2015-04-20 (0) (18178)

Сені Аллаға сүйікті ететін 3 сезім

Сені Аллаға сүйікті ететін 3 сезім

 

 

Қорқыныш

Алла Тағала Құранда: «Олардан қорықпаңдар, Менен қорқыңдар, егер, иман келтірген болсаңдар!» («Әли Имран» сүресі, 175-аят) дейді. Егер, Раббымыз бір істі бұйырса, оның құлшылық болып табылатындығын білуіміз керек. Себебі, Ол тек жақсы көретін нәрсесін бұйырады. Ал қорқыныш – құлшылық болып табылады.

Шариғатымызда қорқыныштың 3 түрі бар:

1.Табиғи қорқу. Яғни, шамасы келетін біреуден төніп тұрған анық себептерден, қауіптерден. қорқу. От күйдіреді, қасқыр жеп қояды деп немесе қылмыскердің қаруынан қорқу. Бұл – тыйым салынбаған қорқыныш.

2. Жасырын қорқу. Бұл – Алланың ғана құдіреті жететін нәрселерде, Алладан өзге біреуден қорқу. Яғни, жаратылыстың бірінен, анық себепсіз қауіп төнеді деп қорқу. Мәселен, Алладан басқа біреу (қайтыс болған адам, жын, бақсы-тәуіп т.б), ауру, бәле, зат, табиғи құбылыс өлім жібереді, жолымды бөгейді, бағымды байлайды, ризығымды ұстап қалады деп есептеу, Алладан басқа бір нәрсе бақытсыз етеді деп сену.

Немесе иттен келетін қауіп анық көрініп тұр, ол тістеп алады, ал адамның алдынан өткен мысықтың жолды жабатындығына ешқандай дәлел жоқ. Демек, мысықтан Алла секілді тағдырыма әсер етеді деп қорқу –амалымыздың жойылып кетуіне себеп болатын Аллаға серік қосу күнәсі. Өйтені, барлық нәрсе Алланың қолында, барлық істерді ол басқарады. Ал мысықтың ондай күш-құдіреті жоқ.

3. Тыйым салынған қорқу. Бұл – жаратылыстардан қорықамын деп Алла бұйырған істерді орындамай қою. Мысалы, адам ризығымды, жұмысымды тоқтатады деп бір себептерден қорқып намаз оқымайды. Келесі бір жағдайда, ол намаз оқитын болса, адамдар оны қаралап, тіл тигізеді, тәлкекке салады. Ол осыдан қорқып құлшылығын тастайды. Мұндай қорқыныш тыйым салынған іс.

Тәуекел

Тәуекел – талап еткен нәрсеге жету және жақтырмаған нәрсені кетіру мақсатында жүректі Аллаға тапсырып, рұқсат етілген себептерді пайдала отырып Оған жүгіну.

Яғни, тәуекел дегеніміз екі нәрсенің жиынтығы:

1. Барлық істерді Аллаға тапсыру;

2. Себептерін орындау.

Мұсылман тәуекел мен себептерді бірге алып жүруі тиіс. Өйткені, ғалымдар: «Себеп жасап, тәуекел етпейтін адамның таухиді кеміс, тәуекел етіп, себеп жасамайтын адамның ақылы кеміс» деген.

Мысалы: Адамның басы қатты ауырады. Сол үшін ол бас аурудың дәрісін ішті. Оны езіп қолдарына жақпайды, бір жұтып, артынан су ішеді. Ішер алдында аллергиясының жоқтығын тексеріп барып қабылдайды. Содан кейін Алланың ғана қалауымен жазылатындығына сеніп, тәуекел етеді (Аллаға тапсырады) дұға жасайды.

Немесе сапар алдында мұздақтың болуынан хабардар болған адам, көлігінің жаңа әрі сапалы дөңгелегіне емес, емтихан тапсырғалы отырған студент не оқушы біліміне яки ақшасына емес, Бір Аллаға ғана сенуі тиіс. Адам біліміне, мінезіне, сымбатына, пысықтығына, талантына, ақшасына, абыройына, танысына сеніп кетпей, барлық нәрсенің Алланың жәрдемімен болатынын естен шығармауы керек. Боксшы алаңға шығарда, «мен бұл қарсыластың бірнеше ойынын көргенмін, асып-тасқан нәрсесі жоқ, ал мен көп жаттығу жасадым, сондықтан жеңіп шығамын» десе күнәға ұрынды. Ол керісінше, барын салып жаттығу жасайды, дайындалады, содан кейін «Алла сен жәрдем берсең ғана жеңемін деп, тәуекел етеді», содан кейін, алаңға шығып бокстасады. Міне, бұл – мұсылманның дұрыс тәуекелі.

Яғни, адам белгілі бір істі бастағанда өзіне ғана сеніп кетпей, «Я, Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келген әрекетті жасадым, ендігі нәтиже сенің қолыңда, сен сәттілік берсең, ісім оңға баспақ» деп, Аллаға тапсыруы тиіс: «...Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...»(«Талақ» сүресі, 3-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді, таңертең аш кетіп кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырады, сендерді де солай ризықтандырар еді» (Тирмизи). 

Сондықтан, мұсылман дұрыс тәуекел етуді үйренуі қажет, ақылсыз торғайды ризықтандырған Алланың адамды қамтамасыз ете алмауы ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?

Аллаға тәуекелді жоятын тағы бір үлкен қателік – адамның өзіне сүйсінуі, тамсануы. Бір адам табысты, сұлу, абыройлы болуы мүмкін. Егер, ол «Осы жеткен жетістігім, өзімнің арқамда, мықты болғандығымнан осы нәрсені істедім» десе – ауыр күнә жасаған болады. Мұсылман әрдайым: «Бұл Алланың рақымы! Алла нәсіп етпегенде, Алла қаламағанда мен мұны жасай алмас едім» деп сенуі керек.

Махаббат

Серік қосу қаупі бар тағы бір жүрек амалы – махаббат. Алланы және Оның елшісін бәрінен артық жақсы көрген адам иман дәмін сезеді. Құранда: «Адамдардың арасында өзге нәрселерді Алламен теңестіріп, оларды Алланы сүйгендей сүйетіндер бар. Ал имандылар Алланы бәрінен де қатты сүйеді. Әділетсіздер азапты көрген кезде, бүкіл күш-қуаттың Аллаға тән екенін және Алланың жазалауда қатты екенін біледі» делінген.

Махаббаттың 3 түрі бар:

Алла Тағаланы бәрінен артық жақсы көру. Яғни, Оның алдындағы құлшылықтарымызды басқа істерден артық қою. Егер, бір адам өзге адамға немесе дүниеге бола Алланың алдындағы құлшылығын тәрк етсе, серік қосу күнәсін жасаған болып саналады.
Алла үшін жақсы көріп, Алла үшін жек көру.
Табиғи махаббат: ата-ананы, балалары немесе бір тағам түрін жақсы көру.
Аллаға деген махаббатымыз Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ерумен анықталады: ««(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді...». («Әли-Имран» сүресі, 31-аят).

18178 рет оқылды