2016-09-16 (0) (33144)

СЕНІ ШЫНАЙЫ БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕТІН 8 СЕБЕП

СЕНІ ШЫНАЙЫ БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕТІН 8 СЕБЕП

 

 

Бақыт іздегендерге...

Шынайы қуанғысы, күлгісі келетіндерге...

Бұл дүниеде тыныштықта болуды аңсағандарға арналады....

 

Біз де бақыт іздеушілерденбіз...

Осы күнге дейін іздегенімізге жеткізер деген бірнеше жолмен жүріп көрдік. Тек қараңғыда қалғанда ғана қателескенімізді ұғып жаттық. Байлықпен бақытты болғысы келген Һарұн байды жер жұтты. Оның соңындағы тағдырластары да сүрінді. Билікпен бақытты болғысы келген перғауын теңізге батты. Кейінгілер де көксегеніне жетпеді. Мансап пен атақ иелерінің өздеріне қол салуы – олардың бақыттың бағытынан бұрылып кеткендіктерін нұсқайды.

Біз білмедік. Асылында, Алла Тағала бақытқа жеткізер жолды әлдеқашан анықтап қойыпты. Ал Оның соңғы Елшісі сол жолды нақты сызып көрсетті. Бірде-бір бағдаршам, бірде-бір бұрылыс жасырылмаған. Бұл басшылыққа ерген адам еш күмәнсіз бақытты уысына түсіреді. Кедей болса, Алла оны бақытты етеді. Сырқат болса, Алла оны бақытты етеді. Жалғыз болса, Алла оны бақытты етеді. Қиындығы мен мұңы мың батпан болса, Алла оны бақытты етеді. Бақыт пен бақытқа бастар жолдың арасына ешбір материалдық себеп кедергі бола алмайды.

 

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?

 

Жаратушы Иеміз Құранда: «Иманға келген және имандарына әділетсіздікті (Алладан басқаға құлшылық етуді) араластырмағандар – міне соларға амандық (қауіпсіздік, тыныштық) бар әрі олар – тура жолдағылар» деген («Әнғам» сүресі, 82-аят).

Жанымыз мен тәніміздің, жүрегіміздің тыныштығы, отанымызда, отбасымызда амандық, материалдық жағдайымызда, шайтан мен оның азғыруында қауіпсіздік... Міне, бақыт деген осы.

Тыныштық – БАҚЫТ! Бақыт – ТЫНЫШТЫҚ!

 

Бақытта береке бар, ырыс та бар.

Адал жар, аңқау балаң гүл ұстаған.

Нағыз бақыт – жүректің тыныштығы,

Иесін тапқан жүрек тынышталар! (С. Қалиев)

Мейірімі мен қамқорлығы шексіз Алла бақытты ешбір дүниелік нәрсеге жасырған жоқ. Қолбасшылар, билік иелері, атақтылар, байлар қорқады. Ал, Алла таңдағандар қауіпсіздікте. Өзін Құдай жариялаған перғауын қорыққан. Өзін Құдайға құл еткен Мұса тыныштықта болды. Жер бетінде ешбір жанның Құдайдың қалауынсыз бақытты бола алмайтындығына күдік те, күмән де жоқ. Бақыттың кілті – Жаратушымен болған байланысты түзеуде, барлық нәрсенің төмендігін, әлсіздігін мойындап, Оған ғана құлшылық етуде. Бақыт – Аллаға ұмтылыс, Алламен үздіксіз байланыс, Алла туралы ойлар.

БАҚЫТ АЛЛАДА! БАҚЫТ АЛЛАМЕН!

Бақыттың Басқарушысы, бақыттың Патшасы – Алла. Ол Өзінен теріс бұрылғанға, Өзін ашуландырғанға қолындағысын бере ме? Кімде-кім ризық, шипа беру, бақытты ету, жолды ашу, бала беру секілді істер Алладан басқа бір жаратылыстың, заттың, құбылыстың қолынан келеді деп сенсе, ол Раббысының рақымынан алыстады.

Әділетті де Жомарт Алла бақытты тегін еткен. Оған кедей де, бай да, мықты да, әлсіз де, даладағы да, қаладағы да жете алады. Бақыт дәріде, дүкенде болса, кедейлер опат болар еді. Бақыт алыста, биікте болса, әлсіздер құрдымға кетер еді.

Сонымен, бақыттың не екендігін, қайда және кімнің қасында екендігін білдік. Оған қалай жетеміз?

 

1.     Шынайы, күшті иман және ізгі амалдар

 

Құранның қайсыбір аятын алып қарасақ та, иман мен ізгі амалдың қатар аталатынын аңғарамыз. Мақсатқа жету үшін құр иман жеткіліксіз, оны қуаттайтын салихалы амал керек. Ал имансыз жасалған жақсы істе береке де, пайда да жоқ екендігі тағы бар. Жаратушымыз күллі адамзатты: «Ер немесе әйелден кім иманды (мүмін) болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз (игілікте өмір сүргіземіз. Әрі олардың сыйын істеген амалдарынан артық етіп қайтарамыз» («Нахл» сүресі, 97-аят) деп сүйіншілейді.

Уәдесін бұлжытпай орындаушы Алла қандай да бір дәріні ішуді, затты сатып алуды немесе шетелге ұшуды емес, тек қана иман келтіріп, ізгі амал істеуді талап етеді. Осылайша адам амалын бақытқа айырбастап алады. Раббысына бойсұнған пенде жан-жүрегінен, санасынан, ойынан, тәнінен, отбасынан, дүниесінен, ақыретінен бақытты көреді. Жұмыстың жоқтығы, жақындарынан айырылуы, ақшасының құрдымға кетуі, жазылмайтын сырқатқа шалдығуы, жанын езгілейтін қайғылы хабарды естуі иман мен ізгі амалдың тұтқасынан берік ұстағанға кедергі бола алмайды. Егер бақыттың дәмін сезіне алмай жатсақ, өзіміздің иманымыз бен амалымызда ағаттық бар деп есептейік. Өйткені, Алланың сөзінен асқан ақиқат жоқ!

Сөзімізді онан сайын қуаттап, құлшынысымызды арттыру үшін Жаратқанның тағы бір уәдесін тілге тиек етейік: «Алла сендерден иманға келген және ізгі амал істегендерді – олардан бұрын өткендерді жер бетінде басқарушы еткені секілді, оларды да жер бетінде басқарушы ететінін әрі олар үшін Өзі құптаған дінді нығайтататынын және қорқыныштарын қауіпсіздікпен алмастыратынын уәде етті. «Олар маған құлшылық етеді және Маған еш нәрсені серік етіп қоспайды. Ал кім осыдан кейін күпірлік етсе (қарсы келсе), міне солар – бұзықтар (бойсұнбаушылар)». Өздеріңе рақым етілуі үшін намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаңдар және зекетті беріңдер және Елшіге бағыныңдар» («Нур» сүресі, 55-56-аяттар).

 

2.     Жүректі Жаратушысымен жақын таныстыру

 

«Расында денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дүние түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» (Бұхари). Солай, жүрек бақытты болса, көз де, құлақ та, мұрын да, уақыт та бақытты. Жүрек жыласа, тән жылайды. Жүрек күлсе, жүздер жадырайды. Бір кесек етті Өзін жаратып, мейірімін төккенмен, Жәрдемшімен, Жалғызбен, Мұқтажсызбен, Мәңгімен, Тірімен, күллі жаратылысты Басқарушымен, пенделерге күре тамырынан да жақын болушымен, Сақтаушымен, Тура жолға салушымен, жүректі соқтырушы, тілді сөйлетуші, көзді көргізуші, құлақты естіртушімен таныстыру қажет екен. Кім Алланың барлық нәрсені Жасай алушы,  барлық істі Басқарушы екендігін, Оның шеше алмайтын қиындығының жоқтығын, барлық нәрсе Оның ғана билігінде екендігін білсе, тыныштықта болады. Жүрек Алланы қаншалықты таныған болса, пенде соншалықты бақытты күй кешеді.

Алласын ең жақсы таныған құлдың амалына қараңызшы? Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жыландар мен шаяндардың арасында, дұшпанның қоршауында болған үңгірде жатқанда жанындағы жолдасына: «Қайғырма, ақиқатында, Алла бізбен бірге» («Тәуба» сүресі, 40-аят) деді. Ол сүйіктісі Хадиша, жақын көкесі қайтыс болғанда, аштықтан қарнына тас байлап жүргенде, ұлдары көз жұмғанда, Меккеден қуылғанда, дұшпандардың мазағы мен зұлымдығына ұшырағанда, Мединеде мұнафықтар мен имансыздардың қоршауында болғанда да бақытты еді. Себебі, Раббысын бәрінен жақсы танитын. Мұса Пайғамбар да (оған Алланың сәлемі болсын) артында залым перғауын мен алпауыт әскері, алдында шегі мен шеті жоқ, терең теңіз тұрғанда: «Ақиқатында, Раббым менімен. Ол маған жол көрсетеді» («Шуъара» сүресі, 62-аят) демеп пе еді?

Алланың Өзіне жақындығын сезінген пенденің ұйқысы да, көңілі де тыныш. Ол қауіпсіздікте...

 

3.     Алланы көп еске алу, Құранды өте жиі оқу

 

Адам баласының иман деңгейі оның қаншалықты Алланы жиі еске алатындығына байланысты. Алла туралы ойлар – оның рухының негізгі азығы, қуаттаушысы. «Ей, иманға келтіргендер! Алланы өте жиі еске алыңдар әрі таңертең және кешке Оны дәріптеңдер. Ол сендерді қараңғылықтардан жарыққа шығару үшін сендерге мейірім етеді» («Ахзаб» сүресі, 41,42,43-аяттар) деген бұйрыққа бағынғанның жағдайы қандай ғажап!

Алланы еске алудың ең үлкені – Құран оқу. Құран оқуда сансыз жақсылық бар. Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. «Әнфал» сүресінің 2-аятында: «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» делінген.

Жүрек Құран оқумен тыныштық таппаушы ма еді? «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Раъд» сүресі, 28-аят). Тәпсір саласының бірқатар ғалымдары аяттағы «Еске алуды» Құран деп түсіндіреді. Құран аяттары және ондағы хикметті өсиеттермен танысқан жүрек онымен тыным тауып, орнығады. Өйткені, ол аяттар бұлжымас ақиқатты, көз жеткізер айғақ, дәлелдермен куәландырады. Мұның бәрі адам жүрегіне тыныштық әрі  айқын сенімділік сыйлайды. Бұл ілімді кемшілігі болмаған әрі кемел сипаттарға ие Құраннан ғана табуға болады.

Құран оқылатын үй, Құран оқылмайтын үйден жоғары. Кеудесінде Құран жатталған жан жүрегі Құран аятына шомылмаған жаннан артық. Хадисте «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің» (Бұхари) делінгендей, адамдардың ең жақсысы болу бақыт емес пе? Құран оқысақ, мейірімге бөленеміз, дәрежеміз артады, біз үшін періштелер кешірім тілейді, дүние-ақыретте өзімізге ізігілік жасаған боламыз.

 

4.     Тәубе мен истиғфарды көбейту

 

 

Мұсылманның иманы күшейген сайын өзін күнәһар сезіне бастайды, Құдайға деген қорқыныш артады. Бес уақыт намазын оқыған адам өзін тазамын деп айтпайды. Олай десе, сол күні намазын тастар еді. Керісінше, ол намазды күнәсінан арылу үшін оқиды. Жасаған кішкентай күнәсін үстіне тау құлағандай сезінуші мен жасаған үлкен күнәсін мұрнына шыбын қонғандай көрушінің жағдайы тең бе? Күніне Алладан жетпістен аса рет кешірім сұрайтын Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың кешірімінің астарында үлкен табыстың бар екендігін білді және үмбетіне соны өсиет етті. Хадисте: «Кімде-кім Алладан әрдайым кешірім сұрайтын болса, Алла оған кез-келген қиын жағдайдан құтылу жолын көрсетеді, сондай-ақ оған кез-келген қайғыны жеңілдетеді және оған күтпеген жерінен ризық жібереді» деген (Әбу Дәуд). Ал Хазреті Әли (оған Алла разы болсын) бұл жайында: «Егер бір пенденің басына қасірет орнаса, ол нәрсе күнәдан. Егер пендеден бір қасірет кетсе, ол нәрсе тәубенің себебінен» деп айтқан. Күнәға батқан адам бір істі бітірейін деп қолына алса, сол істі ақырына жеткізе алмай кедергілерге тап болады.

Егер сізді Алланың қуантқанын қаласаңыз, үнемі тәубе етушілерден болыңыз. Өйткені, хадисте: «Сендерден біреу шөл далада мініп келе жатып, үстінде бүкіл тамағы мен суы бар түйесі қашып кетіп, ол оны табудан үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп жатты. Ол сондай жағдайда жатқанда, түйесі кенеттен бүкіл азығымен жанынан табылады. Сонда ол қатты қуанғанынан түйесінің ноқтасынан ұстап тұрып: «Я, Алла! Сен менің құлымсың, ал мен – сенің Тәңіріңмін!», - дейді. Қатты қуаныштан (сөзін) шатастырып алады. Шындығында, Алла Өзінің құлының тәубесіне одан да артық қуанады» (Муслим).

Сөзсіз, Алла Өзін қуантқанды одан да артық етіп қуантады.

 

5.           Дүние-ақыреттің жақсылығын сұрау, бақыттыларға дұға жасау

 

Екі дүниенің де жақсылығын сұрап дұға жасау – сүннеттен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең көп жасаған дұғасы: «Роббәнә әтинә фид-дуния хәсәнә уә-фил  ахирати хәсәнә уә қина азабан-нар» («Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық бер және ақыретте де жақсылық бер. Және Тозақ азабынан сақтай гөр») болған («Бақара» сүресі, 201-аят).

 Құранда дәл осылай дұға жасаушыларға Ақыретте несібе бар екендігі айтылады.

Балаң, отбасың, кәсібің, ата-анаң, тіпті, үзілген аяқ киімнің бауына дейін сұрауға ақылысың. Қабірдің, Тозақтың азабынан, Дәжжәлдің, дүниенің бүлігінен сақтауды сұраудан да қапы қалмағын.

Сондай-ақ, бақытты жандарға дұға жасай білу қажет. Екінші бір адамға шын жүректен тілек тілеу – өзіңе жасаған жақсылығың. Бақытты жандарды көрсең: «Я, Алла, оларға бергеніңді берекелі ет және бізге де соны нәсіп ет!» деуді ұмытпайық. Өйткені, сол сәтте періштелер «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді екен (Муслим).

 

 

6.           Жамандыққа жақсылықпен жауап беру

 

Мұны жасай алған жан бақыттың дәмін, құлшылықтың ләззатын, Раббысына жақын болудың тәттілігін татады. Қазақта «таспен ұрғанды аспен ұр» деген сөз бар. Алайда, «жақсылық жасау әркімнің қолынан келеді, жамандыққа жақсылық жасау әркімнің қолынан келмейді». Алла Тағала Құранда осы бір ізгі амалды жасаушылар туралы былай дейді:

«Жақсылық пен жамандық тең бола алмайды. Жамандықты ең жақсы нәрсемен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандықта болған біреу жақын достай болады. Бұған (осы сипатқа) тек сабыр етушілер ғана жетеді әрі бұған тек ұлы үлеске ие болғандар ғана жетеді» («Фуссиләт» сүресі, 34,35-аяттар).

Ұры алтыны бар үйге түспейтіні секілді, шайтан да имансыз жүрекке қақпан құрмайды. Ізгі амал жасауға ниеттенген адамды мұсылманға қарсы айдап салып, зиянын тигізуді Қияметке дейін жалғастыра береді. Сондықтан, шынайы бақытқа ықыластылар мен сабырлылар жетпек.

 

 

7.           Ақыреттің қамын ойлау

 

 

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімнің көңілі Ақыретті қаласа, Алла оның ісін біріктіріп,  байлықты оның алдына салады. Соның нәтежесінде (ол кісіге) дүние келуге мәжбүр болады, ал кімнің көңілі дүниеге түссе, Алла оның ісін шашыратып,  кедейлікті екі көзінің ортасына қояды және тек істегеніне қарай ғана дүние береді. Нығметі үздіксіз жалғасып жататын мәңгілікті таңдаған адам бақытты» деген (Тирмизи). Сахабалар да бір-біріне алтыннан да қымбат үш нәрсені өте жиі өсиет ететін болған: «Кімде-кім өзімен Алла арасындағы қарым-қатынасты түзесе, Алла оны мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Кімде-кім өзінің ішкі дүниесін реттесе, Алла оның сыртқы дүниесін реттейді. Кімде-кім Ақыретінің қамын ойласа, Алла оның дүниесін және Ақыретін реттеп қояды».

 

8.           Жаратылыстарға көмектесу

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рахманның Өзі рақымдыларды мейіріміне бөлейді. Жер бетіндегілерге мейірімділік танытыңдар, сонда көктегі сендерге мейірімділік көрсетеді» (Тирмизи) деген. Жолымыздың жабылуына себеп болатын негізгі нәрселердің бірі – жасаған жамандығымыз десек, жақсылық – сол жамандықтың тамырына балта шабушы. Ұлы Алла: «..Ақиқатында, жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» («Һұд» сүресі, 114-аят) десе, Оның Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қай жерде болсаңдар да, Алладан қорқыңдар және әрбір күнәңді жуатын қайырлы істерің болсын, адамдарға мейірімді болыңдар» деген екен. (Жәми). Абдуллаһ ибн Аббас (Оған Алла разы болсын) былай деген: «Әрбір жақсылық іс адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның ризығын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады...».

«Ей, иманға келгендер! Сендерге мәжілістерде кеңінен отырыңдар делінсе, араларыңды кеңейтіңдер. Алла да сендерге кеңшілік етеді» («Мужәдәлә» сүресі, 11-аят). Алла пәк! Біз бар болғаны санаулы сантиметр жылжып, бауырымызға орын берсек, Алланың кеңшілігіне шомылады екенбіз. Оған садақа бергеннің, сыйлық бергеннің, тура жолға шақырғанның сыйы қаншалықты десеңізші?!

 

Я, Алла! Бізге дүние-ақыретте бақытты, иман ләззатын сезінуді нәсіп ет! Өзіңнің сүйіктілерің мен жақындатылғандарыңның қатарынан ет! Фирдауста болатындардың қатарына жаз! Өзің разы болған күйде жанымызды ал!

 

 

 

33144 рет оқылды