Отбасы 2014-12-10 (0) (44229)

ҮЙЛЕНУГЕ НИЕТ ЕТКЕН ЖІГІТТЕРГЕ СҮЙІНШІ!

ҮЙЛЕНУГЕ НИЕТ ЕТКЕН ЖІГІТТЕРГЕ СҮЙІНШІ!

(САХАБА РАБИАНЫҢ ОҚИҒАСЫ)

Ей, жар іздеген жан!  Бақытты һәм берік қоғамның бір кірпіші болсам, ақ құсымды қолыма қондырсам деп ниетін бекіткен, алайда, тәуекелі жетпей жүрген қарагөз бауырым! Ақ некелі бақ таңын аңсаған бозбала! Өзің секілді жалындаған жастық шағында басынан өткергенін баяндаған бабаңның сырына назар салшы!

Сахаба Рабиа ибн Кааб (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Исламның ақиқаты жүрегімді жаулап, жаным иман нұрына бөленгенде әлі бұғанасы қатпаған бозбала едім. Алла Елшісінің мүбәрак жүзін алғаш көргеннен-ақ кеудемде айтып жеткізе алмастай махаббат патшалық құрды да, тұла бойымды баурап алды. Оған деген аңсарымның асқақтығы соншалықты, Пайғамбардан басқа ешнәрсе ойлай алмайтынмын. Бір күні өзіме: «Сорың құрсың, о Рабиа! Өзіңді неге Пайғамбар   қызметіне арнамайсың? Оған көмегіңді ұсынсаңшы... Ол саған разы болса, жанында болу бақыты бұйырады, оның сүйіспеншілігі мен екі дүние игілігіне қол жеткізесің» деп насихат айттым. Дереу оған барып, қызметке алуын сұрадым. Кеудемнен қақпады, көмекшіге алуға келісті. Сол сәттен бастап мейірбан Пайғамбардың ажырамас көлеңкесіне айналдым: қайда барса да серіктес болып, соңынан қалмадым. Маған қарай бұрыла бастаса, лезде жанынан табылатынмын. Бірнәрсе қаласа, өтінішін орындауға асықтым. Күні бойы қызметінде болып, күн батып, Пайғамбар кешкі намазын оқығаннан кейін ғана босайтынмын. Алайда, қайту уақыты таяғанда: «Қайда барасың, Рабиа? Алла Елшісіне түнде бірнәрсе қажет болып қалар?» деп өзіме сұрақ қоюшы едім. Осылайша, босағасынан алыс кетпей отырып алатын болдым. Алла Елшісі   түндерін ояу және намазда өткізетін. Алланың кітабынан «Фатиха» сүресін шаршағанша оқитын. Тоқтаушы ма еді, әлде менің көзім ілініп кететін бе еді? «Алла Тағала Өзіне мақтау айтқанды естиді» деген сөздерді құлағым жиі шалатын. Ол бұл сөзді «Фатихадан» да ұзақ қайталайтындай көрінетін...

Алла Елшісінің өзіне қандайда бір жақсылық жасаған адамға ерекше көңіл бөліп, одан да үлкен дәрежеге көтеретін әдеті болатын. Көрсеткен қызметімді марапаттамақ болып, жаныма келді де:

– Уа, Рабиа ибн Кааб!-деді.

        Тыңдап тұрмын, я, Алла Елшісі! –деп елең ете қалдым.

       Менен қалағаныңды сұра. Мен Алладан дұға етемін, ол міндетті түрде орындалады,-дегені сол еді, жүрегім шымырлап, ойлана кеттім:

       Я, Алла Елшісі, маған аз уақыт бер, ойланайын, содан кейін сенен сұраймын,-деп едім, ол да келісті.

Шын мәнінде, туыстары, мал-мүлкі, баспанасы да жоқ кедей жігіттердің бірі едім. Менің панам – өзім секілді үйсіздер жиналатын мешіт бұрышы болатын. Басқалар бізді «исламның қонақтары» деп те атайтын. Мұсылмандардың бірі Пайғамбарға садақа берсе, толықтай бізге жіберетін. Сыйлық келсе, жартысын өзіне қалдырып, қалғанын бізге тарту ететін. Осыны ойлап тұрғанымда нәпсім Алла Елшісінен дүние рахатын сұрауды сыбырлады. Әйел, бала-шаға, мал-мүлік жеткілікті өмірді қалады. Бұл ой санамды билей бастап еді, кенеттен өзіме: «Сақ бол, уа, Рабиа ибн Кааб! Өткінші дүниені ғана сұрамақсың ба?! Бұл өмірде Құдіретті Алла белгілеген ризық міндетті түрде келеді! Пайғамбардың Алла алдындағы мәртебесі сондай, оның тілек-дұғасын қайтармайды. Сондықтан да, арғы дүниедегі бақытты сұрап дұға жасауын өтін!» деп сөгіс айттым. Шешіміме қанағаттанып, жаным тыныштыққа бөленіп, кеудемді қуаныш кернеді.

Пайғамбарға   келгенімде:

       Иә, Рабиа, сонымен не сұрайсың?-деді. Мен:

       Уа, Алланың Елшісі, Ұлы Алладан сенің Жәннаттағы серігің болуымды сұрағаныңды қалаймын,-деп жауап бердім.

Ол қарады да, былай деп сұрады:

       Саған мұны сұрауға кім кеңес берді?

       Алламен ант етейін, ешкім де кеңес берген жоқ. Алайда, сен «қалағаныңды сұра» дегенде, нәпсім осы дүние игілігін сұрауды сыбырлады. Өзімді дер кезінде тоқтатып, шынайы жеңісті сұрауға бел будым. Енді Алладан сенің Жәннаттағы жолдасың болуымды сұрауыңды өтінемін,-деп сөзімді аяқтадым. Ол аз уақыт үндемей отырып, тағы да тіл қатты:

       Мүмкін, тағы басқа нәрсе сұрайтын шығарсың, уа, Рабиа?

       Жо-жоқ, Алла Елшісі, сенен сұрағанымнан артық нәрсенің болуы мүмкін емес,-деп нақты айттым. Сонда Пайғамбар :

Олай болса (құлшылығыңа және намазыңа көңіл бөліп) көп сәжде жасаумен өзіңе және маған көмектес,-деп айтты.

Осыдан кейін Пайғамбарға   осы өмірде қызмет еткенімдей Жәннатта да серіктес болып жүруім үшін құлшылығымды ыждағатттылықпен, жігермен атқаратын болдым....

Бір күні Алла Елшісі шақырып:

       Уа, Рабиа, сен әлі үйленбедің бе?-деп сұрады. Мен:

        Сенің алдыңдағы қызметіме басқа нәрсенің кедергі келтіргенін қаламас едім. Одан басқа, әйеліме тиесіліні төлеуге қаражатым да, онымен бірге тұратын баспанам да жоқ,-дедім. Алла Елшісі   үндемеді.

Біраз уақыттан кейін тағы да:

       Уа, Рабиа, сен әлі үйленбедің бе?-деп сұрады. Мен алғашқы жауабымды айттым. Алайда, бұл сөздеріме қатты өкіндім де, өзімді есепке тартып: «Сорың құрсын, Рабиа! Алла Елшісі сенің өмірің мен дініңде ненің қайырлы екенін жақсы біледі. Сенің жағдайыңнан да толық хабардар. Алламен ант етейін, келесі жолы сұраса, оң жауап беремін» дедім.

Осыдан көп уақыт өтпей Пайғамбар менен:

       Уа, Рабиа, сен әлі үйленбедің бе?-деп сұрады.

       Еш қарсылығым жоқ, уа, Алла Елшісі, бірақ, осындай кедей күйімді көрген қандай жан маған тұрмысқа шығады?-деп ниетімді білдірдім. Пайғамбар бірден:

       Түгенше деген адамға бар да: «Алла Елшісі пәлен деген қызыңды маған әйелдікке беруді бұйырды» деп айт,-деді. Ұялған кейпімде әлгі адамдарға барып:

       Алла Елшісі пәлен деген қыздарыңызды маған әйелдікке беруді бұйырды,-дедім. Олар: «дәл осы қызды ма?» деп нақтылады. Мен «иә» дедім. Сонда олар: «Алла Елшісіне сәлем айтамыз және Алла Елшісі жіберген елшіге де сәлем айтамыз. Егер, Алла Елшісі елші жіберген болса, онда солай болуы керек» деді де неке шартын жасасты.

Пайғамбарға келіп: «Сен нұсқаған мейірімді жандардан келдім. Олар маған сеніп, қыздарын берді. Алайда, әйеліме тиесілі қалыңмалды қайдан табарымды білмей тұрмын» дегенім сол еді, ол менің руымның көшбасшыларының бірі Аслам Бурайда ибн әл-Хасибты шақырды.

       Уа, Бурайда, Рабиаға қажетті алтындарды жинап беріңдер,-деп бұйырды. Олар бірден орындады. Алла Елшісі әлгі алтындарды қыздың ата-анасына алып баруды тапсырды. Олар қолымдағыны алып: «Бұл өте жақсы әрі жеткілікті қаражат» деп келісе кетті.

Пайғамбарға қайта келіп: «Олардан асқан қанағатшыл адамдарды көрмедім. Қаражаттың аздығына қарамастан көңілдері тоқ болды. Енді тойға арналған қаражатты қайдан алсам болады, уа, Алла Елшісі? -дедім. Ол Бурайданы шақырып жақсы қойға қаражат жинауды тапсырды. Және Айшаға барып, «Алла Елшісі қолында бар арпаны беруге бұйырғандығын жеткіз» деді. Айшаға барғанымда: «Міне саған себет, мұнда жеті өлшемді арпа бар. Алламен ант етейін, бізде мұнан басқа ас жоқ» деп жауап берді. Осыдан кейін қой мен арпаны алып қалыңдық үйіне бардым. Олар арпа нанын өздері дайындайтындығын, ал қойды тайпаластарымның жайғастыру керектігін жеткізді. Руластарыммен бірге қойды сойып, асқа әзірледік. Осылайша, бізде ет те, нан да пайда болды. Көңілім жайланып, үйлену той дастарханын жайып, Алла Елшісін шақырдым және ол шақыруымды қабыл алды.

Біраз уақыттан кейін маған Әбу Бәкірдің жерінің қасынан жер бұйырды. Мал-дүниеме береке бітіп, бақуатты өмір сүре бастадым...» (Абдуррахман Рафат Баша, «Пайғамбар сахабаларының өмірінен көріністер»).

ІСІҢДІ ЖЕҢІЛДЕТЕТІН 3 ӨСИЕТ

Өмірлік емтихандарын «үздік» деген бағаға тапсырып, Қияметтегі ең керемет кітаптардың «авторы» болатын сахабалар бір-біріне мына үш нәрсені жиі өсиет ететін болған:

 1. Кімде-кім өзі мен Раббысы арасындағы қарым-қатынасын реттесе, Алла Тағала оның басқа адамдармен қарым қатынасын реттейді.

2. Кімде-кім Ақыретінің қамын жасаса, Алла Тағала оның бұл дүниедегі халін реттейді.

3. Кімде-кім ішкі дүниесін ретке келтірсе, Алла Тағала оның сыртқы келбетін сұлу етеді. 

Және жоғарыдағы оқиға кейіпкері сахаба Рабиа ибн Кааб (оған Алла разы болсын) мұны түсініп, амалына асыра алған абзал тұлға еді! Ол Алла мен Оның Елшісінің махаббатын көксеп еді, бұл дүниедегі мәселесі мәмілеге келді, уайымы өз шешімін тапты.

Алланың разылығын некемен іздеңдер!

Сайып келгенде, Раббысының разылығы мен Ақыретінің қамын ойлаған адамда ұтылыс жоқ. Неке де – Алланың разылығын іздеудің жолы. Себебі, неке зина деген зұлым күнәні тоқтатушы бірден-бір күш. Ал зинадан Алла разылығы үшін бас тарту, Алланың бұйрығын орындау, қорқу – тақуалық.  «Кім Алладан (Оның тыйғандарынан) қорқып сақтанса, Ол оған шығатын жол жасайды. Әрі Ол оған ойламаған жақтан ризық береді. Ал, кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші. Алла әрбір нәрсеге өлшем белгілеген». («Талақ» сүресі, 2-3-аяттар)

Ғұлама әс-Саади (оған Алланың рақымы болсын) келтірілген аятқа байланысты былай деген: «Алла тақуаларға тығырықтан шығудың жолын ғана жасап қоймай, ойламаған жерден ризық жібереді. Кім Аллаға тәуекел етсе, рухани және дүниелік істерде Алланың қамқорлығы жеткілікті. Сондықтан да, иман келтіруші үнемі Аллаға тәуекел етіп, Оның қолдауынан, зияннан сақтайтындығынан үміт етуі керек. Расында да, егер адам Аллаға тәуекел етсе, Ол оның барлық істерін ең жақсы жолмен жайғастырады. Басқаша қалай болсын, адам Алланы Өз құлына басқалардан ең Жақын, ең Бай, Қуатты, Күшті және Мейірімді Қамқоршы ретінде танымай ма?».

Неке – шашылудың емес, кедейліктен арылудың жолы

Сондай-ақ, жастар қауымының үйленуді кейінге қалдыруының басты себебі – ризық, қаржы-қаражат мәселесі (қалың мал, той, құдалық, баспана, күнделікті азық-түлікпен қаматамасыз ету т.б). Асылында, үйленуге ниеттенген адамға Алла Тағаланың көмегі жетеді. (Тирмизи). Неке – шашылудың емес, кедейліктен құтылудың бір жолы.  Бұл туралы бізге жеткен екі бірдей хадис бар: «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді» (Баззар, Хаким); «Некеден ризық күтіңдер» (Дәйләми). 

Бұл өсиеттерді сахабалардың сөздері толықтыра түспек: Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерің үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят).  Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) осы аятқа байланысты «некеден ризық-несібе күтіңіздер» деп үндеу тастайды.

Имам Қуртуби (оған Алланың рақымы болсын) жоғарыдағы аятқа байланысты: «Әйелдің немесе еркектің кедейлігіне байланысты үйленуді кейінге қалдырмаңыздар, егер олар кедей болса Алла өз ризығымен байытады. Бұл уәде – Алла разылығы үшін үйленгісі келетіндер мен оның тыйымдарынан бас тартатындар үшін» деген екен.
Келесі бір ислам ғұламалары: «Құдіретті Алла некенің кедейліктен арылтатын жол екендігін хабарлады» немесе «Алла Тағала некеге отырғандарды Өз рақымымен асырайтындығына уәде береді. Мұсылман үйлену немесе отбасын кеңейту материалдық жағдайды нашарлатады деп жансақ ойламауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала шаңырақ көтеруге шақырып, қажеттіліктер мен кедейліктен арылтатындығына уәде берді. Оның көркем есімдерінің бірі – Кең және Білуші. Оның рақымы мен ізгілігінде шек жоқ. Ол кімге рухани және материалдық байлық керек екенін жақсы біледі. Және әрбірін Өзінің білімімен және даналығымен қамтамасыз етеді» деген.

Сөзсіз, Алла разылығы үшін үйленген жігітке әйелінің және бала-шағасының ризығы жетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орталарындағы әлсіздердің арқасында сендерге көмек көрсетіліп, қажеттіліктерің берілмей ме?» деген екен (Бұхари).

Демек, үйлену – мал-дүниеге береке әкеледі екен. Еркек жанұямды бағамын деп, әрекет жасап, жұмыс істеп, Аллаға тәуекел ете білсе, оның ісін Алла Өзі реттеп, мал-дүниесін молайтады. Тапқаны аз болса да мәні мен сәнін арттырады, рақатын көруді нәсіп етеді.

Тәуекел – иманның тазалығы мен күшін сипаттайтын жүрек амалдарының ең маңыздысы. Шынайы әрі ұлы үміттер ешқашан алданбайды. Алла ісін Өзіне тапсырғанды қорғауына алып, жақсылыққа жолын жеңілдетеді, қайғы мен мұңнан құтқарады. Ал дұға – кез келген тілегін қолына түсіруге мүмкіндік беретін мұсылманның қаруы.

Күллі әлем қазыналарының, жүректер мен тағдырлардың  Иесі Құдіретті Аллаға тәуекел еткеннің, арқа сүйегеннің нендей уайымы болсын?!

 

 

44229 рет оқылды