2017-06-24 (0) (10360)

ПІТІР САДАҚАСЫНЫҢ ДАНАЛЫҒЫ

ПІТІР САДАҚАСЫНЫҢ  ДАНАЛЫҒЫ

 

Пітір садақасы оразада кеткен кемшіліктердің орнын толтырады!

Күнәлар мен қателіктерден Пәк әрі Әділ Раббымыз  мұқтаждарды айт күндері тіленіп жүруден құтқару үшін және ол ораза кезінде жіберіп алған қателердің өтеуі  үшін Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне пітір садақаны міндеттеген. Ибн `Аббас былай деп айтқан: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-фитрді ауыз бекіткен кісі үшін бос сөздерден тазару ретінде және кедейлерге тамақ ретінде төлеуді бұйырды. Кім оны айт намазына дейін берсе, қабыл болған зәкат болады. Ал кім оны намаздан кейін берсе, онда ол тек садақа сияқты ғана болады» (Әбу Дәуд 1609, Ибн Мәжаһ 1827, әд-Дарақутни 2/138).   

1. Пітір-садақа беру кімдерге міндет?

Пітір садақа беру - мүмкіншілігі бар әрбір мұсылманға міндет. Бұл туралы Ибн Умар былай деп баяндайтын: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-фитрді бір са’ азық-түлік ретінде таратуды бұйырды. Ол мұны мұсылмандардан болған құл мен еркін адамға, еркек пен әйелге, кіші мен қартқа бұйырып, оны айт намазына шығудан бұрын беруді әмір етті» (әл-Бұхари; 1503).  Ал, шамасы келмейтін мұсылмандарға пітір садақа парыз емес. Бұл туралы «Мүмкіншілігі жоқ кісі фитрді беруге міндетті емес екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен» деген Имам Ибн әл-Мунзирдің қолтаңбасына сүйенсек болады.

2. Пітір-садақа қай уақытта беріледі?  

Ислам ғалымдары: «Фитрді өз уақытында бермеген адам күнә жасады! Ол Фитр беруді кешіктіргені үшін тәубе етіп, бәрібір оны кедейлерге беруге тиіс» деген қорытынды шығарған. Әрине, бұл туралы білмей қалған адамның жағдайы басқа. Сонымен, мұндай күнә жасамас үшін «пітірді қай уақытта беру керек?» деген сауалдың жауабына назар салғанымыз абзал. Ибн Умар былай деді: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) фитрді айт намазына шығардың алдында беруді әмір еткен» (әл-Бұхари 1503). Сондай-ақ, Имам Ибн әт-Тин: «Фитр беру уақыты - таң намазынан бастап айт намазына дейін», - деген (“әл-Мутауари” 135, “Фатхуль-Бари” 3/478).

Әйткенмен, егер мұсылман айт намазына дейін беруге үлгермей қаламын деп қауіптенсе, онда оны айт намазына дейін бір-екі күн бұрын берсе болады. Бұл жалпы ережеден тыс жағдай. Нәфи` былай деген: «Ибн `Умар кейде зәкат әл-фитрді айттан бір-екі күн бұрын беретін еді» (әл-Бұхари 1511, Муслим 986). Кейбір ғалымдардың айтуынша, Ибн `Умар пітірді бір-екі күн бұрын кедейлердің өзіне емес, пітір жинауға тағайындалған кісіге беретін еді. Бұл мағлұматты басқа хабарлар растайды. Нәфи`: «Ибн `Умар зәкат әл-фитрді айттан бір-екі күн бұрын оны жинап жүрген адамға жіберетін», - деп айтқан (Мәлик 1/285).

Алайда егер адам пітірді беруге үлгермей немесе оны ұмытқан болса, онда ол төлеуді талап ететін қарыз болып табылатындығына ғалымдар бірауыздан келіскен.  (“Мәусу’әтул-фиқһия” 41/43)

3. Пітір-садақа кімге беріледі?

Пітір тек кедейге берілген кезде ғана төленген болып есептеледі. Ол кедейге немесе фитрді жинайтын сенімді кісіге уақытылы жетуі керек. Кедей адам өзіне тиесілі зекетті жинауды басқа біреуге тапсыруына болады.

Ал, «Базарларда немесе көшеде қайыр тілеп жүргендерге пітір садақа беруге бола ма?» деген сауалға Ислам ғалымдары «Фитр кедей мұсылмандарға беріледі, тіпті егер олар күнәһар болса да, бірақ діннен шықпаған болса. Кедейдің сыртқы жағдайына қарау керек, тіпті егер ол іс жүзінде бай болып шықса да. Алайда шама келгенше шынайы кедейлерді іздеу керек. Егер адам берген зекетінің жағдайы бар адамның қолына түскенін білсе, онда бұл оның зекетіне зиян тигізбейді» деп жауап берген. (“Фәтауа № 3055)

Пітір-садақаны басқа дін өкілдеріне және діннен шыққан адамдарға беруге болмайды, өйткені зекеттің парыз үкімдерінде оларға ештеңе тиесілі емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды Исламға шақыру үшін Му`азды Йеменге жібергенде, былай деген: «Егер олар саған бұл нәрседе (яғни бірқұдайшылық пен намаз оқуда) бағынса, онда Алла олардың байларына кедейлерінің пайдасына зекет берулерін әмір еткенін оларға хабарла» (әл-Бұхари 3/225, Муслим 19).

Сондай-ақ адам ата-анасы, балалары мен әйелі сияқты өзі асырауға міндетті кісілірге пітір-садақасы берілмейді. Бұл туралы Имам Малик: «Өзің асырауға міндетті жақын туысқандарыңның қатарындағы кісілердің ешқайсысына зекет берме!», - деді (  “әл-Мудауина” 1/344).

4. Пітір-садақа барлық отбасы мүшелері үшін төлене ме?

«Пітір-садақаны әр адам өзі үшін беру керек пе, әлде барлық асырауға міндетті болған жандарға да беріле ме?» деген сауал сізге де сөзсіз қызықты деп сенемін. Бұл сұрақтың төңірегінде ғалымдардың көзқарастары екіге бөлінген. «Адам зәкатті өзі үшін әрі мал-мүлкінен жұмсауға (асырауға) міндетті болған кісілері үшін, нақтылап айтқанда: әйелі, балалары және ата-аналары үшін беру парыз болып табылады» деген. Бұл - Имам ән-Нәуауидің пікірі. Ал ол кісі Ибн `Умардан жеткен  «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Асырауға тиісті адамдарың үшін фитр беріңдер» деген хадисіне сүйенеді. (әд-Дарақутни 2/141, әл-Бәйһақи 4/161)

5. Пітір-садақаның көлемі қандай?

Бір адамға бірнеше адамның немесе пітір-садақаны бірнеше мұқтаж жандарға бөліп беруге болады. Айтпақшы, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) кезінде пітір садақа бір са` мөлшерінде болған. Егер бір адам бір са` мөлшерінен артық көлемде беремін десе ерік өзінде. Бірақ, одан аз беруге тыйым салынған. Зәкат әл-Фитрді бір са`  мөлшерінде азық-түлікпен беру керек. Ғұламалар айтқандай, бір са` мөлшері шамамен бидайдың 3 килограмына сәйкес келеді. Азық-түліктің түріне байланысты оның салмағы әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, бір са` арпа 3 килограммнан аз болса, бір са` мөлшеріндегі күріш немесе сүзбе 3 килограммнан артық болуы мүмкін. Пітірді   кез-келген азық-түлікпен: ол макарон, күріш, қара бидай, ет, тары және т.б. нәрселермен болсын – яғни белгілі бір жердің негізгі тамақтарымен беруге болады. Әрі адам пітірді ең қымбат тамақпен беруге міндетті емес, ол оны өзі жеп жүрген орта бағадағы нәрсемен бере алады. Бірақ, пітірді бұзылған және тез бұзылатын тамақпен беруге болмайды.       Сондай-ақ пітірді қантпен, тұзбен және соған ұқсас нәрселермен беруге болмайды, себебі олардың барлығы тамақ емес, тек дәмдеуіштер ғана. Ал Алла Тағала былай деп айтқан: «Сүйікті нәрселеріңді  жұмсамайынша, сендер ешқашан игілікке жетпейсіңдер, ал сендер не жұмсасаңдар да, Алла ол туралы біледі». (Әли ‘Имран 3: 92)

Пітір садақа беру біздің ораза кезінде біліп және білмей жасаған кемшіліктеріміздің орнын толтырады екен. Бұл туралы  Уақи’ ибн әл-Джаррах былай деп баяндайды: «Рамазан айындағы зәкат әл-фитр намаздағы сәһу сәжде секілді. Сәһу сәжде намаздың кемшіліктерін толтырғандай, зәкат әл-фитр де оразаның кемшіліктерін толтырады». Сондықтан да, құрметті мұсылман бауырлар, сауапты істер мен жақсы амалдар жасауға асық болайық!

 

 

 

10360 рет оқылды