“Қарызға ақша беріп едім ала алмай жүрмін”, “Қарызға кімнен ақша сұрай тұрсам екен?”, “Сеніп едім, ақшамды бермей кетті”, “Мәәәә, саған қарызды қашан бергенім есімде жоқ, рахмет!”, “Қайта-қайта сұрай беруден ұяламын”... таныс сөздер ме? Иә, бұл қарыз алу мен оны қайтарып беру мәселесінде, өкінішке орай, жиі кездесіп жататын сөздер. Бұған қатысты түсініспестік пен кикілжің де көп. Тіпті кейбірі жақын таныстарымен ат құйрығын кесіссе, кейбірі сотқа жүгініп жатады. Бұған себеп, даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, ең басында қарапайым ғана бірнеше ережені орындамағандығымыздың кесірі. Айтпақшы, бүгін сол ережелерге тоқталып өтпекпіз. Алла Тағала сіз бен бізге пайдалы ілімдерден етсін!
БІРІНШІ ЕРЕЖЕ
Қарыз алып жатқан адам да, беріп жатқан кісі де ең алдымен мерзімін дәл анықтап, келісіп алуы керек. Яғни қарыз қанша уақытта қайтарып бере алатынын кесіп айтуы тиіс. Қолхатқа куә болған адамдпр да аты-жөндерін, куә болғандарын жазса, артық болмайды.
Мысалға,
Алла Қаласа мен сенің ақшаңды дәл бір аптадан кейін (09.05.2020 ж.) сағат 18:00-де қайтарып беремін.
ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ
Шарттарды нақты көрсете отырып, қолхатты (түбіртекті) жазып алыңыз. Қағазға жазыңыз немесе ұялы телефоныңызға теріп, почтаңызға өшпейтіндей етіп сақтап қойсаңыз болады. Бастысы өшіп қалмауы қажет.
Мысалға,
Мен _(қарыз беруші)_ 30.04.2020 ж. _(қарыз алушыға)__ 100 000тг (жүз мың теңге қарызға бердім). Алла қаласа 50 000тг (елу мың теңгесін) 10.05.2020ж сағат 18:00-ге дейін. Ал қалған 50 000тг (елу мың теңгесін) 10.06.2020ж.12:00-ге дейін қайтарады.
Қарыз берушінің қолы:
Қарыз алушының қолы:
ҮШІНШІ ЕРЕЖЕ
Егер қолхатты қарыз алушы емес, басқа адам жазса, онда қарыз алушы ол қағазға өзінің келіскендігін жазуы тиіс.
Мысалға,
Мен __(қарыз алушы)_, __(қарыз берушіден)_ 100 000 тг қарызға алдым. Келісілген уақытта ақшаны қайтаруға уәде беремін.
ТӨРТІНШІ ЕРЕЖЕ
Егер қарыз алушы өзі хат танымаса (жазу жаза білмесе), қолхатты Алладан қорқатын сенімді басқа адамға (өзінің айтқанын айнақатесіз жазып беру шартымен) жазғызуына болады. Яғни жазып отырған адам ешнәрсені өзгертпеуі тиіс. (Ақшасын көбейтіп не азайтып, т.б.)
БЕСІНШІ ЕРЕЖЕ
Қарыз беру кезінде куәгер ретінде екі ер адамның, егер екі ер кісі болмаса, онда бір ер кісі және екі әйел болуы тиіс.
АЛТЫНШЫ ЕРЕЖЕ
Егер сапарда немесе басқа да себептермен қолхат жаза алмайтын жағдайда болса, кепілге зат алуына болды.
Мұның мәні, егер қарызды қайтаратын уақыт келіп, қайтарушы одан бас тартса, онда кепілде тұрған зат сатылып, қарыз өтеледі, ал сатудан түскен қаражаттың қалған бөлігі (бар болса) иесіне, яғни борышкерге қайтарылады.
Міне, осы ережелерді жүзеге асыру арқылы адам Алла Тағаладан қорықпайтын опасыз адамдардан өзін қорғайды. Себебі осы мәселеде ұмытшақтық пен алдау жиі кездесетіні баршамызға мәлім. Мұның даналығы - адам құқығын сақтау және қорғауда . Құрандағы ең ұзын аятта да осы қарыз мәселесі былай баяндалған:
Әй мүміндер! Егер белгілі бip мерзімге дейін бip-бipiңe борыштансаңдар, сонда оны жазыңдар. Араларыңда бip хатшы дұрыс жазсын. Сондай-ақ хатшы Алланың оған үйретуі бойынша жазудан бас тартпасын. Борышты кici жаздырсын. Раббы болған Алладан қорықсын әpi одан еш нәрсе кeмiтпeciн. Сонда егер борышты есалаң не нашар (жас бала я кәpi) немесе жаздыра алмайтын (сақау т.б.) болса, оның иесі тура жаздырсын. Еркектеріңнен екі айғақ қойыңдар. Егер еркек болмаса онда өздерің ұнатқан айғақтардан бip еркек, екi әйел болады. Егер eкeyiнiң бipi жаңылса, екіншісі оның eciнe салады. Куәлер шақырылған сәтте бас тартпасын. Аз, көп болса да белгілі мерзімге дейін жазудан ерінбеңдер. Осыларың Алланың қасында туралық; куәлік үшін мықтырақ және күдіктенбеуге де жақынырақ. Бipaқ та өзара қолма-қол алып, беретін әзip сауда болса, жазбауларыңның оқасы жоқ. Саудаласқан кезде айғақ қойыңдар. Хатшы да айғақ та зиянға ұшыратылмасын. Егер оны iстесеңдер, рас күнәлі боласыңдар. Алладан қорқыңдар. Әpi Алла сендерге үйретеді. Сондай-ақ Алла (Т.) әр нәрсені толық білуші.
Ал егер сапарда болып, хатшы таба алмасаңдар, онда борыштыдан бодау алуға болады. Егер біріңе-бірің сенсеңдер, (бодаусыз берілсе) сенілген жан аманатын тапсырсын. Сондай-ақ Раббы Алладан қорықсын. Куәлікті (көргендеріңді) жасырмаңдар. Кім оны жасырса жүрегі күнәкар болады. Алла не істегендеріңді толық біледі.
(«Бақара» сүресі, 282, 283-аяттар)
P.S Алла Тағала баршамызға қарызымыздан толықтай құтылып, бақытты ғұмыр кешуімізді нәсіп еткей, әмин!