20:30 | Syrym story
20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
2016-08-24 (0) (5563)

Ұлт – адам қалыптастырушы орта

Ұлт  – адам қалыптастырушы орта

 

«Адам» деген құпия жаратылысты Құдайсыз түсіну қалай  мүмкін емес болса, «ұлт» деген құбылысты  ұғыну  да солай мүмкін емес. Пендені Адам қылатын нәрсе –рухани қасиеттер: махаббат, парасат, ар-намыс болса, ұлттың тобырдан ерекшелігі де – рухани құрылым екендігінде. Ел болу – ортақ мақсатқа жұмылған, ұлт мүддесі үшін өз «менін» «құрбанға» шалуға дайын, рухы биік, иманы кәміл ерлер мен естілердің ісі. Ал өз бойындағы жануарлық табиғатын меңгере алмаған, пенделік пиғыл, менмендік күйден арыла алмаған, бар мақсаты қарын мен мақтаннан ары аса алмаған, нәпсіге құл адамдар – ешқашан елдік санаға жеткен емес һәм жете алмайды да.

Ұлт дегеніміз – рухани бірлік, адами ерліктің нәтижесі. Әр адамның рухани жетілу дәрежесі секілді, әр ұлттың да кемелдену сатылары болады; өтер өткел, кешер тайғақтары болады. Ұлттық сана-сезімнің  тобырлық-топтық, қандық-туыстық деңгейінен рухани-туыстық, саналы бірлік дәрежесіне дейін өсуі – үздіксіз жүретін үрдіс. «Халық» – Алла Тағаланың бір есімі екенін, мағынасы «жаратушы» екенін еске түсірсек, халық немесе ұлт дегеніміз Адам қалыптастырушы рухани орта болып шығады. Осы бір ұлы миссиясын ұмытқан ұлт – жойылуға бет алған ұлт.  Ол, тіпті, экономикасы дүрілдеп, басқалар сесінен дірілдеп тұрған мемлекет болса да. Рухани мәнінен айырылған ұлт – өзегін құрт жеген ағаш секілді...

«Домалақ бастының бәрі адам бола бермейді» деген аталарымыз  мақтанышпен айтылып, бас әріппен жазылатын Адам тәрбиелеу ісін – «мәселелердің мәселесі» деп білген. Сондықтан жұрт болып  жұмылып, ұлт болып ұйысып, намысты ұл, абыройлы қыз тәрбиелеудің мектебін қалыптастырған: бүкіл тұрмыс-тіршілігін осы ұлы Мақсаттың төңірегіне топтастырып жүйелеп, Пайғамбарлар салған сара Жолды, даңғыл Дәстүрді жалғастырып, жаңғыртып отырған. (Біз «дәстүр» деп шариғатқа қайшы келмейтін қағидаттарды, тәрбиелік мәні бар тамырлы салт-жоралғыларды, Хақ діннің негізінде саналы түрде қалыптастырылған жол-жүйені айтып отырмыз) Сол себепті «Дәстүрің - дәрменің, салтың - санаң, ғұрпың - ғұмырың» деп ескертіп, «Антын бұзған – ер оңбайды, салтын бұзған ел сорлайды» деп сақтандырған.

 Адамның кемелденуі – мәңгілік құндылықтарды бойына жиған, тірлік кешудің белгілі бір мәдени жүйесін қалыптастырған, ұлы дәстүрін жалғастырушы Ұлттың ішінде, қасиетінен айырылмаған Халықтың арасында ғана мүмкін болады. Өйткені, адамның күні – адаммен. Яғни, ұлт – адамның нақты өмір сүру формасы, оны қалыптастыратын қалыбы. Шыққан тегіңді құрметтеу, өз ұлтыңның бет-бейнесі мен қадір-қасиетін сақтау - адами  парыз екеніне түпкілікті дәлел-қасиетті Құран Кәрімдегі: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттық...» деген мағынадағы аят («Хужурат» сүресі, 13-аят).

«Мен кіммін?» деген басты сұраққа жауап беру барысында әр адам – ұлттық бірегейлену (идентификация) мәселесіне соқпай кете алмайды: өзінің «менін» тану үшін, ұлттық «менін» де  тануға, түсінуге тиіс болады. Ал ұлттық «менді» тану  – түп-тамырыңды тану, Тәңірлік бастаудан нәр алған түбірлі қасиеттермен, қаныңа сіңген құндылықтармен қауышу деген сөз; сол арқылы бойыңа қуат жинап, бүгінгі күннің талабы мен сынағына қажыр көрсету әрі ұлтыңның ұлы мақсатына сай ғұмыр кешу, өз өміріңнің мәнін тауып, мағынасын арттыру деген сөз. Ұлтыңа ұл болу жеке бастың пенделігінен, отбасылық тұйықтықтан, әулеттік мақтаннан, рулық-жүздік жіктелуден жоғары көтеріле алғанда ғана, әр қандасыңа мейірім мен әділет тұрғысынан қарай алған кезде ғана мүмкін  болады. Ұлтыңа ұл болу – өз еліңнің есеюі жолында тер төгу, міндетсімей жүк арқалау деген сөз, «әр адам – менің бауырым, әр қазақ - менің жалғызым!» деп күн кешу деген сөз. Бір сөзбен айтсақ, ұлтыңа ұл болу - Жаратқанға құл болу деген сөз. Өйткені, хақ дін Исламның талабы да – осы...

Ұлтты қалыптастыратын һәм сақтайтын ерекшеліктер мен негіздер мыналар:

1.                  Тілі – тек құбылыстар мен заттарға ат қою арқылы түсінісетін қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – сол халықтың дүниетанымы, санасы, жаны...

2.                  Діні – осы ұлттың өмірлік қағидасын орнықтырушы, мәдениетін қалыптастырушы, құндылықтар жүйесін реттеуші, халықтың қан тамырына құнар құюшы, арман мен мақсатын айқындаушы қуат-сенімі... 

3.                  Салт-дәстүрі – мыңдаған жылдардың сүзгісінен өткен, сол халықтың сана-сезімінің, өміртанымының, яғни ішкі мазмұнының сыртқы көрінісі, қарым–қатынас қалыбы...

4.                   Өнері – өмірді қабылдау, түйсіну мен сүйсіну, жеткізу тәсілі; құлшылық-шүкіршілігінің бір түрі; ақиқат пен әсемдіктің, сыр мен сұлулықтың үйлесу формасы...

5.                  Тарихы – ұлттың жүріп өткен жолы, тағылым алар мектебі, нәр алатын тамыры...

6.                  Атамекені – бабасының қаны, анасының сүті, бауырының тері сіңген, ұлт мінезін қалыптастырушы қасиетті кеңістік, ұлт тағдырының тірі куәсі...

7.                  Мемлекеті – жігерінің жемісі, еркіндігінің кепілі, руханиятының қызметшісі...

Иә, ұлттың тарихы – рухтың тарихы. «Адам қалыптастырушы орта» деген мақсатын ұмытпаған, «Жақсылықтың жолында жарысыңдар» деген Жаратушы үкіміне сәйкес, бәсекеге жарар жігер-қайратын шыңдаған ел ғана  рухы биік, абыройы артық ұлт бола алады. Бірін-бірі дос тұтқан, ниеті мен амалы Алланың назарына іліккен жұрттың ұлттық рухы әрқашан асқақ болмақ!

Армансыз жігіттің дәрменсіз болатыны секілді, ұлттық идеясы, ұйытқысы жоқ ұлт та ұзаққа бармайды. Қарынның тоқ, көйлектің көк болуы секілді нәпсәни қажеттіліктерді қазақ ешқашан өзіне басты мақсат еткен емес. Қайта ол қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын. Қазақтың мінезі - ерлік пен махаббат еді!  Қазақтың қымбаты - ары мен намысы еді! Ендігі міндет – осы «еді» деген сөзді, «сол, солай болу керек» деген сөзге ауыстыру! Яғни, біздің идея – Қазақ болу...

Құлдық пен мәңгүрттіктің басы – тамырыңнан айырырылудан басталады. Өз ұлтының тілін білмеу, тарихын зерделемеу, мәдениетін пайымдамаудан келіп туындайтын тегінен жирену, менсінбеу секілді кеселге ұшыраған адам – ұлттық бірегейлену қажеттілігі өтелмегендіктен, жартыкештік комплексіне (комплекс неполноценности) ұшырайтынын,  ішкі жетімсіздік пен өзін сыйламау сезімінің құрсауында қалатынын психолог-ғалымдар дәлелдеп отыр. Сол себепті қазақылығын жоғалтқан, таппаған, тіпті іздеп көрмеген, «Адам болу үшін – қазақ болу шарт емес» деп есептейтін ағайынға айтарымыз: тамырыңызда қазақтың қаны бар екені рас болса, қазығыңызды әлі-ақ айналып жүріп табасыз, сол кезде қуанып тұрып, өкінетініңіз, өкініп тұрып қуанатыныңыз – шүбәсіз...

Ал, мен асыл текті, аққу жүректі, қыран келбетті, жылқы мінезді қазақ деген мұсылман халықтың ұрпағы болғаныма мың мәрте шүкіршілік айтамын!

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

5563 рет оқылды