Тарауих – «таруиха» сөзінің көпше түрі. Тарауих деп Рамазан айының түндерінде оқылатын қосымша намаздарды айтамыз. «Тарауих» сөзі «демалыс», «отырыс» деген мағынаны білдіретін «рахатун» деген сөзден шыққан, әр екі не төрт рәкағаттан кейін демалып отыратын болғандықтан, осылай аталып кетсе керек.
Тарауих намазының тарихы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінен бастау алады. Айша анамыздан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанда түнгі намаздарын мешітте оқиды, мұны көрген кейбір сахабалар да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) артына ұйып намаз оқиды. Келесі күні бір-бірінен естігендіктен, мешіт ішіне едәуір көп адам жиналады. Рамазанның 3, 4-түндері де дәл осылай жалғасады. Тіпті, 4-күні олар мешітке сыймай қалады. Келесі күні пайғамбарымыз таңғы намазға шығып, жамағатқа куәлік сөзін айтады да, «Кеше де мешітте жиналғандарыңнан хабардармын. Алайда, парыз деп ойлап қалып, бұл намаз сендерге қиындық тудыра ма деп қорықтым», - дейді. Бұдан кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден өтеді де, бұл амал қалып қояды (Бұхари 2012, Муслим 2/177).
Хадистің тағы бір нұсқасында бұл үрдіс Әбу Бәкірдің (р.а) тұсында да дәл солай жалғасқандығы туралы айтылады. Ал Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) өзі халифа болып тұрған кезде адамдардың барлығын Убай ибн Қаъбтың артына ұйытады. Бұл мұсылмандардың алғаш рет Рамазан айында имамға ұйып намаз оқуы еді. (Насаи 4/155). Халифа осылайша алғаш рет қалып кеткен сүннетті тірілтті!
Тарауих намазын оқудың шарттары:
- Тек Алланың разылығын көздеу
- Пайғамбардың (өткен күнәлардың кешірілуі туралы айтқан) уәдесіне шынайы түрде сену, содан үміт ету
- Риядан алыстау
Тарауих намазын оқудың артықшылықтары
Әбу Һурайра (р.а) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанда қосымша түнгі намаздарды орындауға адамдарды ынталандыратын еді, бірақ оны үзілді-кесілді бұйырған жоқ. Тек “Рамазанның түндерінде иманмен және Алланың сауабына деген шынайы үмітпен намаз оқыған адамның алдыңғы күнәлары кешіріледі” - деді». (Бұхари 37, Муслим 759).
Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, алланың Елшісі, мен Алладан өзге Тәңір жоқ екендігіне, Мұхаммед – Алланың елшісі екендігіне куәлік беремін, намазымды толық орындаймын, зекет беремін, ораза тұтамын және Рамазан түндерін құлшылықпен өткіземін», - дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол адамды нұсқап, «Кімде-кім осы қалпында жан тапсырса, мүміндермен бірге Жәннатта болады», деген (әл-Баззар, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан).
Алла үшін ең сүйікті намаз
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында, Алла үшін ең сүйікті намаз – бұл Дәут пайғамбардың намазы. Ол түннің жартысын ұйықтап, оның үштен бірінде намаз оқып, алтыдан бір бөлігінде ұйықтайтын» (Бұхари 3238, Муслим 1159).
Бұл хадисте де Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды түнгі намазға ынталандырғанын көреміз.
Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні былай дейді: «Шынында, `Абдулла ибн Омар – ізгі адам, бірақ егер де ол түнгі намаздарды көбірек оқыса еді!». Осы хадисті жеткізген әз-Зуһри: «Осыдан кейін Абдулла түнгі намаздарды көп оқитын болды», – дейді (Бұхари 7030).
Ал ибн Омардың өзі былай деген: «Мен намазды сахабалар оқығандай оқимын. Әрі мен күннің шығып жатқан әрі батып жатқан кездерден басқа уақытта, түнгі және күндізгі намаздарды қалағанынша оқуды ешкімге тыйым салмаймын» (Бұхари 589).
Түнгі намазға періштелер қатысады!
Амр ибн Абаса былай дейді: «Бір күні мен Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Түннің қай бөлігінде намаз оқыған жақсырақ?”, – деп сұрадым. Ол былай жауап қатты: “Түннің соңғы бөлігінде (жеті қараңғы түнде)! Намазды таң атқанша, қанша қаласаң, сонша оқы. Расында намаздың куәгері (періштесі) бар әрі ол жазылады…» (Абу Дауд 1277, Ибн Мәжаһ 1251, Ибн Хузәйма 260, әл-Хаким 584).
Иә, бір жылда бір-ақ рет келетін келетін Рамазан айының түнін құлшылықпен безендірудің сауабы мен пайдасы ұшан-теңіз. Жоғарыдағы хадистерден түсінгеніміздей, тарауих – өткен күнәлардың кешірілуіне жол ашатын, Алла Тағала үшін ең сүйікті намаз. Сөзімізді сахаба Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) Рамазан айы келгенде айтатын мына бір өсиетімен аяқтағымыз келеді: “Расында, Алла сендерге бұл айда ораза тұтуды парыз етті, бірақ түнгі намаздарды парыз етпеді. Алайда, шын мәніне келсек, Рамазандағы бұл намаздар - Алла Тағала хабарлаған қосымша амалдардың ең абзалы! Ал кім оларды оқығысы келмесе, өз кереуетінде жата берсін. Сондай-ақ, әрбірің: «Егер пәленше ораза тұтса, мен де тұтамын, егер түгенше түнгі намаздарды оқыса, мен де оқимын», – деп айтудан аулақ болсын. Сондықтан, кім ораза тұтса немесе түнгі намаздарды орындаса, оны тек АЛЛА ҮШІН ІСТЕСІН!» (Абдур-Раззақ 7748, Ибн Аби Шайба 8873. Иснады сенімді).