артында тұратын сахабалар) кедей адамдар болатын да, бірде Пайғамбар (ﷺ): «Кімнің үйінде екі адамдық тамақ болса, өзімен бірге үшіншісін алсын, ал кімде төрт адамдық болса, өзімен бірге бесіншісін алсын (не алтыншысын)», - деді – сонда Әбу Бәкір (р.а) үйіне үш адамды алып келді, ал Пайғамбар (ﷺ) болса өзімен бірге он адамды алып кетті. Әбу Бәкір (р.а) жайлы айтатын болсақ, ол Пайғамбардың (ﷺ) үйінде кешкі тамағын ішіп алып, өзі де сонда құтпан намазына қалған болатын, ал үйіне Алланың қалаған уақытынан кейін ғана оралды. Әйелі оған: «Саған сенің қонақтарыңа оралуына не кедергі болды?"» - деді. Ол: «Сен оларға кешкі тамақ бермедің бе не?, - деп сұрады. Әйелі: «Оларға тамақ ұсынылды, бірақ олар сен келгенше тамақ жеуден бас тартты!», - деді.
Әбу Бәкір (р.а) қонақтарға ең жақсыны беріп, құрмет көрсетуді ұлына тапсырып кеткен болатын. Абдуррахман (р.а) былай деп жалғастырады: «Сонда мен әкемнің ашуынан қорқып, тығылдым, ал Әбу Бәкір (р.а): «Әй, надан!», - деп айқайлап ұрса бастады, ал дастарханға қайтадан тамақ қойылған соң жанұясының адамдарына: «Игіліктеріңше жеңдер, ал мен болсам, Алланың атымен ант етемін, бұны ешқашан жемеймін!», - деді. Абдуррахман (р.а) сөзін былай жалғастырды:
Алланың атымен ант етемін, біз бір бөлік тамақ алсақ болды, оның астынан одан да көп тамақ пайда болып жатты да, бұл бәрі тамаққа тойғанша жалғасып жатты. Ыдысқа қарап, Әбу Бәкір (р.а) әйелінен: «Әй, бану Фирастың қарындасы, бұл не?!», - деп сұрады. Әйелі: «Қандай қуаныш! Қазір тамақ, алғашқысынан үш есе көбейді!», - деді. Сонда Әбу Бәкір (р.а) сол тамақтан ауыз тиіп: «Расында, бұл шайтанның ісі! (яғни, алғашқы айтқан анты)», - деп өзінің тамақ ішпеуге барген анты жайлы айтты, сосын (тамақтан) үлкен бір бөлігін жеді, ал сосын қалған тамақты Пайғамбарға (ﷺ) апарып берді, тамақ онда таң атқанша болды. Ал бұған дейін біз бір рудың адамдарымен келесім шарт жасаған болатынбыз, оның уақыты өткен соң Пайғамбар (ﷺ) он екі адам тағайындап, олардың әр қайсысының басында Аллаға ғана мәлім мөлшерде адамдар болды, сонда олардың бәрі осы тамақтан жеді.
Әбу Бәкір (р.а) Алла мен Оның Елшісінің (ﷺ) бұйрығына сәйкес, қонақтарына құрмет көрсетпек болды. Тіпті, қонақтарына үйіндегі бары жеткілікті болуы үшін сыртта болды. Сонда Алла Тағала өз мейірімімен Әбу Бәкірдің (р.а) шаңырағына жеңілдік түсірді.
Пайғамбардың (ﷺ) Әбу Бәкірді (р.а) жақтауы. Әбу ад-Дарда (р.а) баяндайды: «Бірде Әбу Бәкір (р.а) Алла Елшісіне (ﷺ) келді. Оның түрі қобалжулы әрі көңілсіз еді. Алла Елшісі (ﷺ) одан Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) екеуінің келіспей қалғандығын біледі. Әбу Бәкір (р.а) бірінші болып кешірім сұрап барады, алайда, ол кешірімін қабыл алмайды. Әбу Бәкір (р.а): «Міне, мен содан кейін саған келдім», деді. Алла Елшісі (ﷺ): «Алла сені кешірсін, уа, Әбу Бәкір!» деп үш рет қайталады. Осы уақытта Омар (р.а) ісі үшін өкініп, Әбу Бәкірдің (р.а) үйіне аттанады, бірақ, таппайды. Бірден Алла Елшісіне (ﷺ) қарай барады. Омар (р.а) келгенде Пайғамбардың (ﷺ) түрі өзгеріп, көздері қызарып кетеді. Әбу Бәкір (р.а) Омар (р.а) үшін қорқып, тізеге құлап, өкінген халде: «Уа, Алла Елшісі! Кінәлі мен едім... Кінәлі мен едім» дей береді. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Тағала менi сендерге жiбергенде «Сен өтірікшісің» дедіңдер. Ал Әбу Бәкiр (р.а) менi шындықты айтып тұр деп бiлдi де, малын да, жанын да аямай жұбатты және қолдау көрсетті, әрдайым жанымда болды. Бәлкім, сендер менің досымды жайына қалдырарсыңдар?» деді. Және соңғы сөзін екі рет қайталады.
Осыдан кейін Әбу Бәкірді (р.а) ешкім ренжітпейтін болды.
Бұл шағын оқиғадан көптеген қорытынды шығаруға болады. Сахабалар да қарапайым адамдар еді және олардың бастарынан да қарапайым адамның басына түсетін жағдайлар өтіп жататын. Араларында келіспеушіліктер орын алатын. Алайда, кінәлі өз ісіне дереу өкініп, кешірім сұрауға асығатын. Сахабалар бір-бірін бауырлар ретінде жақсы көрді. Және Алла Елшісі (ﷺ) де оларды жақсы көретін, олардың қамын жейтін. Әбу Бәкір (р.а) де, басқа сахабалар да оған қымбат еді.
Ізгі амалда жарысуы. Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) көптеген қасиеттер мен кереметтей мінез-құлықтардың қожайыны. Әрі оның жаны ізгі амалға құштар еді. Ол - құрметтілер мен игілерге үлгі. Ол адамның ертең жақсы амал істеуге үлгермей қалатындығын, сондықтан, бүгін жасай алатынды ертеңге қалдырмау керектігін өте жақсы түсінді. Бүгін – амал бар, есеп жоқ, ертең есеп бар, амал жоқ. Әбу Һурайра (р.а) баяндайды: «Бір күні Алла Елшісі ﷺ сахабаларынан былай деп сұрады:
– Араларыңда бүгін кім ораза ұстады?
– Мен,-деді Әбу Бәкір (р.а).
– Араларыңда кім бүгін науқасты зиярат етті?
– Мен,-деді Әбу Бәкір (р.а).
– Араларыңда кім бүгін жаназа намазға қатысты?
– Мен,-деді, Әбу Бәкір (р.а).
Мұны естіген Пайғамбар (ﷺ): «Бұл қасиеттерге ие болған адамның Жәннатқа кірмей қалуы мүмкін емес» деді.
Білімі. Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) Алла Елшісінен (ﷺ) кейінгі ең білімді әрі ең иманы кемел жан болды. Ислам ғұламасы Әбу Бәкір Айяш: «Егер Әбу Бәкірдің (р.а) иманын таразының бір басына, жер бетіндегі басқа барлық жаратылыстардың иманын бір басына салса, Әбу Бәкірдің (р.а) иманы басып кетер еді» деген. Иман оның мінез-құлқынан, әрекеттерінен көрініс табатын. Иман оны ізгілікке бастады, жүрек дерттерін емдеді, бұзақылықтан, тыйым салынғаннан тыйды. Иман Ұлы Алла Тағаланың Кітабына, Оның Елшісінің (ﷺ) сүннетіне еруге итермеледі. Ғалымдар оның мұсылман қоғамындағы ең білімді кісі екендігіне бірауыздан келіскен. Мұның үлкен бір себебі – ол Алла Елшісімен (ﷺ) өте көп уақыт өткізетін. Сапарда, тыныштықта, түнде, күндіз... Екеуі құптан намазынан кейін оңаша қалып мұсылмандардың мәселесін ақылдасатын. Сахабалар арасында басқа ешбірі дәл Әбу Бәкір (р.а) секілді Пайғамбармен (ﷺ) бірге ұзақ уақыт болмады. Алла Елшісі (ﷺ) сахабаларынан кеңес сұрағанда үнемі Әбу Бәкір (р.а) бірінші сөйлейтін. Басқалар кейде сөйлейтін, кейде үнсіз қалатын. Ал Пайғамбар (ﷺ) көп жағдайда Әбу Бәкірдің (р.а) пікіріне сай әрекет ететін. Тіпті, біреу оған қарсы пікір айтса да, Әбу Бәкірдің (р.а) кеңесін құп көретін.
Алла Елшісіне (ﷺ) Мединеге келгеннен кейінгі алғашқы қажылықты басқаруды Әбу Бәкірге (р.а) тапсырды. Ол қажылықтың барлық рәсімін, ерекшеліктерін бүге-шүгесіне дейін білетін. Егер оның сенімді білімі болса, осыншалықты маңызды сапар тапсырылмас еді. Сондай-ақ, Алла Елшісі (ﷺ) өмірінің соңында ауырған кезде Әбу Бәкірге (р.а) өз орнына намаз басқаруды бұйырды. Бұл да оның білімінің асқақтығына нұсқайды. Өйткені, бұл үмбеттің көшбасшысы, ұстазы, ең білгірі Мұхаммед Пайғамбар (ﷺ) тірі болған кезде ешбір адам қажылық пен намазды басқарған жоқ.
Сонымен қатар, сахаба Әбу Һурайра (р.а) Алла Елшісі (ﷺ) бекіткен зекет көлемі туралы деректерді Әбу Бәкірден (р.а) алған. Және бұл ең сенімді нұсқа. Барлық фиқһ ғалымдары негіз ретінде осы мөлшерді алған. Өйткені, нәсих болған (күші жойылған) хадистерді Әбу Бәкірден (р.а) жақсы білетін ешкім болған жоқ.
Әбу Бәкірдің (р.а) Құран мен Сүннетке қайшы келетін бірде-бір сөзін бен әрекетін білмейміз. Бұл маңызды ақпарат та оның шариғат білімін терең білгендігіне нұсқайды. Ол Алла Елшісі ﷺ тірі кезде де сот үкімдерін шығаратын, пәтуа беретін, ал Алла Елшісі ﷺ оның шешімін құптайтын. Оған өз пікіріне нақты дәлел айта білетін, таластарға нүкте қоя білетін қабілет берілген. Адамдар оның сөзіне бірауыздан тоқтайтын.
Ол Алла Елшісінің ﷺ қазасынан кейін есеңгіреген жұртты жұбатып, Алла Елшісінің ﷺ расында да қаза болғандығына сендірді, шайқалған имандарының қалпына келуіне себеп болды. Мұсылмандарға Алла Елшісін ﷺ жерлейтін орынды, Оның мұрасына қатысты сұрақтарға жауапты көрсетті. Пайғамбар ﷺ өлімінен кейін зекет төлеуден бас тартқандармен күресіп, дегеніне жетті. Өзгелерге Алла Елшісінен ﷺ кейін билікке келетін адамның құрайыштан болу керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, қысылтаяң кезеңде Усаманың (р.а) әскерін даярлап, жеңіспен оралуына көп септігін тигізді. Бұл жеңіс қазадан кейінгі жағдайдың түзелуіне үлкен әсерін тигізді.
Әбу Бәкір (р.а) жақсы түстерді жиі көретін және өзгелердің түсін Алла Елшісінен ﷺ кейін дұрыс жори білетін сахаба еді.