Бизнес 2019-12-05 (0) (22413)

БЛОГЕР БОЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?

БЛОГЕР БОЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?

         Бүгінгідей интернет дамыған заманда адам қиялы мен мүмкіндіктеріне шектеу қою мүмкін емес. Қазір кез келген адам әлеуметтік желілер арқылы өз ойын ашық айта алады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде оқырман жинап, белгілі бір аудиторяға өз пікіріңізді, өз көзқарасыңызды еркін жеткізсеңіз де болады. Осы мақсақсатта түрлі блогтар жасалады және блогты жүргізуші адамды   "блогер" деп атайды.  

         Жалпы "блог" сөзі - ағылшынның "weblog" , яғни "желі журналы" сөзінен пайда болған. Бұл терминді әлемдегі алғашқы блогер Тим Бернерс Ли ойлап тапқан. Блог - хронологиялық тәртіппен жазылып, үнемі жаңартылып отырылатын онлайн журнал тәрізді. Өз блогында әрбір блогер оқырманын қызықтыратын алуан түрлі тақырыпта әңгіме қозғайды. Қарап отырсақ, желіде миллиондаған блог бар. Блогтар әртүрлі болуы мүмкін. Қысқаша жазба, яғни пост түрінде немесе видео,фото түрінде. Блогер айналасында болып жатқан  кез келген жағдайға өз ойын, пікірін посттары немесе видеоблогтары арқылы білдіре алады.  Соған сай блогерлер де әр түрлі болады. Мәселен, "бюти-блогер", "фуд-блогер", "фешн-блогер" т.б.

          Қазір екінің бірі блогер болуға құмар. Оны тек пост жазып, видео түсіріп қоюмен шектеледі десеңіз, қатты қателесесіз. Блогер өз аудиториясына не ұнайтынын, оларды не қызықтыратынын алдын ала білетін және соған қарай өз ісін туралайтын креативті, жан-жақты тұлға. Блогер ол - білімді, мәдениетті, әр айтқан сөзін аса сауаттылықпен дәлелдей алатын,   зерттеушілік-аналитикалық қабілетке ие маман иесі. Блогерлер тіпті бизнеспен де айналыса алады. Олар өз парақшасы немесе арнасында жарнама беру арқылы кәсібін ілгері жүргізе алады. Оның әрбір блогынан оқырманы тың жаңалық күтеді. Сол үшін блогерлерге қойылатын талаптар та жоғары.

Сауаттылық - блогердің ең басты қаруы. Блогер боламын десеңіз, осы салада арнайы жоғарғы біліміңіз болмаса да, жазу-сызудан алшақ болмауыңыз керек. Мәдени, әдеби, саяси сауаттылық сіздің әр сөзіңізден көрініс тауып тұруы тиіс.

Мәдениеттілік. Блогердің сөз мәдениетінен бөлек ішкі мәдениеті де жоғары болғаны абзал. Ғаламтор әдебі мен адамзатқа ортақ нормаларды сақтай отырып, оқырманмен арадағы сыйластықты жоғалтпауы шарт. Ол оның оқырман мен аудитория  жинаудағы көзге көрінбес басты құралы.

Зерттеушілік қабілет. Сіз белгілі бір тақырыпта әңгіме қозғағанда, сол жайлы көп ізденесіз, зерттейсіз, анализ жасайсыз. Сіздің айтқан әрбір ойыңыз, сөзіңіз жүйелі және нақты дәлелденген болуы тиіс.

Жан-жақтылық. Блогер болу - бүтін бір редакцияның жұмысын жалғыз атқарумен бірдей. Сіз ол жерде өзіңіз журналист, өзіңіз редактор, өзіңіз фотограф, өзіңіз дизайнер боласыз.   

Жауапкершілік -  қай істе болмасын аса қажет болатын қасиет. Сізге жүктелген міндетті орындауда жауаптылық таныту, бастаған істі соңына дейін жеткізу - оқырманға деген құрметіңізді білдіреді. Тиісінше, сіз де оқырманнан дәл сондай жауап аласыз.

         Халықтың белсенді бөлігі жастар болғандықтан оларды бір нәрсеге қызықтыру да оңай шаруа емес. Осыдан жиырма жыл бұрын осындай мамандық пайда болады десе, ешкім сенбеуші еді. Алайда қазіргі медиа қоғамды блогерлерсіз елестету мүмкін емес. Заман өзгерген сайын, талаптар да өзереді. Бұрын теледидарды көп көрсек, қазір әр адам өз ұялы телефонынан өзіне ұнайтын каналды көргісі келеді. Оған ыңғай да жасалып қойылған. Қандай да бір телеарнаны алып қарайтын болсаңыз, теледидардан бөлек оның өзінің ютубта жеке арнасы болады. Сіз ол жерге кез келген уақытта кіріп, көріп, тіпті пікіріңізді де қалдыра аласыз. 

         Қорытынды сөзді Абай атамыздың "Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз" деген сөзімен аяқтағымыз келеді. Егер де, сіз жоғарыда айтылғандардың бәрі өн бойыңыздан табылады деп сенсеңіз. Өзіңіздің халыққа қажет адам екеніңізді сезінсеңіз. Онда,  ісіңізге береке тілейміз, жас блогер!

 

22413 рет оқылды