Отбасы 2020-02-12 (0) (9189)

КЕЛІНІН ТҮЗЕТКІСІ КЕЛЕТІН ЕНЕГЕ АРНАЛҒАН 7 ҚАҒИДА

КЕЛІНІН ТҮЗЕТКІСІ КЕЛЕТІН ЕНЕГЕ АРНАЛҒАН 7 ҚАҒИДА

Ең алдымен мынаны білуіміз керек:

Ене мен келін екі бөлек әлем емес, екеуі - бір кеменің ескегін ескен, тағдыры бір айдынның үстінде тоғысқан ерекше жандар. Алайда, біреуінің жасы үлкен, өмірден көргені, санасына түйгені мол. Ал екіншісінің нағыз саналы ғұмыры енді басталайын деп тұр. Сондықтан да кейде өзара түсініспеушіліктердің болып жатуы заңды нәрсе. Сол үшін мұндай кезде «ойбай» деп ат-тонын ала қашудың не үркудің қажеті жоқ. Бұл мәселе кез келген уақытта, кез келген отбасында болады. Сондықтан осындай жағдай туындаған кезде ене (ана) мына қағидаларды ұстанғаны жөн:

ДҰҒА ЖАСАУЫ КЕРЕК

Келінінің балалығын, әлі де болса кей іске шалалығын көрген ене ең алдымен ол үшін Алладан көркем мінез, ақыл сұрап дұға қылуы керек. Егер келініңіздің мінезі жайсыздау болса, не ұнамсыз ісі мен әдеті болса, оған Алладан жақсылық, тура жол сұрап тілек тілеңіз. Себебі, жүрекке адамның әмірі жүрмегенмен, Алланың ықпалы жүреді. Алла кімді тура жолға салса, оны адастырушы жоқ. Ал кімді адастырса, оны тура жолға салушы жоқ. Сондықтан дұға адамды өзгертудің ең алғашқы баспалдағы әрі оған деген шын жанашырлығыңыздың жарқын көрінісі екенін ұмытпаңыз.

КЕЛІНІҢІЗДІ ЕШҚАШАН ӨЗГЕЛЕРДІҢ КӨЗІНШЕ ТҮЗЕУГЕ ТЫРЫСПАҢЫЗ

Себебі, бөтен адамдардың алдында оның кемшілігін айту - түзеу емес, масқаралау. Біреудің алдында кемсіту оны түзетпейді, керісінше одан сайын ерегесуіне, өзіңізге деген құрметінің азаюына, реніш пен өкпенің пайда болуына жол ашады. Сондықтан келініңіздің бір істі енді қайталамауын қаласаңыз, ешкім жоқ кезде өзіне ғана ескертіңіз.

Әсіресе, келінді күйеуінің көзінше кемсітпеңіз. Себебі, бұл екеуінің арасындағы сыйластық пен махаббатты суытады. Ұрыс-керіске жол ашады. Керісінше, балаңызға келініңізді, келініңізге балаңызды мақтап, қолпаштап отырсаңыз, бір отбасының шайқалмауына сәл де болса үлес қосқан боласыз.

ҚЫЗЫҢЫЗҒА АЙТЫҢЫЗ!

Алғаш түскен келіннің бөтен ортаға сіңісіп кетуі оңай емес. Сондықтан оған бірден «өз балам ғой» деп қарамаңыз. «Жақыныңды жаттай сыйла» демекші, бөтен адаммен мәміле жасағандай қарым-қатынас орнатыңыз. Өзі жаңа түсіп, үйренісе алмай жүрген келіннің көңілі әр нәрсеге сынғыш келеді. Туған үйінен, ата-анасынан жыраққа шыққан қыз кез келген нәрсені көңіліне алып, кез келген сөзге жылап жүреді. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, келініңізді бітіспес жауға емес, шекіспейтін досқа, сырласқа айналдырып алу - өз қолыңызда! Көп нәрсені тікелей өзіне айтпай, қызыңызға айтқандай болып жеткізсеңіз – ұтқаныңыз.

СЫЙЛЫҚ БЕРІҢІЗ

Егер мәселе күрделі болса, сын айтардың алдында келініңізге азғантай бір сыйлық беріп алыңыз. Сыйлықтың қымбат болуы шарт емес, ең бастысы көңіліңіздің шынайылығын, шын жанашыр екендігіңізді білдіру – келіннің жүрегін ашады, махаббатын оятады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын», - деген.

ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕРІН ДЕ ЕЛЕП-ЕСКЕРЕ ЖҮРІҢІЗ

Келініңізге сын айтып, оның бір мінін түзеткіңіз келсе, алдымен өзіне оның жақсы қасиеттерін айтып, бір қолдап алыңыз. Ол сіздің оны жақсы көретініңізді, оған жанашыр екеніңізді, жақсы жақтарын да көріп, байқап жүргеніңізді сезінсін. Сосын барып қана «Бірақ мынаны абайлашы, өткенде ана кісі солай істепті, сен де солай істеп жүрме, жаман көрінеді екен, ұят екен» деп ақырын ғана ескертіңіз. Бұл - «Ананы неге олай істейсің? Сен неге ананы былай істемегенсің?» дегеннен гөрі өте жағымды әрі нәтижелі әдіс.

СЫН АЙТАТЫН ОҢТАЙЛЫ СӘТ ПЕН ОРЫНДЫ ТАҢДАҢЫЗ

Жоғарыда айтқанымыздай, қыз көңілі қашанда сынғақ келеді. Қыз бала тез өкпелейді, тез қайтады, тез жылайды, тез мұңаяды. Мұны енелер өте жақсы біледі және олардан артық мұны ешкім де түсіне алмайды. Тіпті, кейде әйелді күйеуінің өзі түсіне алмай кетуі мүмкін. Осындай кезде ананың орны қашанда жоғары! Ол келініне қай кезде не керек екенін біледі. Сондықтан есті ене «Жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының» рөліне кірмейді. Ол қорқақ қоянның бұрышқа тақалғанда амалы жоқтан қасқырға да атылатынын біледі) Сондықтан ол келінге сын айтатын сәттің өз ОРНЫН, УАҚЫТЫН бағамдайды. Бір жағынан күйеуімен қарым-қатынасы дұрыс болмай, бір жағынан баласы мазалап, бір жағы үйдегі қонақтарға көңіл бөліп үлгере алмай жатқанда сын айтып, ренжітіп, жығылған үстіне жұдырық болмайды.

КЕЛІНІҢІЗГЕ СЫН АЙТАР СӘТТЕ ОНЫМЕН ДЕҢГЕЙЛЕС ЕКЕНІҢІЗДІ БІЛДІРІҢІЗ

Яғни сырын сізге аша алатындай көңіліне көпір табыңыз. Мысалы, бастықтың айтқан сөзі кез келген адамға бұйрық, мін секілді естіледі, ал дәл сол сөзді өзінің қатарлас әріптесі айтса, ол оны жанашырлықпен айтқан ақыл, келелі кеңес деп қабылдайды. Сондықтан ене керек кезде келініне ақыл айтар жасы үлкен ана, ал керек кезде қатарлас құрбы бола білуі керек.

Міне, құрметті ене, келініңізді түзеткіңіз келсе, осы бір қарапайым қағидаларды ескере жүріңіз. Себебі, сіз қолданған әдісті, сіз айтқан ақылды ертең ол өз келініне айтады. Сіздің даналығыңыз, сіздің тағылымды тәрбиеңіз мың жылдық ұрпақтарыңызға азық, өміріне қазық болады.
Ескерте кетейік, бұл кеңестер тек енелерге ғана емес, біреудің кемшілігін түзеткісі келетін барлық жанашыр жандарға арналады!

Алла бәрімізге саналы ұрпақ, ақ пен қараны, артық пен кемді бағамдай алар даналық берсін! Әмин!

9189 рет оқылды