10:45 | Жұма уағызы
2016-10-26 (0) (7304)

«ДҮНИЕ МЕН ДІН – ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ...»

«ДҮНИЕ МЕН ДІН – ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ...»

 

«Бірде өзге дін өкілі мұсылман отбасына көрші тұрған үйге қоныс тебеді. Осыған дейін мұсылмандар туралы әр түрлі алып-қашпа әңгімелерге қанық болған отағасы келген күннен бастап оларға қабағын шыта қарады. Реті келсе, мұсылман кісіге тиісіп, келеке етіп, онымен таласқысы келіп тұрады. Ал ол әрдайым күлімсіреп, жылы сөзбен ғана жауап қайтарып жүреді. Балаларының қашан да сәлемі түзу болады. Ер кісінің, әйелінің және бала-шағасының үнемі әйтеуір бір әрекетте екендігін, ауласының, тіпті, қорасының тазалығын бақылап жүреді. Аз уақыттан соң олардың бір-бірімен сыйластығы мен татулығы біртіндеп жүрегін баурай бастайды. Отбасы мүшелері үнемі бір-біріне сыйлық жасап жатады. Арасында әке мен балалардың мешітке де үлгеріп барып келетіндігі оларды ойландырмай қоймайды. Осылайша, арада біраз уақыт өткенде әлгі отбасы бір себептермен басқа елді-мекенге қоныс аудармақ болады. Жүктерінің біршама бөлігі жинастырылған күні отағасының бақшаға тал отырғызып жүргенін көрген өзге дін өкілі абдырап қалады. Күлерін, таңғаларын білмей қарап тұрып:

       Әй, көрші, енді бұл әрекетіңді қалай түсіндіресің? Өзің ертең келмеске кеткелі отырсың, үйлеріңді сатып та үлгердіңдер. Өзің рахатын көре алмасаң, бұл ағашты кім үшін егесің?-деп сұрайды. Сонда ол:

       Біздің дініміз осы еккен ағашымыздан қандайда бір адам, жануар немесе құстар, әйтеуір бір тірі жәндік қоректенер болса, көл-көсір сауапқа ие болатынымызға уәде береді,-деп жауап берген екен. Өзге дін өкілі қайран қалып:

       Қандай ғажап! Сендердің қолдарыңның ұшын әрбір қимылдатқандарыңның өзі артынан мол сый берілетін құлшылық екен ғой,-дейді де, ислам дінін қабылдайды.

Өмірде орын алған жоғарыдағы оқиға кейіпкерінің соңғы сөздері ақтау да, мақтау да, даттау да емес. Куә болған, жүрегін жаулаған іс-әрекеттерге берген бағасы деуге әбден болады. Егер қандай да бір көкірегі ояу адам пердені жақсылап түріп, үңіліп қарайтын болса, ата дініміздің осынау көркемдігін  мойындар еді. Мойындар еді де, терең бойлар еді....

АТА ДІНІМІЗ ДҮНИЕ МЕН ДІНДІ ҚАТАР ГҮЛДЕНДІРЕДІ

«Ұқсасы жоқ тақ дін, ең таза пәк дін, шүбәсіз хақ дін» Ислам – дүние мен дінді қатар гүлдендіру, Ақырет пен дін істерін қатар реттеу үшін келді. Дүние мен дін құстың қос қанатындай егіз ұғым. Бірінсіз-бірін елестете алмайсың. Сондықтан да, діндердің мөрі болған Ислам: «Шын мәнінде, намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін» («Әнғам», 162) деп айтуымызды бұйырды. Ұлы Алла өзінің кемел сөзін жеткізуді аманаттаған Пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрі Біз сені әлемдерге мейірімнен өзге нәрсе етіп жібермедік» («Әнбия», 107) дейді. Ақырет ісін реттеу үшін ғана емес, әлемді мейірімге бөлеу үшін...

Ислам Алла алдындағы міндет пен құлдың хақысын, тіршілік пен құлшылықты біріктіреді. Олай болмағанда бұл дінді бәрінен де артық ұстанған Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Роббәнәә әтинә фид-дуниәә хәсәнәтән уә фил әхироти хәсанәтән уә қинаә ъәзәәбәннәр» («Раббымыз! Бізге осы өмірде игілік бер әрі соңғы, мәңгілік өмірде (ақыретте) игілік бер және бізді От азабынан сақта» («Бақара», 201) деген дұғаны ең көп сұраған болмас еді. Он төрт ғасыр үзілмеген бұл дұғаның Қияметке дейін мешіт мінберлерінде, мұсылмандардың әрбір намазының соңында оқыла беретіндігіне де кәміл сенімдеміз...

ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ КӨРІНІС ТАБАР МЕКЕНІ – ТІРШІЛІК

Артынан мол мұра қалдырып, білімнің биігіне жеткен мәшһүр ғалым Әбу Ханифаның (оған Алла рақым етсін) бір күнін үшке, яғни, білімге, саудаға, отбасына бөлгендігі белгілі. Заманының заңғар ғалымы болуы оны сол кезеңнің ең табысты, ең шебер саудагері атануына кедергі келтірмеді. Талай түн таң атқанша бір аятқа ой жүгіртіп, Аллаға деген қорқынышын тыя алмаған ғұламаның бұл ұстанымы баршамызға үлкен ғибрат.

Тақуалық та, дін көркемдігі де жоғарыда аталған екі қанатты тең ұстай алумен өлшенеді. Шынайы мұсылман сыңаржақтылық танытпайды. «Бірыңғай Ақыретті ойлаймын» деп мешіттен шықпау – исламның шеңберіндегі әрекет емес. Дінмен ғана шектелгеннің дүниесі құртылады.. Сол секілді, керісінше «Дүниені ғана реттеймін» деп, ақырет қамын тастап қою – мұсылманшылыққа кереғар нәрсе. Дүниемен ғана шектелгеннің, діні бұзылады. Екеуінің де басын ұштастыру – міне, бұл сынақ, таза мұсылманның шындалатын, айқындалатын тұсы.

«ӨРКЕНИЕТТІ ІРГЕЛІЛЕТУШІ ДІН»

Ислам діні – өркениеттің бастауы, мәдениеттің ілгерілетушісі бола білген озық дін. Бұл дін ғылым мен білімнің өрлеуіне негіз болған қаншама ғұламаларды тәрбиелеп шығарды. Сіз білесіз бе, сонау VIII ғасырдың өзінде  Ислам мәдениетінің бесігі мен есігіне айналған Испаниядағы Кордова жерінде 50 емхана болған екен. Дәл осы жерде 1400 дәрінің сипаттамасы жасалып, ең алғаш рет адам көзіне ота жасалады. Ал Еуропада осыдан 400 жылдан кейін ғана ең алғашқы емхана құрылады. Және бұл – Исламның өркендеп тұрған шағы еді. Егер, Ислам расында да, дүние тіршілігін ысырған дін болса, сол кезеңде анық байқалған болушы еді. Өйткені, осы ғасырда бұл үмбеттің ең жақсылары мен ең ықыластылары өмір сүрген.

Неміс шығыстанушысы Зигрид Хонке өзінің көпке танымал «Солнце восходит над Западом» атты кітабында: «Кітапханалар шұрайлы жерде өскен шөптер секілді барлық жерде көбейе бастады. Саяхатшылар христиан күнтізбесі бойынша 891 жылы Бағдадта жүзден астам кітапхана болғандығын айтады. Әрбір қарапайым адам оқу залында отырып, қажетін оқи алу үшін әрбір қалада кітапхана тұрғызылған. Аудармашылар, авторлар өздеріне арналған арнайы залда сол заманда қандай оқиғалар болып жатқандығы туралы ой-қозғаулар өткізуге мүмкіндік алды» деп жазады.

 «АДАМДАРДЫҢ ЕҢ ЖАҚСЫСЫ – ӨЗГЕГЕ ПАЙДАЛЫ БОЛҒАНЫ» (Табарани, 6/58)

Ислам мұсылманды бұл дүниеде мықты, қажырлы жұмысшы болуға тәрбиелейді. Дүниенің бір кірпіші болып қалануға жетектейді. Олардың пақыр, әлсіз емес, бай әрі қабілетті, күшті болғанын қалайды. Мықты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек және қоғамға пайдалы. (Муслим, 2664)

Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) кәсіп иесінің артықшылығы жайлы: «Мен бір адамды көремін, оны сыртынан ұнатамын. Ол жайлы «оның мамандығы, кәсібі бар ма» деп сұрастырамын. «Жоқ» деген жауапты естісем, сол сәтте оның менің алдымдағы құрметі жоғалады» деген болатын. Ол тағы басқа сөзінде: «Көзге оғаш болып көрінетін кәсіп адамдардан (қайыр) сұрағаннан жақсырақ» деген даналық айтқан.

Алла Тағала құлдарын ризық көзін іздеуге шақырады: «Ал намаз аяқталғанда, жер бетіне (баратын жерлеріңе) тарқалыңдар да Алланың кеңшілігін (несібе) іздеңдер» («Жұма» сүресі, 10).

Бірде халифа Омар ештеңе істемей, мешітте отырған адамдарды кездестіреді. Олардан: «Сендер кімсіңдер?» деп сұрады. Олар: «Біз – Аллаға тәуекел етушілерміз» деді. Сонда ол наразылық білдіріп: «Сендер Аллаға емес, адамдарға тәуекел етушісіңдер. Сендер жалқаусыңдар, өйткені, тәуекел етуші – жерге дән егіп, содан кейін нәтижесін Аллаға тапсырып, тәуекел жасайтын адам» деп оларды мешіттен шығарып жібереді. Ал басқа бір сөзінде: «Сендердің  ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын және «Уа, Алла, маған ризық бер!» деген сөзбен шектелмесін. Аспаннан алтын мен күмістен болатын жаңбыр жаумайтындығын білесіңдер ғой» деген.

 

«БҰЛ – ЖЕҢІЛДІК ДІНІ»

 

Қамқорлығы мен мейірімін сипаттауға сана да, сөз де жетпейтін Алланың: «Саған Құранды машақат үшін түсірмедік» («Та һа», 1-2); «... Алла сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды» («Бақара», 185) деген сөздері мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін – ол жеңілдік», «Бұл – жеңілдік діні» деген хадистері Исламның адам баласын бұл дүниеде азаптау, қинау, шаршату үшін келмегендігін түсіндіреді. Керісінше, әрбір құлшылық адамның шамасына ыңғайластырылып жасалған. Алланың Өзі Ұлы және Күшті, сондықтан, әлсіз адамнан мұны талап етпейді.

 

Бірде Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінің үйінің жанына оның қалай құлшылық ететіндігі жайлы сұрап үш жас жігіт келді. Оларға оның қалай құлшылық ететіндігі жайлы айтқанда, олар өздерінікін аз санап былай деді: «Алдыңғы және өткен күнәләрі кешірілген Алланың Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу бізге қайда?» Содан олардың бірі: «Мен енді түнімен тынымсыз намаз оқимын», - деді. Екіншісі: «Ал мен болсам үздіксіз ораза ұстаймын», - десе, ал үшіншісі: «Ал мен болсам әйелдерден алшақтап ешқашан үйленбеймін», – деді. Біраз уақыт өтісімен оларға Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келді де: «Осылай да осылай деген сендер ме? Алланың атымен ант етемін, мен сендерден гөрі Алладан көбірек қорқамын, бірақ мен кейбір күндері ораза ұстаймын да, ал басқа күндері ораза ұстамаймын, мен түнде намаз да оқимын және ұйықтаймын да, және де әйелдермен некелесемін, ал кім менің сүннетіммен жүргісі келмесе, оның маған қатысы жоқ!» деді (Бұхари, Муслим).

Иә, Ақырет қамы үшін дүниелік істерді ысырған жандар болған. Бірақ  үмбеттің ең абзал адамдары бұл түсініктің ағаттық екендігін ескертіп, бір-бірін қайтара білді: Сахаба Салман әл-Фариси Әбу Дардаға келген кезде, ол Умм ад-Дарданы (яғни Әбу Дарданың әйелін) тозған киіммен жүргенін көріп одан: «Саған не болған?», - деп сұрады. Ол (әйел) болса: «Сенің бауырың Әбу Дарда бұл дүниенің сәнін керек қылмайды», - деп жауап берді. Сол уақыт аралығында Әбу Дарда Салманға тамақ дайындап ұсынады. Салман болса оның өзіне: «Же», - дейді. Әбу Дарда: «Расында, менің аузым берік», - дейді. Салман болса: «Сен жемейінше, мен де жемеймін», - дейді. Сосын ол жеді, ал түн түсісімен Әбу Дарда намазға тұрды. Салман оған: «Ұйықта», - деді, сосын ол жатып ұйықтады. Біраз уақыт өтісімен ол тағы да намазға тұрды, бұл жолы да Салман: «Ұйықта», - деді, ал түннің соңында: «Енді тұр», - деп  екеуі бірге намаз оқыды. Содан соң Салман оған: «Расында, сенің Раббыңның сенде хақысы бар және сенің тәніңнің де сенде хақысы бар және сенің жанұяңның да сенде хақысы бар, сондықтан әркімнің өзіне тиесілі хақысын беріп отыр!», - деді. Артынан Әбу Дарда Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп болған жайдың бәрін айтып берді, ал Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Салман саған шындықты айтты», - деді (Бұхари).

 

Келесі оқиғаға назар салып көрейік, бірде Муаз ибн Жәбал (оған Алла разы болсын) Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  құптан намазын оқып, жамағатқа кешігіп келеді. Сосын имамдыққа шығып, «Бақара» сүресін оқиды да, намазды созады. Сонда күні бойы еңбек етіп шаршаған егінші, бағбан Харам ибн Милхан (оған Алла разы болсын) намаздан шығып кетеді де, өзі бөлек оқиды. Кейбіреулер оны осы ісі үшін «мұнафық» деп айыптайды. Мұны естіген Харам ибн Милхан Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  барып шағымданады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім имам болса, намазды жеңілдетсін» деген. (Насаи, 830) Өзінің де адамдармен намаз өткізіп жатып, артта жылаған баланың дауысын естіп, анасымен ертерек қауышуы үшін намазды қысқартып оқыған жағдайы айтылады.

 

ОТБАСЫҢА ҚАМҚОР БОЛЫП САУАП ТАП!

 

Асыл дініміздің кеңшілігі сол, тамақ, сауда, ұйқы, үйлену, қоқыс төгу, үй жинау т.б. секілді дүние істерін, атқарған адам үшін сауап берілетін құлшылыққа айналдыруға болады. Ол үшін ниет деген «дәмдеуішті» қосуымыз қажет. Біз білеміз, құлшылық – ол Алла разы болатын істер мен сөздер. Сонда, адам баласы ертеңгі құлшылыққа әлдену үшін тамақтанып, ұйықтап алатын болса, бұл – Аллаға ұнамды. Адам баласы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тазалықты өсиет еткендігі немесе құлшылыққа ыңғайлы болу үшін үйін жинап, қоқысын төксе, бұл – Аллаға ұнамды. Алла өзіне ұнамды әрбір істі қайтарым сыйсыз қалдырмайды.

 

Отанды құрайтын негізгі фактор отбасы десек, отбасымызбен жасаған әрбір қарым-қатынасымыз – Аллаға сүйікті. Солай, әке-шешені сыйлау, бала-шағаны дұрыс емізу, тәлімді тәрбие беру, бауырыңды көрген кезде жүзіне мейірлене қарау, әйеліңнің аузына тағамның дәмдісін сүйіспеншілікпен салу да, жолдағы кедергі келтіретін тасты алып тастау, ауру адамның халін сұрау, кедейге көмектесу, жақсы сөз сөйлеу, арақ ішпеу – барлығы да ізгі істер қатарында. Отбасын адал жолмен асырау мақсатында еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетіні де белгілі. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Отбасында жас балалары болып, тапқанын соларға жұмсаған адам, сауапты одан артық алатын кім бар? Алла Тағала сол адамның тапқанымен балаларын игілікке бастап, оларға береке береді» деген болатын (Муслим). Тағы бірде нәпақа іздеп шыққан төзімді әрі қайратты жігіт туралы: «Егер ол үйінен өзінің балиғатқа жетпеген бала-шағасын асырауға шықса, ол Алла жолында. Егер ол өзіне ризық іздеп шықса, Алла жолында»,  деген (Табарани).

Аллаға мақтау болсын! Ер азаматтың өзіне ризық іздеуінің өзі құлшылыққа баланған болса, онда Ислам дүние мен дінді құстың қос қанатындай тең ұстайтын дін екендігі талас тудырмаса керек.

 

Сөзіміздің соңын, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жиі жасаған дұғасымен аяқтағымыз келеді: «Раббымыз! Бізге осы өмірде игілік бер әрі соңғы, мәңгілік өмірде (ақыретте) игілік бер және бізді От азабынан сақта!»

7304 рет оқылды