06:35 | Syrym Story
2016-11-15 (0) (19693)

АҒАЙЫН АРАСЫНДАҒЫ АРАЗДЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

АҒАЙЫН АРАСЫНДАҒЫ АРАЗДЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Ешкім де туған-туыс, ағайынсыз емес. Кім болса да, адамнан шығып, адамнан тараған, сонысымен ол көп жапырақ-бұтақты, көп тамырлы ағашқа ұқсайды. Туыстар да сол бір түбірден өскен ағаштың бұтақтары тәрізді. Көрген тәрбиесі, алған нәрі, бұрынғыдан қалған мирас-мұрасы, 62 тамыры арқылы тұлға бойға тараған қаны бір. Бағзы заманнан-ақ, халқымызда туған-туыстың төсекте жаны, төскейде малы қосылды. «Ағайыннан шет жүрсең, көңілің бір күн тарығар», «туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», «ақылды адамға ағайын көп», «өле жегенше, ағайынмен бөле же», «бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті» деген қанатты сөздерден бауырмашылдықтың жылы лебі еседі.

Ағайынның аласы – ұлтымыздың жарасы!

Сен туыстарыңды таңдап ала алмайсың, оны Алла бекітті. Және Жаратушымыз Құранда иман келтіріп, құлшылықта көмектескен діндес бауырларды атағаннан кейін: «...Туысқандар – Алланың Кітабы бойынша бір-біріне жақынырақ» деу арқылы, қандас бауырдың әркім үшін ең жақын адам екендігін айқындады. Тіпті, «туыстық - Алла Тағаланың «Рақымды» сипатының атауынан жаратылған. Туыстық қатынасты сақтағанды Алла Тағала рақымына бөлейдi, байланысын үзгендi рақымынан мақрұм етедi. Туыстықтың Қиямет күнi барлық жағдайды айқын баяндап беретiн тiлi бар» делінген хадисте (Бұхари).

 «Бауыр» деген атаудың өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені, бауыр – адамға ең жақын ағзалардың бірі емес пе? Хош, туған-туыстың жақындығын білмейтін қазақ жоқ қой, дегенмен, қадіріне жететіні аз болып тұр. Аяулы қарым-қатынас безбүйректік, көреалмаушылық, қызғаншақтық, елемеушілік сынды оғаш қасиеттермен лайланды. Жанашырлық, татулық, жанаямастық ізін жоғалта бастады. «Аға – жаға, іні – тыныс» болмай қалды, ағайынмен ішкен астың дәмі кетті. Бар болсаң көре алмау, жоқ болса бере алмау қалыпты көрініске айналды. Бекболат Тілеухан ағамыз бір сөзінде:

«Отбасы мықты болса – әулет мықты!
Әулет мықты болса – қауым мықты!
Қауым мықты болса – ұлт мықты!
Ұлт мықты болса – мемлекет мықты!» дегені бар еді. Расында, ағайынның аласы – ұлтымыздың жарасы!

Осы бір маңызды жағдайларды ескере отырып, мақаламызды ағайын арасында араздық тудыратын себептер мен оның алдын алу шараларына арнауды жөн көрдік.

Күншіл – адам кейпіндегі – залым, дос кейпіндегі – қас

Ағайынның арасына сызат түсіріп жүрген ең үлкен «дұшпандардың» бірі – күншілдік. Күншілдік (көреалмаушылық) дегеніміз – қандай да бір адамдағы артықшылықты немесе бір нығметті ол адамда жоқ болуын жүрекпен қалау. Адам өзінде жоқ нәрсені өзгеден көрсе, осы сезімге орын береді. Көреалмаушылық – аспанда жасалған ең алғашқы күнә. Ібліс оған Алланың лағынеті болғыр Адам атаны (оған Алланың сәлемі болсын) күндеді. Сөйтті де, мәңгілік Тозаққа жіберілді. Сондай-ақ жер бетінде де жасалған ең алғашқы күнә – Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) балалары Қабылдың Әбілге күншілдік жасап өлтіруі. Біріншіден, Қабыл Әбілдің үйленбек болған қызының сұлу екендігін күндейді, кейін, Алла Тағаланың оның құрбандығын қабыл еткендігіне де әзер шыдайды. Екінші жағынан, Әбіл әлдеқайда табысты болатын, оның дәулетін де қызғанды. Қабылдың көкірегіндегі көреалмаушылық пен өшпенділік оты кек пен арам ой қалыптастырды. Сөйтіп, iнiсi Әбілге барып айқай салып, «Мен сенi өлтiремiн!» деп қорқытады. Алайда, Әбіл көркем мінезділік танытып, керісінше, оған насихат айтады. Оның бұл артық қасиеті онан сайын күншілдікті арттырып, ақыры бауырын өлтіреді. Алланың берген артықшылығын жек көріп, ол адамдағы нығметтің болмауын қалау арқылы Ібіліске жәрдем етті. Өзі де Қияметке дейін болатын өлім күнәсінің барлығын өз мойнына алу жазасына кесілді.

Оқиғадан алатын ғибратымыз – күншілдік Аллаға ұнамсыз амал. Күншіл адам өзінің амалдарын отты су өшіргендей өшіреді, ісінің берекесін қашырады және күншілдігімен өзіне ғана зиян тигізеді. Біз басқаларды күндеуімізбен тұла бойымызға уайым-қайғыны сіңіріп, тыныш ұйқымызды өзгелерге таратамыз.

Күндеушінің жаман бір жері – ол тағдырмен таласып, Жаратушыға әділетсіз деп жала жауып, әдепсіздік жасап, Алланың ақ жолына қарсы шығып отыр. Егер, біз жүрегімізге барлық нәрсені Алла беретіндігін, игіліктің бәрі Алланың қалауымен болатындығын мықтап орнатып, өзімізге қалағанды өзгеге қалай білсек бұл «дерттен» сауыға алады екенбіз. Ол үшін иманымызды күшейтіп, білімімізді арттырып, дұғамен қаруланған абзал. Сондай-ақ, көреалмаушылықты сыйлықпен өшіруге болады. Хадисте «бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын» делінген (Муатта).

Абысын араз болса, ағайынның сәні кетер...

Халқымызда «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген мәні терең аталы сөз бар. «Жақсы болса алғаның үйіңнен кісі кетпейді, жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді» демекші, ағайынның арасындағы бітімді біріктіріп, көңілді кіріктіретін де, бауырлар арасында дәнекер болып, татулықты дәріптейтін де – әйелдер.  Абысын – ағайындылардың жарлары. Қазақта олардың отбасындағы орны белгіленіп қойған. Қандай жағдай болса да, үлкен ағаның әйелі кішісінің әйелінен жолы үлкен болады. Абысындардың бойында кішіпейілдік, жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық қасиеттерінің болуы – әулеттің басына қонған бақ. «Неге?» деген сауалыңызға Бұқар бабамыздың:

Ағайынның аразы, елдің сәнін кетірер,

Абысынның аразы ауыл сәнін кетірер,-деген сөзімен жауап бергіміз келеді. Сондықтан да, туыс-бауырмен тату болуды көксеген еркек жар таңдауда әйелдің бойындағы осындай қасиеттерге мән беріп, шаңырақ көтергеннен кейін де әйелін тәрбиелей білгені жөн. Құран аяттарында: «Ақиқатында, Алла әділдікті, ықыласпен жақсылық етуді және туысқандарға (жақсылық істеуді) бұйырады» делінген («Нахл» сүресі, 90-аят). Туыстық қатынасты ұстанушыны Алла ешқашан қорлыққа ұшыратпайды (хадис).

«Бiр адам: «Я, Алла Елшісі! Маған Жәннатқа кiруiме себеп болатын амалды айтыңызшы?», – деп өтiнгенде, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жалғыз Алла Тағалаға құлшылық етiп, құлшылығыңда Оған серiк қоспа. Күнiне бес рет намаз оқып, зекет бер. Туыстарыңмен қарым қатынаста бол» деп бұйырды. (Бұхари, Муслим). Мұны түсінген еркек бауырларына қамқор, әйел күйеуінің туыстарына жанашыр болмақ.

Осы тұста енелер қауымына да үлкен жүк артылады. Өйткені, ене есір болса, келін кесір болатыны тағы бар. Енелеріміз өзінің әулет мүшелеріне деген көркем қарым-қатынасы арқылы келіндерін тәрбиелей алады.

Кемпір-шалдың көзі кетсе, әулеттің сәні кетеді!

3. Шын мәнінде, әулеттің ұйытқысы, тірегі – шал мен кемпір. Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде Кәусар есімді блогер мынадай жазба қалдырыпты: «...Ата-әже деген керемет қой иә? Бір әулетті айрандай ұйытып отыратын басқа қандай күш бар?! Әсіресе, ата мен әженің тәрбиесін көріп өскен бала қандай керемет болып жетіледі. Жаны таза, қарапайым, рухани бай. Қызығасың, бірден танисың. Мәселен, мен жақсы білетін екі әулет бар. Екеуі де сондай үлгілі, бірлігі жарасқан, тату-тәтті жанұя болатын. Кейіннен бір отбасындағы ата мен әже бірінің артынан бірі қайтыс болды да, әлгі үй адам танымастай болып өзгеріп кетті. Бәрі де шашыраңқы, баяғы мен қызығатын ауызбіршіліктен ештеңе қалмаған. Алыстағы бала-шағасы сол қара шаңыраққа келмейтін де болған, олардың балалары ауылды ұмытқан. Заманнан шығар дейін десем, екінші әулет сол баяғы бірлігін сол қалпында сақтап отыр, әй деп отыратын әжелері де бар. Содан бәрі де кемпір-шалдың көзі кеткеннен деп түйдім өзім...». Расымен де солай. «Алты аға бірігіп әке болмас, алты жеңге бірігіп ана болмас». Аузы дуалы қария мен дана әженің орнын ешкім толтыра алмайды. Мұқағали Мақатаевша айтсақ:

Арсыз күлкің тыйылмас, жылауың да,

Айтысың да басылмас, ылаңың да.

Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда...

«Өле жегенше,

Ағайынмен бөле же»

Жақсылық жасап, Алласына сүйікті, адамдарға құрметті болғысы келген жанның ата-анадан кейін мойын бұру керек ең алғашқы адамы – туысы.

Күләйб ибн Манқаьадан (оған Алла разы болсын): «Менiң атам Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Алла Елшісі! Жақсылық iстегенге кiм лайығырақ?», – деп сұрағанда, ол: «Алдымен әкең мен анаң. Кейiн ағаң мен әпкең. Одан кейiн жақындық дәрежесiне қарай туыстарың. Бұл – мiндеттi нәрсе. Туыстық қатынасты үзбе», – деп жауап бердi. (Бұхари). Әлде садақа бергіңіз келді ме? Егер, сіз садақаны туысыңызға беретін болсаңыз, екі түрлі сауапқа ие боласыз: туысқанға қарайласу сауабы мен садақаның сауабы (Бұхари). Мал сойып, қонақ күткіңіз келді ме? Туысыңызды төрге шығарудан бастаңыз. Ауырса халін сұрап, қарыз сұраса тауып беруге ұмтылу да – мұсылманның ең көркем амалдарынан. Адамның бойында өзіне жақсылық жасағанға жылулық оянатын қасиет бар. Осыдан кейін туыстарыңыз да сіз туралы жақсы ойлап, қиын-қыстау сәтте арқаңызды қағуға асығады. Бабаларымыздың «жаман байыса, жақынын танымас» деген нақылының кейіпкері болудан Алла сақтасын!

«Әулетке лайық саясат деген болады...»

«Жақсы ағаң – орман, жақсы інің – қорған», «өзім жаман болсам да, ағам жақсы» деп ой түйген аталарымыздың ұрпағы ретінде тағы да бір нәзік тұсты атап өткіміз келеді. Бұл – абысындардың ата-анасына, яғни, құда-құдағиларға қатысты. Той-домалақта, қайғы-қазада алыстан ат терлетіп, іздеп келген ағайынның қадірі қашан да жоғары ғой. Осындайда құдалар жағы да сыналып жатады. Мәселен, сіздің туған ініңіз той жасады. Оған әйеліңіздің ата-анасы, туған-туыстары келмей қалды. Мұндай жағдайда ініңіз бен оның әйелі бірінші кезекте сізге, яғни, ағасына ренжиді, әйеліңізді кінәлайды. Көңілдеріне кірбің түсіп, қарым-қатынастарыңызға салқындық орнайды. Осындай жағдайды болдырмас үшін, құда-құдағилардың бір-бірімен аралас-құралас болуына жол ашатын «әулеттік саясаттар» жүргізуіңізге тура келеді.

Туыстарыңның «капризіне» – берекеңнің көзі жасырылған!

Ардақты Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ризығының кеңеюі мен өмірінің ұзаруын қаласа, ол туыстарымен қарым-қатынасын жасасын» деп өсиет айтты. (Бұхари). Кейде ойланбастан: «Түй, мына туыстар бәле болды, бір нәрседен құтылсаң, екіншісі шығады. Той-домалағы да, проблемасы да бітпейді осылардың. Кеше соғымның етін алып едік, пәленбай күн жатып алып ішіп кетті» секілді наз айтуымыз бұл қағидаға қайшы екен. Ал барлық игілік пен жақсылық, бақыт пен сәттілік қолында болған Алла Тағала біздің бай әрі ұзақ ғұмыр кешуімізді – туысқандардың «капризіне» сабыр қылу, проблемасын шешуге тырысу, қуанышы мен қайғысына ортақтасуға байлап қойыпты. Қандай қарапайым әрі тамаша формула! Сен Алла бұйырғандығы үшін, сауаптан үміт етіп туыстарыңмен жақсы қарым-қатынас ұстайсың. Сонда сенің мал-мүлкіңе, отбасыңа береке бітіп, ғұмырың ұзарады!

P.S: Я, Алла, бізге бір-біріне ұрыдай емес, бір ананың ұлындай қарайласып, қамқор болысатын салихалы ұрпақ нәсіп ет! 

 

19693 рет оқылды