Сұхбат 2016-09-21 (0) (7166)

ЕЛДОС СМЕТОВ: «КҮМІС – МОЙЫМАУДЫ ҰҒЫНДЫРДЫ...»

ЕЛДОС СМЕТОВ: «КҮМІС – МОЙЫМАУДЫ ҰҒЫНДЫРДЫ...»

 

Ол күрес әліппесін бес жасынан үйрене бастады. Оның сүрінгенінен сүйінші сұраған сәттері көп. Татамиде әлемнің талай мықтыларын тақымдаған қазақтың талантты балуаны Елдос Сметовпен Рио Олимпиадасынан кейін сұхбаттасудың сәті түскен еді...

 

«Арманым – Токиода алтын алу...»

 

Асыл арна: Ассалаумағалейкум, Елдос! Төртжылдықтың басты додасында ел қоржынына күміс салдыңыз. Сөйтіп тартысты өткен әрбір жекпе-жегіңізге көз тіккен жанкүйерлеріңізге қуаныш сыйладыңыз. Олимпиададан кейінгі көңіл күйіңіз қалай? Күміс медальдан басқа Рио сізге тағы не берді?

 

 

Елдос Сметов: Уағалейкумассалам! Иә, Аллаға шүкір, халқымның мен үшін жасаған дұғасы, шын жүректен айтқан тілектері қабыл болып, Олимпиаданың күміс медалін еншіледім. Осындай айтулы додада олжа салғаныма қуаныштымын. Әлем біріншілігінде топ жарғанда да дәл мұндай сезімде болмаған шығармын. Тек қол созым жерде тұрған алтынға жете алмағаным ғана көңілімен аздап қаяу салды. Бірақ жеңілісті қайыспай  көтере білу де жеңіске бастар қадам екенін түсінгендей болдым. Ер жігіт ешқашан мойымау керек екенін сезіндім. Менің Олимпиадада күміспен бірге тапқан дүнием осы болды. 

 

Асыл арна: Сіздің Рио Олимпиадасында алған медаліңізді «алтынға бергісіз күміс» деп бағалап жатқандар да болды. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?

 

Елдос Сметов: Иә, басында пенделікпен көңілім толмағаны рас. Кейін  өзімді сабырға  шақырдым. Мүлде жүлдесіз қалғанда қайтер едім деп тәубеге келдім. Мені қолдаған барша жанкүйерлеріме рахмет! Оларды, бүкіл қазақ елін қуанту үшін барымды салдым. Рио төрінде қазақтың Әнұранын шырқатсам деп едім. Бірақ… Бәрі Алланың қалауымен ғой. Күпір етпей, шүкір ету керек. Ендігі арманым – Алла жазса, төрт жылдан кейін болатын Токио олимпиадасында алтын алу.

Асыл арна: Соңғы жылдары  балуандарымызға ерекше серпін беріп жүрген «Қазақстан барысынан» Елдос Сметовті көруіміз мүмкін бе?

Елдос Сметов: Менің «Қазақстан барысына» қатысуға мүмкіндігім бар. Бірақ мен өмірімде қазақша күреспен мүлде айналысып  көрген емеспін. Иә, қазір кейбір дзюдошылар мен самбошылар осы сайысқа қатысып жүргенін көріп қаламын. Ал мен бала кезімде самбомен айналысқанмын. Дзюдодан салмағым жетпей қалған кездерде сол самбомен бір жылдай жүріп қалғанмын. Кейін толықтай дзюдоға ауысып кеттім. Сондықтан, қазақ күресі менің қолым емес деп ойлаймын.

Асыл арна: Қазір елімізде дзюдоның дамуы қандай деңгейде?

Елдос Сметов: Өте жоғары деңгейде. Біздің елде спорттың барлық түрінен мен қатысамын, жетістікке жетемін деген кез келген талпынған жасқа мол мүмкіндіктер мен жақсы жағдайлар жасалған. Міне, биыл ел тәуелсіздігіне мерейлі 25 жыл толып жатыр. Бізге осындай тыныш ел, бейбіт заман берді. Бәле-жаладан, соғыстан аулақпыз. Спортшылардың жағдайы жасалған, еліміздің барлық облыстарында жаңадан спорт залдары салынып жатыр. Алдына мақсат қойған барлық спортшыға осындай мүмкіндіктер жасала берсе, еліміз әлемде өзінің ірі спорт державасы екенін дәлелдей түседі. Кешегі Рио Олимпиадасында да қазақ елі өзінің деңгейімен, жеткен жетістігімен өзге мемлекеттерге үлгі бола алды деп ойлаймын.

«Сенің атағыңды еске түсірмейтін жер бар...»

Асыл арна: Әлеуметтік желілерден ата-анаңыздың қажылық сапарға шығарып салғаныңызды көрдік. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың»  деген  халық даналығы бар екенін білесіз...

 

Елдос Сметов: Әрине, ата-анама қанша жақсылық жасап, қанша қуантсам да, қарызы мойнымда қала береді. Түн ұйқысын төрт бөліп, мені өсірген, тәрбиелеген анамның алдындағы қарызымды қандай жеңісіммен де өтей алмаймын. Спорттық белдесуде де, өмірлік күрестерде де жеңіске жетсем немесе сәл сүріне қалсам, алдымен ата-анама хабарласамын. Алыста жүріп олардың жағдайын біліп, жақсы екенін өз құлағыммен естігенде ғана сабыр етемін. Бұл өмірдегі ең басты байлығым – ата-анамның қасымда болып, маған қолдау көрсеткені деп есептеймін. Ата-анамды қажылыққа жіберген себебім – алдымен Алланың разылығын алуды, сосын ата-анамның батасын алуды көздедім. Себебі, ата-ананың алғысын алу – Ислам дініндегі де, өмірдегі де ең басты мақсат.

 

Асыл арна: Өзіңіздің де үлкен қажылыққа барып, парызыңызды өтеп келгеніңізден хабардармыз.  Алған әсеріңіз есіңізде ме?

Елдос Сметов: Ешқашан ұмытпаймын, ұмытылмайтын ерекше әсер. Қажылық – Алланың қалауымен болатын сапар. Қаншама бай, ауқатты адамдардың өзінің жолы түспей жатады. Түрлі себептер болуы мүмкін. Қасиетті Қағбаның жанында тұрған сәттегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол жерде жан дүниең тыныштық табады. Мәселен, біз түрлі жарыстармен басқа мемлекеттерге жиі барып тұрамыз. Ол жақта 2-3 күннен кейін еліңді сағынып, үйіңе қайтқың келіп тұрады. Өйткені, басқа ортада  4-5 күн болсам, маған соның өзі жеткілікті. Ал біз қажылыққа барғанда ол жақта 26 күн болдық. Ол жер – сенің ешқандай атағыңды, байлығыңды, мал-мүлкіңді мүлде еске түсірмейтін жер. Алланың алдында сауапты істерді көбірек жасап, күнәлі істерден аулақ болатын жер. Осы өмірде жасаған қателіктерің үшін жан дүниеңмен жылап тұрып, Алладан кешірім сұрайтын жер. Сен, мейлі, атақты саяхатшы болып, күллі әлемді шарласаң да, ондай қасиетті жерді таппайсың.

 

«Кішкентай жүректерді қуантқым келді...»

Асыл арна: Әлеуметтік желілілерден көрдік, жетімдер үйіне барған екенсіз. Бүлдіршіндерімізді қуантып, жәрдем берген екенсіз. Түрлі пікірлерді оқыдық. Бірі қуанып, сізге рахметін айтып жаста, бірі мұны мақтаныш, рия деп те қабылдаған екен. Бұған не айтар едіңіз?

Елдос Сметов: Қолыңда бар нәрсемен, мейлі 5 теңге болсын, 10 теңге болсын, садақа беру ең сауапты істерден болып саналады. Адамдарға шынайы көмектесу арқылы өзіңе қуаныш сыйлайсың. Бұл - басқаша қуаныш. Бізде мүмкіндік өте көп. Көп балалы аналарға, олардың балаларына көбірек көмектескім келіп тұрады.  «Мұсылман – мұсылманның айнасы» деген керемет сөз бар. Адам – адамға қарап түзеледі. Сөзін түзейді, болмаса ісін түзейді. Әр адамның өз пікірі бар, өз өресі бар. Қандай пікір айтса да оған құқылы. Жетімдер үйінде жанары жәудіреп, терезеден сыртқа елеңдеген кішкентай жүрек иелерін сәл де болса қуантқым келді, қолымнан келгенше қуаныш сыйлағым келді. Сосын болашақ іні-қарындастарым осындай кішкентай нәрсенің өзінен өнеге алса екен деген оймен жариялаған едім. Мысалы, қазір жастардың көпшілігі, әсіресе, оқушылар ғаламторда, әлеуметтік желілерде жиі отырады. Әлемге әйгілі боксшы Мұхаммед Әли Ислам дінін қабылдағаннан кейін ізінен қаншама адам кәлима айтты. Танымал адамның жасаған игі ісін басқалары да қайталап жатыр. Мәселен, әлемде күн сайын қаншама адам Ислам дінін қабылдап жатыр. Бізге ол туралы ақпарат жетпей жатады. Ал Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Майкл Джексон секілді танымал тұлғалар мұсылмандықты қабылдағаннан кейін олардың сұхбаттарын, лекцияларын тыңдап, өнерін жақсы көрген, оларға ұқсағысы келген қаншама жанкүйердің Ислам дініне деген қызығушылығы артты.  Сол сияқты қазіргі жастар, менің замандастарым тек жақсы нәрсеге ғана еліктеп өссе екен деймін.

 

«Біз бәріміз бірдейміз...»

Асыл арна: Атақты, танымал деген сөздердің сіздің қазіргі өміріңізге әсері қандай?

Елдос Сметов: Сайып келгенде біз бәріміз бірдейміз. Адам - адамның емес, адам тек бір Алланың ғана құлы. Осыны көпшілігі керісінше түсініп жатады. Иә, сізді кей адамдардан ерекшелеп белгілі бір деңгейде ғана атақ, мансап, абырой мен биіктік беріп қойған шығар. Тек соны дұрыс мақсатта ғана қолдануымыз керек. Дандайсып кетсеңіз, өз орныңызға қайта келесіз. Себебі, шыққан биігіңнен төменге құлдырай салу да қазір-ақ. Абыройсыздыққа қалуың да әп-сәтте. Мен өмірде мына нәрсені түсіндім, бізді тәкаппарлықтан ада ететін нәрсе өзіңнен жоғары нәрсеге емес, төмендегіге қарап тәубеге келу екен...

 

Асыл арна: Алла абыройыңызды арттыра берсін! Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Салтанат ҚОЖА

 

«Асыл арна» анықтамасы:

 

 

Сметов Елдос Бақтыбайұлы – 1992 жылы 9 қыркүйекте Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген.  Дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Жастар арасындағы әлем чемпионы (2010), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013). Әлемдік рейтингтегі орны  5-орын. Рио де Жанейрода өткен ХІІІ жазғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем чемпионы (2016).

7166 рет оқылды