2016-08-26 (0) (9421)

Асылы Осман: «Әйел адамның жағасыз көйлек кигенін қаламас едім...»

Асылы  Осман: «Әйел адамның жағасыз көйлек кигенін қаламас едім...»

 

Оның есімін барша қазақ мақтанышпен айтса да артық емес.  Жан дүниесі тазалыққа толы Асылы Османның қайсарлығына, қазақ ұлтына деген  риясыз көңіліне, махаббатына сүйсінбеу мүмкін емес. Ақ жүрегімен ақтарыла сөйлегенде қазақтың қара сөзін жандандырып жібереді. «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асылы Әлиқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді...

 

 

 

– Армысыз, Асылы апа! Қап тауынан келсеңіз де Алатаудың баурайында қа­зақ  топырағын қадірлеп, қазақ тілін қалай құрметтеу керектігін ай­тып-ақ жүрсіз. Парасатты да, байыпты ойыңызды ашық айтып, миллиондардың жүрегіне жол таба білдіңіз. Кейбір отандастарымыз сізден арнайы сабақ алса ғой, үлгі алса ғой...

 

– Мен бұрын Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенде ренжігенмін. Неге бізді бөледі? Неге әзір­бай­жан қазақша сөйлемеуі керек, деген ой болған. Кейін ой таразыма салып қарасам, егер қазақтың өзі саған қа­зақ­ша сөйлеп тұрса, мен қайда кете­мін? Басқалар қайда кетеді? Орысша сөйлейтін сіз қайда кетесіз? Сондық­тан сұңғылалығымен әлемді мойындатқан, жамандықты жақсылықпен жаңылдыр­ған Елбасының кеңдігін әлі де дұрыс бағаламай келеміз. Қазақ сияқты ешкімді бөлмейтін, жармайтын, жатсынбайтын халық жоқ! Сол қазақ сенің көңіліңе қарағаннан кейін, сен неге сол қазақтың пейілін бағала­май­сың? Сол рухта тәрбиеленген Елбасы да елдің тыныштығын сақтауда. Сондықтан да әлем бізден үлгі алады. Бірақ, сол әлемнен біз де үлгі алуымыз керек. Кез келген мемлекет өз ұлтының тілін бірінші орынға қойып отыр ғой. Бүгінгі таңда ешкім осыған қарсы болмайды.

 

– Сіздің  қазақ  тіліне деген шексіз құрметіңізге тәнтіміз. Тілімізді сүю үшін бізге тағы не жетіспейді? Қазақ жастарына қандай ақыл айтар едіңіз?

 

– Бізде ана тілі деген бар және мемлекеттік тіл деген бар. Ана тілі бұл әрбір ұлттың тіршілігі үшін, қарым-қатынасы үшін, бір-бірін түсіну үшін, өзінің әдет-ғұрпын, салтын ұрпағымен жалғастыру үшін қажет. Ал, мемлекеттің тілі деген – бұл сол мемлекеттің, тұтас ұлттың тілі. Елбасымыз Қазақстан халық Ассамблеясының сессиясында: «Мемлекеттік тілді, қазақ тілін дамыту үшін барлығымыз күшімізді салып күресуіміз керек, өз мәртебесіне бірге жеткізейік» деп басып айтқан еді. Ал, біздің басты кемшілігіміз – мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыра алмай отырмыз. Ана тілі – бұл жалпы ұғым. Ал, мемлкеттің тілі – қазақ тілі. Мәшһүр Жүсіптің: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі», – деген керемет қанатты сөзі бар. шындығында, түркі тілдерінің ішіндегі ең гауһары, ең асылы – қазақ тілі. Да­мы­ған елдерде өзге тіл, бөтен халық деген ұғым жоқ. Бір тіл, бір мемлекет, болды. Яғни, біз де сол жүйеге біртіндеп көшкеніміз абзал. Се­бебі, біз де өркениетті, дамыған елдердің қатарына ұмтылған елміз. Сондықтан, елі­міз­дегі мектептерде оқыты­латын пәндердің тек бірен-саранын мемле­кет­тік, яғни қазақ ті­лін­де оқыту туралы емес, то­лық қазақ тілінде бі­лім беруді құптар едім. Ағаштың да бір діңі болады емес пе? Бір тамырдан нәр алған бұталары жапырақ жая берсін… Бірақ, тұғыр деген сөзді тек қазақ тілі­не қатысты қолдану керек деп ойлаймын. Елбасы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сес­сия­сында тіл үш бағытты болу керек, қа­зақ тілін білу керек, орыс тілін сақтау керек, ағылшын тілі – экономи­ка­лық тіл, оны меңгеруіміз қажет деген болатын. Осыған мен қуанып, мем­ле­кеттік тіл басымдыққа ие болсын, баршамыз оны білуіміз керек деп айтқанмын. Қазір ағылшын тілін ешкім мәжбүрлемей-ақ, қаражат бөлінбей-ақ, қазағым үйреніп жатыр. Орыстың да, ағылшынның да тілін біл, тіпті, әл-Фараби бабамыз секілді, көп тілді меңгер, біреудің жолына екінші адам кедергі болмайды. Бірақ, «жергілікті халықтың тілін білу сол халыққа деген сыйластығыңды білдіретінін ұмытпа» дегім келеді отандастарыма. Қазақ тіліне деген сұраныс болуы керек. Қызметке алатын кезде де мемлекеттік тілді білетіндігі міндетті түрде ескерілу керек.

 

 

 

– «Мені қиын сәтте қазақ тілі қорғап қалды» деп жиі айтасыз. Сол басыңыздан өткерген қиын сәттеріңізді еске ала отырсаңыз...

 

–  Қиын кезеңде жартысын жарып, бүтінін бөліп, өзге этностарды бауырына басқан қазақ халқына алғысымыз шексіз. Сол дәуірлерде бізге пана да, ана да

болған – қазақ. Қазақ халқының арқасында біз бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Адам өмірі тақтайдай тегіс болмайды. Біз анасыз өскен соң бала кезімізден тауқыметті тартып өстік. Одан кейін жер аударылдық. Ол кезде қазақтардың да жағдайы ауыр. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Мені бала кездегі қиындықтарымнан құтқарған қазақ елі. 1986 жылы менің туған сіңілім ауыр дерттен көз жұмды. Сол сәттеп мен қатты қамықтым, қабырғам қайысып кетті. Уақыт емші ғой. Одан кейін «қазақ тілі» қоғамына қызметке келдім. Қазақ тілінің мәселесімен ойым бөлінді. Қазағым: «Жамандықты ұмытпа сақтық үшін, Жақсылықты ұмытпа шаттық үшін» дейді ғой. Мен жамандықты да, жақсылықты да ұмытпаймын. Мені талай қиын күндерден алып шыққан – қазақтың жылы сөздері мен мейірімі, аяулы алақаны. Көрген жерде маңдайымнан сүйіп, арқамнан қағатын, өзінің перзентіндей көретін қазақ еліне мәңгі қарыздармын. Тас мұқалып құм болады, темір тозады. Адам өмірден озады. Сіздің әрі қарай әдеп-ғұрпыңызды, тарихыңыз бен мәдениетіңізді жеткізетін – көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Сол үшін біз тілдің қадіріне жете білуіміз керек.

 

– Американың халықаралық зерттеу институты ұсынған «Әлемдегі ең таңдаулы әйел» деген атағыңыз бар. Сіз үшін ең кемел әйел қандай болуы керек?

 

– Мен әйелдердің алдымен ана болғанын жақсы көремін. Әйел заты бүгін – қыз бала, ертең – келін, бүрсүгіні – ана. Қоғамды ұстап тұратын – Адам. Ал ол адамды тәрбиелеп отырған – Ана. Өйткені, қоғамның да, перзентіңнің де жөнді тәрбие алуына ең күшті әсер ететін – Ана. Ананың басты міндеті – баласына ұлттық тәрбие беру, бала бойына ұлттық рухты сіңіру, өз тілін – ана тілін сәбиіне үйрету. «Ана» деген сөзге тілі келмеген ана болып жарыта ма қыз бала?!» деген өлең жолдары да бар. Міне, осындай аналық міндетін атқарып жатса, әйел баласы деп оны «көгендеп» тастауға болмайды. Орыстың әйгілі қаламгері Лев Толстойдың: «Патшалық заманда бай адамдар балаларын өздері тәрбиелемей, бала күтушілерге бақтырады. Міне, осының кесірінен балалар өзгеше күйге ұшырайды. Сондықтан әйел адамның басты жұмысы – бала тәрбиелеу» деген керемет сөзі бар. сондықтан, менің түсінігімдегі ең кемел әйел – отбасының отын өшірмей, салиқалы ұрпақ тәрбиелеген кез келген әйел. Мәселен, баласын біреуге бақтырып қойып, өзі таңнан кешке дейін мемлекеттік жұмыс болсын, қара жұмыс болсын, түзде жұмыс жасап жүретін әйелдерге қайран қаламын. Бала алдымен отбасында тиісті тәрбиесін алуы керек. Баланы кім тәрбиелейді, бала соған ұқсайды. Сіз қай тілде сөйлесеңіз, сол тілге қызмет етесіз! Ал, тәлім мен тәрбиені беретін ұстаз, ол – ана. Отбасында аяулы жар, қоғамда айтары бар жан болсаң, міне, онда сен әлемдегі ең кемел әйелдердің бірісің! Қазақ әйелдері ешқашан ұлттың атына кір келтірмеуі керек...

 

– Қазіргі қазақ қыздарының аяқ алысына көзқарасыңыз қалай?

 

– Шынымды айтсам, қазіргі қазақ қыздарына қарап отырып қарным ашады. Қазақ қызын арға, ерін нарға балаған халық қой. Қыздарымыздың жарлы болса да, арлы болғанын жақсы көрем. Ұлтына тән қасиеттерден ажырамағанын жақсы көрем. Қазақ деген әз атқа кір келтірмегенін жақсы көрем. Қазақ қыздары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе екен. Мен өзім оңтүстік өлкеден тәрбие алдым. Біз жақта қыздар ешқашан шашын жайып жүрмеген. Ал, қазір ұзын шашын мақтаныш етіп, жалбыратып жайып жүретін қыздар көбейген. Бұрын «жесір әйелдерге» ғана тән болған шаш жаю үрдісі қазір тіпті «сәнге» айналған. Мен тіптен әйел адамның жағасыз жейде, жағасыз көйлек кигенін де қаламас едім. Қазақ қыздары қай заманда да ұятын жауып жүрген.

 

 

 

– Асылы апа, міне, Аллаға шүкір, бүгінде жетпістің бесеуіне жеттіңіз.  Алла деніңізге қуат берсін! Осы жасқа жеткенде сіздің ішкі әлеміңізде: «жар таңдап, бала сүйетін уақытымды қалай өткізіп алдым екен?» деген қандай да бір өкініш сезімі бола ма?

 

– Мені солай айыптайтындар да бар шығар. Бірақ, Алла кешірсін, менің тұрмыс құрмағанымның өзіндік себебі бар. Біріншіден, біздің ұлтта оқуды бастаған қыз баласынан менмін. Оның үстіне мен анасыз өстім. Бірақ, әкем бізді барынша еркін өсірді. Бізге оқисың деп желкелеген де жоқ, оқымайсың деп етегімізден тартқан да жоқ. Бетімізден қайтарып, кеудемізден итерген жоқ. Мен осындай әкемнің адал еңбегін қалай бағаламаймын деп ойладым. Екіншіден, бұл маған Алланың бұйыртқан тағдыры деп есептеймін. Елімнің, ата-анамның атына ешқашан кір келтіргенім жоқ. Енді ондай жағдай ілуде біреу болатын шығар деп тұрмыс құрғаным жоқ. Білім қуған соң аяғына дейін жеткізейін деп аспирантураны да үздік тәмамдадым. Бір жағынан мен ер мінезді болып өстім, әкеме жақын болдым. Ал, қазір мен өз тағдырыма дән ризамын. Тек бір кемшілігім бар: иә, артымда қалған ұрпағым жоқ. Бірақ, мен қазақтың әрбір ұл-қызын өзімнің өзегімді жарып шыққан туғанымдай көремін.

 

– Апа, өзіңіз жаныңыздай жақсы көретін қазақ халқына тілегіңіз бар шығар...

 

– Елімді байтақ жерімен сақтасын! Халқымды данасымен сақтасын! Сәбиді анасымен сақтасын! Азаматтарымызды санасымен сақтасын! Сонда ғана қазағымның болашағы жарқын, келешегі кемел болады. Қазір жаһандану деген ұғымды жиі айтып жүрміз ғой, сол әлемдік жаһандануға қазақ болып барсақ екен деген тілегім бар...

 

– Әңгімеңізге рақмет! Алла сізге амандық берсін!

 

P/S: Саналы ғұмырында салиқалы ой айтып, тынымсыз ізденіспен, ер азаматқа бергісіз іс тындырған жаннан біздің алар өнегеміз көп. Елдің ерекше ықылас-пейілімен қанаттанып, қияларға қанат қағып, қарымды қайраткерлігімен танылған Асылы Осман қандай мақтауға да лайық. «Қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ», деп ерге бергісіз қажыр-қайратпен, тілдің жырын жырлап, Алаштың мұңын арқалап келе жатқан аяулы апайымызға Алладан амандық тілейміз...

 

 

    Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа

9421 рет оқылды