06:05 | Қазақстан мешіттері
06:35 | Syrym Story
Ғибратты әңгіме 2014-12-10 (0) (19709)

ДОС ТАҢДАУДЫҢ 5 СЫРЫ

ДОС ТАҢДАУДЫҢ 5 СЫРЫ

Достық – қадіріне жеткен, лайықты болған жандар үшін өте аяулы сезім.

Бұл қарым-қатынас бірін-бірі қажетсінуінен, құрмет тұтуынан, шынайы тілектестік пен өзіндей көріп сенуінен, біріне-бірі тірек, медет болуынан, қуанышта ғана емес, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде іркілместен қасынан табылудан, риясыз, есепсіз жомарттықтан, көзқарасы мен ой-ниеті үйлесуден көрінеді.

Адам досты таңдай алады. Және дұрыс таңдау жасай білген адам табысқа жетті. Өйткені, досы жақсының – өзі жақсы. Ертеректе данышпандар «Сен маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтамын» деп те айтатын болған.

 Ислам ғұламалары досты таңдау барысында мынадай кеңес береді:

  • Білім көзін қайдан алатындығына қара;
  • Бос уақытын қалай өткізетіндігіне қара;
  • Достарының қандай екендігіне қара;
  • Отбасымен қарым-қатынасында қандай екендігіне қара;
  • Аузындағы сөзіне қарама.

 

1.Ол білім көзін қайдан алады?

Сенімі, білімі дұрыс адамның әдебі де, сөзі де, мінезі де, амалы да көркем. Сондай-ақ, білімді адамның Аллаға деген қорқынышы да артық болады. Мұндай адам – сенің екі дүниелік досың. Өйткені, Алла: «Сол күні тақуалардан (Раббысына бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанғандардан) басқа жақын достар бір-біріне жау болады» («Зухруф» сүресі, 67-аят) деген.

2. Бос уақытын қалай өткізеді?

Бос уақытын дұрыс пайдалана білген адам тіршілікте де, құлшылықта да үлкен жетістікке жетеді. «Бір күні екінші күніне ұқсап өтіп жатқан мұсылман ұтылып» жатыр деген екен ғалымдар.  Еңбекқор, білімге құштар адамдар өсек-өтіріктен, ғайбаттан, күнәдан да алыс болады. Себебі, пенденің өз ойларымен, жұмыссыздықта қалып қоюы, нәпсі мен шайтанның жетегінде кетуге итермелеп, оны опатқа ұшыратуы мүмкін. Бос уақытын игі істермен өткізген адамның досы да соған талпынады!

3. Оның достары қандай?

«Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтір сыйға береді немесе одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісте боласың. Ал, көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не сасық иісте боласың» делінген хадисте (Бұхари мен Муслим ). Яғни, жақсы ортамен араласқан, жақсылармен достасқан адам бойына тек көркем әдеттерді, ізгі қасиеттерді жинап шығады, бойына жұқтырады. Ал, нашар орта адамға зиянын тигізеді, жамандыққа жақын болуына жол ашады.

«Адам досының дінінде. Сол үшін кіммен дос болып жүргендеріңе қараңдар» (Бағауи) деген хадис  – пенденің досына қарап басқа қасиеттерін анықтауға болатындығын нұсқайды.

4. Отбасымен қарым-қатынасында мұсылманшылық сипаты байқала ма?

 Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндердiң iшiнде иманы ең кәмiлi – мiнез-құлқы жақсы болғаны. Ал сендердiң ең жақсыларың – әйелімен ең жақсы мәміледе болғандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін» деген (Ахмад). Яғни, адамның қандай екендігі, тақуалығы отбасында, бірге тұратын жақын адамдармен қарым-қатынаста сыналады.Түзге шыққанда көркем мінезді, Алладан қорықатын тақуа болу оңай, ал сенімен үнемі бірге болатын жандардың қасында оның қасиеттері ашылады. Ендеше, дос болуға ниет еткен адамыңның отбасымен қарым-қатынасына, отбасы мүшелерінің қасиеттеріне үңіліп көр!

5. Аузындағы сөзіне қарама!

Ғалымдар осы қағидалардың қатарын мынадай тамаша өсиетпен қайырады. Кісінің білім көзіне, бос уақытын қалай өткізетіндігіне, достарына, отбасымен қарым-қатынасына қарап, алайда, оның аузындағы сөзге мүлде назар аудармау керек екен! Оның көркем, құлақтың құрышын қандыратын сөздері біздің алдамауы тиіс екен. Себебі, ауыздан шыққан сөз амалға тиек бола бермейді. Ғұлама Суфиян Саури «Аллаға жақын болғың келсе – әдемі жүздерден, сыңғырлаған дауыстардан, шешен сөздерден алыста» деген.

19709 рет оқылды