2017-08-15 (0) (8602)

ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒАН ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ

ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒАН ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ

 

 

Қазақ арасынан шыққан алғашқы қажылар туралы Мәшhүр Жүсіп Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде: «Бұл қазақты қажыға ілкі бастап барған уақ Нүркен бай. Әйелімен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне, жұртына келген. Сол Нүркеннен соң екінші қажыға барушы – Күләк Самат. Баянауылда дуан болып, ноғай Байжан хазірет екеуі барған, екеуі де сол жақта көз жұмған. Солардың кеткен жылы қой жылы еді», - дей отырып,  Құнанбай бастаған үшінші топты «…Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері көзге түсерлік әр елдің қасқа, жайсаңы болғандықтан көргендер таңырқарлық болыпты», - деп сипаттайды. Иә, бесінші парызын өтемек ниетпен Алланың Үйіне ат басын бұрғандардың  қазақ арасында аз болмағаны тарихтан белгілі.  Мәселен, ХVІ ғасырда өмір сүрген Шалкиіз жыраудың Би Темірге арнаған толғауындағы:

Қара бас күспен шалдырып

Көк теңіздің үстінде

Көтеріп желкен аштырып,

Жүк тиедің кемеге,

Ниет еттің тәңірінің үйі кебеге (яғни Қағбаға), -

дейтін өлең жолдары – соның айғағы.

Сонымен, қажылыққа барған қазақ зиялылары кімдер еді? Бүгін солардың бір-екеуіне тоқталып көрмекпіз.

 

 

«Мойнында парыз қалар деп ойлады,

Меккені өліп кетсе, тәуап қылмай...»

 

«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті Абай десек, сондай алып ақынның тууына, оның заңғар тұлға  болып қалыптасуына себепкер болған бірден-бір адам Құнанбай екені даусыз. Ақын Абайдың суреттеуінше, Құнанбай артына өлмейтін із қалдырған, жоқ-жітіктің қамқоршысы, олардың ешқайсысын алаламаған, ақылды, адал, әділ ер болған. Ал сол Құнанбайдың күні бүгінге дейін ел есінде сақталып, аңызға айналып келе жатқан істерінің бірі – Қарқаралыда мешіт салдыруы және қажылық жолымен Меккеге барып, ол жақта мұсылмандар түсетін үй тұрғызуы.

Өмірінің соңына қарай, бес парызды түгел орындап, Алланың разылығын алуды ойлаған Құнанбайдың қажылыққа баруға аңсары ауады. Бұл жөнінде Әрхам Кәкітайұлы өз жазбасында: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Құдай үйі – Меккеге барып, тәуап қылып қайтайын деп едім», - деп ақылдасады. Оған балалары да қарсы болмай, көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», - деп жазады. Бұл оқиға 1900 жылы Қазан қаласынан шыққан «Қажы Әндірбай қалпе» атты кітапта жыр үлгісімен былай деп өрілген:

Енді екінші сөйлейін сапарынан,

Білгенімше таратар келді кезім.

Тобықтыда Құнанбай жүрмек болды,

Көруге бек ынтызар Мекке жүзін.

Қазақта кім бар еді Құнанбайдай,

Жаратқан абзал қылып патша Құдай.

«Мойнымда парыз қалар» деп ойлады,

«Меккені өліп кетсем, тәуап қылмай».

Басшы қылып қалпені алып жүрді.

Тәуекел Хаққа қойып, белін байлап,

Шаншарда Жүсіп қожа және жүрді,

Матақпенен жүріпті Саудабай бай..

 Қасиетті қалаға жеткеннен кейін Құнанбай жанындағы байларға: «Біз секілді бар адам келсе, ақша төлеп болса да түсетін жер табылар. Ал жоқ-жітік келсе, олар қайда жатады? Соларға арнап, осында бір үй салдырып кетейік», - деп бастама көтереді. Сөйтіп, «Құнанбай тақиясы» аталып кеткен қажыларға арналған үй бой көтерген деседі. Ақын Абай да әкесінің бұл ісі туралы:

Меккеге барып үй салып,

Пәтер қып жаққан шырақты.

Бір Құдайдың жолына,

Малды аямай бұлапты, - 

деп жазған.

 

 

Қажымұқан қажылыққа барған ба?

 

Қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқанның азан шақырып қойған аты Мұқан екен. Бірақ бертін келе «Қажы Мұқан» атанып, халыққа да солай танымал болады. Палуанға бұл атаудың қалай жалғанғаны жөнінде де түрлі пікірлер бар. Біреулер: «Мұқан қажылыққа барамын деп жолға шығып, Түркиядан қайтқан. Содан кейін «қажы» атана бастаған», -  десе, енді біреулер: «Меккеге қажылыққа барғаны рас, тек кейінгі жылдары кеңестік идеологияға орай бұл туралы көп айта бермеген», – дейді. Ал белгілі ғалым Қалиәкбар Әміржанов: «Ыстамбұлда атақты түрік палуанын жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдадқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан атанып кетеді», - дейді.

Бұл туралы балуанның өзі де ауылдасы Дүйсенбай Елібаевқа: «Балам, мені халық бірінен бірі естіп қана біліп жүр. Атымды да толық білмеген жұрт Әжімұқан деп атап жүр. Менің атым – Қажымұқан. Меккеден келе жатқанымда «Қажы» деген сөзді түріктер қосып, «Қажы Мұқан» атандым», – деген көрінеді. Бұл деректер жауырыны жер иіскемеген балуанның қажылық парызын өтегендігінің айқын дәлелі.

 

1906 ж. Абайдың ақын інісі  Шәкәрім Құдайбердіұлы да бейбіт қалаға аяқ басып, қажылық парызын өтеген. Бұл туралы оның ұлы Ахат Шәкәрімұлы әкесінен естігендерін былайша баяндайды: “Меккенiң тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым, – деп әңгімелеген екен Ш.Құдайбердіұлы. – Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескi замандағы Әбу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым. Қайта қайтқанда бiзден ауру шығып, бiр айдай Стамбулда жатып қалдық. Мен доктормен келiсiп, Стамбулдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үндi, парсы ғалымдарымен пiкiр алыстым”. (Ахат Шәкәрiмұлы. Қажылық сапары // Абай. – 1994. – № 9. – 37 б.). Бұл туралы Ш. Құдайбердіұлы 1912 ж. Семейде басылып шыққан «Мұсылмандық» атты трактатында жан-жақты талдау жасап тоқталады. 

 

Әрине, қазақ зиялыларының арасынан шығып, қажылық парызын өтегендердің саны мұнымен шектеліп қалмайды. Қағбаны тауап етіп, «Алланың қонағы» болу бақытына ие болған аналарымыз бен әжелеріміз де аз болған жоқ. Еліміз егемендік алған тұста, тұңғыш рет Қазақстаннан 21 адам  қажылыққа аттанса, 1993 жылы  300-ден астам адам Меккеге сапар шекті. Сол бiр тарихи мерзiмнен бастап күнi бүгiнге дейін жылда республика мұсылмандары қажылық парыздарын өтеп қайтуда. 

8602 рет оқылды