22:30 | Автопортрет
22:30 | Ой-талқы

"ЕШКІМГЕ КӨРСЕТПЕЙ ЖЕП АЛ"

 

Баяғыда Құдай қосқан екі көрші болыпты. Екеуі де бір ауылдан шыққан, жас аралықтары да құралпылас замандастар екен. Балалары да бір мектепке барып, үйдің алдындағы кішкентай аулада бірге ойнайтын көрінеді.

Бірақ әлгі көршілердің біреуі баласына үнемі:

- Балам, велосипедіңді ешкімге бермей өзің ойна. Олар бекерге сындырып тастайды.

- Балам, мынаны ешкімге көрсетпей жеп ал.

- Балам, оларға есеп шығарып берме. Шаршап қаласың.

- Түскі асыңды өзің же. Қарның ашып қалады. Олар өздері алып жесін.

- Ойыншықтарыңды ешкімге берме. Ертең таппай қаласың, - деп отырады екен.

Ал екінші көршісі керісінше жеті жастағы ұлына үнемі:

- Балам, мектепте тамақ сатып алсаң, қасыңдағы досыңа да бөліп бер. Кішкентай болса да жесін. Саған қарап қызығып қалмасын.

- Велосипедті кезектесіп тебіңдер. Ол саған қарап тұра ма? Обал ғой.

- Ойыншықтарыңды өзің ғана ойнай бермей анда-санда қасыңдағыларға да беріп тұр.

- Түскі ас алар кезде достарыңның ақшасы жетпей қалса, сен бере сал, - дейді екен.

Сөйтіп, не керек, әлгі екі көршінің балалары ер жетіп, өз қолдары өз ауыздарына жететін жасқа келеді. Екеуі де оқу бітіріп бір-бір әулетке еге болады. Қызметке тұрады.

Балам, «велосипедті кезектесіп тебіңдер» деп үйреткен әкенің баласы айналасына сіңімді, туыс-туғанына қайырымы мол, жұғымды жігіт болады. Әріптестері елгезектігі, мәрттігі, кішіпейілдігі үшін сыйлайды.

Ал әлгі «Балам, ешкімге көрсетпей жеп ал» деп тәрбиелеген әкенің баласы қара басының қамын күйттегіш, ешкімге пайдасы жоқ, сараң, әр нәрсеге сынғыш күйгелек болып өседі.

Біз бұл мысалдан нені аңғарамыз?

Бала – біздің айнамыз. Біреудің бүгінгі бейнесі – кешегі үйіндегі тәрбиенің жемісі. Біз қоғамды өзіміз жасаймыз. Сондықтан болашағының баянды болуын қалаған ел ұрпағының ұлағатты болуына мүдделі болуы керек.

4947 рет оқылды