2016-06-18 (0) (9583)

Құрмамен ауыз ашудың пайдалары

Құрмамен ауыз ашудың пайдалары

 

Ораза – Алла Тағала алдындағы қадірлі құлшылық. Ораза ұстаушы асығатын ауыз ашар уақыты – әрбір мұсылманға нәсіп болатын екі қуаныштың бірі. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: бірі – ауыз ашар уақытта, екіншісі – Раббысының құзырында» деген.

Күні бойғы аштықтан соң асқазанға ауырлық салмаудың ең жақсы жолы – ауыз ашарда жеңіл әрі жылдам тарайтын тағамды қабылдау. Осы орайда, сүннетте ұсынылған ең жақсы тағам – құрма. Ендеше, бұл мақаламызда құрмамен ауыз ашудың пайдаларына тоқталамыз.

 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім ораза ұстайтын болса, аузын құрмамен ашсын, құрма табылмаса, сумен ашсын. Себебі, су – тазартушы», – деген (Әбу Дауд, Тирмизи)

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), оразасын ашқанда бірнеше (жаңа піскен) құрма жейтін, егер ол табылмаса, аузын кепкен құрмамен ашатын, ол да болмаса, ауыз ашарда бірнеше жұтым су ішетін. (Әбу Дауд, Тирмизи)

Иә, Құран түскен ғасырдан бүгінімізге дейін сүннет боп жеткен құрма мен су – өзара керемет үйлесетін нәр көздері. Оразаны ашқан кезде құрма немесе суды пайдалану – оттегіні миға дереу жеткізіп, адам ағзасын зақымданудан (шок халіне ұшыраудан) сақтайды, қан қысымының бірден түсіп кетуін болдырмайды екен.

Бұл тұрғыда ғалымдар: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауыз ашарда құрма немесе суды пайдалануы – оның астарында үлкен даналық барын дәлелдеді. Өйткені, ораза кезінде адамның асқазаны бос болады емес пе? Қарынның қатты ашуы себепті, ораза ұстаушы адам, егер, күн батысымен көп тамақ жейтін болса, өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Демек, ораза ұстаған адамға аз мөлшердегі, бірақ жылдам күш-қуатын беретін әрі тез қорытылатын тағам қажет болады. Міне, осы тұрғыда құрма жемісі ең құнды саналады. Себебі, құнарлылық көзі болып табылатын құрма – ағзаны (глюкоза мен фруктоза түріндегі) қантпен қамтамасыз етіп, адамға қуат береді. Егер, асқазан бос болса, құрма – тағамның орнын алмастырады, ал қарын бос болмаса, құрма – асқазаннан тағам қалдықтарын шығарады», - деп жазады.

Медицина тілімен айтсақ, қандағы қант құрамының азаюы себепті, ораза ұстаушы адам қатты аштықты сезінеді. Күні бойы ашығып, шөлдеген адамға аштығын басу, шөлін қандыру үшін қант көзі мен су қажет. Ал, бірнеше құрма жегеннен соң-ақ, құрамында жылдам сіңетін глюкоза мен судың көп болуы себепті, аштық сезімі тез басылып, аз ғана су ішу жеткілікті болады (жаңа піскен құрма құрамындағы судың мөлшері 70 пайызға дейін жетеді). Осыдан кейін, ораза ұстаушы адам кішкене тамаққа қанағат етіп, өз денсаулығына зиян жасамайды. Осы орайда, халқымыздың «Ауру – астан» деп бекер айтпағанын қаперде ұстағанымыз жөн. Себебі, аурудың көбі көп тамақ жеуден және дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны белгілі.

Құрма мен суды ауыз ашқанда пайдаланудың және бір пайдасы: тағы тамақ жеуден алдын, адамға өзінің ағзасында қосымша тамаққа деген сұраныстың бар не жоғын анықтауына мүмкіндік туады.

Медицина тұрғысынан қарағанда, ауыз ашарда дәл осы құрманы пайдалану өте пайдалы. Себебі, аш қарында құрманы жеу – асқазанды келесі тағамдарды қабылдауға жұмсақ түрде дайындайды. Яғни, асқазанның келесі тағамдарды жеңіл қабылдауына құрма жемісі жағдай жасайды.

 

Ғалымдар өз зерттеулері барысында, ауызды құрмамен ашудың пайдаларына байланысты келесідей қорытындылар жасайды:

 

Ауыз ашар уақытында жаңа піскен немесе кепкен құрманы пайдалану адам ағзасын пайдалы сахаридтермен байытып, қуаттандырады.

Жаңа піскен құрма құрамында су мөлшерінің көп (65-70%) болуы ораза ұстаушының ауыз ашар уақытта көп су ішпеуіне жағдай туғызады.

 Құрма бал секілді тез, (бір сағат ішінде) қорытылады. Ал, құрамындағы нәрлі әрі пайдалы заттектер ағзаға жылдам сіңіп, денеге жақсы таралады. Соның нәтижесінде адам өзіне қажетті күш-қуат пен дәрумендерді, минералды элементтер мен көмірсуларды тез алады. Құрма құрамындағы целлюлоза талшықтары астың қорытылуына жәрдемдесіп, ыдыраған тағам қалдықтарының ағзадан шығарылуына жағдай жасайды.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан оразасын ұстаушы мұсылманға, күні бойғы жұмсалған қуатын тез жинап алу үшін, ауыз ашар кезінде жаңа піскен немесе кепкен құрманы жеуді өсиет еткен.

Күні бойғы ораза кезінде адам ағзасындағы қант мөлшерінің төмендеуі аштық сезімін шақырады. Құрмамен ауыз ашудың құпиясы да осында. Себебі, құрма – оразадан кейінгі қан құрамында азайған қант мөлшерінің орнын толтыратын фруктозаға бай. Осы себепті, сәресіде және ауыз ашарда құрма жеген адам әлсіремейді әрі шаршамайды.

Барлық мақтау – құлшылық қылған құлына қайтарым сыйын еселеп беретін, ерекше Мейірбан, аса Дана, шексіз Мейірімді Алла Тағалаға болсын! Алла Тағала имандарыңызды кемел, оразаларыңызды қабыл етсін!

9583 рет оқылды