2016-11-09 (0) (60989)

ПАРАСАТТЫ ПЕРЗЕНТ СҰРАЙТЫН 5 ДҰҒА

ПАРАСАТТЫ ПЕРЗЕНТ СҰРАЙТЫН 5 ДҰҒА


         Ұрпақ сүю – Жаратушының пендесіне сыйлаған ең үлкен нығметтерінің бірі. Алла Тағала Құранда: «Алла сендерге өздеріңнен жұбайлар жасады әрі жұбайларыңнан сендерге балалар мен немерелер беріп, сондай-ақ сендерді жақсы нәрселерімен ризықтандырады» («Нахл» сүресі, 72-аят), - деген. Ізгі ұрпақ – пенденің артына қалдыратын жақсылығы, амалдарының жалғасы. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен басқа барлық амалдары тоқтайды: олар – үздіксіз садақа, басқалар қолдана алатын пайдалы білім және артынан дұға жасап тұратын ізгі ұрпақ», - деген. (Муслим)

Ұрпақ беру, бала сүйдіру – бір Алла Тағаланың ғана бұйрығымен болатын жазмыш. Алладан өзге ешкім бала беріп, бақыт сыйлай алмайды.  «Аспандардың және жердің билігі Оған тән. Ол қалаған нәрсесін жаратады. Кімге қаласа қыздарды сыйлайды әрі кімге қаласа ұлдарды сыйлайды. Немесе оларға ұлдар мен қыздарды қосып (егіз) береді, ал қалағанын бедеу (перзентсіз) етеді. Ақиқатында, Ол – бәрін Білуші, барлық нәрсені Жасай алушы». («Шура» сүресі, 49,50-аяттар) Бала тәрбиесі ол тумай тұрып, құрсаққа бітпей тұрып басталады. Демек, парасатты, ізгі ұрпақ сүйгісі келетін ата-ана ең алдымен Аллаға алақан жаюы тиіс!

Төменде Алладан қайырлы, ізгі ұрпақ сұрайтын бес дұғаны топтастырдық:

1. «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» ("Фұрқан" сүресі, 74-аят)

«Роб-бә-нәә һәб-лә-нәә мин әз-уәә-джи-нәә уә зур-ри-иәә-ти-нәә қур-ро-тә әъ-иу-ниу уәдж-ъәл-нәә лил-мут-тә-қии-нәә-и-мәә-мәә»

2.  «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

«Роб-бидж-ъал-нии му-қиимәс со-лә-тии уәмиңң зур-ри-иәтии раббәнә уә-тәқаббәл ду-ъәә-и»

3. "Раббым, маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла! Анығында, сен тілекті Естушісің!" ("Əли Имран" сүресі, 38-аят)


"Робби һәбли мил-лəдункə зурриəтəңң тойибəһ ин-нəкə сəмиъуд-ду-ъəə"


4.
"Раббым! Маған ізгілерден тарту ет! ("Саффат" сүресі, 100-аят).


"Робби
һәбли минəссоолихиин"

5.  "Раббымыз! Екеумізді де Өзіңе берілушілерден ет жəне ұрпағымыздан да берілуші үммет ете гөр. Бізге құлшылықтарымызды (амал, тəртіптерін) көрсетіп, күнəмізге шынайы өкініп, Өзіңе бойұсынуға қайтуымызды (тəубемізді) қабыл ет! Күмəнсіз, Сен – Тəубені қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің" ("Бақара" сүресі, 128-аят)

"Раббəнəə уəжъəлнəə муслимəйни лəкə уə миң зуррииəтинəə уммəтəн муслимəтəн лəкə уə əринəə мəнəəсикəнəə уə туб ъəлəйнəə иннəкə əнтə əт-тəууəəбур-рахиим"

         Расында, адамзат тарихында ғұмыр кешкен талай игі жақсылар, тіпті, пайғамбарлардың өздері Алла Тағаладан салиқалы, ізетті ұрпақ сұраған. «...Шынында менің сүйегім қаусап, шашым ағарды. Сондықтан маған өз жаныңнан мұрагер бер және оны разылығыңа бөлей гөр» деп жалбарынған Зәкәрия пайғамбарды (а.с)  Алла Тағала: «Біз сені Жақия деген ұлмен қуантамыз!» - деп сүйіншілеген. Ал Иса пайғамбарды (а.с) әкесіз тудырған. Ибраһим пайғамбарға (а.с) әбден қартайған шағында Исмаил мен Ысқақ (а.с) атты ұлдарды көруді нәсіп қылған. Бұл – Алла Тағаланың ризық-несібені, бақытты, нығметті себеппен де, себепсіз де бере алатынының, қалағанын нәрсесін қалаған уақытта жарата алатынының айқын дәлелі. Демек, артынан қайырлы, өнегелі ұрпақ қалдырып кетуді армандаған адам Алла Тағаланың құдіретінің шексіз екендігін әсте естен шығармауы тиіс.

 

Алла сіз бен бізге қайырлы, берекелі ұрпақ сыйлап, оның тек жақсылықтарын көруімізді нәсіп етсін!

60989 рет оқылды