22:30 | Емен-жарқын
Руханият 2020-02-09 (0) (41974)

ҰЙҚЫҒА ҚАТЫСТЫ 20 СҮННЕТ

ҰЙҚЫҒА ҚАТЫСТЫ 20 СҮННЕТ

Пайғамбар ﷺ бізге көрсетпеген бірде-бір игілік жоқ. Және ол біздің ояу кезде де, ұйқыда да, намазда да, қызметте де Аллаға ұнамды амал жасауымызды тілеп, ең керемет әдептерді үйретіп кетті.

Мұсылман сондай бақытты пенде, ол ораза, намаз секілді құлшылықтарымен ғана емес, күнделікті тұрмыста жасайтын әдеттері арқылы сауап теріп алады. Қалай дейсіз бе?

1. Жақсы ниет жасау.

Ұйқының негізгі мақсаты хайуан секілді нәпсіні қандыру немесе сағат онды көрсетсе, «болды ұйықтау керек» деген қағида емес. Ұйқы – адамның ертеңгі күні Алла разылығы үшін жасайтын істеріне тәнді тынықтырады. Алла Құранда: «Ал ұйқыларыңды тынығу еттік әрі түнді жамылғы етіп жасадық және күндізді тіршілік (уақыты) етіп жасадық» деп түсіндіреді. («Нәба» сүресі, 9-11 сүре). Ол әрбір түн осы ниетті жаңартып отырса, түнде намазға тұрса да, тұрмаса да сауап алады.

2. Жалғыз жатпау.

Пайғамбарымыз ﷺ адамды жалғыз сапар шегуден және жалғыз ұйықтаудан тыйған (Ахмад).

3. Ашық, адамдарға көрінетін жерге ұйықтамау.

Ұйықтанға кезде адам өзіне бақылау жасай алмайды. Ұйқыдағы адам байқамастан ұятты жағдайға тап болуы, нәтижесін, арына нұсқан келіп, айбаты кетеді, абыройы түседі.

4. Жүректі таза ұстау.

Адам ұйқы алдында біреуге деген көреалмаушылық, жаман ой ұстамағаны абзал. Сол күнгі біреудің қастандығын ұмытып, кешіре білу, ол үшін дұға жасау – мұсылманның ұйқы алдындағы тамаша әдептерінің бірі.

5. Қатты тойып, ұйқыға жатпау.

Ең алдымен, бұл денсаулыққа өте зиян. Сондай-ақ, ұзақ және ауыр ұйқыға себеп болады, бас пен қарынды ауырлатады.

6. Қолда тамақ иісі болса жуып жату.

Алла Елшісі  ﷺ: «Кімде-кім майлы жуылмаған қолымен ұйықтап, қандайда бір ауруға шалдықса, өзін ғана айыптасын» деген. (Әбу Дәуд)

7. Сүрме жағу.

Пайғамбарымыз ﷺ: «Жатар алдында сүрме жағыңдар, себебі, ол адамның жанарын ашады» (Тирмизи). Ибн Мәжаһтың жинағында: «Сүрмені қолданыңыздар, ол көздің көру қабілетін жақсартады» делінген.  Сондай-ақ, «Сүрме шаштың өсуін жақсартады, көзді тазартады және көру қабілетін жақсартады» деген хадис бар. Заманауи ғылым сүрменің көз саулығына пайдасы көптігін айқындады.

8. Дәрет алу.

Дәрет – мұсылманның шайтанның зиянынан аман болуы себеп болатын құлшылықтардың бірі.

9. Белгілі бір Құран сүрелерін оқу

Хадистерде Алла Елшісінің ﷺ жатарда «Сәжде», «Мүлк», «Исра», «Зумәр» сүрелерін оқығандығы айтылады.

10. Үтір намазын оқу.

Бұл – түннің соңғы бөлігінде тұра алмай қалудан қорыққандар үшін. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) баяндайды: «Сүйікті Пайғамбар  ﷺ маған үш нәрсені өсиет етті: әр айдың үш күнінде ораза ұстау, екі рәкат дұха намазын оқу, ұйықтамас бұрын үтір намазын оқу». (Муслим)

11. Тәубе жасау.

Ешкім өзінің қашан қайтыс болатынын білмейді. Ұйқысынан мүлде оянбай қалса ше? Ал тәубе етушінің күнәлары кешіріледі.

12. Мүмкіндігінше ерте жату.

Әбу Барза (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың  ﷺ құптан намазға дейінгі ұйқыны және құптан намазынан кейінгі бос сөздерді ұнатпағандығын айтады (Бұхари, Муслим). Ерте ұйықтаса тынығып, ертеңгі күні құлшылығын, жұмысын дұрыс атқарады, сергек болып, көңіл-күйі көтеріңкі болып жүреді.

13. Есікті, терезені, ыдыстардың бетін жабу.

Жәбирден (оған Алла разы болсын): «Ұйқыға жатарда шырақтарды сөндіріңдер, есіктерді бекітіңдер, мес пен торсықты бүркеңдер, ас пен сусынның бетін жабыңдар» (Бұхари, Муслим). «Жабатын ешнәрсе таппаса, ыдыс бетіне ши қойсын және мұның бәрін Алланың атымен жасасын» (Муслим). Өйткені, шайтан ондай судың бетін, есікті ашпайды. Басқа хадистерде «ұйқыға жатарда үйлеріңде жағулы от қалдырмаңдар», «от сендердің жауларың, сондықтан, өздеріңді қорғау үшін ұйқы алдында сөндіріңдер» делінген.

14. Төсекті қағып-сілку.

Әбу Һурайрадан: «Егер сендердің біреуің ұйқыға жатқыларың келсе, киімінің ішкі жағымен төсегін қағып-сілкісін де, «Бисмилләһ» деп айтсын, себебі, оған төсегінің ішінде не бар екендігі беймәлім». (Бұхари, Муслим)

15. «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқу.

Пайғамбар ﷺ әрбір түнде төсегіне жатар кезде екі алақанын қосып, оған бір рет үрлеп, «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқып, денесінің қолы жеткен жеріне дейін сипап шығатын (басы, беті, алды, аяғы, арты) және осы істі 3 рет қайталайтын (Бұхари).

16. Ішпен жатпау, оң иықпен жату.

Йаъиш бин Тихфа аль-Ғифари (оған Алла разы болсын) әкесінің былай деп айтқанын жеткізді: «Бірде мен етбетіммен мешітте жатқан кезімде, кенет бір адам мені аяғымен түртіп: «Расында, Алла бұлай жатқанды жек көреді!» деді. Мен жоғары қарасам ол адам Алла Елшісі  ﷺ екен (Әбу Дәуд). Басқа хадисте «бұл тозақтықтардың жатысы» делінген. Бұлай жату өкпеге, жүрекке кері әсер болады, тіпті, адам өлімінің себебі болуы мүмкін.

17. Оң жақпен жату.

Алла Елшісі ﷺ оң жақпен жататын және өзгелерге оң жақпен жатуды насихаттайтын. Ол  ұйқыға жатқанда, оң жағына (бүйіріне) жатып, былай дейтін: Я, Алла! Өз нәпсімді Саған бойсұндырдым және ісімді Өзіңе тапсырдым. Әрі жүзімді саған қараттым және (сауабыңды) үміт етіп, әрі (азабыңнан) қорқып, Саған арқа сүйедім. Сенен қашып өзгеден пана табу мүмкін емес, тек Саған қашып Өзіңнен ғана пана тілейміз. Түсірген Кітабыңа әрі жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім» /Аллаһумма асламту нафси иләйк, уә фәу-уадту әмри иләйк(ә), уә уәж-жәһту уәжһий иләйк(ә), уә әлжәъту зоһрий иләйк(ә) рағбәтән уә раһбәтән иләйк(ә), ләә мәлжә-ә уә ләә мәнжәә минкә иләә иләйк(ә), әмәнту би китабикәл-ләзий әнзәлтә уә би нәбий-икәл-ләзий әрсәлт/. (Бұхари)

18.Ұйқыдан шошып оянғанда...

Түнде жаман түс көріп, шошып оянған адам сол жағына 3 рет сүфілейді (Муслим) Сондай-ақ, көрген нәрсесінің кесірінен Алладан пана сұрайды. Хадисте ол адамның: «Алланың толық сөздері мен оның ашуынан, жазасынан, құлдарының жамандығынан, шайтанның сыбырлауынан және келуінен пана сұраймын» десе, ешбір зиян келмейтіндігі де айтылады (Тирмизи).

Шошыған адамның келесі амалдары: түсті ешкімге айтпау (абзал); жатысының сипатын (қалыбын) ауыстыру (Муслим); қаласа тұрып намаз оқу.

19.Ұйқысы қашқан адамның дұғасы

Түнде ұйқының қашуы, тыныштықтың кетуі әркімге таныс. Мұндай кезде де Аллаға дұға жасау керек екен. Зәид ибн Саид (оған Алла разы болсын) былай деген: Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйқысыздығыма шағымдандым. Ол кісі:

«Я, Раббым! Жұлдыздар батты, көздер тынышталды! Сен Тірісің, Басқарушысың! Сені қалғу да, ұйқы да баспайды. Әй, Тірі әрі Басқарушы болған, Алла! Түнімді тыныш қыл, көзіме ұйқы бер!»

Аллаһумма ғаратин-нужум, уə һəдə'əтил-уюун уə əнтə Хайюн Қайюм, лə тə'хузукə синəтун уə лə нəум. Я, Хайюн! Я, Қайюм! Əһди лəйли, уə əним айни.

 (Ибн Хажар әл-Асқалани, «Нәтаижу әл-Афкар 3/110)

20. Зікірлерді, дұғаларды ұмытпау.

Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы еске алмай ұйықтаған адамды Алла жазалауы мүмкін» деген болатын. (Әбу Дәуд)

 «Аятул-Күрсіні»: «Аллаһу лә иләһә иллә һууәл-хаййул-қаййуум» дегеннен аяттың аяғына дейін оқыған адамға Алла тарапынан бір қорғаушы қасында болып, таң атқанша шайтан еш жақындай алмайды (Нәсаи). Сондай-ақ, Пайғамбар ﷺ жатар кезде «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерімен дем салған.  Хадисте: «Кім «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті»(Бұхари), яғни, барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті делінген. Басқа ғалымдар «Шайтанның жамандығынан сақтауға жеткілікті», «Адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды» деп тәпсірлеген.  Тіпті, сахабалар ақыл-есі бола тұра ұйқы алдында «Бақара» сүресінің соңғы 2 аятын оқып жатпаған адамды көрмедім деген екен.

Фатима анамыз (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінен ﷺ қол диірменге шағым айтып, қызметші сұраған кезде: «Мен сендерге сұрағандарыңнан да қайырлы нәрсені айтайын ба? Ұйқы алдында 33 рет «Субханаллаһ», 33 рет «Әлхамдулилләһ», 34 рет «Аллаһу акбар» деп айтсаңдар – бұл сұрағандарыңнан да қайырлы» деген (Бұхари, Муслим). (Ұйқы алдында оқылатын басқа да дұғаларды («Мұсылман қорғаны» кітапшасындағы 104 беттен бастап қараңыз).

 

41974 рет оқылды