Құрметті оқырмандар, амансыздар ма?!
Біз, "Асыл арна" телеарнасының ұжымы, өздеріңіз көгілдір экран мен әлеуметтік желілерден көріп жүргендеріңіздей аман-есен сіздерді тың ақпарат, жаңа бағдарлама, өзгеше роликпен қуанту үшін барымызды салып, алдыға біраз жоспарлар құрып, шапқылап жүрміз, Аллаға шүкір!
Үнемі біздің тілеуімізді тілеп, дұғасынан тастамайтын жанашыр көрермендеріміз бен оқырмандарымызға ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Ауырмай-сырқамай, Бір Құдайдың қуатымен есен болыңыздар!
Жоспар демекші, сіз жоспар құрдыңыз ба? Алдағы уақытта не істемек ойыңыз бар? Егер әлі үлгермеген болсаңыз еш уайымдамаңыз, іздегенге сұраған демекші бүгін алдағы жоспарыңызда болуы тиіс бірнеше кеңестер айтпақпыз.
Ендеше кеттік, бисмиллә!
Кейде ойша барлық шаруаны тындырып тастап, өзімізден өзіміз шаршап, сіркеміз су көтермей қалатыны бар. Сондықтан миыңызға артық салмақ арта бермей, жоспарыңызды бірден қағазға түсіріп отырғаныңыз жөн. Ой өте жүйрік қой, бірі есте қалғанымен, көбі лезде ұмытылып кете барады. Сосын "қап" деп отырғаның. Айтпақшы жазған деген осы екен деп бір парақпен отыруға тағы болмас, үлкен күнделік бастап, барлық ойыңды сонда жазып отырғаның абзал.
"1045" ЕРТЕҢ...
Күнделікті күйбеңмен жүріп-ақ біраз шаруа, алға қойған жоспарымыз желге ұшып кетіп жатыр. Ертең бір қуаныш келетіндей, ертең барлығына уақыт жететіндей...
Біріміз намазды ертең бастағалы жүрміз. Ал біріміз бастап алып, ертең кемеліне келтіріп оқымақпыз...
Біріміз Құран оқуды ертең бастаймыз дейміз. Ал біріміз ертеңнен бастап сүре жаттамақпыз...⠀
Біріміз ертең күшті жұмысқа тұрмақпыз. Ал біріміз бар жұмысты ертең дұрыстап жасамақпыз...
⠀Иә, иә дәл солай... ЕРТЕҢ, ЕРТЕҢ, ЕРТЕҢ...
Бүгін жасамасаң, бүгінгі уақытыңды, бүгінгі мүмкіндігіңді пайдаланбасаң, қазақта мынадай жақсы мақалдар бар:
ЕРІНШЕКТІҢ ЕРТЕҢІ БІТПЕС (жоспарың да болса, ол басқа)
ЕРТЕҢ КІМ БАР, КІМ ЖОҚ?
Осы 2 ғана нұсқа бар! Бүгініңді қадірлемесең, ертеңің де дәл бүгінгімен бітеді! Белгілі Ислам ғұламасы Хасан БАСРИ айтады: "Ей, адам баласы! Сен күндерден, яғни, уақыттан тұрасың. Бір күнің өткенде, сенің бір бөлігің сынып түскендей болады".
Сол себепті де ойға алған ісіңді жазып, жоспар құр және сол жоспар бойынша әрекет етіп, амал жаса. Жоспарды жазуды да ертеңге қалдырма! Дәл қазір баста!
I ҰСЫНЫС
МОЙЫНДАУ КЕРЕК
Саған өтірік маған шын дегендей, бір кісінің жүзуге барсам деп жүргеніне бір жылдан асып кетті. Барғысы-ақ келеді, бірақ жоспарына кіргізбеген себепті әлі бара алмай жүр.
Айналамызда осындай мысалдар өте көп кездесіп жатады. Тіпті өзіміздің бойымыздан да. Жоғарыда айтқанымдай ертеңге қалдырып келе жатқан шаруаларымыздың бірі осы денсаулықтың ақысы.
Дене шынықтырумен үнемі айналысып жүрген адамның денсаулығы басқа жандармен салыстырғанда өте жақсы, ширақ, жұмысқа қабілетті болып келеді. Сондықтан биылғы жоспарыңыздан бірінші көрініс табуы тиіс.
Ол үшін таң ертемен кемі 30 минут жүгір, спорт залға барып доп ойна, 30 минут жаттығу жаса, суға жүзуге бар деп айтудан аулақпыз. Сіз де жоспарыңызға олай жаза көрмеңіз. Ең азы әрі берекелісімен бөлісейін. Күнде таңда 5-ақ минутыңды қиып, жаттығу жаса. Бірақ оп-оңай бір шартын ұмытпа. Ол үзбей жасау деп аталады. Бір күн қалып арасы үзілсе, баяғы әдетіңізге басасыз. Айтпақшы кішігірім кесте жасап, күнде жасап жүргеніңізді қадағалап отырсаңыз да болады.
Таулы аймақтарда тұратын оқырмандарымызға аптаның бір күні тауға шығып, таза ауа жұтып қайтуды ұсынамыз. Оның екі артықшылығы бар. Бірі денің сау болады. Ал екіншіден Алла Тағаланың шебер жаратылысын көріп, тамсанып қайтасың)
II ҰСЫНЫС
КЕЛІСПЕСЕҢ ОНЫ ДА АЙТ
Келесі жоспарымызға кітап оқуды жазайық. Бүгінде сұрағымыздың жауабын жасымыз да, кәріміз де смартфоннан қарап, оқып, айта салуға әдеттеніп алғанбыз. "Гугл" атамыз шынымен-ақ көмектесіп жатыр (Әзіл ғой). Бірақ интернеттен оқу біріншіден кітаптан оқығандай ұзақ уақытқа сақталмайды екен. Екіншіден кішкентай экранға телмірсең, жанарың жұмыс істеу қабілетінен ерте айырылып қалу қаупі бар. Үшіншіден интернетте бірізділік жоқ. Бір жаңалықтың артынан түссең, жүзін қалай оқып тастағаныңды білмей қаласың және сол оқығаныңнан не түйгеніңді бағамдау тіптен мүмкін емес. Осы тұста Абай атамыздың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», – деген нақыл сөзімен келіспеске амалымыз қалмайды. Сондықтан биылғы жылғы жоспарға кемі пайдалы 10 кітап оқуды жазып қой. Бірақ кітап оқыған осы екен деп қолыңа түскенін оқи беруге де болмайтынын ескерген жөн.
III ҰСЫНЫС
СУ СИЯҚТЫ БҰЗЫЛЫП КЕТІП ЖҮРМЕ
Қазір қандай да бір жұмыс жасап жүрген боларсыз иә?!
Мамандығыңа қатысты немесе басқа. Маңыздысы ол емес. Ең бастысы қандай жұмыс болса да оның үздігі, білімдісі болу. Ол үшін үздіксіз ізденіс қажет болады. Өйткені адам бір орында тұрмайды. Не құлдырайды, не көтеріледі. Ақпай тұрған судың бұзылатыны сияқты ғой. Сондықтан қазір жасап жүрген ісіңізге қатысты кітап оқып, білікті мамандардан кеңес алып, керек жерде ақшаңызды жұмсап, білім ал. Қазақта "Шығын шықпай, кіріс кірмейді",- деген бар. Ақшам кетті деп өкінудің еш қажеті жоқ. Алла нәсіп етсе, еселеп қайтарып аласың және жоспарыңа алдын-ала кіргізіп қойғандықтан, уақыты келгенде қалтаңа да салмақ салмайтын болады.
IV ҰСЫНЫС
ҚОШТАСАТЫН СӘТ КЕЛДІ
Бойыңда қандай да бір өзің дұрыстағың келіп жүрген жаман мінезің болса, онымен қоштасатын сәт келді. Алла нәсіп етсе, дәл осы жылы өзіңнің сол мінезіңмен жұмыс жаса және осыны міндетті түрде жоспарыңа қос (Мысалы ашуланшақ, қызба мінезді болсаң, сабырлы болуға, біреудің сыртынан жамандап сөз айтып немесе тіліңмен зиян келтіріп боқауыз сөз айтып қояр болсаң, тіліңді тістеп қалып айтпауға әркет жаса). Егер өз мінезіңді бақылауда ұстасаң, ол асау аттың жуасығаны секілді, түбі реттеліп, көркем мінезге айналады.
Жоқ, етпен біткен, сүйекпен кетеді деп айтсаң, өзіңді босқа ақтап жатқаның. Абай атамыз бұл турасында: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,- деген екен.
Егер сен шынымен өзгергің келіп, өмірді жақсы жағынан бастауды қаласаң, сырттан қандай да бір көмек қажет болады. Өйткені адамның өз-өзіне жәй уақытта күші жетпейді. Сондықтан сізге көмек беретін ең күшті құралды айтайын, ол - ораза. Себебі ораза ұстаған уақытта (сауабынан бөлек) нәпсі сынып, әлсіз күйге түсіп, сізді жамандық жасаудан, дөрекі мінез-құлық танытудан тосады. Айтпақшы ораза ұстау үшін Рамазан айын ғана күтіп жүрудің де қажеті жоқ. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұстаған дүйсенбі және бейсенбі күндерінің оразасын ұста. Бұны да жоспарыңның бір жеріне жазып қой.
Мінезі көркем бауырым, саған сүйінші ретінде мына хадисті жаза кетейін. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңнан ең жақсы көретінімді және Қияметте маған ең жақын болатындарың кім екенін айтайын ба?,-деген сұрағын үш немесе екі рет қайталады. Адамдар: "Ей, Алла Елшісі! Иә, айтыңыз",-деді. Ол:
– Мінез-құлқы жақсыларың,-деді» (Имам Ахмад).
V ҰСЫНЫС
БАУЫРЫМ, ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРАЙЫҚШЫ
Кеше ғана бір тәте қызымен ұзын әрі жеңіл киімдер іздеп жүр екен. Әңгімеден әңгіме шығып сөйлесу барысында ол кісілердің кіші қажылыққа бара жатқанын естіп, өзім баратындай мәз-мейрам болдым да қалдым. Қандай керемет иә?! Ішімнен: "Алла Тағалам бізге де баруды нәсіп ет",- деп дұға жасап, баруға ниет еттім)
Негізі бір шындықтың бетін ашайын ба? Қажылыққа бару үшін ақша емес, бастысы шын ниет керек екен. Оған талай рет көзім жетті. Естеріңізде болса, "ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ ҮШІН ҚАЛАЙ АҚША ЖИНАЙМЫЗ?" деген мақала жазған болатынмын. Сол кезден бастап өзім де арнайы ақша жинап бастадым. Нәтижесі керемет! Тыйын салатын қорапшамның салмағы күннен-күнге ауырлап келе жатыр. Одан бөлек қағаз ақшаларды да жинап жүрген жайым бар. Мен бұны мақтан үшін емес, жақсылыққа ниет еткен сәттен бастап, Алла Тағаланың ақшама береке беріп қойғанын бөліскім келді.
Алла Тағала ғұмыр мен денсаулық берсе, бұл орындалмайтын арман емес. Сол себепті қажылыққа баруды жоспарыңа қосуды ұмытып кетпе жарай ма? Мүмкін қажылыққа бір уақытта барып қалармыз)
VI ҰСЫНЫС
БАЙ БОЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?
Осы уақытқа дейін қандай жақсы іс істеген екенбіз? Өзімізге бір есеп беріп көрдік пе? Ауыз толтырып айтарлықтай қандай жақсы амалымыз бар екен өзі? (Ауыз толтырып дегенде елге айту емес, жәй өзімізге есеп беру тұрғысынан айтамын) Садақа беріп жүрміз бе?
Әрине бар болса берер едік қой, әңгімісі жоқ) Тек жоқ кезде 50 теңге садақаға бере алмаған, бар кезде 50.000 теңге бере алмайды деген керемет сөз бар ғой. Аз болса да, амал етілуі керек солай емес пе?! Сол себепті биылғы жоспарыңа жақсылық жасауды қос. Мүмкін мешіт салғың келетін шығар, мүмкін 10 адамға Құран кітап сыйлауды жоспарыңа қосарсың, болмаса оразада 50 адамға ауыз аштырғың келер. Қандай керемет иә?! Бастысы ниет ету керек екен, сонда орындалады) Тағы бір кереметті айтайын ба? Осы жоспарыңыз орындалғаннан кейін байып кетсең таң қалмаймын. Өйткені:
"Садақа берген адамның ризығы көбейеді және дұғасы қабыл болады!" (Ибн Мажә)
VII ҰСЫНЫС
ЖАҚСЫ ЖҰМЫСҚА КІРСЕҢ ЖАМАН БА?
Бір ағамыз Қажылыққа кетіп бара жатқанда туған-туыстары "біз үшін де дұға етіңіз" деген ғой, ол кісі "иә" деп кеткен. Барғаннан кейін дұға тілейін десе, оларға нақты не қажет екенін, тіпті жағдайларының қандай екенін білмейтінін аңғарып, олармен дұрыс араласпай кеткеніне көзі жетіп, қатты өкінген екен.
Қазір жақындарымызбен араласпаймыз, қонаққа шақырса, жұмыстың көптігін алға тартып бармаймыз, соның салдарынан арамыз күннен-күнге суып бара жатқанын байқамаймыз. Жеке өзім байысам, өзім өссем деп, жеке әрекет жасаймыз. "Жалғыздың үні шықпас" дегендей одан керемет бір нәтижеге жете алмай, не қолымыз тимей, не қабағымыз ашылмай жүргеніміз.
Сенде дәл осылай қиналып жүрген болсаң қонаққа бар немесе қонақ шақыр. "Неге?" деген орынды сұрақ туады. Оның сыры мынада. Жақында ғана машина алған ағаммен сөйлесу барысында жаңа көлігінің құжаттарын бір қонаққа барумен-ақ арзан бағада шешіп алғанын естіп таң қалдым. Қалай десем? Ол кісіні жақын бір досы қонаққа шақырған екен. Жұмысы көп болса да уақыт шығарып барған ғой. Ал қонаққа шақырған кісі басқа да таныстарын шақырған. Арқа-жарқа, сыйластық, достық, бауырмалдық, жаңа таныстық. Бір дастархан басында отырған кісілермен танысу барысында ағам мәселесін айтқан, ал басқа бір кісі мен шешіп бере аламын деген. Сөйтіп Алланың қалауымен мәселе шешілді.
"Іздегенге сұраған" деп бәрі қонаққа кетіп қалмасын) Қарымта ретінде өзің де шақыр, туыстық қарым-қатынасты нығайт. Себебі қаншама шешілмей жүрген түйінді дос-жаран, ағайын-туыстың көмегімен шешуге болады. Бәлкім жаңа бір жақсы жұмысқа да тұрып қаларсың) Қазақ "Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің", "Көп түкірсе, көл" деп бекер айтпаған ғой. Сол себепті биылғы жоспарға алыстағы ағайынды қонаққа шақырып шәй беруді және алыстағы ағайын-туыс, құда-жекжаттың жағдайын сұрап, хәл сұрасып, арнайы барып қайтуды да қос. Бірақ ысырапшылдыққа жол берме. Бастысы адал ниетің мен көңілің.
Бұл жоспарыңды бір күнде жасай алмайсың әрине. Сондықтан әр күнге бөліп, ақырын іске асыр. Аз-аздан болса да үнемі жасалған амал мен іс-әрекеттің нәтижесі боларына біз сенімдіміз! Сен де сенімді бол! Ендеше іске сәт!