18:30 | Жақсы кино
Медицина 2020-01-13 (0) (9130)

ТҰМАУДАН САҚТАНУДЫҢ 7 ЕРЕЖЕСІ

ТҰМАУДАН САҚТАНУДЫҢ 7 ЕРЕЖЕСІ

Құрметті оқырмандар, қалдарыңыз қалай? Ауру-сырқаудан амансыздар ма? Неге бірден бұл сұрақтан бастағанымның мәнін аша кетейін. Жақында ғана ауыл жаққа жолым түсіп, 4-5 күнге барып қайтқан едім. Ел-жұрт тегіс аман-есен, тек екі үйдің бірінде тұмаумен ауырып жатқан жандарды байқадым. Тіпті өзімнің екі інім, артынша әкем де лезде жұқтырып алды. Демалыс бітіп қалаға келсем, бірге жұмыс жасайтын әріптестерімнің тең жартысы жөтеліп, тұмаудың алғашқы белгілерімен күресіп жүр екен. Ал кейбірінің жұмысқа келуге әлдәрмені жоқ. Алла Тағала барша сырқаттанып жатқан бауырларымыздың дертіне шипа бергей! Сөйтсем, қазір тұмау вирусы жер-жерде көптеп тарап жатыр екен. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, мен де бірден "тұмаудан қалай сақтануға болады?" деген сұраққа жауап іздеп көріп едім. Аллаға шүкір, маған көмегін тигізген сыңайлы, сондықтан бүгін сіздермен де бөлісе кетуді жөн деп таптым.

1- ЕРЕЖЕ

САҚТАНУ КЕРЕК

Тұмаудан сақтанудың ең дұрыс жолдарының бірі - вирустан алшақ болу. Яғни, қазіргі уақытта, адамдар көп жиналатын орындарға бармаған абзал.

"Ауырмаудың жолын іздеп жүрмін" деп ауруханаға барсаңыз, аурудың отанына бардым дей беріңіз. Өйткені сырқаттанған адамдардың басым көпшілігі ауыруханада жүретіні айтпаса да белгілі. Тіпті балаңызды тексеру уақыты келіп қалса да, сәл кейінге қалдыра тұрғаныңыз жөн. Әдетте, балалар емханасында арнайы бір күн тек вирус жұқтырмаған, сау балаларға арналады. Ерінбей, сол күнге туралап барсаңыз болады.

Дегенмен вирус жұқтырмау керек деп, үйден шықпай, асыра сілтеудің де қажеті жоқ. Мысалы, қатты алыс жер болмаса, қоғамдық көлікке отырудың орнына жаяу жүру, ойын-сауық орталықтарына бармау, супермаркетке баланы өзіңізбен бірге апармау (егер күйеуіңізбен бірге шыққан болсаңыз, өзіңіз дүкенге кіріп, ал әкесі мен баласы дүкеннің айналасында серуендей тұрсын). Себебі таза ауада вирус жұқтыру қаупі өте төмен. Тіпті, далада адам толып жүрсе де, оның арасында ауырып жүрген адамдар болса да. Сондықтан балаңызды ауладағы балалар алаңында ойнап қайтуға қорықпай жібере аласыз. 

2-ЕРЕЖЕ

ҚАЛҚАНЫҢЫЗ МЫҚТЫ БОЛСЫН

"Ас - адамның арқауы" дейді ғой, сол рас екен. Егер жақсы тамақтансаңыз, инммунитетіңіз жақсарады. Ал иммунитетіңіз жақсарса, ауыру жұқтырмайсыз. Сол себепті құнарлы, нәрлі тағамдарды пайдаланыңыз (ет сорпасы ,т.б). Лимон мен бал да иммунитетіңіздің жақсаруының кепілі. Сонымен қатар сұйықтықты көп ішу қажет. Сол арқылы тері ылғалданып,  ағза тазарады. Нәтижесінде тұмауға төтеп беретін мықты әсекер (иммунитет) түзіледі.

3-ЕРЕЖЕ

ТАЗА АУА ҚАЖЕТ

Ең басты ереженің бірі – бөлмені жиі желдетіп тұру.  Жұмыста, қоғамдық орындарда (аурухана, мектеп, балабақша т.б.), үйде болсаңыз да бөлмеселердің терезетін ашып, ара-тұра таза ауа алмастырыңыз. Сол арқылы бөлмеде вирус азаяды.

4-ЕРЕЖЕ

ҚАРАПАЙЫМ ҒАНА...

Мұрынды шаю. Біз бөлмедегі вирус мөлшерін азайтып қана қоймай, мұрын шырышты қабығындағы вирусты да азайта аламыз. Ол үшін тұз ерітіндісімен мұрынды жуып, тамақты шаю керек. Тұз ерітіндісінің дайын түрлері дәріханаларда сатылады. Ал үйден дайындау үшін 1 л қайнаған суға 1 шай қасық тұзды ерітіп, оны бөлме температурасына дейін суытамыз. Сол ерітіндімен даладан кірген соң өзіңіздің және баланың тамағы мен мұрнын шаямыз. Балаңыз кішкентай болса, мұрнына тұз ерітіндісін аз мөлшерде тамызуға болады.

5-ЕРЕЖЕ

БҰЛ ДА МАҢЫЗДЫ

Қолды таза ұстау. Қол, әсіресе, ауру адамның қолы арқылы инфекция жылдам тарайды. Тұмауратқан адам бір минуттың ішінде қолымен аузы-мұрнын бірнеше рет ұстайды. Сондықтан қол алысу, есіктің тұтқасын ұстау – мұның барлығы инфекция таралуының бір жолы. Сол үшін әр нәрсені ұстай бермеуге тырысыңыз. Балаларды кішкентай кезінен аузын қолымен жауып емес, шынтақтың ішкі бүгілісіне жөтелуге үйрету керек. Бұл әдетті уақытында үйрету маңызды. Қолды жиі жуып тұрыңыз және үнемі өзіңізбен бірге зарарсыздандыратын спрей алып жүріңіз.

6-ЕРЕЖЕ

ҚАРУЫҢДЫ ПАЙДАЛАН

Дұға – мұсылманның қаруы, құлшылықтың өзегі. Алла қолын жайып сұраған пендесін бос қайтаруға ұялады. Қазақта "Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың" деп айтқандай, әуелі Алла Тағаладан пана сұрап, "Я, Раббым! Ауырып жатқан жандарға шипа бергейсің! Маған мықты денсаулық бере көр" деп дұға жасамасақ, мың жерден ауырудан сақтансақ та, тіпті сатып алған дәріміздің құны миллион теңге тұрса да, еш көмегін бермей қалуы мүмкін. Сондықтан үнемі дұғада бол!

«Мен  жауапты ойлап,  уайымға салынбаймын, өйткені, менің ісім – Оған дұға жасау. Егер маған дұға жасау бұйырылса, жауап та онымен бірге келеді» деген екен Омар ибн әл-Хаттаб. «Алла Тағала сені сынаса – үніңді естігісі келгені, ал дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені». Ендеше, қиындықтарыңды дұға деген қарумен жеңіп шық!

7-ЕРЕЖЕ

"ОНСЫЗ ДА ЖҰМЫСЫМ КӨП..."

"Маған ауыруға болмайды, жұмысым бастан асады" немесе "мен вирусқа қарсы дәрумен салдырып алғанмын", "Шаруаларым көп кезде ауырғаным-ай",т.б деген күпір сөздер абайсызда ауыздан шығып кетіп жүрмесін. Бұл турасында Алла Тағала Құранда:       

«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де, күпірлік етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят);

Сондай-ақ, «Жумуъа» сүресінің 10-шы аятында «..мұраттарыңа жету үшін Алланы көп еске алыңдар» немесе «Ниса» сүресінің 103-аятында: «... Қашан намазды орындап болсаңдар, Алланы тұрған, отырған және жамбасымен жатқан халде еске алыңдар...», - делінген.

Сол себепті тіліңіз күпірде емес, зікірде болсын! Өйткені, зікірлер – адамдарды жамандықтан, бәле жаладан, кеселден, ауырудан сақтайтынын білесіздер ғой. Алайда, біле тұра, ұмытшақтықтан, уақыттың тапшылығынан немесе жалқаулықтан зікірлерді ұмыт қалдырып, салғырттық танытып жатамыз. Егер шын мәнінде Алла Тағаладан пана сұрап, ауырудан, түрлі бәле-жаладан сақтануды қаласаң, мына зікірлерді үнемі айтып жүрген абзал.

ТАҢҒЫ ЖӘНЕ КЕШКІ ЗІКІРЛЕР

АЛЛАДАН ПАНА ТІЛЕУШІЛЕР ҮШІН!

1. «Аятул Курсиді» оқу («Бақара» сүресі, 255-аят).

«Парыз намаздан кейін «Аятул Күрсіні» оқыған адам келесі намазға дейін Алланың қорғауында болады» (Табарани). Және оның Жәннатқа кіруіне өлім ғана кедергі болады. Табараниден жеткен хадисте «Аятул Курсиді» таңертең оқыған адам кешке дейін жын-шайтаннан, бәле-жаладан, ауыру-сырқаудан қорғаулы болатындығы, кешке оқыған адамның таңға дейін қорғаулы болатындығы айтылады.

2.«Ықылас», «Фаләқ», «Нәс» сүрелерін үш реттен оқу керек.

-  Әбу Хабис (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеткізеді: «Уа, Әбу Хабис! Мен саған Алладан қорған іздеген адамның айтатын ең жақсы сөзін хабарлайын ба?». Ол: «Иә, Алла Елшісі!. Ол: «Айт: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін...» («Фалақ» сүресі, 1-аят) және «Айт: «Адамдардың Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін» («Нас» сүресі, 1-аят) – осы екі сүре Алладан пана тілеушілерге» деді». (Нәсаи).

-  Әбу Саид әл-Худри (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын. Кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді. (Тирмизи). Тирмизиден жеткен басқа хадисте осы үшеуін таңертең және кешке оқу барлық нәрседен құтылу үшін жеткілікті делінген.

Қарапайым ғана ереже солай ғой?! Егер осылай жасап жүрсеңіз тұмауды тез жұқтырмайсыз. Жұқтырып алған күнде де онымен күресуге ағзаңыз дайын болады. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" деп жатамыз ғой. Ең дұрысы еш ауырмайық! Алла Тағала баршаңызға күш-қуат берсін!

 

9130 рет оқылды