Руханият 2014-12-10 (0) (11501)

ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰРМЕТКЕ ЕҢ ЛАЙЫҚ АДАМ

ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰРМЕТКЕ ЕҢ ЛАЙЫҚ АДАМ

 

«Ей, Мұхаммед, сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін. Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдында құрметпен бас ием!»

 

Пренс Отто Фон Бисмарк 

 

Әйгілі Бисмарктің шексіз құрметін оятқан бұл кім? Ол – Жаратушының тіршілікке нәр беру үшін аспан көгіне күнді орнатқанындай, адамзат өмірінің мәнін түсіндіру үшін тарих сахнасына шығарған сүйіктісі Мұхаммед Пайғамбар еді. Алла Елшісінің ғұмыры – артында Алла тұрған, мәнді, сабақ алатын ғибратты, ойлы, иманды өмір жолы. Ол адам баласы еді, бірақ ол адамзат дамуының қозғаушысы болды, тұла бойларда адами қасиеттерді жандандырды. Ал мұндай ізгі қасиеттердің «сұлтаны» – өзгені құрметтеу, сыйлау, кішіпейіл болу десек асыра сілтегендік емес. Пайғамбар өзгелерді құрметтеді, басқаларды құрметтеуді үйретті, сөйтті де өзі ең үлкен құрметтің қожайыны болды. Оған танытылған сыйластық ешбір пендеге бұйырмаған, бұйырмасы да анық.

Сіз де, біз де құрметтелуді сүйеміз. Алайда, басқаны құрметтеудің байыбына барып жүрміз бе? Бұл – аса маңызды сұрақ. Өйткені, «бүгін сен басқаға көрсеткен құрмет – болашақта саған көрсетілетін құрметтің кірпіші». «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Сиырға туған күн бұзауға да туады» демей ме бабам қазақ.

 

Олай болса, ең абзал буын өкілдерінің ең абзал адамға көрсеткен ең абзал құрметіне көз жүгіртіп көріңіз...

 

«Мұнан менің қай жаным аяулы?»

«Жолдасын тізесіне жатқызды. Үңгір тесіктерін аяғымен бітеді. Аяғын шаян шағып жатса да қозғалмады. Жолдасын оятып алғысы келмеді. Жолдасы оның қатты қиналып жатқанын бетіне тамған көз жасынан сезді. Ол – Алла Елшісінің сенімді сахабасы Әбу Бәкір ас-Сыддық еді (оған Алла разы болсын). Кейін Пайғамбар досын шаян шағып алғанын біліп, Құранмен дем салып емдеді.

Бұл Алла Елшісі   мен Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) Меккеден Мәдинаға көшіп бара жатқан кезіндегі, Меккедегі Сәур тауының үңгіріне жасырынғандағы жағдай еді. Әбу Бәкір әс-Сыддық Пайғамбар  үшін мал-мүлкін, өзін, отбасын қатерге тікті.  Ислам діні ең алғаш тараған жылдары Әбу Бәкір және басқа сахабалар Пайғамбарды дұшпандардың зұлымдығынан қорғамақ болып, тепкіге алынады.  Жараланғаны соншалықты, бір күн бойы есін жинай алмады. Сонда көзін ашқандағы ең алғашқы сауалы: «Алла Елшісінің халі қалай?» болды еді. Пайғамбарға деген құрметі соншалықты оның әрбір сөзіне сенетін, өзгелер теріс айналғанда әрдайым қолдау білдіретін.

 

«Жанымнан артық сүйікті Пайғамбарым!»

 

Бірде сахаба Зейд ибн Даснат (оған Алла разы болсын) мүшіріктердің қолына тұтқынға түсіп қалады. Олар оны өлтірмекке бекінеді. Сонда Әбу Суфьян: «Сен қазір өз отбасыңмен бірге болып, ал Мұхаммедтің сенің орныңда болғандығын қалар ма едің?» деп сұрайды. Зейд оған: «Алламен ант етейін, Алла Елшісіне тіпті тікен қадалғаннан гөрі дәл қазір басымды кесіп алғандарыңды қалар едім» деп жауап берген. Осындай оқиғалардың талай куәгері болған Әбу Суфиян: «Мен сахабалары Мұхаммедті жақсы көргендей махаббатқа ие болған ешбір адамды көрмедім» деген екен.

 

«Пайғамбар сендерге аманат!»

 

Ухуд жорығы аяқталғанда Пайғамбар сахабаларын түгендей бастайды. Айналасындағылардан: «Сағд ибн Рабиа тірі мен өлі ме?» деп сұрады. Оның сұрағын құлағы шалған Убай ибн Кааб (оған Алла разы болсын) Сағдты іздеуге кіріседі. Бұл кезде Сағдтың демі қорылдап шығып, өлім мен өмір арасында жатыр еді. Денесінде 12 ауыр жарақат болды. Алайда, ажал аузында жатқан ардақты сахаба Пайғамбардың іздестіріп жатқандығын біліп: «Алла Елшісіне менен сәлем жеткіз және Алладан өзім үшін және осы үмбет үшін сый сұрайтынымды айта бар. Және менің отбасым мен руластарыма сәлемімді жеткіз. Сағд сендерге «кім тірі болса, кімнің тым болмаса бір көзі ашық болса Алла Елшісіне зәредей зиянның тиюіне жол бермесін. Өйткені, ол зардап шексе, Алланың алдында ешбірің  ақтала алмайсыңдар» деген өсиет айтты дерсің» деген екен».

 

«Оның жанындағы күндер мен түндер»

 

Сахаба Рабиа ибн Кааб (оған Алла разы болсын) баяндайды: «Алла Елшісінің  мүбәрак жүзін алғаш көргеннен-ақ кеудемде айтып жеткізе алмастай махаббат патшалық құрды да, тұла бойымды баурап алды. Оған деген аңсарымның асқақтығы соншалықты, Пайғамбардан  басқа ешнәрсе ойлай алмайтынмын. Бір күні өзіме: «Сорың құрсың, о Рабиа! Өзіңді неге Пайғамбар   қызметіне арнамайсың? Оған көмегіңді ұсынсаңшы... Ол саған разы болса, жанында болу бақыты бұйырады, оның сүйіспеншілігі мен екі дүние игілігіне қол жеткізесің» деп насихат айттым. Дереу оған барып, қызметке алуын сұрадым. Кеудемнен қақпады, көмекшіге алуға келісті. Сол сәттен бастап мейірбан Пайғамбардың  ажырамас көлеңкесіне айналдым: қайда барса да серіктес болып, соңынан қалмадым. Маған қарай бұрыла бастаса, лезде жанынан табылатынмын. Бірнәрсе қаласа, өтінішін орындауға асықтым. Күні бойы қызметінде болып, күн батып, Пайғамбар  кешкі намазын оқығаннан кейін ғана босайтынмын. Алайда, қайту уақыты таяғанда: «Қайда барасың, Рабиа? Алла Елшісіне  түнде бірнәрсе қажет болып қалар?» деп өзіме сұрақ қоюшы едім. Осылайша, таң атқанша босағасынан алыс кетпей отырып алатын болдым».

Иә, сахабалардың Алла Елшісін құрметтейтіндігі соншалықты бір сәтке де жанынан алыс кетпейтін, кез келген қажеттіліктерін өтеуге тырысатын. Әрдайым мисуәгін (тіс тазалағыш) соңынан алып жүру қызметін атқаратын сахабалар да болды. Бұйырса, орындау үшін бір-бірімен жарысатын. «Отыр» десе отырып, «қайт» десе қайтатын. Оны қорғау үшін ойланбастан кеуделерін оққа тосатын. Әли (оған Алла разы болсын) айтады: «Алла Елшісі сөйлегенде сахабалар бастарына құс қона алатындай тыныштықта отыратын». Худейбия келісіміне 1400 сахаба қатысты. Алайда, оларда арнайы микрофон немесе тәртіпті күзетуші қызметкерлер болмады, сөйте тұра, Алла Елшісінің сөздерін есту үшін барлығы да сөзбен айтып жеткізе алмастай тыныштықты сақтайды. Мүшіріктер Ғуруа ибн Масғұдты келісім жасасу үшін елшілікке жібереді. Сахабалардың Пайғамбарға көрсеткен құрметіне таңғалған Ғуруа Меккеге қайтқанда: «Алламен ант етейін, мен осыған дейін Византия, Парсы жерінде елшілікте болдым. Алайда сахабалар Мұхаммедті  құрметтегендей құрметті ешбір жерден көрмедім» деген екен.

 

«Ол бәрінен «Үлкен»

 

Алла Елшісін үлкендер де, туыстары да ерекше құрметтейтін, оның алдында әдептілік танытатын. Бірде Пайғамбарымыздың көкесі Аббасқа (оған Алла разы болсын): «Сіз үлкенсіз бе, əлде Алла Елшісі ме?", - деген сауал қойылады. Сонда ол кісі: «Пайғамбар үлкен. Бірақ мен одан бұрын дүниеге келгенмін», - деп жауап берген екен.

 

«Сенің дауысың бәрінен асқақ!»

 

Сахабалар Пайғамбардың есігін тырнақтарымен қағатын және сыртқа шыққанша сабыр сақтап күтетін. Дауыстарын жоғары көтермейтін. «Ей, иманға келгендер! Дауыстарыңды Пайғамбардың даусынан жоғары көтермеңдер және оған бір-біріңе дауыстарыңды көтеріп сөйлейтіндей дауыстап сөйлемеңдер,  әйтпесе, амалдарың өздерің сезбеген күйде зая болып кетеді («Хужурат» сүресі, 2-аят) деген аят түскенде Сәбит бин Қайс (оған Алла разы болсын) атты сахаба «Мен Тозаққа түсетін болдым!» дегенді қайталап, үйінен шықпай отырып алады. Алла Елшісінің маңына да жоламайды. Себебі, ол кісінің даусы өте қатты шығатын. Мұны байқаған Пайғамбар Сағд ибн Муаздан: «Уа, Әбу Әмір, Сәбитке не болған, ол ауырып қаллды ма?» деп сұрайды. Ол: «Жоқ, ол аман-есен, денсаулығына шағымданғанын естімедім» деді. Осыдан кейін Сағд ибн Муаз Сәбит ибн Қайсқа келіп Алла Елшісінің сөздерін жеткізді. Ол: «Мен Тозаққа түсетін болдым!» деді қорқынышпен. Сағд мұны Алла Елшісіне айтқанда: «Керісінше, ол Жәннатқа барады!» деп жауап береді (Муслим).

 

Бірде Имам Мәлик пен халифа Әбу Жағфар Пайғамбар мешітінде отырып, сөз таластырып қалады. Халифа ашуға булығып, дауысын жоғары көтереді. Сонда имам: «Бұл мешітте дауысыңды көтеруші болма! Алла Тағала Құранда: ««Ей, иманға келгендер! Дауыстарыңды Пайғамбардың даусынан жоғары көтермеңдер және оған бір-біріңе дауыстарыңды көтеріп сөйлейтіндей дауыстап сөйлемеңдер,  әйтпесе, амалдарың өздерің сезбеген күйде зая болып кетеді» («Хужурат» сүресі, 2-аят) дер ескертті» деген екен. Мұны естіген Әбу Жағфар бірден өзін тоқтатқан болатын.

 

Сахабалардың Алланың Елшісіне деген сыйластықтары мен кішіпейілдіктерінің дәрежесін көрсететін тағы бір амалды қараңызшы! Ибн Шумаса (оған Алла разы  болсын) былай деді: «Біз Амр бин аль-Аспен (оған Алла разы болсын) жан тапсырар алдында бірге болдық. Ол дуалға бұрылып ұзақ жылады. Сөзінің арасында: «Ислам дініне қабылдағаннан кейін мен үшін Алланың Елшісінен артық жақсы көретін және одан  жоғары қоятын адам болған жоқ. Менің оған деген құрметімнің тереңдігі соншалық, мен оның көзіне қарауға дәтім бармайтын, ал егер маған оны суреттеп берші десе, мен оны істей аламас едім, неге десең, мен оған ешқашан тесіліп қараған емеспін...» деді» (Муслим).

 

14 ғасырға жалғасқан ұлы құрмет!

 

Әдетте адамдардың бір-біріне көрсететін құрметі олардың көзі тірісінде ғана орын алатын болса, Пайғамбарға деген құрмет ол дүниеден өткеннен кейін де 14 ғасыр бойы жалғасып келеді. Алла Елшісі қайтыс болғанда қалаға қайғылы хабар тарап, Мәдина түгелдей түнекте қалғандай болды. Әнәс ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) бұл туралы: «Мен ешқашан Алла Елшісі өзімізге келген күннен керемет, одан нұрлы күнді көрген емеспін және Алла Елшісі  қайтыс болған күннен жаман, одан қараңғы күнді көрмегенмін» деген.

 Имам Мәликтің (оған Алланың рақымы болсын) алдына шәкірттері білім алу үшін келгенде, оның қызметшісі есіктен шығып: «Ұстаз сіздерден сұрайды: хадис мәселесімен келдіңіздер ме, әлде фиқх бойынша сұрақтарыңыз бар ма?» дейді екен. Егер олар: «Біз фиқх бойынша келдік» десе, ғалым отырған қалпы бірден алдарына шығып, сұрақтарына жауап беретін болған. Егер олар: «хадис туралы білуге келдік» десе, имам Мәлик толықтай ғұсыл алып, тазарып, иіссу сеуіп, жаңа, әдемі киініп, қорқынышпен, хушуғпен алдарына шығып, Алла Елшісі хадистерін жеткізген. Және бұл – бір рет емес, үнемі осылай болатын. Одан мұның мәні сұралғанда: «Бұл Алла Елшісінің хадистерін ұлықтау, дәріптеу үшін! Мен оның сөздерін дәретсіз айтқым келмейді» деп жауап берген екен.

 

Тізілген құрмет үлгілерінің әрбірінде даналық, шекара, өлшем бар. Өйткені, мұсылмандар жаратылысқа деген шектен тыс құрметтен қайтарылған. Алла Елшісі : «Ей, адамдар! Алладан қорқыңдар! Шайтанға өздеріңді алдауға мүмкіндік бермеңдер! Мен, Мұхаммед – Абдуллаһтың ұлымын. Мен – құлмын және Алланың Елшісімін. Алламен ант етейін, сендердің мені Раббым құрметтегеннен артық құрметтегендеріңді қаламаймын» деген болатын (Ибн Ханбал).

 

Жоғарыдағы үлгілер – Алланың құлдарының өзі секілді құлға көрсететін құрметі. Иә, мақтануды да, мақталуды да, сыйлы болуды да, сыйлауды да үйрететін дініміздің осы бір тамаша тұстарынан дұрыс ғибрат ала білсек – Алламен де, адамдармен де қарым-қатынасымызды түзеуге жасаған оң қадамымыз болар еді...

 

11501 рет оқылды