22:30 | Емен-жарқын
Руханият 2020-02-21 (0) (6486)

БҮГІН ПЕРІШТЕЛЕР ЖАСАЙТЫН ТІЗІМГЕ ІЛІГЕТІН МҮМКІНДІГІҢІЗ БАР

БҮГІН ПЕРІШТЕЛЕР ЖАСАЙТЫН ТІЗІМГЕ ІЛІГЕТІН МҮМКІНДІГІҢІЗ БАР

 

Бесінші күні – жұмада Алла назарына ілігу күні

Жұма – күн шыққан күндердің ең жақсысы. Осы күні Адам жаралды, жәннатқа қоныстанды және қуылды. Дәл осы күні Алла қалауымен Қиямет күні болады. (Тирмизи). Періштелер, аспан мен жер, тау, су, жел, ағаштар қорқыныштан дірілдейтін күні біздің де бейберекет жүргеніміз кешірілмес ағаттық. Жұмадан жұмаға жеткенімізге Аллаға сансыз шүкіршіліктер мен мақтаулар айтамыз!

Жұма – кешірім уәде етілген күн

Алла Тағала Құранда: «Ей, мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы»,-дейді. («Жұма» сүресі, 9-аят). Жұма – мейірім, кешірім күні. Қандай мейірім дейсіз бе? Бұл күні Алла Тағала лайықты болған құлының екі жұма арасындағы күнәларын кешіруге уәде береді. Хадисте: «Бес уақыт намаз, келесі жұмаға дейінгі жұма намаз, келесі Рамазанға дейінгі ораза – бәрі де үлкен күнәлардан басқасын жуып шаяды» делінеді. (Муслим). Сондай-ақ, «Бұл күнде бір сағат бар, егер мұсылман пенде сол сәтке намаз оқып,  Алладан игілік сұраған сәтінде дөп келсе, Алла оған сұрағанын міндетті түрде береді». (Муслим).

Тұла бойыңыз нұрлансын десеңіз...

Сонымен бүгінгі амалымыз қандай болмақ? Ғұсыл аламыз, тісті жақсылап тазалап, хош иістенеміз (ерлерге қатысты). Ал қыз баласы үйді, ауланы тазартып, жарына, бауырына, әкесіне таза, әдемі киім дайындап, өзі де солай киінеді. Ұйқыдан тұрғанда айтатын зікірден бастап, ұйқыға дейінгі зікірдің бірінде қалдырмаймыз, яғни, бүгін Алланы барынша көп еске алуға тырысыңыз. Тұла бойыңыз нұрланып, күнәларым кешірілсін десеңіз, міндетті түрле «Кәһф» сүресін оқыңыз. Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар да әдеттегіден көп айтылуы керек. Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Сіздер үшін ең жақсы күн – жұма, бұл күні маған салауат көп айтыңыздар, өйткені, сіздердің салауаттарыңыз маған жетеді» деген екен. (Әбу Дауд).

Қақпадағы періштелер тізіміне ілігу

Мешітке қарай ( жолда мешіт әдебін есіңізге бір түсіріңіз) басылған әрбір қадам – садақа. Садақа таратып, мешіт қақпаларында тұратын періштелердің тізіміне ілігуге асығыңыз. Ерте барып, түйе сойғандай, екінші мерзімде барып, сиыр сойғандай, үшінші мерзімде барып, қошқар сойғандай, төртінші мерзімде барып тауық сойғандай, тым болмаса, соңында барып, жұмыртқа құрбандық еткендей сауап алыңыз. (Муслим) Жұма күні жасалған кез келген жақсылықта еселеген сауаптар болады деп үміттенеміз. Бұл күні тек жақсы сөйлеп, жақын адамдарыңызға жақсы көретіндігіңізді айтыңыз. Алла таңдаған ерекше күн екенін сезініп, көтеріңкі көңіл күйде жүріңіз. Байқағаныңыздай, бұл күннің тұла бойы сауапқа, мейірімге, кешірімге толы. Бірінің етегінен ұстауға асығайық, себебі, келер жұмаға жетер жетпесіміз бір Аллаға ғана аян...

Жұмада жүрегіміз нұрлансын, мұсылман бауырлар!

P.S: Әрбір амалымызға қуану – ерте. Амалдың алдындағы ықыласқа асығуымыз керек. Мұнымыз Алла алдында қабыл бола ма, ол да беймәлім. Дегенмен, ықыласымыз бекем, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеген сөзі мен амалына сәйкес жасасақ, қабыл болуынан үміт етеміз. 

 

6486 рет оқылды