Руханият 2017-06-26 (0) (10487)

Мұсылманның Рамазаннан кейінгі құлшылығы

Мұсылманның Рамазаннан кейінгі құлшылығы

Көпшілік мұсылмандар Алла Тағаланың рахымымен шайтандардың үлкендері  құрсауланған  осы ұлы айда құлшылық-ғибадат жасауда өте зор ынта танытып жатады. Мешіттер тіпті таң намазында да толы болып, жомарттық, харамнан тыйылу, көркем мінез таныту сияқты игі нәрселердің барлығында ыждағаттылықтың орын алып жатқанына куә боласың. Керісінше, жыл бойы Аллаға құлшылық жасамай, Рамазанда ораза ұстап, намаз оқитын адамдар да бар.

Бірақ, өкінішке орай, осы құт-берекелі ай аяқталысымен  мешіттер босап, игілікке ұмтылған және күнәдан тыйылуға ынта-жігер танытқан адамдардың қарасы күрт азаяды. Тіпті әлдебір бауырлардың бес уақыт намаздарын да тастап қойғаны енді ғана бүр жарған гүлдің қар астында қалған кейпін көз алдыңа әкеледі.

Әлбетте, Алла Тағала  кейбір мерзімдерді, күндерді және айларды ардақтаған. Әрі оларда жасалатын игі амалдар басқа уақыттарға қарағанда Алла үшін ұнамдырақ және сүйкімдірек.  Мысалы, күндердің ішінде - жұма,  түндердің ішінде - Қадір түні, айлардың ішінде - Рамазан айы. Сауаптары еселенетін осынау ардақты айлар мен сәттердің мұсылман баласына нәсіп етілуінің өзі - басқа уақыттарда белсенді,  құлшылықта тұрақты болуы  үшін жасалған Алланың хикметі.  Мұны  «Басқа кездерде Алланы ұмыту, күнәлар мен бұзақылықтарға оралу, парыз-уәжіптерді орындауда салғырттық таныту» деп түсінуге болмайды!  Жоқ!  Осы ардақты уақыттар Алланың құлына нәсіп еткен белсенділіктің одан кейінгі уақыттарда да жалғасты болуына себепкер болуы шарт. Себебі Алла Тағалаға  азда болса тұрақты орындалатын амал сүйіктірек болып табылады. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын): «(Бірде) Пайғамбардан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ең ұнамды қайсы амал?»—деп сұрағанда, ол: «Аз болса да үздіксіз орындалатын амал»,—деп (жауап берді)»,—деген. (Бухари)

Рамазаннан кейін күнәға бой алдыру

Расында Рамазан айында күнәдан тыйылып, бірақ ораза аяқталғаннан кейін күналарға қайта  оралған адам моншадан шыға салып нәжіске  сүнгіген адам сияқты. Алла тағала бұл турасында  Құранда:

"...Ал енді бұрын өздеріне кітап беріліп, сосын ұзын мерзім өткендіктен жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі бұзақылар". деген «Хадид» сүресі, 16-аят.

Ислам ғұламаларының бірі Хафиз Ибн Ражаб: “Рамазан айында ораза ұстау нығметін одан кейін күнә жасаумен ауыстырған адам туралы айтар болсақ, бұл Алланың мейірімін қайырымсыздыққа ауыстырған адамның амалдарынан!”-деген. “әл-Ләтаиф” 398

Бірде ғұлама Бишр әл-Хафиге: «Ақиқатында, тек Рамазан айында ғана құлшылықта ынта танытатын адамдар бар», - деп айтылғанда, ол: “Алланы тек Рамазанда ғана еске түсіретін халық нашар! Ақиқатында, ізгі адам – жыл бойы ынта танытатын адам!»-деп жауап қайырған.  “әл-Ләтаиф” 396.

Сахабалардың құлшылығы тұрақты болатын

Ал Айша анамыз (оған Алланың разылығы болсын): “Мухаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үй-іші қандай да бір амалдарды орындайтын болса, олар оны кейін тастамайтын”-деген. Муслим 782.

Атақты табиғиндердің бірі Әлқама: “Мен Айшадан: «Уа, мүміндердің анасы, Алланың Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) амалдары қандай болатын? Ол қандай да бір күндерді ерекшелейтін бе еді?», - деп сұрадым. Ол: «Жоқ, оның амалдары тұрақты болатын. Бірақ сендерден кім Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасай алатынды жасай алмақ?!»,- деп жауап берді”-деген. Муслим 783.
Ал ғұлама Абул Фараж бұл туралы: «Қандай да бір амалды істеп жүріп, оны тәрк еткен адам қалаған орнына жетіп тұрып, одан теріс айналып кеткен адам сияқты. Сондықтан да Құран аяттарын жаттаған соң, оны ұмытқан адамға қатысты қатаң ескерту бар», – деп түйіндейді.

Әш-Шәғбиден: «(Құлшылықта ынта таныту үшін) қайсы ай жақсырақ: ережеп пе (ражаб), шағбан ба?», - деп сұрағанда, ол: «Аллаға әркез құлшылық етуші бол, әрі «шағбаншы» болма!», - деп жауап берген екен.  “әл-Ләтаиф” 396.

Жүйелі орындалатын құлшылық жалғасын табады

«Нахыл» сүресінің 92-аятында Алла тағала:

«...жібін мықтап иіргеннен кейін  (қайта) тарқатқан әйел сияқты болмаңдар...» -деді.

Үнемі, үздіксіз орындалатын амалдардың сауабы арагідік істелетін амалдардың сауабына қарағанда көбірек болатыны туралы имам Ән-Нәуәуи былай деп қалам тербеген: «Аз да болса үнемі орындалатын амалдар арқылы Аллаға бойсұну жалғасын табады. Бұл Алланы еске алу, Оның бақылауын сезіну, Оған ықылас қою және Оған қарай бет бұру арқылы болады. Ал көп әрі қиын амалдар үзіліп, тоқтап қалуы мүмкін. Тіпті үнемі орындалатын аз амалдар дами келе арагідік орындалатын көп амалдардан бірнеше есе асып түседі», – деп айтқан.

Құлшылықты тұрақты орындаушылар орындамаған құлшылықтарына да сауап алады

Құлшылықты тек Рамазанда ғана емес, үнемі тұрақтылықпен, ұқыпты орындайтын адамдар белгілі бір орынды себеппен құлшылықтарын орындай алмай қалса, Алла тағала оған амалдарын уақытылы орындағанның сауабын жазады.

Абу Муса аль-Ашъари, (оған Алланың ризашылығы болсын) жеткізген хадисте Аллаһтың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  "Алланың құлы ауырса, не сапарда болса, оған, әдетінше, үйінде болып сау кезінде орындайтын бүкіл амалдары жазылады (яғни ол орындай алмаса да)"-деді. Аль-Бухари, Муслим.

Ал Омар ибн аль-Хаттабтан  (оған Алланың ризашылығы болсын) жеткен хадисте Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде-кім әдетінше түнде оқитынының бәрін, не бір бөлігін оқи алмай ұйықтап кетсе, бірақ онысын (алдағы күннің) таң намазы мен бесін намазының арасында оқып шықса, онда оның бұл амалы түнде жасаған ретінде жазылады"- деді. Муслим.

Әбу Абдуллаһ Жабир ибн Абдуллаһ аль-Ансариден (әкесі екеуіне де Алланың ризашылығы болсын): "Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жорықтан қайтып келе жатып былай деді: “Шын мәнінде, сендер қай жолмен жүрсеңдер де, қандай қырдан ассаңдар да, мәдиналықтардың арасында ауырып, қалып қойғандар әрдайым сендермен бірге сауапты бөлісіп отырды" -деді" -деген. Муслим

Рамазаннан кейін де нәпіл оразалар арқылы құлшылығын үзбеген адам жыл бойы үздіксіз ораза ұстағанның сауабын алады.

Әбу Аюб (оған Алланың ризашылығы болсын) жеткізген хадисте Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Рамазан айында ораза ұстап, оған шәууәлдің алты күнін қосса, онда ол үздіксіз ораза ұстағандай болады"-деген. Муслим.

Адамның мінезінің көркемдігі оның құлшылығының тұрақтылығына алып келеді

Айша (оған Алланың ризашылығы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Расында, көркем мінез адамды, әлбетте, (үздіксіз) ораза ұстаушылар мен (түнімен) намаз оқушылардың дәрежесіне жеткізеді"-дегенін айтады. Абу Дауд.

Ал атақты сахаба Абдуллаһ ибн Амр (әкесі екеуіне де Алланың ризашылығы болсын): "Бірде Алланың елшісі маған: «Иә, Абдуллаһ, түнде намаз оқып, соңынан онысын тәрк еткендер секілді болма!» – деді"-деген.  Сол үшін Рамазан - Жұмахандардың  Рамазаннан кейін Намазхандарға айналуына зор мүмкіндік айы. Ендеше,  "Жұмабай" немесе "Оразбай" ғана болмай, осы ұлы айда қол жеткізген қайрат пен жігерімізді қалған өмірімізде де Ұлы және Аса Құдіретті Раббымызға мойынсұнып,  құлшылық етуге жұмсайық!

10487 рет оқылды