2016-10-31 (0) (19642)

Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а) өмір тарихы

Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а) өмір тарихы

АСА ҚАМҚОР, ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН!

Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) –  ықыласты мүміндер мен  шыншылдардың мырзасы, Пайғамбарлардан кейінгі ең ізгі жан. Ол – ең үздік, ең мәртебелі сахаба. Оның ісі мен сөзі әркімге де үлгі. Сахабалардың арасында Әбу Бәкір (р.а) дінді ең озық білетін жан болды. Алла Елшісі : «Егер маған адамдардың арасынан ең жақын дос (халил) таңдау мүмкіндігі берілсе, Әбу Бәкірді таңдаған болар едім. Алайда ол менің діндес бауырым әрі жолдасым» (Бұхари), «Осы екеуінен үлгі алыңдар – Әбу Бәкірден және Омардан» (Тирмизи) деген. Ал онымен замандас болған Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Сен – біздің мырзамыз әрі ең жақсымызсың және Алла Елшісінің ең сүйіктісісің», - деген. Әли ибн Әбу Талиб те (р.а) ұлының Алла Елшісінен кейінгі ең жақсыларың кім деген сұрағына: «Әбу Бәкір» деп жауап берген екен.

Әбу Бәкір ас-Сыддықтың өмірі (р.а)  Ислам тарихының алтын беттері саналады. Адамзат тарихында дәл осындай екінші бір кезеңдерді ұшырастыру мүмкін емес. Бұл баға жетпес парақтарға әрбір жанға үлгі болар имандылық, ықылас, батырлық, табандылық өрнек салған. Осындай ізгі жанның өмір жолының біршама беті біздің жобамызға арқау болмақ.

 

ӘБУ БӘКІР АС-СЫДДЫҚТЫҢ (р.а) ЖЕКЕ ӨМІРІ

 

Шын есімі мен лақап аттары.

Әбу Бәкірдің (р.а)  шын аты – Абдулла ибн Осман ибн Амир ибн Амир ибн Ка’б ибн Са’д ибн Тайм ибн Мурра ибн Ка’б ибн Люайй ибн Ғалиб әл-Құрайши ат-Тайми. Яғни құрайыштың тайми руынан шыққан. Адамдар оны бала кезінен Әбу Бәкір деп атайтын болған. Бәкір – «жас түйе» деген мағынаны білдіреді. Оның бұдан басқа мынадай есімдері болды:

       Атиқ («босатылған» деген мағынаны білдіреді) –  Пайғамбар бірде оған «Қуан, Алла сені Оттан босатты»  деген болатын;

       әс-Сыддық («үнемі сенім білдіруші» деген мағынаны білдіреді) – бұл есім оның Алла Елшісіне ешбір күдіксіз иман келтіргендігіне және Иерусалимге жасалған түнгі сапар туралы хабарға күдік келтірмегендігіне байланысты берілген;

       әл-Атқа («ең тақуа» деген мағынаны білдіреді) – «Одан тақуалық еткендер ғана алыстатылады» («Ләйл» сүресі, 17-аят) деген аятқа байланысты өзгелер оны осылай атаған;

        әл-Әууәһ есімі оның мейірбандығы мен жұмсақтығы, қарапайымдылығы үшін берілген.

 

Туылуы және сыртқы бейнесі

Әбу Бәкір (р.а) текті әрі өзгелерге құрметті жандардың отбасында «піл жылынан» кейін (екі жарым не үш жылдан кейін) дүниеге келген. Ақшыл жүзді, арық  кісі болатын. Сондай-ақ, бүкіріңкі еді және шалбары белінен сырғып кететін мықынсыздау кісі еді. Беті де арық, кең жақты, құс мұрынды, көзі бет сүйегінен терең орналасқан. Жұқа тобықты, арық жамбасты, шығыңқы маңдайлы болды. Ағарғандарын жасыру үшін қынаны және сары бояуды пайдаланатын.

Отбасы мүшелері

Әкесінің есімі – Осман ибн Амир ибн Амр (р.а). Алайда, Әбу Бәкір (р.а)    Әбу Қухәфә деген куньяны алып жүретін. Әкесі мұсылмандар Меккені алған күні Алла Елшісінің алдында кәлиманы айтып, ислам дінін қабылдады.

Анасының есімі – Сәлма бинт Сахр ибн Амр ибн Ка’б ибн Са’д ибн Тайм (р.а). Адамдар оны Уммул Хайр деп атайтын. Анасы ислам діні енді тарап  жатқан кезде-ақ хақты қабылдайды. Алла Елшісі Уммул Хайр үшін дұға жасап, оны ислам дініне шақырады.

Әбу Бәкірдің (р.а) төрт әйелі және алты баласы (үш ұл, үш қызы) болды:

1.     Қутәйләһ бинт Абд-әл-Узза ибн Асад ибн Жәбир ибн Мәлик. Абдуллаһ пен Әсманы дүниеге әкелген. Оның ислам дінін қабылдағандығы туралы нақты деректер жоқ. Әбу Бәкірмен (р.а) надандық дәуірінде айырылысқан. Мұсылмандар Мединеге қоныс аударғаннан кейін Әсма анамыздың (р.а) үйіне кептірілген ірімшік пен май салынған сыйлықтар алып келеді.  Алла Елшісінің бұйыруымен анасын үйіне кіргізіп, сыйлықтарын қабыл алады.

2.     Умму Руммән бинт Амир. Бану Кинана ибн Хузайма руынан шыққан. Абдуррахман мен Айшаны (р.а) дүниеге әкелген. Күйеуі әл-Харис ибн Сахбара Меккеде қайтыс болғаннан кейін Әбу Бәкірге (р.а) тұрмысқа шығады. Алғашқылардың бірі болып ислам дінін қабылдады және қоныс аударды. Алла Елшісі тірі кезде, хижраның алтыншы жылы қайтыс болған.

3.     Әсма бинт Умайс ибн Ма’бад ибн әл-Харис. Абдуллаһ ибн Жағфар Әбу Талибтың анасы (Алла Елшісінің немере ағасы). Алла Елшісінен ислам қабылдаған Әсма күйеуі Жағфармен (р.а) бірге Эфиопияға қоныс аударады. Жағфар қайтыс болғаннан кейін Әбу Бәкірге (р.а) тұрмысқа шығып, Мұхаммед атты ұлын дүниеге әкеледі.

4.     Хабибәһ бинт Харижа ибн Зәйд ибн Әбу Зухайр. Бұл ансарлық әйел Хазрадж руынан шыққан еді. Әбу Бәкір (р.а) онымен Сунхада тұратын. Ол қайтыс болғаннан кейін Умм Кулсум атты қызын дүниеге әкеледі.

 

Жоғарыда айтқанымыздай Әбу Бәкірдің (р.а) алты перзенті болды:

1.     Абдуррахман (р.а) – Әбу Бәкірдің (р.а) үлкен ұлы. Худайбия күні ислам дінін қабылдаған ықыласты мүмін, Алла Елшісінің сахабасы. Ямама шайқастарына, Африка мен Египет жорықтарына қатысқан.

2.     Абдуллаһ (р.а) – Алла Елшісі мен әкесінің қоныс аударуында өте маңызды рөл атқарған сахаба. Абдуллаһ күндіз Меккеде болып, дұшпандардың әңгімелерін естіп, түнде Пайғамбар мен Әбу Бәкір (р.а)  жасырынған үңгірге келіп, хабар жеткізетін. Таң атысымен Меккеге қайтатын. Таифқа жасалған жорық кезінде оған садақ оғы тиіп, біраз уақыттан кейін қайтыс болады.

3.     Мұхаммед (р.а) – қоштасу қажылығы орындалған жылы дүниеге келіп, құрайыштардың құрметті жастарының бірі болды. Әбу Бәкір (р.а) қайтыс болғаннан кейін Мұхаммедтің анасы Әсма Әли ибн Әбу Талибке (р.а) үйленеді. Сондықтан оны өсіріп, тәрбие берген бірден-бір тұлға Әли ибн Әбу Талиб (р.а) еді. Әли оны Египет билеушісі етіп тағайындайды. Осы жерде ол қастандықпен өлтірілген.

4.     Әсма (р.а) – Әбу Бәкірдің (р.а) үлкен қызы әрі көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген сахаба Зубайр ибн әл-Аууамның (р.а)     жары. Мүміндердің анасы Айшадан (р.а) он жасқа үлкен. Сондай-ақ, Әсма Мединеге қоныс аударған мұһажирлерден бірінші болып дүниеге келген Абдуллаһ аз-Зубайрдың (р.а) анасы. Алғашқылардың бірі болып ислам дінін қабылдап, Мединеге қоныс аударған. Алла Елшісі мен әкесінің қоныс аударуына да үлкен еңбегі сіңген сахаба әйел «қос белбеудің иесі» (Зәтун-нитақайн) атанған. Бұл төмендегі оқиғамен байланысты еді. Бір күні Әсма (р.а) әдетінше үңгірде отырған Пайғамбар мен әкесіне ас-ауқат алып шығады. Жолда түйіншегінің ауырлығынан қолы талғандықтан, беліндегі белбеуін шешіп, екіге бөледі де, оның бірімен қайта буынып, екінші бөлігімен түйіншекті байлап асынып алады. Өмірінің соңында көзі көрмей қалғанымен, ақыл-есін жоғалтпаған екен. Ұлы Абдулла аз-Зубайр (р.а) дүниеден өткеннен кейін бір айдан кейін жүз жасында көз жұмады.

5.     Айша (р.а)   – мүміндердің анасы. Бұл шыншыл да шарапатты ханым исламдағы ұлы сүйіспеншіліктің – Алла Елшісінің махаббатының иесі, бұл өмірдегі ең сүйікті адамы. Айша анамыз (р.а) Алла Елшісіне пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін  дүниеге келіп, ислами тәрбие алады. Алла Елшісі оған Умм Абдуллаһ деген кунья берген. Ол кісінің балалары болмағанымен, әпкесі Әсманың (р.а) балаларын өз балаларындай көретін. Анамыз Пайғамбарымыздың имандылық мектебінің шәкірті болып, тәлім-тәрбиесінен өткен. Ғалым Зуһри ол жайлы: «Барлық адамдар мен мүміндердің аналарының ілімдерін топтаса да, олардан Айшаның (р.а) ілімі асып түсер еді» деген екен. Айша (р.а) Алла Елшісінен  2210 хадис жеткізген. Оның 174-і Бұхари мен Муслимде келеді. Алпыс үш жасында дүниеден өткен.

6.     Умм Кулсум. Әбу Бәкір (р.а) қайтыс болар алдында Айша анамызға (р.а): «Өзіңнің екі бауырың мен екі әпке-сіңіліңе қамқор бол» деген өсиет айтады. Сонда Айша (р.а): «Әсманы білемін, ал екіншісі кім?» дейді. «Ол әлі бинт Харижаның құрсағында. Неге екенін, әйтеуір ол маған қыз секілді көрінеді» деп жауап береді. Расында да, Әбу Бәкірдің (р.а) қазасы артынан дүниеге қыз келеді. Оған Талха ибн Убайдуллаһ үйленген. Алайда, ол кісі ерте қайтыс болады. Умму Кулсум Айша (р.а) анамызбен бірге Меккеге қажылық жасаған.

Міне, бұл – Алла Тағала ислам нұрына бөлеген Әбу Бәкір әс-Сыддықтың (р.а) өнегелі отбасы. Мұндай мәртебе одан басқа ешкімге берілмеген. Ғалымдар: «Тек қана Әбу Бәкірдің (р.а) отбасында төрт бірдей буын Алла Елшісінің сахабасы атанып үлгерді» деген. Олар: әкесі Осман, өзі, қызы Әсма және оның ұлы Абдулла (р.а). Сахабалар арасында әкелері де, балалары да ислам дінін қабылдаған, немерелерінен Алла Елшісін көргендер болмады.

19642 рет оқылды