22:30 | Тәтті Time
2016-08-22 (0) (16429)

Жақсылық жасаушыға 7 өсиет

Жақсылық жасаушыға 7 өсиет

 

«Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, расында өзгеден жақсылық көргеннен гөрі, біреуге жақсылық жасаған ләззаттырақ. Мұның сыры, бәлкім, жақсылық жасаудың өзге үшін ғана емес, өзіңнің де Ақыретіңе есепсіз көп пайда келтіретініңде жатқан шығар. «Алла кімді сүйсе, оған адамдардың ісін түсіріп қояды», ‒ дейді хадис. Игі іс қылудың саған нәсіп етілгенін білу, мұқтаждығы өтелген жанның қуанышын көру, батасын алып, ризашылығына бөлену шынында да керемет емес пе?!

Алла Тағала мейірімдіге Мейірімін төгеді, рахымдыға Рахымдылық қылады, кешірімдіні кешіреді, қайырымдылық қылғанға Алла да қайтарымын арттырып береді. Кім қандай жақсылық қылам десе де оған тыйым жоқ. Қайырымдылық қылу да арнайы ережеге тәуелді емес. Дегенмен, жасаған жақсылықтың сауабы зая кетпеу үшін кейбір нәрселерді ескерген артықтық етпейді. Осыған байланысты, пайдасы тиер деген үмітке сүйеніп, аз-кем насихатпен бөліссек дейміз.

 

Ниетті дұрыста. Жақсылықты тек Аллаға арна. Жақсылық жасауға бағыт алған адам, ең әуелі: «Мен бұл амалымды тек қана бір Алланың разылығына арнаймын» деп ниет еткені абзал. Себебі, ізгі амал 100 пайыз Аллаға арналғанда ғана иесіне Ақыретте орасан зор пайда алып келеді. Себебі, адам тез ұмытады, ал, Алла шаңның тозаңындай жақсылығыңды ұмытпайды. Адам жақсылығыңды қайтара алмауы мүмкін, ал, Алла еселеп қайтарады. Сондай-ақ, адамға жағу мүмкін емес. Адам кейде, жақсылығыңның өзін дұрыс түсінбей, өзіңді ренжітуі мүмкін. Сондықтан, титтей жақсылық болса да оны бір Алла үшін жасаңыз. Сонда есепсіз игілікке бөленесіз.

 

Жақсылықты есеппен жасама. Рахмет күтпе. Жақсылығыңды міндет етпе. Алла жолында не берсек те, қандай қайыр-жақсылық қылсақ та, сөзсіз, ол өзімізге қайтады! Ол ‒ Алланың Уәдесі.

Алла Тағала: «Әрі жақсылықты ‒ көп болып қайтуы үшін жасама», ‒ деп бұйырады. («Муддәссир» сүресі, 6-аят)

Яғни, адамдарға өзің ұсынған дін және дүние игіліктері үшін, оларға міндет қылма. Керісінше, сен адамдарға мүмкіндігің жеткенше жақсылық жаса және оларға жасаған жақсылығыңды ұмыт. Істегендерің үшін қайтарым сыйды, тек аса ұлы Алладан тіле. А.Саъди

Сондай-ақ, Алла Тағала «Бақара» сүресінің, 264-аятында: «Ей, иманға келгендер! Мал дүниесін адамдарға  рия /көрсету/ үшін жұмсап, Аллаға және Ақирет күніне сенбейтін біреу секілді садақаларыңды міндетсіну әрі ренжіту арқылы зая кетірмеңдер», ‒ деп ескертеді.

Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Жақсылық жасаудың әшекейі ‒ міндетсінбеу», ‒ деген екен.

Туысына немесе танысына жақсылық жасаған кейбір адамдардың аузынан кейде: «Кезінде осындай қайыр қылып едім», «осынша беріп едім», «жұмысқа тұрғызып едім» деген секілді сөздерді естіп жатамыз. Немесе, ата-енесіне деген қызметін «келінім не күйеу балам да ертең мені осылай сыйласын» деп, яки «менің де балаларыма осындай жақсылық қылынсын» деп, қылмақ қайырын есепке құрып жататындар да бар. Ал, шын мәнінде жақсылықты ескеруші Алланың тағдыр еткені ғана орындалады. Алланың есебі ғана болады. Егер, қай амалыңды да шын ниетіңмен, бар ықыласыңмен Алла үшін жасасаң, Раббың сені, сен күткеннен әлдейқайда артық марапатқа, сый-құрметке кенелтуі мүмкін. Әбу Бәкір әс-Сыддық (Алла оған разы болсын), ел көзінен таса жерде, ешкімге жария етпей, көзі көр әлгі қарт кісінің үйін сыпырып, тамағын беріп, ыдысын жуғанда «менің де қыздарым кемпір болғанда, оларға да осындай жақсылық қылынсын» демеген болар? Олар үшін Раббысының разылығынан артық ештеңе керек емес-ті. Ендеше, жақсылықты дүниелік есеппен емес, Ақыреттегі есебіңді ойлап жасауға ынтық болмақ керек.

 

Жақсылықты жасаған соң, оны ұмыт. Бір істен соң тояттап, тоқтап қалма. Кейде жасаған болмашы бір жақсылығымыз өзімізге ірі көрініп, нәпсімізге тау қопарып тастағандай күй сыйлауы мүмкін. Жақсылығыңның шырын дәміне рахаттанып, қуанған әрине жақсы. Алайда, бұндай сезімде көп жүріп қалу келесі бір жақсылықтарды елемеуге алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, жасаған жақсылығыңды ұзақ есте ұстау ‒  адамдардан мақтау дәметуіңе, адамнан қайтарым күтуіңе немесе міндетсінуге алып келуі де мүмкін. Сол себепті де қандай үлкен қайыр қылынса да дереу оның ұмытылғаны жақсы. Адам бір жасаған жақсы амалына тояттап, тоқтап қалмауы керек. Лұқман хакім: «Жасаған жақсылығыңды және көрген жамандығыңды тез ұмыт», ‒ деген өсиет айтқан.  

 

 «Мен жасадым» деп өз-өзіңе сүйсінбе.

Әбу Зу-Жимһир: «Алладан қорықпаған адам: тілін тыймайды, жүрегі харам күдіктен арылмайды, өзін риядан құтқармайды және өзіне-өзі тамсанумен болады», ‒ деген екен. Ақиқатында, қай амалымыздың Алла алдында қабыл етіліп, қай амалымыздың зая кетуде екені бізге беймәлім. Ең кішкентай амалдың өзі ниетіміз арқылы үлкейтілуі мүмкін. Немесе біз үлкен санаған амалымыздың Алла құзырында қауырсын құрлы салмағы да болмауы мүмкін. Шын мәнінде, жақсылық жасау сізге нәсіп болып жатса, ондай мүмкіндікті тарту еткен Аллаға мадақ айтып, шүкірді арттырғаныңыз ‒ абыройлы іс. Өйткені, себептерді де жасайтын, жағдайды да туғызатын ол ‒ Алла. Ал, адамның өз-өзіне сүйсінуі Нуъман ибн Башир (Алла оған разы болсын) айтқандай, шайтанның тұзағы болмақ.

Халқымыз: «Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай,

Батырмын деп мақтанба, барып қайтпай», ‒ деген.

 

Күлімсіре. Жұмсақтық таныт. Адам кейде бір ауыз жылы сөзге зәру болуы мүмкін. Жақсы сөз бен жылы қабақ адам жанын жадыратса, жігерлендіруші сөз ‒ төмендегіні жоғары көтереді. Алла тағала: «Жақсы сөз және кешірім артынан реніш араласқан садақадан қайырлы», ‒ деген. («Бақара» сүресі, 263-аят) Шын мәнінде, адамның бауырымен қарым-қатынаста шынайы әрі жұмсақ болуының өзі үлкен жақсылық. Қайбір істе жұмсақтық болса, ол сол іске көрік береді. Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұмсақ мінезді бол! Ақиқатында, жұмсақ мінез ‒ адамды көркемділіктен басқа ешнәрсеге алып бармайды. Жұмсақ мінезді болмаған адам ұятқа қалады»; «Алла Тағала жұмсақ. Әрі жұмсақтықты жақсы көреді. Ол қатігез кісіге нәсіп етпеген нәрсесін, оған /мейірімдіге/ нәсіп етеді», ‒ деген. (Бұхари)

 

Жасаған жақсылығыңды жасыр. Сахабалар, әуелгі ізгілердің ізгілік істеудегі іздеріне қарасаңыз, олардың жақсылықты барынша жасырын жасауға тырысқанын байқайсыз. Мұның себебі, қай істе де шайтанның үлесі болғандықтан, жүректеріне шайтанның рия құртын енгізуінен сақтануында жатыр. Ислам тарихындағы игі амалдарын жасырған көптеген ізгі кісілердің қисса, оқиғалары бұған дәлел. Шын мәнінде, жақсылықтың сауабын риякерліктен асқан жоюшы жоқ. Сондықтан да болар, Әбу Хазим Саләма ибн Динар: «Өздеріңнің қайырлы істеріңді тіпті зұлымдықты (күнә, жамандықтарыңды) жасырғаннан да қаттырақ жасырыңдар», ‒ деп өсиет қалдырған.

 

Жақсылықтың ең азы болса да оны менсінбей қойма. Мүмкін, дәл сол кішкентай ғана игі амал сізді үлкен сауаптарға қауыштыратын шығар. Ең бастысы, қандай көлемде болса да жақсылықтың ықыласпен, Алла үшін жасалғаны маңызды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман бауырыңды күлімсіреп, жарқын жүзбен қарсы алудың өзін, жақсылық атаулының ешбірін азсынба», ‒ деген. (Муслим)

 

Алла Тағала баршамызға жақсы адам болуды, айналамызға пайдалы болуды, Өзі разы болатындай ізгі амалдарды көптеп жасауымызды және жасаған амалдарымыздың сауабы толық болуын нәсіп етсін!

 

Абдулланың анасы

16429 рет оқылды