23:45 | По душам
2017-03-29 (0) (469910)

ЖОЛЫҢЫЗДЫ АШУҒА АРНАЛҒАН ТАҢДАУЛЫ ДҰҒАЛАР

ЖОЛЫҢЫЗДЫ АШУҒА АРНАЛҒАН ТАҢДАУЛЫ ДҰҒАЛАР

 

Адамның қаржы қиындықтарынан шығуына, ойға алған істерінің нәтижелі болуына, ауру-сырқатқа шалдықпауына, тезірек жұмыс таба алуына, отбасындағы кикілжіңдердің алдын алуға, ісінің берекелі болуына бір ғана нәрсе жәрдем ете алады. Ол – дұға. Осы мақсатта назарларыңызға жол ашуға арналған дұғалар топтамасын ұсынамыз.

 

Мына дұғаны айтқан адамға ең қайырлы нәсіп болады!

 

Қиналғандар жалбарынып жәрдем сұрайтын, қашанда тілге аты оралып, жүректер сүйетін бір ұлықтық Иесі бар. Ол – жалғыз ғана Алла. Олай болса, қайғыда, қиындық пен жеңілдікте Оған жылап, жалынып, жәрдем сұрайтын шақта осы дұғаның сізге берері мол.

Мүміндердің анасы Умм Салам (оған Алла разы болсын) былай деді: Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Алланың құлдарының бірі қайғыға тап болып: «Расында, біз Аллаға тиесіліміз және Аллаға қайтарыламыз! Я, Алла, мені қайғымда сауапты ет те, маған одан жақсысын бер!»

/Инна ли-Лаһи уа ина иләйһи ражиъуна! Аллаһумма-журни фи мусыбати уа хлюф ли хайран минха!/, – десе Алла Тағала міндетті түрде оның қайғысы үшін сауап жазады және оған (айрылғанының) орнына одан да жақсысын береді», – деді. Әбу Салама өлген кезде, мен Алланың Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт дегенін айттым, сонда Алла оны маған одан да жақсысымен ауыстырды – (яғни) Алланың Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (Муслим). Кейін Умм Саламды Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне жар етіп алды.

 

Қиындыққа тап болып, жолын ашқысы келген адам мына дұғаны оқысын!

 

Алла Тағала суға батып бара жатқанды құтқарады, жоғалғанды қайтарады, дертке шипа береді, жәбірленгенге жәрдем береді, адасқанды жолына салады, қиналғанға жеңілдік береді. Қиындыққа тап болсаңыз, онда мына дұға сіз үшін!

Бiр күнi Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешiтке кiрген бетте Әбу Умәмә есiмдi ансарлардан болған бiр кiсiні көрiп, оған: «Ей, Әбу Умәмә, сенi намаздың уақытынан тыс кезiнде мешiтте мына күйде отырғаныңды көретiндей не жағдай болды?» деп сұрағанында, ол: «Я, Расулуллаһ! Бұған себеп басымдағы қарызым мен күйзелiсiм» деп жауап бердi. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Олай болса) таңертең және кешке (Алла Тағаладан): «Я, Тәңiрiм! Күйзелiс және қайғыдан, әлсiздiк пен жалқаулықтан, қажырсыздық пен сараңдықтан, қарызға бату мен адамдардың ашуынан өзiңнен пана тiлеймiн)»  деп дұға ет дедi. Осы оқиғадан кейiн Әбу Умәмә былай дедi: «Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай қылдым. Алла Тағала уайымдап, абыржығанымды кетiрiп, қарызымды өтеуiмдi нәсiп еттi». (Әбу Дәуіт).

Дұғаның оқылуы:  Аллаһумма! Инни әъузу бикә минәл-һамми уәл-хузни, уә әъузу бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уә әъузу бикә минәл-жубни уәл-бухл, уә әъузу бикә мин ғоләбәтид-дайн, уә қаһрир-рижәәл. 

 

Мазасыздыққа душар болған адамға мына дұғаның берері мол!

 

Дұға жасауды жақсы білген адам, уайымдап, мазасызданбауға лайық. Алла өте Жақын әрі Естуші, Қабыл алушы. Жаны қиналып, күйзелген адам жалбарынып дұға қылса, Ол қабыл алады. Қиындыққа ұшыраған сәтте бірден уайымға берілмей тұрып, алдымен осы дұғаны оқып алыңыз. «Я, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолында. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзінді атаған немесе Кітабыңда түсірген, немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен, немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын: Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»

«Аллаһуммә, инни ‘абдукә, ибну ‘абдикә, ибну әмәтикә, нәсыйяти би-йәдикә, мәдын фийә хукмукә, ‘адлун фи-йә қадоукә, әс-әлукә би-кулли исмин һууә ләкә, сәммәйтә биһи нәфсәкә, әу әнзәлтәһу фи китәбикә, әу ‘алләмтәһу әхәдән мин халқикә, әу истә'сәртә биһи фи ‘илми-л-ғайби ‘индәкә, ән тәж’алә-л-Қур'әнә раби’а қалби, уә нура садри, уә жәлә-ә хузнии уә  зәһәбә һәмми!» (Ахмад).

 

Алладан жәрдем сұрайтын кезде мына дұғаны міндетті түрде оқыңыз!

 

Бір жағдайдың үнемі жалғаса беруі мүмкін емес. Жақсылық, кеңшілікті күту – ғибадаттың ең абзалы. Ендеше сіз сол жақсылықты сабырмен күтіңіз де, Алладан жәрдем сұрайтын мына дұғаны оқыңыз.

Әбу Умам (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға көптеген дұғалар жасайтын да, оларды біз есімізде сақтай алмайтынбыз, сосын бірде біз оған: «Я, Алланың Елшісі, сен Аллаға көптеген дұға жасап, оларды біз есімізде сақтай алмадық!», – дедік. Бұнымызға Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сендерге осының бәрін біріктіретінді үйретейін бе? Былай деңдер: «Я, Алла, мен Өзіңнен Сенің пайғамбарың Мұхаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сұраған игілікті сұраймын және Өзіңнен Сенің пайғамбарың Мұхаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сыйынған барлық зұлымдығынан сыйынамын! Көмекті Өзіңнен ғана сұрау қажет, ал дұғаны қабыл етуді Өзің ғана шешесің және Алладан басқа ешкімде күш қуат жоқ!»

«Аллаһумма, инни ас'алю-кә мин хайри ма са'аля-кә мин-һу набийу-кә Мухаммадун, салля-Ллаху 'аляй-һи уа салләма, уа а'узу би-кә мин шарри маста'аза мин-һу набийу-кә Мухаммадун, салля-Ллаху 'аляй-һи ва салләма! Уа Анта-ль-муста'ану, уа 'аляй-кә-ль-баләгу уа ля хаулә ва лә қууата иллә би-Ллаһи!» (Тирмизи).

 

 

Алла Тағала Құранда Өз құлдарына: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...» («Бақара» сүресі, 155-аят) деп ескертеді. Алла айтса, қашанда ақиқат! Және мұнда бір жақсылықтың болуы да мүмкін. Мұндай жағдайды «жолым жабылып қалдыға» балап, көңіліңізге уайым ұялатқан тығырықтардан шығудың оңай жолын іздеуге асығыңыз. Оның оңай жолын осы дұғалардан таба аласыз.

469910 рет оқылды