Ақиқатты іздеудегі қадамдар
Әбу Бәкір (р.а) адам фитрасына (табиғатына), сай келетін, оның қажеттіліктеріне жауап беретін, ақыл-санаға қарсы келмейтін ақиқи дінді ұзақ уақыт іздеді. Саудамен айналысып жүріп көп уақытын саяхатпен өткізді. Шөлді алқаптарды бағындырды, түрлі қалалар мен ауылдарды аралады, бүкіл Араб түбегін солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа кезіп өтті. Басқа да дін өкілдерімен, әсіресе, христиан дінін ұстаушылармен байланыс орнатты. Алайда, өзі секілді ақиқатты іздеушілермен, бір Аллаға ғана арқа сүйейтіндердің сөздері оның жүрегіне жақын болатын. Әбу Бәкір (р.а) баяндайды: «Бір күні Қағбаның жанында отыр едім, маған жақын маңда Зейд ибн Амр ибн Нуфайл отырды. Жанымыздан Умайя ибн Әбу ас-Салт өтіп бара жатты да: «Хәлің қалай, уа, игілікке ұмтылушы?» деп сұрады. Ол: «Бәрі жақсы» деп жауап берді. Ол тағы да: «Іздегеніңді таптың ба?» деді. Ол: «Жоқ, Алла орнатқан діннен басқаның бәрі де Қиямет күні жоқ болып кетеді» деп жауап берді. Және: «Өйткені, не сендердің, не біздің арамыздан Пайғамбар пайда болу керек қой» деп жалғастырды. Ал мен Пайғамбардың шығатындығын ешқашан да естіп көрмеген болатынмын. Дереу тұрдым да, Уарақа ибн Науфәлға аттандым. Ол жанарын көкке қадап, үнемі жылап отыратын. Оны тауып алдым да, естігенімді айттым. Ол: «Иә, рас, бауырымның баласы. Біз – Кітап иелеріміз әрі білім берілгендерденбіз. Ал шығу керек болған Пайғамбар араб тегінен болады. Ал сенің халқың – дәл осы арабтарға жатады» дегенді айтты. Мен: «Көке, сонда Пайғамбар не айтады?» деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Ол өзіне жеткізілгенді айнытпай айтады. Және ешкімді қорламайды, әділетсіздікке әділетсіздікпен жауап бермейді».
Ислам дінін қабылдауы
Әбу Бәкір(р.а) бұдан кейін де құпия Пайғамбар туралы айтылған көптеген әңгімелерді естиді. Естіген сайын, ой жүгіртетін, әрбір белгіні жадынды сақтайтын. Ұзақ уақытқа созылған ізденіс пен күтудің нәтижесінде Әбу Бәкір (р.а) ислам дінін ешбір шүбәсіз қабылдайды. Айта кететін жайт, Әбу Бәкір (р.а) мен Алла Елшісін ﷺ ұзақ жылдық достық қатынас байланыстыратын, сондықтан, оған уахи келе бастағанда, жеке адамдарды Аллаға шақыру барысында алғашқы таңдау Әбу Бәкірге (р.а) түсті. Екеуі бір-бірін өте жақсы танитын. Әбу Бәкір (р.а) Мұхаммед ﷺ өмірінде адамдарға өтірік айтып, жала жаппаған, Алла Тағала туралы өтірік айтпайтындығын жақсы білді. Ал Мұхаммед ﷺ Әбу Бәкірдің (р.а) қырсықтық, тәкәппарлықтан алыс ізгі жан екендігін және ақиқатты теріске шығармайтындығына сенді. Алла Елшісі ﷺ оған: «Иә, расында, мен – Алланың Елшісі және Оның пайғамбарымын. Мені ешбір серігі болмаған Алла жіберді. Одан басқа ешкімге құлшылық етпе және үнемі оған бойұсынушы бол» деді. Осы сәттен бастап Әбу Бәкір (р.а) досы әкелген дінге толықтай мойынсұнып, ешқашан да шайқалған емес. Ақтық демі шыққанша Алланың діні мен Елшісіне ﷺ көмектесумен болды.
Пайғамбарымыз ﷺ ол туралы: «Алла Тағала менi сендерге жiбергенде сендер өтiрiкшi санадыңдар. Ал Әбу Бәкiр(р.а) менi шындықты айтып тұр деп бiлдi де, малын да, жанын да аямай жұбатты және қолдау көрсетті, әрдайым жанымда болды. Бәлкім, сендер менің досымды жайына қалдырарсыңдар?» деген. Және соңғы сөзін екі рет қайталаған.
Көптеген ғұламалар ерікті еркектер арасынан алғаш болып ислам дінін қабылдаған Әбу Бәкір(р.а) деген пікірге келіскен. Имам Әбу Ханифа: «Хадиша анамыз (р.а) әйелдерден бірінші, Зейд ибн Харис (р.а) құлдардан бірінші, Әли ибн Әбу Талиб (р.а) балалардан бірінші, Әбу Бәкір (р.а) ерікті еркектерден бірінші болып ислам дінін қабылдады» деген пікірді айтады. Ал ибн Аббас(р.а): «Ең алғаш болып намаз бастаған Әбу Бәкір» деген.
Өзгелерді Алла дініне шақыруы
Алла Елшісі ﷺ Әбу Бәкірдің (р.а) ақиқатқа жүрегін ашқанына қатты қуанды. Және Алла дінінің еңбектен, өзгелерді шақырудан, күрестен тұратындығын түсіндірді. Сондықтан да, Әбу Бәкірдің (р.а) Алла дінін түсінгеннен кейінгі әрекеттері – ықыласты мұсылманның көркем үлгісі болды. «Шын мәнінде, намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы үшін» («Әнғам» сүресі, 162-аят) деген Құран аяттарына амал жасап, өзін, сөзін, мал-мүлкін Аллаға арнаған абзал тұлға бір сәтке де тыным таппады. Ол ең бірінші кезекте шаңырағындағы жандардың қамын ойлады. Ақиқатты жеткізді. Балалары Әсма, Айша, Абдуллаһ және әйелі Умм Румән, қызметшісі Амир ибн Фухайра (р.а) ислам дінін қабылдады. Содан кейін Алланың дініне шақырудағы еңбегі онан сайын жеміс бере түсті. Руластарының ішіндегі ең жақсылары: Зубайр ибн әл-Аууам, Осман ибн Аффан, Талха ибн Убайдуллаһ, Сағд ибн Әбу Уаққас, Осман ибн Мазғун, Әбу Убайда әл-Жаррах, Абдуррахман ибн Ауф, Әбу Сәләмә, Арқам Әбу әл-Арқам (Оларға Алла разы болсын) секілді азаматтар иман келтірді. Ол әрқайсысын жекелеп, Пайғамбардың ﷺ алдына әкелді және олар Әбу Бәкірдің (р.а) көзінше кәлиманы айтты. Олар исламның – іргетасына айналды. Алла Тағала оларды осы үмбеттен ешкіммен салыстыруға келмейтін Алла Елшісінің ﷺ ең жақын сахабалары мен көшбасшысына айналдырды. Олардың себебімен басқа да ерлер мен әйелдер ислам нұрына бөлене бастады.
Дін жолындағы сынақтары
Ұлы Жаратушы өзінің құлдарын сынаққа алады. Бұл бұлжымайтын заңдылық. Сынақтар жеке адамдарға, руларға, тіпті, біртұтас халыққа келеді. Қадірлі сахабаларды да түрлі сынақтар қоршап алды. Ауыр болғандығы соншалықты, кейде таулар да шыдай алмас па еді деген ой келеді. Алайда, саңлақ сахабалар мызғымас имандарымен, көзсіз қаһармандықтарымен төтеп берді. Бай, абыройлы адамдар да мұнан айналып кете алмады. Әбу Бәкірді (р.а) дін дұшпандары сөкті, басына топырақ шашты, аяқ киіммен ұрды, тепкінің астына алды. Бір күні Әбу Бәкірдің (р.а) табанды өтінішінен кейін Алла Елшісі ﷺ және отыз сегіз сахаба ел-жұртты дінге ашық шақыру үшін Қағба маңына шығады. Әрқайсысы өз тайпасына қарай бет алады. Әбу Бәкір (р.а) ел алдында сөз алды. Және ол ислам тарихында жиналғандарға ашық уағыз айтқан тұлға еді. Мекке мүшіріктерін ашу билеп, Әбу Бәкірге (р.а) жақын отырған Алла Елшісіне ﷺ және сахабаларға жабыла кетеді. Утба ибн Рабиа Әбу Бәкірдің (р.а) бетінен аяқ киіммен ұрып, тіпті, ішіне секіреді. Бетінің ісінгені соншалықты оның жүзін ажырату мүмкін емес еді. Тайпаластары оның ес-түссіз жатқан тәнін үйіне көтеріп алып барады. Тіпті, ол өліп қалды деп ойлағандар да болды. Күні бойы осы қалпы жатып, тілге келеді. Сондағы айтқан ең алғашқы сөзі: «Алла Елшісіне ﷺ не болды?» еді. Арқамның (р.а) үйіндегі Алла Елшісінің ﷺ амандығын өз көзімен көрмейінше ас-судан бір түйір де татып алмайды. Ел-жұрт ұйқыға кетті деген уақытта оны Умм Жамил мен анасы қолтығынан таяп, Арқамның (р.а) үйіне алып барады. Осы жолы Алла Елшісі ﷺ Әбу Бәкірдің (р.а) жанынан бір елі кетпей, қамқорлық жасаған анасы үшін дұға жасап, исламға шақырады. Ол ақиқатты қабылдайды.
Бірде Әли ибн Әбу Талиб (р.а) әмірші болған тұсында мұсылмандарға құтпа оқып отырып былай дейді: «Уа, жамағат! Маған ең мықты адамның кім екенін айтыңыздаршы». «Ең мықтымыз сенсің, уа, әміршіміз!» десті жұрт. «Иә, мен кіммен шайқассамда жеңіске жеткенім рас. Бірақ, маған ең батыл адамның кім екенін айтыңыздаршы» деді хазіреті Әли (р.а). Жамағат: «Біз басқаны білмейміз» десті. «Ол – Әбу Бәкір (р.а) » деді әмірші. Бәдір соғысы басталған күні біз Пайғамбарға ﷺ арнап шатыр тіктік. Алланың атымен ант етіп айтайын, сол кезде пұтқа табынушылардан Пайғамбарды ﷺ қорғау үшін Әбу Бәкірден (р.а) басқа ешкім батылдық көрсете алмады. Әбу Бәкір (р.а) қылышын жарқылдатып Пайғамбарға ﷺ ұмтылған мүшіріктердің меселін қайтарып отырды. Міне, ең күшті адам сол». Ары қарай жалғастырды: «Мен Пайғамбарды ﷺ құрайыштардың қоршап алғанын көрдім. Бірі қол жұмсап, бірі жұлқылап: «Құдайлар көп емес, жалғыз» деп жүрген сен бе?» деп өрікпіді. Алла куә, оған араша түсуге ешқайсымыздың жүрегіміз дауаламады. Сол кезде Әбу Бәкір (р.а) жетіп келді де, бірін олай, бірін былай итеріп-итеріп жіберді. Сендер шынымен өз туыстарыңды: «Менің Құдайым – Алла» дегені үшін өлтірмексіңдер ме?» деді ол. Әли (р.а) осы сөздерді айтты да кенет жылап жіберді. Ыстық жас бетін жуып кетті. «Айтыңыздаршы» деді сөзін жалғап: «Осындай сөзді Перғауын заманында айтқан мұсылман күшті ме, әлде, Әбу Бәкір (р.а) күшті ме?». Ешкім үн қатпады». «Неге үндемейсіздер? Алланың атымен ант етіп айтайын, жер беті Перғауын заманындағыдай мұсылманға толып кетсе де, ол Әбу Бәкірдің (р.а) тырнағына да тұрмас еді. Себебі, ол өз дінін жасырды, ал, Әбу Бәкір (р.а) исламды ашық насихаттады әрі қорғады».