Отбасы 2020-02-19 (0) (14078)

ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ 5 СЫРЫ

ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ 5 СЫРЫ

-1-

ҚАЗАҚ НЕГЕ ТУЫСЫН «БАУЫРЫМ» ДЕЙДІ?

Ата-бабамыз «Туысы жаман туғанын жамандайды» – дейді. Біз үшін әр ісі өнеге болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өміріне бір үңіліп көріңізші. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға дінді жеткізіп, ақиқатты айта бастаған тұста руластары оны таспен ұрды, ізіне түсіп, тыныштық бермеді. Оған қарсы шыққандардың қатарында өзінің туысқандары да бар еді. Алайда, көркем мінездің иесі болған Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі Әбу Тәліб пен Исламды қабылдамаған басқа да жақындарымен байланысын үзген жоқ. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, менің әкемнің әулеті қамқоршыларым емес, менің шын қамқоршым – тек қана Алла және ізгі мүміндер. Бірақ олар менің туысым және мен оны өз дәрежесінде сақтаймын», – деді. (Бұхари)

Демек, адам туысын таңдап алмайды. Біз жақындарымызбен олар бай не кедей, жақсы не жаман болғаны үшін емес, Алла бізді туыс қылып қойғаны үшін араласамыз.

Қазақ неге туысын «бауыр», «бауырым», «ет жақыным» дейді деп ойлайсыз? Немесе неге бата бергенде «басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын» деп тілек айтамыз? Себебі, бауыр деген – адамға ең жақын ағзалардың бірі. Туыс-бауыр бүтін болса, ел де аман, жұрт та тыныш, мамыражай күн кешеді емес пе? Сондықтан жақындарымыздың жанын жараламай, ағайынды алаламай игілік істейік!

-2-

ТУЫСЫНА ИГІЛІК ІСТЕГЕН АДАМНЫҢ КҮНӘЛАРЫ КЕШІРІЛЕДІ!

Бірде бір адам Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп:
«Мен үлкен күнә жасап қойдым, тәубе жасауға мүмкіндігім бар ма?» деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің анаң бар ма?» дейді. Ол: «Жоқ» деп еді: «Анаңа жақтан туыс әпкең бар ма?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Иә» дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олай болса, оған игілік жаса», - деп кеңес айтқан.
(Тирмизи, әл-Хаким)

-3-

ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҰСТАНУДЫҢ ӘДІСТЕРІ

Ибн Әбу Хамза (оған Алланың рақымы болсын): «Туыстық қарым-қатынасты ұстану кейде қаржы-қаражат арқылы болады, кейде қысылғанда көмек көрсетумен, бір зияннан сақтандырумен, жарқын жүз, ашық шырай танытумен болады немесе олар үшін дұға жасалады» деген.

Ал имам Науаи (оған Алланың рақымы болсын): «Туыстық қарым-қатынасты ұстану – бұл туыстарға игілік көрсету. Бұл туыстық қарым-қатынасты ұстануды ниет етушінің мүмкіндіктеріне және туыстардың қажеттілігіне қарай. Кейде мал-мүлікпен, кейде қызмет көрсетумен, үйіне барып қал-жағдайын сұрасумен, кейде жай ғана сәлеммен және басқа да іс-әрекеттермен болуы мүмкін» дейді.

Сонымен ғалымдар ұсынған туыстық қарым-қатынасты ұстануға арналған мынадай әдістер бар екен:

• Үйлеріне барып қал-жағдай сұрасу;

• Сыйлық беру;

• Проблемаларына қызығушылық таныту;

• Араларындағы жағдайы төмен жандарға көмек көрсету;

• Үлкендерін құрметтеу;

• Жағымды әрі мейірімді қарым-қатынас ұстану;

• Үйге қонаққа шақыру;

• Жетістіктері мен табыстарына қуану;

• Қайғысы мен уайымына ортақтасу;

• Олар үшін Алладан жақсылық сұрау;

• Қызғаныш, көреалмаушылық сезімдерін жеңу;

• Өзіңе қалағанды оларға қалау;

• Ауырса жағдайларын сұрау;

• Олар туралы жақсы ойлау;

• Шақырса қабыл алу;

• Ислам діні туралы насихат айту, Алланы үнемі естеріне салу.

• Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю т.б.

-4-

ТУЫСТАРЫМ МАҒАН ҚИЯНАТ ЖАСАСА ДА, ОЛАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҮЗБЕУІМ КЕРЕК ПЕ?

Адамдар арасында «мен қанша жақсылық жасасам да, туыстарым маған қиянат жасайды», «ағайынмен алыстан сыйласқан жақсы»,  «мұндай туыстың болғанынан болмағаны артық» деген секілді пікірлер жиі кездеседі. Осындай ойдың кесірінен көп адам өзінің қаны бір қандасымен ат құйрығын кесісіп, көрместей болып жүргені де жасырын емес. Тіпті, бір-бірімен соттасып жүрген бауырларды да көзіміз шалып жатады.

Бұл – әрине, руханиятымыздың жұтаңдығының көрінісі. Әйтпесе, қазақ бір-бірін өкпеге қиса да, өлімге қимайтын, «сенен аяғанымды ит жесін» деп, жарты нанын жақынына бөліп беретін халық еді ғой?!

Қазақта «жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген сөз бар. Иә, кемшіліксіз адам болмайды. Жақсы адам деген – мүлде кемшілігі жоқ адам емес, жамандығынан жақсылығы көп адам. Сондықтан кейде кемшілікке кеңшілік танытып, кешіре салуға, таспен атқанды аспен атып, адамгершіліктің көркем үлгісін көрсетуге, сол арқылы өзгеге үлгі болуға тура келетін сәттер жиі кездеседі.

Біліңіз, екі адам араздасса, үнемі ақылдысы кінәлі болады. Себебі, ол ашуын ақылына жеңдіріп, ең бірінші кешірім сұрайды. Ал кешірімді бірінші боп сұраған адамның сауапқа алдымен жететіні хадистерден белгілі. Туысы зұлымдық жасаса да, оның қателігіне кешіріммен қарап, адамдықтың ақ туын құлатпаған жанға Алла Өзі жәрдемші болады екен. Оған туыстармен қалай араласуды үйрететін мына бір хадис дәлел бола алады:

-5-

АЛЛА САҒАН ӨЗІ ЖӘРДЕМШІ БОЛАДЫ!

Бірде бір адам Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Иә, Алла Елшісі, менің туысқандарым бар. Мен олармен туыстық байланысымды үзбеймін, ал олар болса араласқысы келмейді, мен оларға жақсылық жасаймын, ал олар маған зұлымдық жасайды, мен оларды сыйлаймын, ал олар болса менімен надан адамдар секілді сөйлеседі», – деп шағымданады. Сонда Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Егер жағдай шынымен-ақ сен айтқандай болса, уайымдама, сен ұтылып жатқан жоқсың, керісінше Алла саған Өзі көмекші болады!» – деген екен. (Муслимнен жеткен хадис)

Иә, «туыстық - Алла Тағаланың «Рақымды» сипатының атауынан туындаған. Туыстық қатынасты сақтағанды Алла Тағала рақымына бөлейдi, ал байланысын үзгендi рақымынан мақұрым етедi. Сондықтан жақындарымызбен қарым-қатынасқа барынша абай болайық.

 

14078 рет оқылды