10:15 | Құран уақыты
10:35 | Ем болсын
10:45 | Жұма уағызы
2016-11-15 (0) (9641)

АЛЛА МЕН ОНЫҢ ЕЛШІСІНІҢ (ﷺ) ӘБУ БӘКІР ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ

АЛЛА МЕН ОНЫҢ ЕЛШІСІНІҢ (ﷺ) ӘБУ БӘКІР ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ

 

Аса Ұлы Алла айтады:

«Егер сендер оған (Елшіге) көмектеспесеңдер, (онда біліңдер,) күпірлік етушілер (Алланың бірлігін мойындамайтындар) оны екеудің екіншісі етіп (Меккеден) шығарған кезде, оған Алла көмектескен еді. Екеуі үңгірде болған кезде, ол жолдасына (Әбу Бәкірге): «Қайғырма, ақиқатында, Алла бізбен бірге» деп айтты. Сонда оның үстінен Алла сакинасын (тыныштық) түсірді және оны сендер көрмеген әскермен (періштелермен) қолдады. Әрі күпірлік етушілердің (Аллаға қарсы келгендердің) сөзін ең төменгі етті. Ал, Алланың сөзі, ол – бәрінен де жоғары. Алла – бәрінен Үстем, аса Дана» («Тәубе» сүресі, 40-аят).

Келтірілген аятта Әбу Бәкірдің (р.а)   артықшылығы тамаша баяндалады. Және мұны баяндаушы – жаратылысын бәрінен артық Білуші Алла екендігі тағы бар.

1.     «Оны екеудің екіншісі етіп (Меккеден) шығарған кезде...». Әбу Бәкір (р.а)   – Алла Елшісінің () жалғыз  серігі болды. Үңгірде болған да екеуі. Ал үшіншісі –Құдіреті Күшті Алла. Алла Елшісінің жанында Бәдірдегі шатырда болған да, өзге тайпаларды дінге шақырғанда жанынан табылған да – Әбу Бәкір (р.а)   еді. Бұл аяттар екеуінің арасындағы ерекше рухани жақындықты меңзейді.

2.     «Екеуі үңгірде болған кезде, ол жолдасына...». Әбу Бәкірді (р.а)  Алла Елшісінің жолдасы деп атаған – аса Жоғары Алла. Және ол Пайғамбардың  () ақтық демі шыққанша Алла берген «лауазымды» сақтап, адал да құрметті жолдас бола білді.

3.     ««Қайғырма...». Пайғамбар ()  жолдасын жақсы көретін және аяйтын. Сондықтан да, осы сөзді айтып жұбатты. Ал Әбу Бәкір (р.а)   Алла Елшісін (), ол әкелген Алланың дінін уайымдағандықтан қайғыға батқан еді. Жол бойында оның алдына, артына түсіп жүруі, үңгірге кіріп, қауіпсіздікті тексеріп шығуы, ондағы тесікке өзінің табанын қойып «Шақса, мені шақсын» деуі – Алла Елшісінің ()  өмірін өз өмірінен де артық көргендігіне нұсқайды. Ол Пайғамбар ()  үшін өмірін, отбасын, мал-мүлкін құрбан етуге бар еді.

4.     «...Ақиқатында, Алла бізбен бірге...». «Бізбен» сөзі Алла Елшісіне ()  де, Әбу Бәкірге (р.а)   де қатысты. Бұл ерекшелік үңгірдегі екеуге ғана берілген, бұл құрмет екеуге ғана көрсетілген. Алла Тағала Өзінің көмегімен, қолдауымен олармен бірге. Пайғамбар ()  бұл сөздермен: «уа, Әбу Бәкір, Алла сөзсіз маған да, саған да жақсы көре әрі құрмет көрсете отырып жәрдемін береді» деп айтқысы келгендей. Ғалымдар «Алла бізбен бірге» сөзі тек қана тақуалар мен жақсылық істеушілерге ғана айтылатын, ол бағытталған адамның Алла алдындағы биік дәрежесін айқындайтын сөз» деген пікір айтқан. Өйткені, «Нәміл» сүресінің 128-аятында: «Ақиқатында, Алла тақуалармен (Раббысына бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанушылармен) және жақсылықты ықыласпен істеушілермен бірге» деген.

Мешіт мінберлерінде Қияметке дейін Әбу Бәкір (р.а)  туралы оқылатын аяттардың тағы бірі «Ләйл» сүресінде келеді: «... Міне, Мен сендерді жалындаған Оттан ескерттім, оған ең бақытсыз ғана кіреді, сондай өтірік деп, теріс бұрылғандар. Одан тақуалық еткендер (Алланың жазасынан қорқып, сақтанғандар) ғана алыстатылады, сондай мал-дүниесін беріп тазарған, біреулерге беруге міндетті болмаса да, ол тек аса жоғары Раббысының дидарына ұмтылып қана береді. Әрі ол сөзсіз жақында разы болады» («Ләйл» сүресі, 14-21-аяттар). Бұл Әбу Бәкірдің (р.а)  жүректегісін, шынайы ниеті мен ықыласын күллі әлемге паш еткен аяттар десек артық емес. Және көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген саңлақ сахабаның жақында үлкен сыйға кенелетіндігін хабарлайды. Замандастары оның амал-әрекеттеріне, мінез-құлқына куә болғандығымен, жүрегіндегісін біле алмайды. Ал бәрін Білуші, Көруші, Естуші Алла Әбу Бәкірдің (р.а)   Алла жолында жапа шеккен мұсылмандарды босату үшін берген қаржы-қаражатын Алланың разылығы үшін берді деп куәлік етті. Расында, Алла кімге куәлік етсе, оған ешкімнің таласы жоқ.

 

Алла Елшісінің   Әбу Бәкір (р.а)  туралы кейбір айтқандары:

«Егер маған адамдардың арасынан ең жақын дос таңдау мүмкіндігі берілсе, Әбу Бәкірді таңдаған болар едім. Алайда ол менің діндес бауырым әрі жолдасым»

«Осы екеуінен үлгі алыңдар – Әбу Бәкірден және Омардан»

«Менің үмметіме қарым-қатынаста ең мейірімді Әбу Бәкір»;

«Алла Тағала менi сендерге жiбергенде «Сен өтірікшісің» дедіңдер. Ал
Әбу Бәкiр менi шындықты айтып тұр деп бiлдi де, малын да, жанын да аямай жұбатты және қолдау көрсетті, әрдайым жанымда болды. Бәлкім, сендер менің досымды жайына қалдырарсыңдар?» деген. Және соңғы сөзін екі рет қайталаған.

Амр ибн Ас (р.а)  Пайғамбарымыздан  : «Уа, Алланың Елшісі  , ең жақсы көретін адамың кім?» деп сұрайды. Алланың Елшісі :

       Айша, -деп жауап берді. Амр(р.а) :

       Ал ер кісілерден ше?-дегенде, ол:

       Оның әкесі,-деген;

Бір күні Әбу Мұса (р.а)  атты сахаба Алла Елшісі   отырған жердің қақпасын күзетіп тұрады. Ол Әбу Бәкірдің (р.а)  келгенін хабарлағанда: «Оны кіргіз  және оны Жәннат күтіп тұрғандығы туралы хабармен сүйіншіле» деген.

Алла Елшісі   айтты: «Алла жолында екі нәрседен (зекет және нәпіл садақа деп түсіндіріледі) жұмсағанды Жәннат қақпасынан шақырады да: «Уа, Алланың құлы! Бұл – игілік!» делінеді. Намаз оқушыны намаз қақпасынан шақырады, Алла жолында күрескенді, Алла жолындағы күрес қақпасынан шақырады, садақа берушіні садақа қақпасынан шақырады, ал ораза ұстаушыларды «әр-Раян» қақпасынан шақырады» деді. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Осы қақпаның бәрінен шақырылған еш нәрсеге мұқтаж болмайды... Ал,  Жәннаттың барлық қақпасынан шақырылатындар бола ма?» дейді. Сонда Алла Елшісі : «Иә, және мен сенің солардан болатындығыңнан үміт етемін, уа, Әбу Бәкір» деді.

«Енді қанша өмір сүретіндігімді білмеймін, сондықтан, менен кейін келетін екеудің соңынан еріңдер»  (Әбу Бәкір мен Омарды нұсқаған).

Пайғамбарға бір әйел келеді. Шаруасына байланысты тағы да келетін болып: «Сені таппасам не істейін?» дейді. Сонда Пайғамбар  : «Егер мені таппасаң, Әбу Бәкірге бар» деді.

 

 

 

9641 рет оқылды