2016-10-24 (0) (7412)

БИБӘТІШ ЖҮНІСҚЫЗЫ: "ХАЛИФА АЛТАЙДЫҢ СОҢҒЫ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ"

БИБӘТІШ ЖҮНІСҚЫЗЫ:

 

Халифа Алтай... Осы есімді қай қазақ білмейді дейсіз, барлығына таныс, өте жақын әрі ыстық есім. Сіз бен бізге алғаш Құран Кәрімнің қазақша аудармасын ұсынған ғұлама ғалымның арамызда өзі жоқ болса да көзіндей болған асыл жары – Бибәтіш Жүнісқызын арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан едік...

 

«Өлгеніміз жоқ, өлгеннен басқаның бәрін де көрдік...»

 

– Халифа Алтай атамыз жоқ болса да артында қалған сіз барсыз. Алтайдан ауған көштің тауқыметін білеміз. Кітаптардан оқыдық. Көштің мақсаты қандай еді?

 

– Халқымыздың тарихында қилы-қилы замандар  өтті. Соның бірі жиырмасыншы ғасыр ортасындағы Қытайдағы қазақтардың жер-суын тастап, белгісіз бағытқа үдере көшуі. Мұның барлығын айтып, еске түсіру оңай емес. Малмен бірге шұбырып біз де көшіп-қонып жүріп, соғыстық, аман қалдық. осы қатерлі де азапты көш туралы бүгінде бірнеше кітап жазылды. Соның бірі міне, өзің оқып келген «Алтайдан ауған ел» болатын. Соңында қаштық, шетке шықтық. Көптеген қиындықтар көрдік. Жол ұзақ, қыс, қар. Ол кезде менің жас күнім. Алтайдан ауған көш төрт бөліктен тұрды. Көш барысында елге қадірлі адамдар тұтқындалды. Олар тар жол тайғақ кешулерде жол тауып, халыққа медеу бола білетін қадірлі адамдар еді. Әрі ауқатты, ел басшысы болудан басқа кінәлары да жоқ. Ол кезде халықтың қадірлісімен санасып жатқан кім бар, оларды ұстаған бетте-ақ түрмеге жөнелтті. Бұл жайды олардың отбасына да сездірмейді. Қала түрмесінде азаптап, қинап, түрлі зобалаңды бастарынан кешіреді. Ал, ұсталған адамдардың ұшты-күйлі хабарсыз кетуі халықты алаңдатып, үрей құшағына сүңгітті. Халық бейғам күлкі, тыныш ұйқыдан айрылды. Айналайын, біздің халықтың басынан не өтпеді дейсің. Көңілді билеген күдік адамдарды үйінен бездіруге дейін апарды. "Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар" деген осы болды. Біздің келесі бағытымыз Үндістан еді... (көзіне жас алды)

 

 

Алтайдан ауған көш

 

– Апа, осы көшті Үндістанда қалай қарсы алды? Ол кезде қасыңызда Халифа ата болған шығар?

 

– Шыңхайдан шыққанда бес мың адам едік. Шамамен 1000 үй, 3039 адам, 1500 қару, 2000 түйе, 5000 жылқы, 1000 сиыр, 8000 қой өткізілді. Осылайша Үндістан топырағына кірдік. Көп шаршағандықтан, демалуға мұқтаж едік. Көп жылдар бойы арып-ашып көшіп, түпкілікті мекен боларлық жер іздеген мақсатымыз орындалған сияқты. Қорқыныш сейілді. Бірақ, іс мұнымен біткен жоқ. Үндістанға кірісімен босқындарды басқару ұйымын құру керек болды. Ұйымның басқармасы 19 адамнан тұрды. Осы 19 адамның ішінен қазір Қожан Сәкейұлы деген ақсақал ғана тірі. Бізді Үндістан әскері Кашмир облысының Ладах аймағына алып келді. Одан әрі Каргіл шаһарынан өтіп, Гималай тауының әлемге әйгілі Зұлжила асуынан астық. Зұлжила – өте қиын асу. Таудың бетін қашап салған жалғыз аяқ қия жол бар. Астымыз шыңырау зындан сияқты. Төмен қарасаң басың айналып, көзің бұлдырайды. Осы асу бетіндегі тар жол қияметтің қыл көпірі сияқты. Жазатайым аяғың тайып кетсе, онда тіршіліктен күдеріңді үзе бер. Төмендегі тұңғиық шыңырау жұтып қояды. Бізді осы асу арқылы алып жүреді. Ұбап-шұбап ақырын ілбіп келеміз. Иманымызды айтып, бір Аллаға сыйынғаннан басқа қолымыздан келері жоқ. Өлгеніміз жоқ, өлгеннен басқаның бәрін де көріп келеміз. Адам ит жанды деген осы екен... Көштің кейінгі топтары осы асуда қарлы боранға ұшырап, малдарынан айырылып, жандарын зорға құтқарды. Кашмир Үндістанның жеке аймағы екен. Қалаға келгенде нан көзімізге оттай басылды. Бірақ, ақша құрғыр бізде қайдан болсын. Нан жемегелі бір жылдан асқандықтан, нанға аңсарымыз ауа берді. Ақыры бір нанға бір қойдан бердік те нан алып жедік. Ине-жіп, сабын секілді ұсақ-түйек заттарға да қой беріп, сауда-саттық жасаған болдық. Халқының көпшілігі мұсылмандар. Түс-түстері де, киім-кешек, әдет-ғұрыптары да ұқсамайтын жат ел, жат жердеміз. Үш жыл осында тұрақтадық. Мен Халифамен Үндістан сапарынан кейін таныстым...

 

 

– Сіз Халифа Алтайға қалай тұрмысқа шықтыңыз?

 

– Біз Үндістанның да түпкілікті тұрғыны болмай, отансыз босқын ел ретінде тұрып жаттық. Бірақ, сағынышпен сарғая жүріп, ойымыз онға бөлінетін. Көз алдымызға алыстағы атажұрт келетін. Бізге бұл жердің де түпкілікті мекен болмайтынын ішіміз сезетін еді. Бір жақсысы, сен қайдан келдің, қайда барасың, онымен ешкімнің жұмысы жоқ. Әркім өзінің шаруасын біледі. Бір жаманы, сол атажұрттан алыстап кеттік. Осындай алма-кезек шарпысқан екі ұдай сезімнің құшағында тұрып жаттық...

Мен ол кезде жас едім, бар болғаны жиырма үш жастағы қыз едім. Ол кезде қажым (Бибәтіш апа Халифа Алтайды осылай атайды екен) Пәкістан жақтан келген. Олар Алтайдан бірінші көшпен кеткен еді. Түркияға біз Үндістаннан  18 отбасы болып көшіп келдік. Ел-елге қосылып, мәре-сәре болып қалдық. Олар Пәкістаннан келіп жатыр екен, үш баласы бар екен, ағасы, інісі бар. Ол кезде менің қасымда ағам Хамза бар. Қажымның әйелі Пәкістанда қайтыс болып кетіпті. Ол кісі содан кейін неке құрмаймын деген екен. Бірақ қасындағы жақындары: "сен үйленбегенді қой, Хамзаның қарындасы бар, сені соған айттырайық" депті. Біздің бұл таныстығымыздың соңы жарастыққа ұласып, мен оның балаларының анасы атандым. Екі ұл (Абдұррахим, Аднан), үш қыз (Шәкурә, Мәшкурә, Айтен) тәрбиеледік.

 

«Құранды жаңылыс жазбасын деп тікемнен тік тұрдым...»

 

– Халифа Алтай Құран Кәрімді аударуға кірісе бастағанда сізді демеу болды деген сөзді көп естиміз. Ол кез барлығы үшін жаппай қиын кезең болды. Сол қиындықтан қалай өттіңіз?

 

– Ол жақта өкімет бізге тегін үй берді. Маниса деген қалада тұрдық. Алты ай бойы тегін тамақ берілді. Өкімет 5 жылға дейін салық салмады. Қажым әртүрлі кәсіппен айналысып жүргенде, келер жылдың күзінде бір адам жамап, бояп берерсің деп тері тон беріпті. Соны үйге алып келіп сөгіп, үлгісін шығарып, тон тігіп үйрене бастады. Кейін оны біз де үйрендік. Қазірге дейін ол қалада тері киім тігуді кәсіп қылып отырғандар бар. Қажым 1984 жылы Құран Кәрімді аударуға кірісті. Халифа Алтайды алыс-жақын елдерден іздеп келушілер көп еді. Үйден қонақ арылмайтын. Біз кейін осы кәсіпті қолға алдық. Малақай, қолғап, тон тіге бастадық. Оны базарға апарып сата бастадық. Тікпеген нәрсеміз қалмады. Ақысына үйге азық-түлік алып қайтатынбыз. Қажым Құранды төрт жарым жыл дегенде аударып бітті. Ол кез 1988 жылдың аяғы болатын. Сол жылдардың ішінде Халифа бірнәрсені жаңылыс жазып алмасын деп тікемнен тік тұрдым. Келген адамдарға келінім екеуміз жүгіріп жүріп, ас-суын дайындайтынбыз.

 

 

Халифа Алтайдың ең соңғы суреті, 2002 жыл

 

 

– Түркияның қазақтары сіздерді қалай қарсы алды?

 

– Осы жерде тұрақтадық, өсіп, өндік. Ең бастысы, жаудан құтылдық. Сол жерде он бес жыл өмір сүрдік. Сол жылдары Халифа Қазақстанға бір барып келген. Сол кездегі сапарында ол: «Мен Қазақстанға барамын. Тілі, діні құрып барады екен. Сол жерге барып, білгенімді үйретпесем, маған күнә болады» деп көшуге қамдана бастады. Қазақ елінің тәуелсіздік алғанын біз сол жақта жүріп радиодан естідік. "Бүгін Қазақ елі тәуелсіздік алды, жер бетінде Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды!" деп түрік тілінде саңқылдап жатқан дауысты естідік. Естідік де, егіліп жыладық. Сол кездегі Халифаның қуанғанын көрсең ғой, сол тұрған жерінде құбыланы тауып алып, сәжде етті. Жаратқан Иеден: «Иә, Аллам, қазақ деген халыққа ақыры еркіндік келді-ау, абырой бердің-ау! Айбарлы мемлекет қыла гөр! Ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тіледі.

 

 

«Екі жылдай үйден тамақтанған жоқпыз...»

 

 

Қазақ елінің қошеметі

 

 

– Ең алғаш Қазақстанға келгендегі әсеріңіз қандай болды?

 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Халифа Алтай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен атажұртқа қоныс аударды. Дін қайраткері ретінде оның 1991 жылы аударған «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі» Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды. Сондай-ақ Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған «Инабат» имандылық тәрбие орталығының төрағасы болудан бөлек, Ислам дінін уағыздап, діни кітаптар аударып, таратуға еңбек сіңірді. 1995-2000 жылдары Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Біз Қазақстанға келген жылы екі жыл үйден тамақтанған жоқпыз. Себебі, Халифаны танитын жұрт, құрметтейтін жұрт бізді күнде қонақ қылатын. Қазақстанның түкпір-түкпіріне шақыратын. Бізге көрсеткен құрметі мен көмегі үшін елге қарыздармын...

 

– Сіз діни сауатты кімнен үйрендіңіз?

 

– Менің әкем Жүніс қажы деген діндар адам болған. Біз үйде үш қыз болып өстік. Барлығымызға әкеміз намаз оқытты. Дәретсіз адам біздің үйге кірмейтін. Сондай әкемнен дінді де, тәрбиені де үйрендім. Кейін қажыға тұрмысқа шыққан соң қалған діни сауатымды ашуға сол кісі ұстаз бола білді. Мен намазды бала күнімнен бері оқып келемін, Аллаға шүкір.

 

 

Халифа атамыздың жары - Бибәтіш Жүнісқызы, 86 жаста


 

– Қиын кезеңде балаларыңызды қалай тәрбиелей алдыңыз?

 

– Жоқшылыққа қарамай балаларымызды оқыта білдік. Діни сауатын да қадағаладық. Өзіміз көшіп-қонып, арып-ашып жүрсек те, балаларымызға дұрыс тәрбие беруге тырыстық. Болашақта біз секілді ел кезіп жүрмесе екен деп ойладық. Аллаға шүкір, міне, сол арманымыз орындалды... Барлығы сегіз бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкен балам отбасымен Норвегияда тұратын, сол жерде қайтыс болды. Одан кейінгі ұлым қазір отбасымен Франция қаласында тұрады. Екі ұлым осы жерде, Алматыда тұрады. Аллаға шүкір, немерелерім мен шөберелерім бар...

 

«Халифаның соңғы арманы орындалды...»

 

– Халифа атаның сізге айтып кеткен арман-тілегі бар ма еді?

 

– "Егер мен олай-бұлай болып кетсем мені қайтадан Түркияға сүйремеңдер деген. Мен өз Отаным Қазақстанға келдім. Тілді тарқаттым, дінді қал- қадерімше насихаттадым. Енді менің арманым жоқ. Соңғы айтарым, мені қайтыс болғанда қазақ топырағына көміңдер" деген еді. Оның сол арманы да орындалды. Ол кісіні бағып-қағып қасында болдым. Тікемнен тік тұрдым. Мен ол кісіні қатты құрметтедім. Жазу жазған оңай емес. Ол кісі кейін науқастанып жатып қалды. Мен қай кезде де оның қасынан табыла білдім...

 

 

Берекелі шаңырақ, немерелерімен

 

 

– Сіздің іште қалған, айта алмай жүрген арманыңыз бар ма?

 

– Осы кезге дейін Алланың қалауымен төрт рет қажылыққа барып келдім. Төрт қызымды өз қолымнан ұзаттым, төрт ұлымды отбасылы еттік. Ең бастысы, кіндік қанымыз тамған Отанымызға табанымыз тиді. Мына үш бөлмелі үйді де бізге өкімет берді. Жақсы құрметтеді, ерекше ықыласқа бөлендік. Халифа Алтайдың кім екенін қазақ елі білді. Қанша дегенмен қазақ халқы қазір оқыған, көзі ашық. Оқыған адам оқыған адамды бірден таниды, біледі. Міне, қазір жасым сексен алтыға келді. Менің ешқандай арманым жоқ...

 

 

Келіні - Дариға, баласы - Әбдурахим

 

– Сұхбат барысында аңғарғаным, сіз Халифа атаның есімін атамайды екенсіз...

 

– Иә, мен ол кісіні «молда», «қажым» деп атайтынмын. Бұл оған деген құрметім мен сыйластығым еді. Бала-шағаның атын атағандай ол кісінің есімін атай алмадым. Ол кісі мені «Бәтішім» деп еркелетіп айтатын. Біз елу жыл бір шаңырақтың түтінін түтеттік. Арамызда бір рет те ыдыс-аяқ сылдыры естілген емес. Елу жыл елу сағаттай болған жоқ. Қанша қиыншылық, жоқшылық болса да, тағдырдың тауқыметін бірге тарттық.

  

 

Халифа Алтайдың қолжазбалары

 

 

– Халифа Алтайдың жарияланбай қалған басқа да қолжазбалары бар ма?

 

– Қажым көзі тірісінде өмірінің соңғы кезеңінде біржола шығармашылық жұмыстармен айналысты. «Сияри Нәби» (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаяны) еңбегін шығарып, 1911 жылы Қазан қаласында «Ел-Итқан» деген атпен татар тілінде шыққан кітапты қайта қарап, қалыпқа келтіріп бастырды. Аударма саласында діни, имани кітаптардың қазақ оқырмандарына жетуіне септесті. «Бір жылдың 48 жұмасы мен екі мейрам құтпасы», «Қысқаша ислам тарихы» атты кітапты қазақшаға аударып шықты. «Ғибадатул ислам», «Құран әліппесі және имамның шарттары», «Иманшарт», «Ғылымхал» (Діни қағидалар), «Таңдаулы хадистер» секілді зәру тақырыптарда 11 діни кітап жазып шығарды. Үйде оның басқа да жарияланбай қалған қолжазбалары бар. Келер жылы Алла қаласа, Халифа Алтайдың 100 жылдық мерейтойы. Соған қарсы қалған жазбаларын баспаға дайындап жатырмыз. Мынау қажымның жазған соңғы жазбасы. Ол бұл жазбаны науқастанып жүргенде 2002 жылы жазған еді.

 

Мұның қазақша аудармасы былай:

 

     

 

Халифа Алтайдың соңғы жазбасы, 2002 жыл

 

"Мен мұсылман отбасындатуылғаным үшін шүкір етемін. Аллаға шүкір, мұсылманмын. Әкем Құран оқитын, діни сауатты кісі еді. Мен алғаш діни сабақты әкемнен алдым. Кейін ауыл молдасынан білімімді жетілдіріп, діни тәрбиелендім. Діни тәрбиеленгендіктен, темекі тартпадым, арақ ішпедім, құмар ойнамадым, ұрлық қылып, өтірік айтпадым. Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Он бір жасымнан намаз бастап, содан бері намаз оқып келе жатырмын. Алла қабыл етсін!"

 

Халифа Алтай, 2002 жыл.

 

– Әңгімеңізге рақмет, Бибәтіш апа! Сіз секілді ізгі аналарымыздың бізге айтар өнегесі таусылмасын! Алла сізге ұзақ өмір нәсіп етсін!

 

– Мені қадірлеп келгендеріңе рақмет, Алла әрдайым қолдаушыларың болсын! Халифа кетсе де, ошағында оты бар ғой деп келгендеріңе Алла разы болсын, айналайындарым!

 

P/S: Иә, Халифадай алып адамның артында осындай ары таза, жаны таза қазақ әйелі бар екенін біліп, ой түйіп қайттық. Халқына қадірлі, еліне шапағатшыл болған қария – қазақ еліндегі Ислам дінінің таралуына баға жетпес еңбек сіңірген Халифа Алтай есімі ешқашан ұмытылмайды. Иә, ол өзі айтып кеткендей шынымен ең бақытты адам! Келер ұрпаққа өлмес сөз, сауапты із қалдырған «Түрік әлемінің ғұламасын»  Алла рақымына алғай!

 

 

Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа

7412 рет оқылды