Жиырма бір жылдық ғұмырымда Алла Тағала мені тек жақсы адамдармен жолықтырды деп айта аламын. Ер адамнан 99 есе нәзік келетін қыз баласы әрдайым қорғанға, арқа сүйерге мұқтаж ғой. Менің айналамдағы ер азаматтар бұл орынды жоқтатқан жоқ. Ал қазір менің санам өсті ме, қоғам өзгерді ме, әлде салыстырулар нәтижесі ме, әйтеуір, түсінігімдегі «ер азамат», «еркек» ұғымы мүлде өзгерді. Кейде мұны Пайғамбар және оның сахабалары туралы оқиғаларды жиі оқитыныммен байланыстырамын. Мен сыйлайтын, болашақ балаларыма үлгі тұтатын немесе жарым болғанын қалайтын ер азамат – сүннетті өз дәрежесінде ұстанушы, Пайғамбар мен оның сахабаларының істерін өзіне үлгі тұтушы. Әркім бір идеал адамды іздейді ғой. Алайда, нағыз кемел адам – тек қана Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болғандығы ақиқат. Ешкім, ол секілді бола алмайды, бірақ Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме? Түсінбестік танытып отырғаныңызды білемін, мұны бүгінгі мақалада толық тарқатып беремін деп ойлаймын.
Алтын емес, асыл ер...
Бірде Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) замандастарының арасында отырып: «Маған өз армандарыңды айтыңдаршы» дейді. Олардың біреуі: «Мен осы үйдің алтынмен толтырылғанын қалар едім және оларды Алла разылығы үшін садақаға жұмсар едім» дейді. Омар: «Тағы да армандарыңды айтыңдаршы» деді. Басқа бір адам: «Ал мен осы үйдің жауһарға, інжуге, басқа да асыл тастарға толғанын қалар едім, сонда мен бар байлығымды кедей-кепшікке үлестіріп берер едім» дейді (қазіргі адамдардың да арманы осыдан аса алмағандай). Омар тағы да айтты:«Маған армандарыңды айтыңдаршы». Адамдар: «Уа, мұсылмандардың әміршісі, біз саған қалай жауап берерімізді білмейміз» деген екен. Сонда Хазіреті Омар: «Мен өз әскерімде Әбу Убайда әл-Жаррах, Муаз ибн Жабал және Салим секілді ер азаматтар болса екен деп армандаймын, сонда мен олардың қолдауына ие болып, исламның да дәрежесін биік етер едім» деп сөзін аяқтайды.
Ақиқатында, кемпір-шалдан абырой, қыздан ұят, келіннен иба, отбасынан береке, отаннан бірлік қашып жатса, ер азаматтардың кінәсі жоқ емес. Қазақстанымызды нығайтып, бәсекеге қабілетті қоғам орнататын тек қана білектілер емес пе!? Қадым заманнан бері солай болған әлі де бола бермек. Мұны даналығымен, ақылымен осыдан он төрт ғасыр бұрын түсінген Омарға Алла разы болсын!
Адамдар да түйе секілді...
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Адамдар да түйе секілді: жүздің арасынан мінуге жарайтынын әзер табасың». (Бұхари, Муслим). Бұл хадиске артық ауыз түсінік керек емес деп ойлаймын. Адам өзінің «қандай түйе» екенін сараптап алса болғаны... Мемлекет өздігінен дамымайды, оның ақылды көшбасшысы болу керек. Ең үздік деген білім беру жүйесі жасалса да, оқу үдерісін жүргізетін мамансыз өрлеу болмақ емес. Ұлы жобаларды іске асыратын комитет құруға болады, алайда оны жүргізетін қабілетті қызметкерсіз бәрі бекер. Таласыңыз бар ма? Жақсы тәрбие – педагогика оқулықтарының бетінде емес, ол мұғалімнің өз ісіне деген махаббатында, тәсілінде. Жобаның сәттілікке жетуі құлшыныс пен мақсаткерлікке ие маманмен тығыз байланысты. Сондықтан да, Омар алтынды, асыл тасты емес, өзіне көмекші болатын, мемлекетінің мерейін үстем ететін ер азаматтарды аңсады. Менің қолымнан тау қопару келмесе де, нәзік жүрегім сондай азаматтардың көп болуын шын тілейді және Алла қаласа, балаларым соның бірі болады деп сенемін.
Онға, жүзге, мыңға татитын бір еркек
Бір адамның он адамға, жүз адамға, тіпті мың адамға татиын кезі болады. Тарих беттерінен бір халыққа татитын азаматтардың болғанын білеміз. Данышпандардың «жүрегі Ұлы істерге деген талпынысқа толы еркек халықты жандандырады» деген сөзінде жан бар.
Хира қаласын қоршауға алған Халид ибн әл-Уалид Әбу Бәкірден қосымша әскер сұрағанда: «Мұндай адамы бар әскер ешқашан жеңілмейді» деп жазылған жолдамамен бір ғана сахабаны жібермей ме? Египетті босату үшін жіберілген әскер қолбасшысы Әмір ибн әл-Ас Омардан көмек сұрағанда: «Мен саған төрт мың әскер жіберемін, мұның әрбірінің басында бір өзі мыңға татитын төрт қолбасшы бар» деген хат жіберілгенін білесіз бе?
Мұрты бар «сәби»
Сонымен, біздің қоғамға қандай ер азаматтар керек? Еркек деген кім? Мұрт пен сақал өсетін адам ғана ма?
Рас, ерлік, жүректілік жаспен шектелмейді. Жеті жасар бала құрлы ақылы жоқ жетпіс жастағы ақсақалды да көрдік. Бір сәттік қызық үшін қолында барды сарп ететін, өзіне тиесілі емеске сәбидей қол жүгіртетін, өз ойыншығы секілді Алланың берген ризығын жұмсай алмайтын азаматтар да жоқ емес. Бұл – бар болғаны мұрты бар «сәби».
Ақыл мен ерлік балада да бар...
Дәл сол секілді, Алланың рақымының арқасында жастығына қарамастан, ісімен, ойымен, сөзімен батылдықтың үлгісі бола білетін бүлдіршіндер де бар. Бірде Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) ойын қуып жүрген бір топ баланың жанынан өтіп бара жатады. Оны көрген балалар көз көрмейтін жерге қашып кетеді. Тек Абдулла ибн әз-Зубейр есімді бір бала орнында қалып қояды. Омар оған: «Сен неге достарыңмен қашып кетпедің?» деп сұрайды. Абдулла: «Мұсылмандардың әміршісі, мен ешқандай күнә жасамадым және сізден қорықатын себебім де жоқ. Бұл жердегі жол да жіңішке емес, сондықтан сіз үшін оны босатпасам да болады» деген екен. Таңырқаған Омар (оған Алла разы болсын): «Ал сен неге өз қатарластарыңмен ойнамайсың?» деген сауалын қойды. Ол: «Жоқ, мен ойнаймын. Бірақ, өз шамасымен ғана, өйткені, ойнау үшін жаралған жоқпын» деп жауап береді. «Сонда мақсатың не?» деген саулаға жеті жасар Абдулла: «Мен исламның мерейін үстем ету үшін жаралдым!» деп жауап берген екен.
Дәл осыған ұқсас Сырым батырдың бала күніндегі мына тапқырлығы әлі күнге дейін аңыз болып шертіліп келеді.
Бірде Сырым бала сол өңірге батырлық, билік атағы жайылған Малайсары батырға сәлем бере барады.
- Уа, қай баласың?
- Даттың баласымын.
- Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол боларсың?
- Болсақ, болармыз. Бірақ бір құшақ отыннан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен деп келсем, қазымыр қарт па едің?
- Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма қонаққа, түнде келген жиырма қонаққа хақысын беріп, абыроймен шығарып салушы еді, шешеңе тартқан боларсың.
- Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да, би түсетін үй болыпты. Шалдар үш түрлі болады деуші еді: қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыз?
- Балам, сынайын деп айтқан бір-екі ауыз сөзімді көңіліңе алма. Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады – бір елтіре алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып қарсы сын қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра; қыдырымпаз десең – көршімнен сұра; қазымыр десең – кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айт» деген екен. Кейіннен баланың тапқырлығына риза болып, батасын береді.
Ер азамат деген кім?
Ер азаматтық – өзіне тапсырылғанға, жүктелгенге аманатшылдықпен қарап, биік мақсаттарға жетуге және осы жолда кездесетін қиындықтар мен кедергілерге төтеп беруге итермелейтін қасиет. Аз-кем сынақта араққа жабысатын немесе арқанға жүгіретін адамдарды кім деп атаймыз? Алла Тағала еркектерді әйелдердің дәрежесінен көтеріп берді емес пе? Қайда олар? Ер азаматтық– өмірдің кез келген жағдайында намысы мен абыройын сақтауға, өзін пайдасыз әрі әуре-сарсаң істерден алыс ұстауға итермелейтін қабілет. Бұл – азды көп, кедейді бай, әлсізді мықты ететін күш. Бұл – алудан гөрі, беруді көксейтін жомарттылық. Бұл – өзгелерден талап етпес бұрын, өз парыздары мен міндеттерін орындауға асығатын жеке жауапкершілік сезім. Алла алдындағы, отбасы алдындағы, отаны, діні, өзге мұсылмандар және өзі алдындағы міндетін түсінген және іске асыра білген – нағыз ер азамат болмақ. Ер азаматтылық – адамгершіліктің күші және күштің адамгершілігі. Кедейлік оның абыройын таптамайды, ал байлық тәкәппарлығын оятпайды. Бәлкім, мен баз біреулер үшін тым көп талаптар қойған болармын. Алайда, дәл осындай адамдарды бүгінгі қоғамнан көріп жүрмін. Сүйсінемін, сыйлаймын, қатарларының көбеюін қалаймын. Олардың барлығының алатын бір қайнар көзі бар, ол – Құран, ол – сүннет, ол – ұлттық тәрбие.
Үлкен әріппен жазылатын Еркектер
Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кездері тарих беттерінде болмаған үмбетті тәрбиелеп шығарды. Болуы да екі талай. Олар үлкен әріппен жазылатын Еркектер еді. Олар қауіп-қатерге қарамастан жанын да, дүние мүлкін де тәрк етуге асығатын. Және еңбекпен тапқанын алуға келгенде асықпайтын. Уәде оларды еліктірмеді, ал қауіп қорқытпады. Жеңістеріне азғырылмады, жеңілісте еңсесін түсірмеді. Сондықтан, осындай дәрежеге жетемін деген адам – Пайғамбарды ұстаз тұтсын.
Бауырлар, ағалар! Өз проблемасы ми сүйектеріне дейін жеткен адам исламға не бере алады? Олардың данышпандығы – нәпсіқұмарлық, олардың өмірбаяны – өтпелі дүниенің соңындағы бітпейтін қуғыншылық. Олар өз күштеріне сенбейді және Аллаға тәуекел етпейді. Отанды, тілді, дінді қорғау кімге міндет? Сіздің ойыңызывша, дінді тек имамдар тарату керек пе? Тілді тек шенеуніктер қорғай ма? Жо-жоқ, бұл әрбір ер азаматқа жүктелген міндет, қиянат жасауға болмайтын аманат. Дұшпаны қорықпайтын, досы жәрдем күтпейтін азаматтан не қайыр?! Біреу келіп көмектеседі деп күтпеңіз. Алла сізді әлдеқашан отарыңызға «бақташы» етіп қойған. «Жалғыздың үні шықпас» дейсіз бе?
Құраннан орын алған ер азамат
Мұса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Исраил ұлдарының біріне күш көрсетіп жатқан адамды өлтіріп қойған оқиғасын есіңізге түсіріңізші. Бұл перғауынның құлағына жеткенде кек алу туралы жоспар құрады. Құран оқиғаны былай баяндайды: «Қаланың шет жағынан бір адам жүгіріп келіп: «Ей, Мұса! Уәзірлер саған қатысты, сені өлтіру үшін кеңесіп жатыр. Бұл жерден кет! Ақиқатында, мен – саған адал кеңес берушілерденмін» деді. («Қасас» сүресі, 20-аят). Бұл – алып қауымдағы бір ғана еркек еді. Алайда, ол туралы аят Қасиетті Құраннан орын алды. Себебі, ол – ақиқатқа жақ, жақсылыққа құштар, қиындыққа тап болғанға көмек қолын созушы еді. Оған болашақ пайғамбардың «құтқарушысы» болу абыройы берілді.
Жәннатқа кіргізілген жалғыз
Сондай-ақ, «Иа Син» сүресінде белгілі бір елді-мекенге бірқұдайшылыққа үндеушілердің келгендігі баяндалады. Бұл туралы хабарды естіген бір кісі өз иманын кемелдендіру және ақиқатқа шақырушыларды қолдау үшін асығып жетеді: «Сонда қаланың бір шетінен бір кісі жүгіріп келіп: «Әй, адамдар! Елшілерге еріңдер. Өздеріңнен ақы сұрамайтындарға және тура жолда болғандарға еріңдер. Әрі мен өзімді жаратқанға және өздерің Оған қайтарылатынға (Аллаға) қалайша құлшылық етпеймін? Мен Одан өзгелерді құдайлар етіп аламын ба? Егер, әр-Рахман маған бір зиян тигізуді қаласа, олардың ара түсулері (шапағаты) маған еш пайда бермейді әрі олар мені құтқара да алмайды. Онда мен сөзсіз анық адасуда болған боламын. Ақиқатында, мен сендердің Раббыңа сендім. Мені тыңдаңдар» деді. («Йа Син» сүресі, 20-25-аяттар). Алла Тағала бұл адамды Жәннатқа кіргізді. Сіз бен біздің қолымыздан осы сөздерді айту келмей ме? Жалғыз бола тұра ақиқат үшін қасқайып тұра білу – шынайы азаматтық.
Өз сөзіне, ісіне берік болмағанның соңынан кім ереді? Сондықтан, біздің ел, қоғам ықыласты, иманы мығым, сүннетті серік етуші, жүректі, өзгелер тоқтағысы келсе де, алға жылжуға дайын, соңынан елді ерте білетін, өшкенді жандыратын, бұзылғанды қалпына келтіретін, кірді тазалайтын ер азаматқа мұқтаж. Мұндай азаматтарды қалалар, ауылдар, тіпті әрбір мұсылман отбасы қажет етеді.
Жоқ, ел басқару, би-көсем, шешен, халық қалаулысы болу, мінберден тіл қату әркімге артылған міндет емес. Ер азаматтық – елдің елеулісі болған адамға ғана қатысты емес. Ер жігіттің ең үлкен жауапкершілігі, аманатшылдығы, ер азаматтығы ата-анасына, отбасына, туған-туысқа, әйел-қарындасқа, дос-жараңға қатынасында, сабағына, жұмысына деген ынта-құлшынысында анықталады, сыналады емес пе?
Біз мұсылмандардың иманы нәзік, қиындықтар оп-оңай аяқтан шалатын кезеңде өмір сүрудеміз. Жеңіл өмір, салтанаттылық пен қол жетімділік өскелең ұрпақтың мінез-құлқына, бітіміне де әсер етеді. Олар – біздің үмбеттің болашағы, Алланың аманатын арқалаушылар емес пе? Ертеңгі күні арыз айтып, бармақ тістеп отырмас бұрын дайындықты қазірден бастаған абзал. Әлдеқашан қалыптасып қойған ер азаматтарға жүректегімді жеткізе алмаспын. Бірақ, мен өзім секілді қыздарды, келіншектерді, жас аналарды, болашақ аналарды әкелері жетпеген биікке жететін, әкелері жасай алмағанды жасайтын ер азаматтарды тәрбиелеуге үлес қосуға шақырғым келеді.
Аяла АбдулХаким