Бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» – дейді. Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» – дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» – дейді де қарияға 400 динар бергізеді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» – деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» – дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар бергізеді. Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» – дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар бергізеді. Сосын атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» – деп таңырқаған уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» – деген екен.
Міне, достым, жақсылық – сарқылмайтын бұлақ, таусылмайтын қазына көзі секілді! Жақсылық әрдайым өз жемісін үздіксіз бере бермек!
Алла Тағала: «Жақсылықтың қайтарымы жақсылық қана», – деген. («Әр-Рахман» сүресі, 60-аят)
Пайғамбарымыз ﷺ: «Қиямет күні басталған сәтте сіздің біріңіздің қолыңызда ағаш көшеті болса, шамасы келсе, орнынан тұрардан бұрын оны отырғызсын!» – деген. (Әнас ибн Маликтен (р.а.) Бұхари, Имам Ахмад келтірген) Осы тұста, ағаш отырғызудың қаншалықты маңызға ие екенін байқаймыз. Және бір хадисте: «Қайсыбір мұсылман (ағаш) көшетін отырғызып (не бір нәрсе егіп), оның (жемісінен) адам не жан-жануар жесе, ол міндетті түрде (ағашты отырғызған адамға) садақа (ретінде жазылады)», – деген. (Әнас ибн Мәликтен (р.а.) сахих әл-Бұхари)
Мұсылман кісі жақсы ниетпен істеген әрбір жақсы амалы үшін сауапқа ие болады. Жақсылық және жамандықты жазушы періштелер оның «Амал дәптеріне» тозаң салмағындай жақсылығы болса да, соған жараса сауап жазып тұрады. Адам дүниеден өткен соң амалдарының бәрі тоқтайды. Сол үшін әрбір пенде Алланың берген нығметтерінің қадірін біліп, ізгі амалды көбірек істеуге тырысу керек. Алайда, Адам баласына өлгеннен кейін де сауабы үзілмей жетіп тұратын амалдарды істеу мүмкіндігі берілген. Пайғамбарымыз ﷺ: «Адам баласы өлген кезде, оның үш амалынан басқа барлық істерінің сауабы тоқтайды: жария садақа, пайдалы білім және артынан дұға ететін ізгі ұрпақ», – деген. (Әбу Һурайрадан (р.а.) Муслим риуаят еткен) Осындағы «жария садақа» – көпшіліктің игілігі үшін жасалынған: көпір, салынған жол, мешіт, медресе, ыдыс-аяқ, киім, отырғызылған жеміс ағашы т.с.с. Осының барлығы пайдаланылған сайын садақа еткен адамға, ол адам қайтыс болғаннан кейін де сауабы тоқтамай жазылып тұрады.
Яғни, әрбір жақсы сөз бен жақсы іс садақа болып табылады. Алла жолында садақа ету – тозақтан тосатын және Қиямет күнінің қорқынышынан құтқаратын себептердің бірі. Садақаның сауабы иесіне өлімінен кейін де үзіліссіз жетіп тұрады.
Алланың Елшісі ﷺ: «Жарты құрма болса да садақа беріп, өздеріңді оттан құтқарыңдар», – деген. (Ади бин Хатимнен (р.а.) Бұхари, Муслим)
Сондай-ақ, Алла Тағала: «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар», – деп уәде еткен. («Әнғам» сүресі, 160-аят) Яғни, мұсылман адам тарапынан атқарылған әрбір жақсы амал үшін кем дегенде он ізгі амал орындағанның сауабы жазылады. Ал, егер, кімге Алла Тағала сауапты көбейтуді қаласа, онда тағы арттырады:
«Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсағандардың мысалы – жеті бас масақ шығарған бір түйір дән тәрізді, әрбір масақта жүз дәннен бар. Әрі Алла қалағанына еселеп артырып береді. Алла берекесі кең /әл-Уасиъ/, бәрін Білуші /әл-Алим/», – деп баян еткен. «Бақара» сүресі, 261-аят.
Ибн Масғуд (р.а.): «Бір адам ноқталанған түйені әкелді де (Пайғамбарымызға ﷺ: «Ия, Алланың елшісі, мұны Алланың жолына (пайдалан)», – деді. (Сонда) Пайғамбарымыз ﷺ: «Саған бұл үшін Қиямет күні жеті жүз түйе (беріледі)», – деп айтты», – деген. (Муслим)
Сауаптың он еседен артық көбеюі адамның исламды қаншалықты жақсы ұстанғанына, оның шын ықылас, адалдығының кемелдігіне, сондай-ақ ол істеген амалдың орындылығы мен дәрежесіне байланысты.(Имам Науауи «Қырық хадис»)