2016-06-01 (0) (20516)

ҰБТ-ҒА БАРА ЖАТҚАН ОҚУШЫҒА 10 КЕҢЕС

ҰБТ-ҒА БАРА ЖАТҚАН ОҚУШЫҒА 10 КЕҢЕС

 

1.     Дайындығыңның деңгейін ұмытпа. Кез-келген жеңіске үміткер, жетістіктен дәмелі, Аллаға тәуекел етуші, дұға-тілек жасаушы адам «Әр адамға өзі ұмтылып істеген амалынан басқа ешнәрсе болмайтынын (тек өз амалына сай алатынын)» («Нәжм» сүресі,  39-аят) білуі тиіс. Яғни, Алла - Әділ! Сенің ҰБТ-ға дейінгі еңбегіңнің, табандылығыңның, ізденісің мен дайындығыңның сыйын қайтарусыз қалдырмайды. Дана да дара Абай: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (Төртінші қара сөз) демеп пе еді? Бір жылын дайындықсыз өткізіп, жоғары балдан дәмеленген оқушы, көктемде егін екпей күзде егін жинағысы келетін адам секілді десек болады. «Адамнан әрекет – Алладан берекет». Сол себепті, дайындығыңның дегейін есіңнен шығарма. Сонда ешкімге өкпе-ренішің болмайды.

2.     Үйден шыққанда айтылатын дұғаны ұмтыпау. «Бисмилләһ, тәуәккәлту ъаләәллааһ, уә ләә хаулә уә ләә қууәтә илләә билләәһ» («Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағаланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ»). Кімде-кім үйден шығарда осы сөздерді айтса, оған: «Сен тура жолдасың, құтылдың әрі қорғаулысың» деп айтылады. Сол кезде шайтан ол адамнан қашады да басқа шайтанға барып: «Сен тура жолдағы, құтылған әрі қорғалған адамға не істей аласың?» деп айтады». Ғалымдар осы хадистегі «құтылу» сөзіне қатысты: «Ол адам екі дүниеде уайым салатын нәрсенің бәрінен құтылады» деген (Әбу Дәуд).

3.     Ниетті түзеу. «Әрбір амал ниетке байланысты..» (Бұхари, Муслим). Яғни, адамның ниеті дұрыс болған сайын Аллаға ұнамды, Алланың жәрдемі жақын. ҰБТ балы саған не үшін керек? Біріншіден, білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз етілген. Ол осы арқылы надандықтан құтылады, өзгелерге көмектеседі. Екіншіден, білімді, мықты болған, кәсібін кемел игерген мұсылман – әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек. Егер ол сол меңгерген кәсібі арқылы Отанына, қоғамға, туған-туысына пайда келтірсе, тағы да Аллаға ұнамды болады. Төртіншіден, ата-ана баласымен мақтанғысы, оның жетістігін көргісі келеді. Оның жоғары балл жинап, жақсы мамандықтың оқуына түсуі – ата-анасын разы ететін істерден. Ал Алланың разылығы – ата-ананың разылығында. Ендеше, бауырым, сен де ниетіңді ізгілікке қарай баста!

4.     Тәуекел ету. Құранда «Кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (Тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші.  Алла әрбір нәрсеге өлшем белгілеген» делінген («Талақ» сүресі, 3-аят). Жеткілікті! Аллаға дұрыс тәуекел жасаған адамға басқа ешнәрсе қажет емес деген сөз. Дұрыс тәуекел екі ретпен жасалады: біріншісі – себептерін орындау, екіншісі – Аллаға тапсыру. Мәселен, сапар алдында мұздақтың болуынан хабардар болған жүргізуші, сапалы әрі жаңа дөңгелегіне емес, емтихан тапсырғалы отырған студент не оқушы біліміне яки ақшасына, танысына емес, бір Аллаға сенуі тиіс. Өйткені, кейде жаңа дөңгелекті көліктер апатқа ұшырайды, жақсы оқитын, ақшасы мен танысы көп оқушылар да төмен ұпай жинайды. Сонда оқушы, бар күшін салып дайындалып болғаннан кейін: «Я, Мейірімді де Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келгенін жасадым, ары қарай ешнәрсеге күшім жетпейді. Тек сен қолдасаң, сен қаласаң ғана ісім оңға баспақ! Өзіңнен ғана жәрдем сұраймын!» деп нәтижені Аллаға тапсыруы тиіс. Ал Алла Тағала оған «Мен саған жеткіліктімін, ісіңді соңына жеткіземін» деп уәде беріп қойған. Күллі әлем қазыналарының, жүректердің, істердің иесі болған Аллаға тәуекел еткеннің уайымы болмайды.

5.     Дұға жасау. Аяқ киімнің бауына дейін сұрауға рұқсат берген Алладан қажетті балыңды да сұрап ала аласың. Оның күш-құдіреті жетпейтін, Ол шеше алмайтын мәселе жоқ. Оқушы жыл бойы дұғасын үзбеуі керек және ҰБТ-болатын күні де мына дұғаларды жасауына болады:

1.     «Робби ишрах ли содри уә яссир ли әмри» («Раббым, көкірегімді кеңіте гөр! Әрі ісіме жеңілдік бер!» («Та һа» сүресі, 25-26-аяттар).

2.     «Аллаһумма лә сәһлә иллә мә жәғәлтәһу сәһлә уә әнтә тәжғалул-хазана (сағба) ин ши’тә» («Раббым! Сенің жеңіл еткен нәрсеңнен басқа жеңіл іс жоқ. Егер сен қаласаң, қайғыны (қиындықты) жеңіл етесің») (Ибн Хиббән,974).

3.     Раббәнә әтине фид-дуния хасана уә-фил ахирати хасана уә қина азабан-нар»  («Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсы бер және Ақыретте де жақсылық бер. Және Тозақ азабынан сақтай гөр!») («Бақара» сүресі, 201-аят).

4.     «Я, Хаю, Я, Қаюум, бирахматикә астағис» («Әй, Тірі болушы әрі Бәрін Тұрғызушы, Сенің мейіріміңмен сенен жәрдем сұраймын») (Тирмизи).

6. Тестілеуді Алланың атымен бастау. «Бисмилләһир-рохманир-рохим» (Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен) деген сөзбен басталған іс берекелі болады. Алла Тағала да Құранда Өз аяттарын осы сөзбен бастайды және Мұхаммед Пайғамар да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істерін Алланың атымен бастаған.

7. Асықпау. Тестілеу барысында сабырлы қалыпты сақтап, уақытты күзетіп, асығыстыққа берілмеген дұрыс. Қазақ халқының «асыққан – шайтанның ісі» деген сөзі қасиетті хадис мәтіндерімен астасып жатыр. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сабыр – Алладан, асығу – шайтаннан» деген («Сахих әл-Жәми»).

8. Адал жолдан аттамау. Өтірік айту, біреуге жамандық жасау, теріс жолмен ұпай алу, т.б. секілді Алла Тағаланың ашуын шақыратын, Ол тыйым салған, Оған ұнамсыз істерден барынша алыс бол. Әсіресе, Алла Тағала Өзінен басқа бір нәрседен жәрдем тілегенді, көмек күткенді, арқа сүйегенді жек көреді. Қиналған кезде сүйек, құрбақа немесе әртүрлі пішіндегі мүсіндер мен тастар маған сәттілік әкеліп, жолымды ашады деу – үлкен қателік. «Менің алдымда тапсырған үлкендер осы қаламмен кіріп, 100 балл жинап шығып еді» немесе «мына киімді кисем үнемі жолым болады» дейтін қасаң пікірлерге тосқауыл қойыңыз. Алла құптамаған, тыйым салынған істің берекесі болмайды. Керісінше, ӨЗІНЕН ғана сұрағанға, айналасына жәрдемші болғанға Алла Тағала да рақым етеді.

9. Жақсы ой. Бұл адамдарға да, Аллаға да қатысты. Оқушы Алланың Мейірімді, Естуші, Көруші, Әділ, Білуші екенін ұмытпасын. Сен Оған дұға жасадың ба, Оған ғана тәуекел еттің бе, онда Алла Тағаланың сен үшін қайырлы нәрсе нәсіп ететіндігіне сен. Өзіңе ғана жақсылық тілеп, басқаларға теріс ниетті болудан сақтан. Керісінше, сыныптастарың, аудиторияластарың үшін де дұға жаса. Сонда ұтасың! Өйткені, хадисте: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағанды берсін» деп айтады (Муслим). Қандай керемет! Сен адам үшін дұға етсең, сен үшін періште дұға етеді!

10. Тағдырға разы болу. Қандай да бір келеңсіздік, сәтсіздік болса да бар иманыңды жинап, бұйырғанға разы болуға тырыс. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді». Өйткені, сен басқа жаратылыстан емес, әлемдердің Раббысынан сұрадың, Оған әлдеқашан ісіңді тапсырып қойғансың. Демек, болған істе сен үшін үлкен қайыр бар. Алайда, сен оны білмейсің. Керісінше, қиындықтың артынан келетін жақсылықты күт. Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қандайда бір қиындыққа тап болғанда, егер де мен бұлай істемегенде, бұл нәрсе болмас еді» демесін, «Бәрі де Алланың қалауымен» десін. Өйткені, «егер» шайтанға есік ашады» деген (Муслим). Олай болса, «Құдайсыз қурайдың да сынбайтынын» ұмытпағайсың, бауырым!

20516 рет оқылды