2016-11-17 (0) (13224)

ТУЫСЫҢМЕН ТАТУ БОЛУДЫҢ КІЛТІ

ТУЫСЫҢМЕН ТАТУ БОЛУДЫҢ КІЛТІ

 

         Ағайын, туысы жоқ адам жер бетінде кемде-кем. Бәріміздің бірге туған аға-бауыр, әпкеміз, ізімізден ерген қарындас, сіңліміз бар. Жоқ болған күннің өзінде жеті атамыз түгілі, екі-үш атаның ұрпақтарын түгендесек, талай қандас, туыс тауып, ағайынға бір жарып қалатынымыз анық.

Ағайын, не аңғардың, 
Аңғармасаң қарашы: 

Танымайтын жандардың 
Түбі – жиен-нағашы, - деп ақын Қадыр Мырза Әли жырлағандай, негізінде, түбін тексере келсе, қазақтың бір-біріне бөтені жоқ. Тіпті, бәріміздің Адам ата мен Хауа анадан жаралғанымызды ескерсек, жер бетіндегі барлық адамзат баласы – бір-біріне туыс. Осыны ескерген біздің халқымыз  әу бастан-ақ жеті атасын түгендеп, жеті жұрттың қамын жеген. Жеті атаны түгендеу – бөліну емес, керісінше түп-тұқияныңды, шыққан тегіңді танып, туыстарыңмен байланысты нығайту. Қазақ халқы бір-бірін өкпеге қиса да, өлімге қимаған. Қыс қыстау, жаз жайлауға көшсе де, туыс-туғанынан жырақтап, іргесін алыстатып көрмеген. Керісінше, бір-біріне қарайласып, жапсарласа орналасқан. Ондағы мақсаты – «Жарлы болатын жігіт байталын атқа сатады, жалғыз қалатын жігіт жақынын жатқа сатады» дегендей, туыс-туғандарынан қара үзіп қалмау, олармен үнемі аралас-құралас байланыста болу.

Осы ретте, туған туысыңмен тату болудың бірден-бір кілті болған абысындар арасындағы сыйластық, өзара достық жайлы сөз қозғап көрмекпіз.

 

«Абысын тату болса...»

 

Қазақта «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген әдемі сөз бар. Абысын – ағайынды, туысқан жігіттердің жарлары. Бұл атау қазақ ұғымында тек әйел адамдарға ғана қатысты айтылады. Туған-туыстың арасындағы ынтымақ пен бірлік көбінесе осы әйел адамдарға байланысты. Абысындар арасындағы достық пен сыйластық бүкіл әулеттің достығына алып келеді. Әулет мықты болатын болса, бір ауыл мықты, ал ауыл мықты болса, бұл мемлекеттің түбірі мықты деген сөз.

 

Ертеде бір-бірімен тетелес өскен екі ағайынды жігіт әйел, бала-шағасымен бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Екеуі де, әйелдері де әй-шәй деспей, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Енші алып бөлек кету, тіпті, ойларында да болмайды. Балалары да туған бауырдай бір-бірімен араласып-құраласып кетеді. Олардың мұндай татулығына сүйсінген ауыл адамдары бір күні екеуінен мұның сырын сұрағанда, ағасы «інімнің мықтылығы шығар» десе, інісі: «Ағамның кеңпейілдігінің арқасы ғой. Ата-анамыздың тәрбиесі осындай болатын», - деп жауап береді. Мұны естіген әйелдері (яғни абысындар): «Бұл жерде біздің де бірталай үлесіміз бар-ау, бұлар соны ескермеді ғой. Онда бір қызық жасайық», - деп өзара жоспар құрады.

 

Арада біраз уақыт өткенде, ет жеп отырған інісіне әйелі: «Осы қайын ағам  біздің балаларымызға үнемі артқы сирақты береді. Көрдің бе, өз балаларына адамдардың алды болсын деп алдыңғы сирақты беріп отыр», - деп сыбыр ете қалады. Мұны естіген күйеуінің  көңіліне күдік ұялап, ойланып қалады. Осындай ұсақ-түйек дүниелер жинала келе, інісінің көңілінде ағасына деген ыза, кек пайда болады. Кез келген нәрсеге бола ілінісіп, үнемі керісіп жүреді. Ақыры араларына сызат түсіп, інісі басқа жаққа қоныс аударуға бекінеді. Ашуы тарқамаған күйі «үйді жығып қой» деп әйеліне тапсырма береді де, өзі ауылдастарынан үй көшіретін ат іздеп кетеді.  Алайда, ешкімнен жарамды ат таба алмай, кешке үйіне келсе, әйелі үйді жықпай отыр екен. «Жықпағаның дұрыс болыпты, ешкім ат бермей жатыр» дейді салы суға кетіп. Әйелі: «олай болса, бір қойды сой, кешкі астың қамын жасайық» дейді де, малдың сирақтарын алып, «мынаның алдыңғы сирағы қайсы, артқы сирағы  қайсы, айырып берші», - дейді. Күйеуі ары қарап, бері қарап, ажырата алмаған соң ағасынан барып сұрайды. Ағасы да ажырата алмайды. Сонда әйелі: «алдыңғы  сирақ пен артқы сирақты ешкім де ажырата алмайды. Біз сіздердің сыйластықтарыңыздың қай шекке дейін жететінін сынамақ болып, осындай айлаға барған едік», - деп назданады. Сонда өзінің қателігін бірден түсінген інісі  ыңғайсызданып: «Етіңді көбірек сал, етіңді көбірек сал, менен бір қателік кеткен екен», - деп аға-жеңгесін қонаққа шақырып, кешірім сұраған деседі. Демек, отбасындағы келіндердің татулығы, олардың келген әулетті бақытты етуге күш салып, өз миссияларын дұрыс  түсінуі, бір-бірімен дос болуы – біраз мәселенің шешімі екен.

 

Әр әулеттің өзіне тән саясаты болса, сол саясатты жүргізіп, болашаққа стратегиялық жоспар жасайтын  – әйелдер қауымы. Ақылды әйелдер  мәселені өзара шешіп тастайды. Оны ер адамдарға жеткізбейді. Бір-бірін әпке-сіңлідей көріп, жаманын жасырып, жақсысын асырып, білмегенін үйретіп, ымырашылдықпен әрекет еткен үйде бірлік пен жарасымның өзінен-өзі отау құратыны – айтпаса да түсінікті нәрсе. Демек, туысыңмен тату болудың бірден-бір тетігі – абысындар арасындағы сыйластықты сақтау.

 

Дос табуың мүмкін, бірақ бауырды сатып та ала алмайсың.

 

Ертедегі жаугершілік замандардың бірінде жау жасағы бір әйелді бостандыққа жіберіп тұрып, өзіңмен бірге қалаған адамыңды алып кет. Бірақ тек бір ғана адамды алып кете аласың деп талап қойған екен. Сонда әлгі әйел әрі ойланып, бері ойланып, ақыры жау қолында жатқан жалғыз бауырын таңдаған деседі. Мұның себебін сұрағанда: «Күйеу табылар, Құдай берсе, бала да табылар. Бірақ бірге туған бауырды басқа ешқайдан таба алмаймын ғой», - деп жауап берген екен. Иә, «ырылдайсың, қаппайсың, менен артық таппайсың» дегендей, қанша сөзге келіп, көңілің қалып, ренжісіп жатсаң да туғаныңнан артық жанашыр жанды жер жүзін жеті айналсаң да іздеп таба алмайтының анық.

Бауыр деген не? Бауыр – адамға ең жақын ағзалардың бірі. Сол секілді туған-туыс та жаныңның бір бөлшегі, жақының. Олардан алыстағаның – сау «мүгедекке» айналғаның.

Осындайда от ауызды, орақ тілді ақын Махамбет Өтемісұлының:

Біз бір енеден бір едік,

Бір енеден екі едік –

Екеуіміз жүргенде,

Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік –

Үшеуіміз жүргенде,

Толып жатқан күш едік.

Бір енеден бес едік –

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік.

Өтемістен туған он едік –

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік! –

дейтін отты жырлары еріксіз есіңізге оралады.

«Жалғыз жүріп жол тапқанша...»

 

«Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас!» Себебі, жалғыздық жаныңа жара салады, көңіліңді құлазытады. Үлкендердің «Жалғыз ішкен ас бойыңа сіңбейді, жалғыз істеген іс өнбейді», «Жалғыздың шаңы шықпас» дейтін сөздері содан туған.  Ал көп болып, бірлесіп істеген іс қашанда берекелі. «Көп түкірсе көл болады». «Көп қорқытады, терең батырады». Көп болсаң, сені жау да, дау да ала алмайды.

Жеңіме жамау түскенін,

Жарлылық, сенен көрермін.

Жағама қолдың батқанын,

Жалғыздық, сенен көрермін.

«Жалғыз адам әлсіз болады. Ұлы істер тек қоғаммен бірге істелсе ғана жүзеге асады», - депті Шопенгауэр. Ендеше, туысымен тату болуды көздеген оқырманымызға ел бірлігін жыр еткен Бұхар бабамыздың мына бір ақылын айтпақпыз:

Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!

Яғни әр қазақ бір-бірін жалғызындай көріп, сыйлай білсе, еш ұтылмайтыны анық.

 

 

13224 рет оқылды