2016-08-23 (0) (13365)

«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ТУРАЛЫ ЖЕТІ ДЕРЕК

«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ТУРАЛЫ ЖЕТІ ДЕРЕК

 

Қай заманда болмасын, көшпелі қазақ халқының өзіндік ел басқару жүйесі, елдің қамын жеген ерлері мен білімпаз билері болған. Бұған кезіндегі «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» және «Жеті жарғы» сынды заңдар жинағы дәлел.

 «Жеті жарғы» –  Тәуке ханның тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы  XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салады. Осы ретте ол “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жинағын қабылдайды. Бұл жүйе қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтығандықтан, Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. .

http://zertteushi.kz/images/20151118/2.jpg

Қазақ хандығындағы билер соты

 

 

 

«Жеті жарғы» туралы біз білуге тиіс жеті дерек:

1.     Біріншіден, «Жеті жарғы» заңдар жинағы заман талабынан туындаған.

 ХVІІ ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қауіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастағандықтан,  мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заң жүйесі қажет болды. Міне, сондықтан да Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың ұстанған жолын негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды.

2.     «Жеті жарғы» жеті жаңа тармағымен ерекшеленген:

1-жарғы.Көтеріліс жасап,бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.(Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туған).

2-жарғы.Түркі халқының мүддесін сатып,елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі –елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).

3-жарғы .Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірушілікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).

4-жарғы.Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап,ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын.(Бұл – шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалықты талап еткен маңызы зор жаңалық).

5-жарғы.Өреде тұрған,тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.(Ол кезде «ер қанаты – ат» демекші, жылқы малы мемлекеттің соғыс күші ретінде бағаланды).

6-жарғы.Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7-жарғы.Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.

3.     Сайлауға қару асынып келу міндеттелген.

 «Жеті жарғы» заңдар жинағы негізінде қазақтың тайпа, ру басылары жылына бір рет жиналған. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілген,. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруі міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.

4.     Кез келген қылмыстың құны төрт түлік малмен төленген.

Бұл кездегі жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген, ақсүйек болса, құн мөлшері жеті есеге дейін өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген.

«Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болған.. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.

5.     Ауыр қылмыс жасаған адам өлім жазасына кесілген. 

«Жеті жарғыда» қылмыстық іс пен құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмысқа кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу, т.б жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас атып өлтіру. Сондай-ақ, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар да өлім жазасына кесілген.

6.     Қылмыстық істерді билер соты қараған. 

Егер билер соты барысында екі жақ келіссе, өлім жазасын құн төлеумен алмастыруға мүмкіндік берілген. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмесе, егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда; жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда; «Құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Ал, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауыс көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен.

7.     Құдайға тіл тигізген адамға белгілі мөлшерде құн төлеткен.

Ал Құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталатын болса, ол адам таспен атып өлтірілген.

Көшпелі халықтың өмір сүру формасы мен дағдысын қамтыған бұл жүйені қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін пайдаланып келді. Ал кейбір заңдар 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін қолданылған деген деректер де бар...

 

 

13365 рет оқылды