Отбасының әл-ауқаты, қаржы жағдайы әрдайым қырағылық таныту қажет болған мәселе және солай бола бермек. Өйткені, ерлі-зайыптылық өмір махаббат пен сыйластыққа ғана құрылмайды, материалдық жағдайға да тәуелді болатын тұстар кездеседі. Үйлесімді қарым-қатынас – романтика ғана емес, шығын шығару қажет күнделікті тіршілік. Сөйте тұра, отбасылық бюджетті үнемдеуге байланысты арнайы мәзір жасалған жоқ. Екі ғана ұтымды жол бар: қыруар қаражат табу немесе қолда барды үнемдеу. Расында, үнемдеу – ең ақылға сыйымды, қол жетімді, әркімге қатысты әдіс.
1. ЕСЕП КІТАБЫН ЖҮРГІЗУ
Әрбір үйде есеп кітабы болғаны дұрыс. Сонда барлық шығын рәсімдері көзден таса болмайды. Осы есепке қарап келесі айдағы шығындарды жоспарлауға, артық және қажетсіз заттарды сараптауға жол ашылады. Кітаптан ешнәрсе тыс қалмауы тиіс: сағыз, темекі, шоколад, балмұздақ т.б сіз ойламаған шығынды әкелуі мүмкін. Ұмытшақтық – үнемшілдіктің ең басты дұшпандарының бірі. Нәтижесінде мынадай сауалдарға жеке жауап беріп, кеткен қателіктерді түзетуге тырысқан дұрыс:
· Тұрғын үй және коммуналды төлемдерге қанша қаражат жұмсалды?
· Несие төлеуге қанша кетті?
· Күнделікті азық-түлікке қанша жұмсалды?
· Киім мен жеке гигиеналық заттарға қанша қаражат кетті?
· Сыйлық, тойхана, серуен, автобус, такси секілді түрлі қажеттіліктерге қанша қаражат жұмсалды?
Ұмытпаңыз, үнемшілдік сіздің өміріңізге көлеңке түсіріп, көңіл-күйіңізге кері әсер етпеуі қажет. Үнемдеу – өмірді жеңілдету.
Менеджмент бойынша өзіңді жетілдіруге, қосымша жұмыс көздерін табуға қатысты арнайы тренингтерге қатысып тұру әрбір отбасының отағасына үлкен көмегін тигізеді.
2. ТҮСКІ АСТЫ ҮНЕМДЕУ
Әдетте түскі үзілісте адамдардың көпшілігі асханаға, кафеге тамақтануға шығады да, өзі жоспарламаған қаражатты жұмсап қояды. Алайда, түскі асты үйден әкелетін болсаңыз айына бірнеше мың теңгені үнемдеуге болады. Бұл отбасылық бюджетке пайда әкеледі әрі көңіл-күйіңізді көтереді. Бірақ, үйде құнарлы тағам дайындауға жағдай жоқ болса немесе уақытыңызға зиян тигізетін болса, бұл әдіс сіз үшін емес.
Көшеде жүргенде тіскебасарлардан тыйылу да үнемшілдікке жақын. Кеңседеге жұмыстың асқазанға зиян тигізбегені абзал, түсте ыстық тамақ ішуді ұмытпау қажет. Құрғақ тамақтар, шоколадтар мен бәліштер денсаулыққа да, бюджетке де үлес қоса алмайды.
3. БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЫН ДҰРЫС ТАҢДАУ
Жаңа тарифтерді қадағалап отырып, ең ыңғайлысын таңдаған дұрыс. Қажетсіз тарифтерден дереу шығып кету қажет. Өзге қалада болсаңыз, ғаламтордан қарап, сол аймаққа қатысты тарифтерге өтіп алыңыз.
4. ҮНЕМДІЛІК КӨЛІККЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ
Көлікті жууға тек қажет болғанда немесе айына бір рет апару жеткілікті болуы мүмкін. Және жөндеу жұмыстарын проблема өршімеген кезде, уақытылы жөндесеңіз үлкен шығынның алдын аласыз. Бензин шығыны орын алатындықтан кондиционерді аса үлкен қажеттіліктерде ғана қосуды әдетке айналдырыңыз. Көлік тез қозғалып келе жатқанда терезені ашуға болмайды. Тез жүріп келе жатқан көліктің ауа суытқышын өшіріп, терезе ашып энергия үнемдеуді жөн көретін жүргізушілер бар. Бұл – жансақ көзқарас. Терезе ашқанда ауа алмастырғыш жұмыс істеп тұрған кездегіден 10% артық жанармай шығын болады. Қажетсіз жанар-жағармай шығынын азайту үшін газ бен тежегішті басуды барынша азайтып, өзгермейтін қалыпты жылдамдықпен жүруді жалғастыру керек. Қолмен қосылатын жылдамдық қорапшалы көліктерде жоғары жылдамдық меңгергіш арқылы төмен жылдамдықпен жүру де жанармайды үнемдеуге көмектеседі. Бірақ, бұл жағдай моторыңызға күш түсіруі мүмкін. Газды шұғыл басуға болмайды. Газды шұғыл басу жанармайдың толық жанып бітуіне мүмкіндік бермейді.
5. СУ МЕН ҚУАТ КӨЗІН ҮНЕМДЕҢІЗ
Қарапайым жуынып-шайынудың өзіне кем дегенде 3 минут кетеді. Осы уақыт ішінде крандағы қанша су бостан-босқа ағып кететініне назар салыңыз. Тіс тазалағанда, кранды тыйып қойыңыз. Керек кезде ғана кранды ағытып тұруды үйреніңіз. Краныңыз бұзыла бастаса, дереу жөндетуге асығыңыз. Себебі, кран бұзылғанда, көп су текке ағып кетеді. Түнде жатарда бөлмелерді аралап, жарықтың сөнгенін қадағалаңыз. Жарықты жағып қойып, ұйықтап кететін кездер әлбетте, аз емес. Міне, дәл осы сәттер қалтаңызды жаймен жұқарта береді. Сондай-ақ, қуат көзін керек ететін заттарды пайдалағанда да, мұқият болыңыз. Мысалы, үтіктеп отырғанда, телефон шырылдаса, үтікті суырып барып, телефонға жүгіріңіз.
6. ӨЗ-ӨЗІҢІЗГЕ ШЕКТЕУ ҚОЯ БІЛІҢІЗ
Қарныңыз аш болса, басқа әңгіме, ал қарныңыз тоқ болса, тәтті алмаға қызығып, оны сатып алмаңыз. Кез келген затты сатып алмас бұрын, бағаларын салыстырыңыз. Бұл сіздің сараңдығыңыз емес, сауаттылығыңыз. Әсіресе, қымбат тұратын заттардың бағаларын салыстырыңыз. Бір жерде 150 мың теңге тұратын ноутбуктың дәл осы моделі басқа бір дүкенде жеңілдікпен 100 мың теңгеге сатылып жатуы әбден мүмкін.
7. АРЗАНЫ ЕМЕС, ҚАЖЕТТІСІ!
Шынында керекті зат не қызмет көрсетудің түріне ақша аямаңыз. Оның ең арзаның емес, сапасы жақсысын таңдаңыз. Болашақта оны ауыстыруға тура келмей, ақшаңыз қалтаңызда қалады. Арзан екен деп өзіңізге мүлдем қажет емес тауарларды алудан аулақ болыңыз. Дүкенді аралағанда өзіңізге қажетті нәрсені тауып алып, олардың түрлерінің арасынан өзіңізге ұнағанын таңдап, содан кейін ғана бағасын қараңыз. Жеңілдіктер мен сатылымдарда арзан тауарлар арасынан тек өзіңізге қажеттісін алыңыз.
8. ЗАТТЫ ЕКІНШІ БІР ЗАТПЕН АЛМАСТЫРЫҢЫЗ
Бірінің орнына бірін пайдалануға болатын заттар тұрмыста өте жиі кездеседі. Мәселен,«Парацетамол» дәрісі мен лимон қосылған шай «Терафлю» ұнтағының, супермаркеттен алынған пакеттер қоқыс пакеттерінің орнын алмастыра алады. Немесе қазір пайдаланып жүрген қымбат сабыныңыздың орнына басқа аллергия бермейтін сабын немесе су сабынның орнына қайызғақ шығармайтын су сабын т.б заттарды тауып алыңыз. Табиғи қоспалардан, шөптерден жасалған тауарлардың бағасы әлдеқайда арзан. Олар бар болғаны бренд тауарларда кездесетін қымбат химикаттар қосылмайтындығымен (мысалы, хош иіс беретін, теріні жұмсартатын, шаштың тез таралуына себеп болатын т.б) қымбатқа сатылмайды.
Осындай жағдайларды ескерсеңіз, ақшаңыз қалтаңызда қалатынын естен шығармаңыз. Кейбірі сізді «жұмыртқадан жүн қырыққан» деп ойлауы мүмкін. Дегенмен, ақша үнемдеудің ешқандай ұяты жоқ. Бұл – үнемделген қаражатыңызды сақтап, басқа бір пайдалы іс атқаруға бірден-бір мүмкіндік.
9. САУДАДА НЕНІ ЕСКЕРУ ҚАЖЕТ?
Бір ғана дүкеннен зат сатып ала беру – ағаттық. Бағаларды салыстырыңыз. Және базардан зат сатып алу да үнемі сәтсіздікке ұшыратпайды. Заттарды базардан да сапалы әрі арзанға табуға болады. Сондай-ақ, ұсталған заттарды сатып алудан үлкен пайдаға кенелуге болады. Бастысы – ұқыптылықпен таңдай білу. Сауданы таңғы уақытта жасау – ең ыңғайлысы. Бұл кезде адам аз болып, кезек болмайды және тауарды ойланып, сараптап сатып алуға кедергі аз. Кейбір дүкендерде таңғы жеңілдіктер болады. Алғашқы сауда болса, түсіріп беруі де мүмкін. Артық тауар алып қою қаупі болғандықтан аш күйіңізде сауда жасаудан аулақ болыңыз. Маусымдық киімдерге арналған жеңілдіктер мен акцияларды қадағалап жүруді ұмытпаңыз.
10. СЕРУЕНГЕ ҚАТЫСТЫ ҮНЕМШІЛДІК
Отбасыңызбен бірге серуенге шыққыңыз келсе, жұмыс күндерінің бірін таңдаңыз. Себебі, демалыс күндері бағалар көтеріледі. Есесіне, демалысты тән мен жан тыныштығына арнауға болады. Кітап оқып, ұйқыны қандырып, үйде спорттық жаттығуларға кезек беру, дастархан басында пайдалы әңгіме айту секілді істер сіздің демалысыңызға сән береді. Үлкен сауда үйлері мен қымбат сауық орындарына бару мақсат емес, көңілді уақытты саябақта, көкке жайылған дастархан басында да өткізуге болады.
11. ЖАРТЫЛАЙ ФАБРИКАТТАРДАН БАС ТАРТУ
Сосиска, қақталған шұжық, котлет, дүкен тұшпарасы, дайын тағамдар, тәттілер, салаттар секілді азық-түліктерді минимум дәрежеге дейін қысқарту. Тамақ рационыңыз барынша қолдан әзірленген және құнарлы тағамдарға бай болғаны абзал: қайнатылған сорпа, ботқа, сүзбе пісірмесі секілді арзан әрі дәмді тағамдарға орын берейік. Әрбір азық-түлікті алмастыратын нәрсе табуға болады. Мәселен, етті балықпен, сүт тағамдарымен, астық тұқымдастармен т.б. Айтпақшы, әдетте гипермаркеттегі бағалар кішігірім дүкендердің бағаларынан 20%-ға төмен болады. Дүкенге бармас бұрын қажетті тауарлардың тізімін құрастырыңыз. Дүкенде осы тізім бойынша ғана алып, жарнама мен жеңілдіктерге назар аудармай, артық ештеңе алмаңыз.
12. ЖОҚТАН БАР ЖАСАУ
Жақсы ас үй қожайыны кешеден қалған азық-түліктерді іске жарата алады. Мәселен, ашыған сүттен дәмді оладьи, қатқан наннан сухари жасап жіберуге болады. Дүкенге жүгірместен, үйде бар азық-түліктен дәмді тағам пісіру – әрбір тәжірибелі ас үй иесінің қолынан келеді. Мұздатылған жемістер, ас-көктер мен көкөністер құнарлылығын жоғалтпайтыны мәлім. Және бұл өнімдер қыс мезгілінде қымбаттайды. Сондықтан, қыстың қамын жаз ойлап қойғанымыз жақсы.
13. «ДЕНІ САУДЫҢ ТӘНІ САУ»
Үнемдеуге болмайтын бір нәрсе бар. Ол – денсаулық. Ал салауатты өмір салтының басты қағидасы – дұрыс тамақтану. Өйткені, адамның аузына кірген пайдасыз ас тәніне ауру болып жабысады. Сол себепті, ағзаны пайдалы дәрумендермен байытып, тамақ рационын барынша қалыпқа келтірген абзал.
14. РИЗЫҚТЫ КӨБЕЙТУДІҢ БІР ӘДІСІ
Ризықты көбейтудің ең үлкен әдістерінің бірі – Алла берген ризықтың бір бөлігін садақаға жұмсау. Алла Тағала Құранда: «Ал кім (садақа) беріп, тақуалық жасаса. Əрі ең жақсыны (дінді) шын деп, растаса. Жақында Біз оған ең жеңілін оңайластырамыз» дейді («Лəйл» сүресі, 5-7-ші аяттар). Құрандағы тағы бір аятта: «Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәба» сүресі, 39-аят). Сөзіміз одан әрмен дәлелді бола түсу үшін мына бір хадистерді де келтіре кетейік: «Уаллаһи, садақа берумен мал азаймайды. Олай болса, садақа беріңдер!» (Ахмад) немесе «Садақа дүние-мүлікті кеңейтеді, олай болса, садақа беріңдер!» (Ибн Әбиддүнйиа), «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» (Бәйхақи). Сөзсіз, садақа ризықты азайтпайды. Садақа берген адам періштелердің дұғасына ілігеді. «Алланың құлдарының оянатын әрбір күні, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Я, Алла (Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа) берушіге, несібеңді арттыр!», - десе, екіншісі: «Я, Алла, сараңды опат қыл!» дейді (Бұхари).
15. АҚША ЖИНАУҒА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР ҚАҒИДАЛАР
Қаржы жинаудан бұрын алдымен оның не үшін керектігін анықтап алыңыз. «Кім біледі, керек болып қалар» деген ой мақсат болып саналмайды. Себебі ертең-ақ «керек болып қалар» сәт туындап, ақша көзді ашып-жұмғанша жұмсалып кетеді. Солай емес пе? Сондықтан «көлік, үй алуға, саяхатқа, бизнеске» деген секілді нақты мақсат қойыңыз. Мақсатыңызды анықтаған соң, нақты мерзімін белгілеңіз. Мүмкіндігіңізді, қаржы сомасы мен болуы мүмкін «форс-мажорларды» есептеңіз. Мақсатыңыздың құнына қарай ай сайын жинауға қалдырылатын ақшаның сомасын нақты есептеңіз. Өзіңізді алдамаңыз, егер жинай алмайтын сома болса, мерзімді үлкейтіп, аз-аздан жинаңыз. Тәртіпке бағынып, ай сайын белгіленген соманы жәшікке салып отырыңыз.