23:45 | По душам
Бизнес 2014-12-10 (0) (10284)

ҚАЗАҚТАР ЖӘНЕ ДОЛЛАР

ҚАЗАҚТАР ЖӘНЕ ДОЛЛАР

Жексенбі. Әпкем екеуміз Алматы маңындағы Қаскелен ауылының көшелерінің бірінде такси тосып тұрмыз. Шыққан жеріміз де, бағыт алған үйіміз де көңіл қуантарлықтай болғандықтан ба, әйтеуір, көңіліміз көтеріңкі. Әпкем кенет:

       Осы қазір баяғы ауылдағыдай простой шифр ешкімде жоқ иә? Қарашы, бәрін де қызыл, жасыл түсті мықты шатырлар,-деді.

Көзімді ол нұсқаған жақа жүгіртіп едім, расымен де, көрінісі көз тартар, бір-бірінен өткен әдемі үйлерді көрдім. Ауылым есіме түсіп кетті.

2-3 ай бұрын ауылға барғанымда таныстарымның көпшілігінің үйін танымай қалғаным бар. Таңғалып, «пәленшенің үйі күшті болы кетіпті ғой иә, түгеншенің үйі ұнады» деген сайын мамам: «Иә, несін айтасың? Қазір елдің бәрі жаңа үй салып жатыр. Салмағаны жарысып, есік-терезесін, шатырын ауыстырып жаңартып қойды. Қазір халықтың жағдайы жақсы ғой» деп жауап беретін.

Екі-үш жыл бұрын таң атпастан тезек сындырып, пешке нан жабатын анам қазір ұн тағамдарын қысқа толқынды печке пісіреді. Ауылға әр барған сайын анамның қара терге түсіп күбі пісетіні жаныма бататын. Сол күбісін пісіп беруге бола қалаға кеткім келмейтін. Қазір қаймақты да, майды да арнайы құрылғымен алады. Кірді машина жуады. Үйдегі әрбір адамның қолында ұялы телефон. Бұрын әркімнің үйіне барып: «Ағай, бөтен қой бар ма?» деп айқайлап тұрушы едік. Қазір әкем келмей қалған малды телефонмен іздейді. Үй телефонының үні де естілмейді. Төрде led экранды теледидар. Інімнің арнайы көзілдірікпен үйде отырып 3D фильмдер көруге болатындығын айтқаны бар. Залдағы пультпен қосылатын люстараны көріп басымды тағы бір шайқадым. Ауылдың келіндері «кухонный гарнитур» мен залда қонақ отыратын орындық-үстел алудан (немесе жасатудан) жарысып жатыр екен. Бұрын тоңазытқышта тек айран мен май тұратын болса, қазір, күн сайын майонез бен кетчупті де, ірімшік пен шұжықты да табуға болады. Анам ет асса інім дүкеннен «роллтон» әкеліп беріңдер деп еңіреп отырады. Есімде, әр мал сойылған сайын, күшім жетпей, әзер дегенде ет тартқыштан ет өткізетінмін. Қазір үйде оны да электрлік ет тартқыштар жасайды екен.  Оқушы кезімізде қолымыз қиылғанша бастаудан су тасушы едік, қазір әр үйге су кірген немесе құдыққа мотор қосылған. Анам енді тамақтың бәрін өзі дайындайтын мультиварка алып беруіме қолқа салып жүр. Қысқасы, ауылдағы ең қиын жұмыс – мал бағу ғана болып тұр. Әпкем екеуміз сабақтан қалып, өріске мал жаюшы едік, қазір 1000 теңге берсең кез келген бала малыңды да бағып келеді екен. Кім білсін, алдағы уақытта малды бағып келетін бір «құрал» шығатын шығар...

Мұның бәрін неге тізіп айттым дейсіз ғой? «Шүкір!» деп айқайлайын дегем, «Қанағат!» деп қарнымды тойғызып қояйын дегем. Өйткені, бүгін бізде шүкір етуден басқаға уақыт таппай қалатындай жағдай бар. Бүгінгінің кедейіндегі бар жағдай, бұрынғының байларында болмағанына келіспей қайда барасыз?

Таяуда ғана Тұрсынбек Қабатовтың «қазақтар және доллар» деген үзінді әзілін тыңдап, әбден күліп едім. Расымен де, солай. Қазақтар бағаның шарықтауына, дағдарысқа бетін шымшып, шашын жұлып, қам жеп жатқан жоқ. Неге? Өйткені, әркімнің жағдайы – жоғарыдағыдай тоқ. Жо-жоқ, біз тым дамып кеткен ауылдардың қатарында емеспіз. Және – ауылдағы бай-бақуаттың адамдардың тізіміне де кірмейміз. Біреуден ілгері, біреуден кейін өміріп сүріп жатқан  қарапайым отбасының көрінісі бұл.

Білесіз бе, мен қазақ ауылдарының бұл мамыражай тіршілігін қай заманнан бері сабырлылықтан, шүкіршіліктен, қанағатшылықтан таймаған қазақтардың пейіліне қарай Алланың берген сыйы деп білдім. Қолда бар нығметті сақтап қалудың ең бірінші жолы – дер кезінде шүкір ете білу деп жатады ғой. «Қолдағыға қанағат-шүкір қылмасаң, Болады бар да - арманда, жоқ та – арманда» деп ой толғаған екен Сүйінбай Аронұлы.  Қанағат ең алдымен – жеткілікті нәрсеге разы болып, бұйырмаған нәрсеге өкінбеу, барға шүкір ету екен. Тоқтықтың қадірін түсініп, «тәубе» деп Тәңірге тізе бүксек, «шүкір» деп шариғатқа иек артсақ Жаратқан несібесіз етпес елімізді...

 

Кәусар АбдулХаким

10284 рет оқылды