2016-11-07 (0) (5128)

Дін жолындағы сынақтары

Дін жолындағы сынақтары

(Жалғасы)

Ислам діні тараған сайын дұшпандар тарапынан болған қысым күшейе түсті. Мекке мүшіріктері әсіресе, әлсіздер мен кедейлерге зорлық-зомбылық жасады. Солардың қатарында көп азап шеккен мұсылмандардың тұңғыш азаншысы Біләл (р.а) да болды. Оның қожайыны Умайя ибн Халяф қорқытып-үркіту, ас-сусыз қамап қою, ашық жерге күн астына шығарып ыстық құмға жатқызу зұлымдықтарын істеді, соңында үлкен таспен езгілеуге дейін барды. Алайда, жүрегі шынайы иманға малынған Біләл (р.а): «Жалғыз, Жалғыз!» деуден таймады.

Әбу Бәкір (р.а) дүние-мүлкінің елеулі бөлігін Алла жолына түскен құлдарға бас бостандық әперуге жұмсады. Ол Біләлді босату үшін өзінің қара күшке ие әрі шыдамды қара құлын Умаяға береді. Ал басқа нұсқаларда Әбу Бәкірдің (р.а) Біләлді (р.а) жеті немесе қырық алтынға сатып алғандығы айтылады.Осыған байланысты Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Әбу Бәкір бізге құрметті мырза кісі, ол біздің Біләл мырзаға еркіндік алып берді» деген.

Мединеге қоныс аударғанға дейін Әбу Бәкір (р.а) алты құлды өз қаражатымен құлдықтан босатқан. Олардың арасында Амир ибн Фуһайра,  Умму Убайс, Заннира, ән-Нахидия (р.а) және оның қызы бар еді. Меккеліктер оның өзі ешбір пайдасын көре алмайтын құлдарды босатып жүргендігіне таңғалды. Ас-Сыддық (р.а) үшін бұл діндес бауырлар еді және әрбірі кез-келген мүшіріктен қымбат болатын. Бірде әкесі оған: «Уа, балам! Сенің әлсіз құлдарды босатып жүрегініңді көрдім. Мұндай іске баратын болсаң, қуатты ерлерді босат, олар сені қорғайтын болады» деген. Сонда Әбу Бәкір (р.а): «Уа, әке, мен мұны Алла разылығы үшін ғана істеймін» деп жауап берді. Осыған байланысты Алла Тағала Әбу Бәкір (р.а) туралы Қияметке дейін оқылатын қасиетті аяттарын түсірді:

«... Міне, Мен сендерді жалындаған Оттан ескерттім, оған ең бақытсыз ғана кіреді, сондай өтірік деп, теріс бұрылғандар. Одан тақуалық еткендер (Алланың жазасынан қорқып, сақтанғандар) ғана алыстатылады, сондай мал-дүниесін беріп тазарған, біреулерге беруге міндетті болмаса да, ол тек аса жоғары Раббысының дидарына ұмтылып қана береді. Әрі ол сөзсіз жақында разы болады» («Ләйл» сүресі, 14-21-аяттар).

Алғашында Әбу Бәкір (р.а) Эфиопияға қоныс аударуға ниет етіп, жолға шығады. Алдынан ұшырасқан  әл-Қара тайпасының қолбасшысы Ибн ад-Дуғунна алған бағытын сұрайды. Ол: «Руластарым мені шығарып жіберді, енді жер шарын кезіп өзімнің Раббыма құлшылық еткім келеді» деп жауап береді. Мұны естіген қолбасшы: «Уа, Әбу Бәкір, сен секілді адам ешқайда да кетпеуі де, қуылмауы да керек. Өйткені, сен кедейлерге қарайласасың, туыстарыңмен қарым-қатынас жасайсың, әлсіздердің қайғысына ортақтасасың, адамдарға қонақжайлық көрсетесің, тағдыр тәлкегіне ұшырағандарға сабыр сақтауға жәрдемші боласың. Сондықтан, мен сені өз қорғауыма аламын. Кері қайт та, өз қалаңда Раббыңа құлшылық ет» дейді. Осыдан кейін бүкіл құрайыш мыразаларына жеке-жеке барып Әбу Бәкірді (р.а) қорғауына алғандығын хабарлайды. Олар бірауыздан: «Әбу Бәкір бұдан былай ел-жұрт көзінше құлшылық етуші болмасын, тек өз үйінде ғана намазын атқарып, қалағанын оқи алады» деп шарт қояды. Осыдан кейін Әбу Бәкір (р.а) аз уақыт дінді ашық ұстануды доғарып, тек үйінде ғана Аллаға құлшылық жасайды. Кейін өз ауласына шағын мешіт тұрғызып, сол жерде намазын, Құранын оқиды. Ол Құран аяттарын оқып, көз жасын ұстап қала алмайтын. Ал мүшіріктердің әйелдері мен балалары мұны тамашалап тыңдау үшін жиналып қалатын. Әйелдері мен балалалары Ислам дінін қабылдай ма деген қорқыныштан құрайыш өкілдері ибн ад-Дуғуннаға шағым білдіреді. Сөйтіп, ол енді Әбу Бәкірді (р.а) бөдан былай қорғауына ала алмайтындығын мәлімдейді. Сонда ол (р.а): «Расында, сен мені қорғау қызметінен босат, маған Ұлы Алла Тағаланың панасы жеткілікті» деді.

Пайғамбарымыз () Меккеден Мединеге қоныс аудару барысында Әбу Бәкірдің (р.а) өз жанында болғанын қалады. Бұл шешімге қатты қуанған Әбу Бәкір (р.а) отбасына түк қалдырмай барлық қаражатын Алла мен Оның Пайғамбарының ()  жолына жұмсау үшін өзімен бірге ала жүрді. Сәуір тауындағы үңгірге келе жатқан жолда Әбу Бәкір (р.а) Пайғамбардың  () біресе алдында, біресе соңында жүріп отырды. Пайғамбарымыз ()  одан мұның мәнісін сұрағанда: «Жол торушылар бар ма деп қауіптенгенде алға кетемін, қуғыншылардан қауіптенгенде артта жүремін» деді ол. «Тұтқиылдан тап берер қатерден менің аман болғанымды тілеп, кеудеңді оған тосып келе жатырсың ба?» деп сұрайды Пайғамбар () одан. Әбу Бәкір (р.а) оған: «Дәл солай, сені ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етемін» деп жауап береді.

 

Олар үңгірге келгенде Әбу Бәкір (р.а)  Пайғамбарды ()  сыртта қалдырып, өзі үңгірді тазалап шығады. Одан кейін ғана Пайғамбардың ()  кіруіне рұқсат етеді. Олар үңгірге кірген кезде құрайыштардың жақындап қалғанын байқайды. Пайғамбарға ()  шын қауіп төнгенін сезген Әбу Бәкір (р.а) қорқынышқа беріліп: «Уа, Пайғамбар ()  егер олардың бірі төменге жақсылап қараса бізді анық көреді» дейді ол. «Ей, Әбу Бәкір, Аллаға тәуекел ет, қайғырма, анығында, Алла бізбен бірге» деп жұбатты оны Пайғамбар (). Үңгірде үш күн болып, алдын-ала келіскендері бойынша, Абдуллаһ ибн Урайқит (теңіз жағасына дейін шығарып салуға келіседі) әкелген түйемен және қызметшісі Амир ибн Фуһайрамен Мединеге сапарға аттанады.

5128 рет оқылды